Абылай хан: АҚИҚАТЫ ҚАЙСЫ?

Абылай хан: АҚИҚАТЫ ҚАЙСЫ?

Абылай хан: АҚИҚАТЫ ҚАЙСЫ?
ашық дереккөзі

«Түркістан» халықаралық сая­си апталық газетінің осы жылғы 30 қаңтарында шыққан №04 (1019) нөмірінде Ғаббас Қабышұлының «Абылай: аңыз – ауызда, ал ақиқат қайда?» деген мақаласы жарық көрді.Осы мақалада Кереку (Павлодар) қаласындағы А.Потанин атындағы өлкетану мұражайында кездескен жәйттерді айта келіп, Абылай ханның ата тегі туралы хабардар етеді. 

Міржақып Дулатов «Хан Абылай» мақаласында: «…Бұл күнге шейін қазақ жұртында Абылайдың ата жөнін білушілер кем. Себебі һәр заманның уақиғасы өз тұсында жазыла келіп, жиналған тарихымыз жоқтықтан, тілден тілге сөйленіп келуінше, қариялар Абылайдың ата тегі турасында былайша дейді: Бір заманда Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт деген ел келіп, қырық жылдай Бұхараны билеп тұрған Әбуәлпейіс ханды өлтіріп, Бұхараны шауып алған соң, Сүйеніш хан деген Әбуәлпейістің бір баласы басшы болып, туысқандары мен балаларын ертіп, Қарсы, Ғұзарға қашып барып, көп сарттың бірі болып, затын жасырып жүріпті. Сол Сүйеніш ханның бір баласы он екі жасар Абылай екен, шын аты – Әбуәлмансұр. Жас та болса саналы Абылай: «Өз қорлықтан сарт қорлық, сарт қорлықтан жат қорлық» деп, Қарсы, Ғұзардан жаяу қашып шығып, Түркістандағы тұқымдасы Әбумәмбет деген кісіге қызметкер болып тұрыпты. Одан қорланып, үйсін Төле бидің түйесін бағады. Мұнда да бой тоқтатып тұра алмай, Сарыарқаға келіп, атығай Дәулеткелді байдың жылқысын бағыпты. Төре баласымын деуге арланып, затым «сарт», атым «Сабалақ» дейді екен…» деп жазған екен.

Хош делік. Сонда, Абылай төре тұқымы. Ал көрнекті қаламгер Софы Сматаевтың көп томдық шығармалар жинағының 7-томында, «Елім-ай» трилогиясының үшінші кітабының 210-211-212-беттерінде бұл мәселе былай өрбиді:

«… «Тауықсыз да таңым атқан» деп төресіз де төбеге шығып көрсек қайтер еді дейтін өзара ұйғарымға ұйымай ма қарадан хан шыққан үш ардагер Төле, Қазыбек, Әйтеке билер. Өйткені сол тұста әруағынан айналайын Әз Тәукенің көзі жұмылысымен-ақ таққа таласқан төре-сұлтандар қара қазақты тұс-тұстан жұлмалауға, тұс-тұстан дар-дар айыруға жанталасып жұмылған ғой. Қайып ханы, Әбілқайыр, Болат, Сәмеке, Батыр сұлтандары ешқашан ел бабы демеген, ел қамын жемеген ғой. Орыс пен ойраттың тақымында кетіп бара жатқан ата-бабаның қасиетті қанымен суарылған атамекенді құтқарам деп апатпен арпалысып жатқан ағайынға қайырым етпек түгіл, сол «Елім! Жерім!» деген қара халықты ауыздықтап тартып, іштен құртып, бүрсеңдетіп қойған төре тұқымының ылаңын көрген үш саңлақ енді елдің тізгінін, ұлтының билігін ұстатар білікті, білекті, жүректі жанды өз арасынан, өз ортасынан, өз қарасынан шығармақ болмай ма. Содан болашақ ел тұтқасын ұстар оғланды үшеуі жағалай жұртынан жасырын іздемей ме. Сөйтіп жүргенде Қазакеңнің көзі жеті-сегіздердегі Әлібек балаға түспей ме. Сұрастырып, өзінің жақсы көретін жамағайыны Дәулетбектің ұлы болып шықпай ма. Үш арыстың да көңілінен шығып, батасын алған балаға енді тәлім-тәрбиенің, өнеге-өнерінің кәусары сіңірілмей ме. Қасына сақа сарбаз қосып, әскери ойынның түр-түрі үйретілмей ме. Көп көзден тасалау ұстау үшін Дәулетбек байды тездетіп Көкшетау жаққа көшіріп жібермей ме. Хош. Әлібек бала сол жаққа жиі барып, ұзақ жайлап қалатын Қазыбек атаның ұлағатты тәрбиесін толық көрмей ме.

Ендігі тәрбиенің бір парасы Ұлы жүз Үйсін Төленің өзімен жүруі керек қой. Сол себепті Әлібек бала Сабалақ ұланға айналып, бір жылдай үлкен саңлақтың бауырында болмай ма…

…Хош. Енді Әлібек баланы төре тұқымына жанастырудың жөні қалай қиюласқанын хабардар қылайын, – деді Тіленші ауыздары ашылып қалған серік жолдастарына.

Атақты Еңсегей бойлы ер Есімнің ұлы Жәңгірден Уәлі Бақы мен Тәуке туған ғой. Тәукенің бағы жанып, ата тағына отырған соң Уәлі өкпелеп, Үргенішке ме, Тәшкенге ме, әйтеуір өзбек, сарттың арасына кетіп қалған көрінеді. Өз қара топырағынан алыстаған соң, қайбір қасиет қалмақ, бауыры суыған әкеден Абылай дейтін ұл туады.

Мейірімді жүзді қасынан көріп өспей, адамшылық қайырым құяр жанға кезікпей қаттылық, жатбауырлық сусынын қанып ішкен әлгі сұлтан өсе келе айналасына жауығып тиіп, талай жазықсыз қанды судай ағызған соң қанішер Абылай атанған ғой. Сол Абылайдан туған Уәли деген баласы бір жосын жуас, төңірегіне тыныш боп өсіп келе жатқанда, әлгінің жуастығын пайдаланған өзбек, сарт ішіндегі төре тұқымын бала-шағасымен қырып тастап, тағын тартып алған ғой. Сол Көркем Уәлидің Ораз құл жасырып қап, аман алып қалған Әбілмансұр атты баласы деп Әлібекті ұйғармай ма үш кемеңгер.

Үргеніште ме, Тәшкенде ме, тіпті кейбіреулер айтатындай Түркістанда ма, шейіт боп кеткен Уәлиді кім қайта тірілтіп: «Мынау сенің балаң ба?» деп сұрай қояр. Сонымен Әлібек бала төреден туғызылып, Әбілмансұр атанып, одан Төленің түйесін баққан Сабалаққа түседі ғой. Аңырақайда атақ пен даңқ тұғырына көтерейін деген тәңірдің оң көзі түсіп, Абылайлап шауып, қыдыр дарып, бақ қарап, қасиеті өспей ме. Аты аңызға айналып Абылай сұлтан аталмай ма».

Сонымен, Абылай қарадан шыққан сұлтан делінеді. 

Ал енді, анық-қанығы қайсы? Абылай төре ме, әлде қара ма?

Тарихшылар не айтар екен?

Өскенбай Құлатайұлы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі