Мирзоянның қазаққа сіңірген еңбегі зор ма?
Мирзоянның қазаққа сіңірген еңбегі зор ма?
Қала көшелерінің атауларын толық қазақшаландыра алмай отырмыз. Ғалымдардың айтуынша, көше атауларын өзгертуге тағы біраз уақыт керек.Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де орысшаланған, қазаққа қырғидай тиген атқамінерлердің есімі берілген жер-су, көшелерге тарихи, қазақша атауын қайтарып беру қиынға соғып тұр. Соның бірі – Мирзоян көшесіне қатысты мәслихат өтті. Бұл конференцияның мақсаты және жоспарланған нәтижесі – Георгий таспаларын Қазақстанда көзін құрту және Мирзоян көшесінің атын өзгерту.
Баспасөз мәслихатында ғалымдар: «Мирзоян көшесінің атын өзгерту әлі ерте, бұл мәселені “кезең кезеңмен”, асықпай шешу керек, әлі уақыты келген жоқ», – деді. Тіпті көшеу атауларын қазақшаландыруды «Неге Мирзояннан бастады?» деген сауал тастады көпшілікке. Ономастика мекемесі егер де тарихшылар Мирзоянның қылмысын дәлелдеп берсе, біз көше атауын ауыстыруға дайынбыз деген еді. Алайда кездесуге келген тарихшылар Мирзоянның еңбегі мен қазаққа сіңірген үлесін айтумен шектелді. «Бір адамды өлтірді екен, құрту керек дейсіз. Кешірерсіз, Қытайда миллиондаған адамды құртып жіберген Мао Цзэдунды құдай санап отыр. АҚШ-та атом бомбасын тастаған Труменді құрметтеп отыр. Тарихта сіздер айтқандай «мынау – ақ, мынау- қара» деген тарихта жүрмейді. Тарихтың толғағы жүріп, пісетін уақыты келеді. Уақыт өте келе Мирзоян, Рысқұлов, Нұрмақов та ұмытылып қалады. Тарихта шығармашылықпен айналысқан Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллиндер қалады. Сендер процесті тездеткілерің келеді», – деді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов.
Ал мәслихат барысын баяндай келе Қасым Аманжол ФБ парақшасында мынадай түйін береді. «Ең соңында қалалық әкімшілік пен тарихшылардың пікірі бір жерден шығып: “Мирзоян атындағы көшені дәл қазір ауыстыру ерте” деген уәж айтты. Осыдан соң адамда қандай сезім болуы мүмкін? Менде қорлану мен ызалы күлкі ғана қалды…».
Алматы облысындағы Панфилов ауданына да қазақша атау берілмей отыр. Генерал-майор Панфилов бізге жау болған жоқ, әрине. Бірақ Алматыда саябақтың, облыстағы басқа ауылдың және қала орталығындағы көшелердің біріне есімі берілді. Ендеше алыстағы ауданға өзінің тарихи атауын (Жәркент) немесе Орбұлақ шайқасының құрметіне ауданды Орбұлақ ауданы деп ауыстыру мәселесі неге кейінге шегерілуде?