ТАҒЛЫМДЫ ТАҒДЫР

ТАҒЛЫМДЫ ТАҒДЫР

ТАҒЛЫМДЫ  ТАҒДЫР
ашық дереккөзі

Адам баласы өмірге келген күннен бастап өлім шіркін өкшелеп отыратыны әмбеге аян. Сөйте тұра, «Шіркін, осы кісі өмірде тұра тұрмады-ау» – деп, әйтпесе, алыс сапарда жүріп ол кісі өмірден өткенде «топырақ сала алмадым-ау» – деп өкінетін қимас жандар болады. Күйінішті сезім. Көбіне ондай сезім аяулы адам өмірден өткен сәттері жиі баурайды. Ғазиз жүрек азамат, тамаша тәржіман, жалынды публицист Әбілмәжін Жұмабаев дүниеден қайтқанын сыртта жүріп кеш естідім. Кеш естідім де еріксіз «Әттең-ай!» – дедім. «Жақында ғана Алматыға барып, ол кісімен емен-жарқын отырып әңгімелесіп қайтқан едім-ау». Соңынан өзімді жұбаттым. «Қазіргі мына аласапыран заманда кім әдебиетті елеп жатыр?! Кім әдебиет қайраткерін елдің есінде қаларлық етіп, қоштасу жасап ескеріп жатыр?!» Ойдан ой туып, балалай жөнелді…

Түрлі ойлар қаумалады сол сәт. Ондайда еріксіз естелікке ден қоя­сың.
Әрісі Ақмешіт аталып, берісі Қызылорда аталатын бұрынғы Түркістан уәлаятының тумасы еді Әбекең.
Әкесі әрісі «қадімше», берісі И.Гас­принский бастап енгізген «жа­дидше» оқыған сауатты мол­даның бірі болған. Шамасы­ Көкілташ медресесінен білім ал­ған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің айна­ла­сындағы көзі ашық, көкірегі ояу иманды адамның бірісі, бәлкім ірісі.
Соғыс көрген ұрпақта қайбір ба­лалық шақ?! Бала Әбілмәжіннің жасөспірім шағы да бейнетпен өткен, жоқ-жітік бірдеңе. Тек көңілге әсем әсер ұялатқан Сырдария болмаса?! Сыр өңірінің балалары Сырдарияны ана тұтып өседі. Орынды. Қазақты қынадай қырған отызыншы жылдардың аштығынан Сыр өңірі «өзен жағалағанның өзегі талмайды» дей жүріп аман қалған. Бәлкім бала Әбілмәжіннің сезімін қытықтап әдебиет әлеміне талпындырған да сұлу Сыр!
Сырдария бала қиялын алысқа ала қашып арманға жетелесе, үйдің іргесінен өтер «Орынбор–Ташкент» темір жолы білімге бастайды бұл өңірдің үрпекбастарын. Бала Әбілмәжін де атың өшкір соғыс аяқтала бере «Орынбор–Ташкент» темір жолын «Түркісібке» жалғап Алматыға аттанған. Студент. Бақытты.
Профессор Бейсембай Кенжебай­ұлының дәрісі.
…Үрпек сары студент майда қоңыр үнімен мысал өлеңді жатқа соғып отыр.
Жүк алды Шаян, Шортан,
Аққу бір күн,
Жегіліп, тартты үшеуі
дүркін-дүркін.
Тартады Аққу көкке,
Шаян кейін,
Жұлқиды суға қарай
Шортан шіркін!

Бұлардың машақаты аз болмады,
Жұмысы орнына кеп
мәз болмады.
Тартса да бар күштерін
аямай-ақ,
Аслан жүк орнынан қозғалмады.

Оншама ол жүк артық
ауыр емес,
Құр сырттан пәлен деу
де тәуір емес.
Жүк бірақ әлі күнге
орнында тұр,
Бірыңғай тартпаған соң
бәрі тегіс.

***
Жігіттер, мұнан ғибрат
алмай болмас,
Әуелі бірлік керек,
болсақ жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас!
Шашын «кірпі» етіп қырық­тыр­ған, мұнтаздай әдемі, ұқыпты киінген орта бойлы ақсары ұстаз абдырап-ақ қалғаны. «Тоқта», – дей жаздап барып өзін зорға тоқтатты. Ақсары жүзі қуқыл тартты. Студенттерге қарады. Бәрі бейқам. Аяғына дейін тыңдады…
«Бестікті» қойып, студентті орнына отырғызды. Қоңырау соғылды. Студентті ертіп оқытушы ғалым аудиториядан сыртқа беттеді.
– Крылов мысалын жақсы айттың, қарағым, жақсы біледі екенсің. Кімнің аударғанын білесің бе?
– Білмедім.
– Кімнен үйреніп жаттадың?
– Әкемнен.
– Әкең сауатты кісі болды-ау,
шамасы?
– Ескіше де, жаңаша да
оқыған кісі.
– Оқығаның, білгенің жақсы, қарағым. Бірақ, абайла. Жұрт көзінше айта берме. Орнын біліп айт. Ортаңды танып айт. Арандап қалып жүрме…
– Неге, ағай?
– Қарағым, бұл өлең Ахмет Байтұрсынұлының өлеңі. Естуің бар ма?
– Әкей айтқан сияқты… Қайдам? Білмеймін.
– Е, е, қарағым, ол бір көзі тірі­сінде ұлт көсеміне айналған ар­дақ­ты адам еді. Әттең, жалған жала жабылып атылып кетті. Ұлтшыл болды.
Ұлтшылдығы мақтанышы болуы керек еді. Ұлтшылдығы айыбына айналды… 1944 жылы Крыловтың кітабына қосып жарыққа шығарып жіберіп таяқ жедім, қарағым. Абай бол. Байқа. Соны ескертейін деп едім, Әбілмәжін қарағым. Не жазасың? Жазғаныңды әкеліп көрсетіп жүр…
…Әбекең жасында ақын болармын, жазушылықты қаладым деп жүрген бозбала. Әттең-ай, түбітиек бозбала шағында «салпаңқұлақ ізіне түскен. Тапқан айласы, таққан айыбы «молданың баласы», «Ұлтшыл Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» студенттер арасына оқып таратып жүр…» Әбілмәжін бармағын тістейді. Ұстазы ескертіп-ақ еді. Опынады. Амал қанша? Тағы да тартып отырып ұстазы профессор Бейсембай Кенжебайұлына келеді.
Бейсембай Кенжебайұлының да ұлтшыл жарғысы тағылып, Мұхтар Әуезов екеуінің бір бұйрықпен С.М.Киров атындағы университеттен қуылып, Мұқаңның Москваға қашып, Бейсекеңнің үй қамағында отырған сәті. Партиядан шығарылған. Інісі Әбен Сатыбалдиевтің атына соғыс жылдары өзі басқарған «Каз ОГИЗ»-ден Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» аталатын романын аудармаға алып, соны талғажау етіп отырған тұнжыр сәті. Енді, міне жүгініп шәкірті Әбілмәжін келіп отыр. «Тәйт» демеді. «Айтып едім ғой» да демеді. Бәрін біліп отыр. Сақтандырған. Бала көңілмен елемеген. Замананың сұрқиялығы соншалық тап-таза, мөп-мөлдір болуға тиісті студенттік ортаның өзін тыңшыға мелдектеткен. Ахмет Байтұрсынұлының мысалдарын оқимын деп күйіп келіп отырысы мынау енді. Не амал? Мұқаң екеуін амалсыз қызметтен қуған ректор Төлегенге тапсырды шәкіртін. Сөйтті де: «Енді қарағым, Сен аудармамен айналыс. Орыс жазушыларын аудар, – деп тапсырма беріп шығарып салды. Орыстың тілі – интернационализм тілі. Орыс тілінен шығарма аударған адамға қазақтың көрсеткіш әсіре коммунист белсенділері бата бермейді. Орыс тілін орыс ұлтына жағымпазданудың бір жолы деп қарайды.
Араға біраз күн салып студент бала Әбілмәжін Жұмабаев орыстың В.Биль-Белецерковский есімді жазушысының әңгімесін аударып алып келіп оқытты. «Жолың болсын, балам!» – деді ғазизжүректі ұстазы. «Көрсеткен жолдастарыңа жүрегіңде дық сақтама, өз жүрегіңді кірлетіп аласың!»
Міне, Әбекеңнің аударма өнер жолына келіп түскен соқпағы. Соқпақ кейін даңғыл жолға айналды. Аудармашылық жол осылай басталып кете барды.
Бәрін де көзбен көргендей, қолмен қойғандай әңгімелеп отырмын-ау. Бұл қайдан?
1984 жылы Бейсембай Кенже­байұлы сексен жасқа толатын еді. Әкедей әзіз адамның екі томдығын «Әдебиет белестері» деген атпен дайындадым. Кеш қалыппын. Жос­пар бекіп кеткен. Не амал? Сол кезгі Кітап және полиграфия комитетінің төрағасы Ш.Елеукеновтен бастап төрелердің есігін аштым. Бейсекең атынан айтылар сәлемім – бар қаруым. Министр мен «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаевтың селектрлік байланыспен кеңесіп келісуімен Бейсекеңнің кітабы жүріп өтіп бекіп кеткен «жоспардың» тас-талқанын шығарып сол жылы-ақ жарық көрді. Бір кезгі бала шәкірт, бүгінгі «Жазушы» баспасының дүрдей директоры Әбілмәжін Жұмабаев «Жылдар жемісі» (1984 ж.) аталатын кітаптың сүйінші-данасын алып өз аяғымен ұстазға келді. Кітапты көрген Бейсекең төсекте жатып кемсеңдеді. Әбекең де біртүрлі босады. Босады да жоғарыдағы әңгімені айтып берді. «Оқудан шығып, істі болып кеткелі тұрған жерімнен өзі тергеліп, тексеріліп сотталуға дайындалып отырған Бейсекең періштем болып қанатымен қақты, аман алып қалды» – деді баспа директоры. «Ол аз болса, «Соңыңа салпаңқұлақ түскен екен, енді сенің аудармамен айналысқаннан басқа амалың жоқ, қарағым. Аударма да өнер. Талабың жарып бара жатса, кейін-ақ оригиналдық шығарма жазарсың. Әзір тек аудармаға мамандан» деп әдеби жолыма өмірлік бағдар берді». Күллі жазушы ағайынды аузына қаратқан Әбекең тағы босады. Алғашқы босауы ерсі көрінген маған мына босауы табиғи, адами кісілік белгісі болып көрінді. Кісілікке бергісіз кішілік.
Расында да, Әбекең жалған кісі­ліктен бойын таза ұстайтын кішіпейіл, кішік адам еді. Советтік кезең. Қолына қалам ұстаған жан біткен баспа басшысының алдында құрдай жорғалап, тағзым етіп тұрады, жағымпазданып бағады. Пендешілік қой. Ал баспаның дөйі «Жазушыны» он үш жыл басқарған Әбілмәжін Жұмабаев Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясынан тартып жақсы шығарма жанашыры бола білді. «Мұқаш жоспардан түсіп қалмасын. Қарызданып қалады ғой. Тарығып, қиналып қалмасын. Жоспарға қосыңдар!» – деген тапсырмасын өз құлағыммен естідім. Тапсырма – Мұқағали Мақатаев туралы еді. Сәбит Мұқановтың 16 томдық таңдамалысы жарық көрер сәтте: «Сәбеңе обал болды. «Таңдамалы» болып енді жоспарға. Мардымды қаржы ала алмайтын болды», – деп отырды. 16 томға «Түсінік» жазуды маған тапсырды. Қалтай Мұхамеджановтың кезекті мүшелінде: «Е, Қалтай шері бізге қолжазбасын әкеліп берер деймісің?! Ол қаннен қаперсіз адам ғой. Мерейтойына қол қусырып барғаны жөн болмас», – деп сыртынан кітабын жоспарға кіргізіп, тіпті өзі үйіне барып қолжазбасын бірге құрастырғанын білемін. Қызылдың құмының ен ішінде жатқан тамаша ақын Өмірзақ Қожамұратовтың қолжазбасын Зейнолла Серікқалиевті жұмсап алдырғанынан да хабарым бар. Әбекеңді әдебиет ісінің ірі ұйымдастырушысы бола білді демес­ке әддім қайсы?! Ол әдебиет ісін қызметтік міндетпен ғана емес, ұлт әдебиетін сүйген жүректің жетегімен жүріп атқарар еді-ау, шіркін!
2000-шы жылдың шамасы. Орталық партия комитетінің хатшысы, мәдениет реформаторы, жазушылардың жанашыры Өзбекәлі Жәнібек, Орталық Комитеттің Бөлім басшысы, жүйрік журналист Камал Смайылов Жазушылар одағында бас­па ісі жөнінде бір жиналыс өткізді. Не түлен түрткенін қайдан білейін, сөз сұрап алып «Жазушы» баспасының Сын бөлімінің жұмысын дырдай етіп сынайын. Шырылдап редакция меңгерушісі Мағзом аға Сүндетов жауап беріп әлек. Төрелік айтып Орталық Комитеттен Камал Смайылов сөйлесін. Ол кезде өзара сынасу – қарапайым дағды. Дегенде, дөкейлердің алдында ұят болды-ау, «Жазушы» баспасын сынайтын басқа жер таппай қалғандай… Пендешілік араласып кетті ме, немене? Опынып қалдым.
Жазушылар одағының екінші қабатынан төмен түсіп келеміз. Әбекеңе таяу келіп қалыппын. Жан-жағына қарап қояды. Сөйтсем, көзімен мені іздеп келеді екен. «Ой, жарығым,–деді, ұсынған қолымды ала бере, – Сен қысылмағын. Дұрыс сөйледің. Кемшілік бізден. Жастарға көңіл аударуымыз керек еді. Қолжазбаңды әкеле ғой. Кітап етіп шығарып берейік!», – деді Әбекең. Көңілінде өкпенің бір ізі болсайшы, шіркін!
Реніш естимін деген басым, не дерімді білмей қақшиып тұрдым да қалдым. Әй, өлердей ұялдым-ау сол жолы.
Соңғы жылдары Әбекеңмен Төле­баев көшесінде көрші отырдық. Шырша­лы көшені бойлап әрлі-берілі жүріп сейіл құру Ғабит Мүсірепов бастаған көше тұрғындарының әдеті болушы еді. Әбекең олай болмады. Үйпаздау кісі болды Әбекең. Сейіл, серуенде шаруасы жоқ. Шамасы жазудан қолы тие бермейді.
Жазу дегеннен шығады, «өтпелі кезең» аталатын сарыөзек уақыт қай қаламгерге де жайсыз тиді. Оның үстіне КСРО-дай алып империяны құлатқан жазушы ағайын болды десем қателеспеспін. КСРО қалам қуатымен құрылған, қаламгер қуатымен құлатылған мемлекет болды деп ойлаймын. Мен ойлағанды билік ойламайды дейсіз бе? Билік те солай ойлағандықтан әдебиетке тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ, «алдымен экономика» деген ұстанымды сылтауратып қырын қарады. Қаламақыдан қақты. Ол әсіре сақтық еді. Әйтпесе әдебиет әрбір мемлекеттің ұлттық идеологиясын қалыптастыратын ересен рухани күш емес пе?! Сарыөзек уақытта аудармашылар іссіз, екі қолы алдына сыймай саудырап қалды десе де болады. Аударма түгілі төл әдебиетіміздің өзі өгейлік көрудей-ақ көріп келеді. Соған қарамастан Әбекең қаламын бір сәт те құрғатпады. Өзіне-өзі тыным бермей, қаламмен еңбек етті. Аудармалары – тәуелсіздік алған туған елінің арғы-бергі азаматтық тарихы жайында жазылған, қазақ тағдырынан алып жазылған шығармалар. Нақтырақ айтсақ, «Қазақтар хақында» аталатын жинақ соның бір тамаша үлгісі.
«Қазақтар хақында» аталатын аударма туындылар жинағы. Кітапқа А.С.Пушкин заманынан бері тарта қазақ өмірінен жазылған орыс жазушылары шығармалары бас біріктіріпті. Аудармашының мақсаткерлігіне тәнті боласың. Қазақ халқы жайында жазылды екен деп күлдібалам шығармасымақты аударып жатқан ол жоқ. Тарихи таным мен көркем талғам бірлігінен туындатып Әбекең әдемі аударма кітабын шығарыпты. Бұл – балаң шақта соңына шала байлап алып, қалай құтыларын білмей Бейсекеңдей ұстазы алдына алып баратын ұлттық болмыстың айнымауының, қайта жылдар өте келе жоталанып шыға келуінің айғағы. Біз кейде отаншылдық сезімді тым ұшқары ұғып жатамыз. Отаншыл адам бейне «Мен Отанымды сүйемін», – деп айқайлауы керек сияқты. Тіпті де олай емес. Отан­шылдықтың тәуір үлгісі – қолымыз­дағы Әбекең құрастырып, аударған – «Қазақтар хақында» кітабы. Уақыт тауып оқыған оқырман біздің аспаннан түспегенімізді, балаң шақтан өтіп келе жатқанымызды, сол сияқты қазақтарды шетелдіктердің тану жолының да біркелкі болмағанын аңғарады. Мұндай кітап құрастыру – Әбекеңнің жазушылығының ғана жемісі емес, еліміздің арғы-бергі тарихын тамаша білетін білімпаздығының да жемісі.
Ә.Жұмабай – танымы мен талғамы сай үйлескен кәнігі тәржіман.
Тағы бір тәнті қалып оқыған аударма – Әбекеңнің К.Паустовскийден аударған «Түнделеткен күйме» кітабы. Өзі бір кезде аудара бастаған Г.К.Паустовскийдің «Түнделеткен күйме» жинағы ұлтын сүйген тәржіман тындырған тағы бір тағылымды іс. Арғы әжесі түрік қызы болып келетін Г.К.Паустовский қазақ тақырыбына енжар қарамаған кісі. К.Паустовский орыс әдебиетінің Иван Буниннен кейінгі керемет стилист жазушысы. Әрине, Әбекеңнің «Золотая розаны» «Алтын гүл» атап аударуымен келісу қиын. Одан гөрі Д.Әшімхановтың «Раушан гүлі» жақындау маған. Жә, мәселе онда да емес. Паустовский шығармаларын аудару қиын дедік емес пе? Бұл да жәй сөз. Дұрысы – қиынның қиыны. Сіздерге бір қызық айтайын: Әбекең нысаналаған туындыларды төлтума авторымен жарыса отырып қазақша сөйлеткен. Дәл осылай аудару үшін орыс сөзін көру, тану өз алдына – қолға ұстап байқау, ауызға салып дәмін алғандай дәрежеде игеру керек шығар, асылы. «Жазушының сөзбен ойнағаны – қатерлі» – депті Н.В.Гоголь. Солайы солай! Орыс сөзін соншалықты игерген К.Г.Паустовский үшін сөзбен ойнау – тіпті де қауіпті емес-ті. Қазақ өмірінен бірсыпыра шығарма жазған, Ұлы Отан соғысы жылдары ығысып келіп Алматыда – М.О.Әуезов үйінің бір бөлмесінде тұрған, сол бір қиын-қыстау жылдардың эпистолярлық айғағы Мәскеуде – Орталық мемлекеттік Әдебиет және өнер архивінде сақталатын К.Г. Паус­товский шығармаларын соншалық жүреккке жылы, жанға жайлы етіп аударған Әбекең қандай құрметке де лайық.
Бар өмірін негізінен көркем шығармаға аударуға арнаған Әбекең өмірінің соңында, қабатына белгілі журналист Пернебек Бейсеновті алып, бір қанаты Қырымның Ахмет ханына барып тірелетін тамаша тарихшы Лев Гумилевтің «Ежелгі түріктер» аталатын география-тарих бірлігінен туған кешенді еңбегін қазақша сөйлетті. Ол оңай емес еді, әрине. Екі азаматты қиындықтан ұлтын сүйген, ұлтының арғы түріктік тарихына деген ақ-адал махаббаты алып шықты.
Өмірді бастау кездейсоқтық. Өмір жолында бақытты, бақытсыз кездейсоқтық кездесе береді. Оның кейбірі тағдырыңда із қалдырып өтеді. Із қалдыратын себебі – бұлдыр өміріңе ақыл кеңесімен, тікелей қолқабысымен айқын бағдар сілтейтін қайырымды жандар кездеседі. Ал өмірді қалай аяқтау көбінекей шығармашылық адамының ақыл-парасатына байланысты. Өмірінің ақабалы сәтінің жақындағанын білген кісі мемуарға ден қойса ақылдылық деп ойлаймын. Әбекең өмірінің ақабалы сәтінде аударманың алуан-алуан істерінен қолын босатып қалт еткенде «Кездесулер күнделігінен» аталатын мемуарын жазды. Әбекеңдей өзі істеген сан түрлі адами қайырымды, тындырымды істердің өзін «мен істедім» деп сірә да айтып көрмеген адам үшін өз өмірінен мемуар жазды десек, оған жұрт илана қоймауы мүмкін. (Мемуары түспегірдің кісіні мақтаншақтыққа тарта жөнелетіні бар.) Жоқ. Тіпті де олай емес. Әбекең мемуары өзі туралы демесек те болады. Өзі туралы болмаса оның несі мемуар? Мемуар атына зер салыңызшы: «Кездесулер күнделігінен»… Әбекең бозбала шақта күнделік жүргізген. Соңына салпаңқұлақ түскен соң ол күнделіктердің көзін жойған. Артық айғақ неменеге керек? Алайда, көңілінде өшпестей болып сақталып қалған «күнделіктер» бар емес пе?! Айталық, ұстазы М.Әуезовтен тыңдаған дәріс, тағы бір тағлымды тұлға – Бейсекеңнен көрген жақсылығы! Оларды қалай ұмытсын ізгілікті жан?! «Кездесулер күнделігі» М.Әуезовтен бастап өзі алдынан дәріс алған ұстаздары, қызмет бабында кездескен қимас қанаттастары, өзі қызмет ете жүріп бауырына басқан інілері – біздер туралы.
«Кездесулер күнделігінен» өмірлік есебі секілді. Өмірбаяндық дерек, штрихтар араласып отырады. Табиғаты – мемуар. Талай мемуарлық шығарманы оқып жүрміз. Кім жайында жазса да өзін ұмытпайды, тіпті алдымен өзін айтады. Тіпті, М.Әуезовті де меншіктеп алдық. Ал, Әбекең жазбаларының бір ерекшелігі – өзін емес, өзгені жазады. Көргенінен көз жазбай, танығанынан танбай жазады. Ең бастысы – өмірде болған оқиғаны талғай жазады. Бірақ, өзі баяндап отырған оқиғаның алдымен уақытқа қатысы, сонан соң қазақ елі руханиятына қатысы ерекше ескеріледі. Қазақтай ұлтты төмендетіп алмауды, сол ұлттың арына айналған ақын, жазушы, ғалым – қайраткерлерді арзандатып алмауды ойлайды. Айтқан әңгімесі қалың астар аңдатып, мол білімге бастап бара жатады. Көркем тілмен көмкере жазылған мемуарлық дүниелер кісіні баурайды. Әдетте естелікке ден қоя қалсақ, көңілде қалған бейнесіне қарай, әйтпесе әдебиеттегі беделіне орай пікір сабақтай жөнелетініміз, жалпылама сөйлей беретін әдетіміз бар. Жалпы сөз артық айтуға апармай тұрмайды. Артық айту, кем түсу – әруаққа шетін болумен бара-бар! Өйткені, естелік – өткенді көз алдыңа қайта елестету, өлгенді тірілту. Жарық жалғанда өзі жоқ адамның көзіне айналып сөйлеу-адал болуды, әділ сөйлеуді қалайды. Әбекең мемуарлық жазбаларында біреудің бәсін асырайын деп асыра айту, біреудің құтын қашырайын деп тұқырта сөйлеу жоқ. Барын – барша айту, ойға алғанын орамды жеткізу – мемуарист ретінде оның қаламгерлік мұраты. Тіпті дұшпаны турасында жазса да турасын жазады. Бұрмайды, бұра тартпайды. Кім жайында толғанса да бұлтартпайтын дерекпен жазады.
Қазақтың белді қаламгері Ә.Жұмабай шығармашылығының шырайын кіргізіп тұрған қасиет – шыншылдығы! Мейлі аударма, мейлі төлтума – қай-қайсысынан да қаламгер адалдығы көрініп тұрады. Ә.Жұмабай жазбаларынан мәдениеттілік иісі аңқып тұрады. Қолында тұрған қаржыдан қарпып қалайын деп аудармада еркін кетіп жатса – Әбекең қолын ешкім қақпас еді. Оған бармады. Төлтума авторына қиянат жасамады. Әбекең аудармалары – төлтумаға соншалық жақын, жақын бола тұрып мейлінше қазақы. Міне, шеберлік! Ал, мемуарында әрбір кейіпкеріне адал қарайды. Сынаса кеңестік кер заманды сынайды. Сынаса – өзін сынайды. «Өзін сынайды» дегеннен шығады, қазақ мемуаршылары көбіне бөспебайлыққа салынады. Өзі мақтануға бар. Марқұм болған әріптесін алға салып жіберіп, соның атымен мақтанатын жаман әдеті тағы бар. Тәкен Әлімқұлов өзі ұстаз тұтқан Қасым Аманжолов жайында естелік жазып отырып өзін сынайды. Есесіне – естелік шыншыл шыққан. Біреулер мұны кішілік деп қарауы мүмкін. Жо-жоқ, бұл – кісілік! Әбілмәжін аға естеліктері осындай кісіліктен тұрады.
Ә.Жұмабаев – қай жанрда жазса да көркем жазатын тілі кестелі, ой-дүниесі оралымды публицист. Оның «Жол айрығында» секілді тарихи тақырыпта туған формасын тауып дөңгелентіп, тілін төгілтіп жазған очерктерінің өзі көркем дүниеге бергісіз. Білім – қайда да білім. Құдай берген дарыныңды демеуші, жебеуші сол білім. Оның қарапайым жазбаларының өзінен кісі мол білім алады, сөз қолданысына сүйсінеді,тіл мәйегіне айызың қанады. Білім болғанда да бір бағытты, мамандық аясында қалыптасқан білім емес, әр алуан тақырыпта оқи жүріп, көңілге тоқи келіп, бойға табиғи қордаланған мол білім.
Алматыға келген сайын көрші ақысы дегендей Әбекеңе сәлем беремін. Бірсыпыра әңгімелесем. Күллі түріктің Түрікстанына айнала түлеп өсіп келе жатқан Түркістаныма арқаланып қайтамын.
2009 жылы 14 мамыр күні «Түркістан» газетіне «Кісілікке бергісіз кішілік» аталатын мақалам шықты. Әбекең туралы. Шамам келгенінше, әзіз Әбекеңнің кісілік келбетін кескіндедім-ау. Бір кездесу сол мақаладан сабақталды.
Әбекең мақалаға ризашылығын айтты. Шоқша сақал қойыпты. Тас керең. Көз жақсы. Сана самаладай бүп-бүтін. Жайнамазға жығылыпты. Әргі-бергіден әңгіме тергедік.
«Жарығым» – деп отырып тіршіліктің жалғандығын айтты.
Ал, мен ұлтын сүйіп, бар дарын дәруін соның жолына жұмсаған ағаның кісілікке бергісіз кішіпейілдікпен өтіп келе жатқан ғұмырына қызыға қарап қоштастым.
… Ендігіміз, міне естелікке ден қою!

Құлбек ЕРГӨБЕК