Тәуелсіздікті тілден бастау керек

Тәуелсіздікті тілден бастау керек

Тәуелсіздікті тілден бастау керек
ашық дереккөзі

Мемлекетіміздің Тәуелсіздік алғанына 22 жылдан асты. Ал қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына ширек ғасыр болды. Конституцияда Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі атап көрсетілді. 1997 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданды. 2001 жылдан бері әр он жыл сайын тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары қабылданып келеді. Осының барлығы сан ғасыр сіресіп келген қалың сеңді бұзды. Ана тілдік кеңістікте қозғалыс басталды. Сан салалы жұмыстар жүзеге асты. Кеше түске де кіре бермейтін көп нәрсе өзгерді. Өз тілінде сөйлейтін қандастарымыздың саны елеулі түрде артты. Қазақ елін Отаным деген басқа этностың өкілдерінің өз тағдырларын қазақ тілімен байланыстыруы жиі құбылысқа айналып келеді. Әлемдік деңгейде Қазақстанның мәртебесі артып, оның тіліне деген қызығушылықтың өсіп келе жатқаны да қуантады. Алайда, жалпы тұтастай алғанда, қазақ тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілімен ресми түрде тең қолданатын тілден аса алмай отыр. Конституция бойынша кері болу керек-тұғын. Неге бұлай болды? Бұл жайдан-жай емес еді. Мұның барлығы ана тіліміз жөніндегі соңғы бір жарым ғасырға созылған саясаттан болып келе жатыр. Өткенге зер салайықшы.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында патшалық Ресей Қазақстанның алып аймағын көнгенін сөзбен, көнбегенін күшпен өзіне толық қаратып алғаннан кейін ана тіліміздің сырт елдің саясатына бағынған тағдырлы тарихы басталды. Мұны Алаштың ардақтылары білмеді емес білді, қолынан келгенінше қарсылық көрсетті. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты оқу құралын жазуының бір себебін қазақтың жазба тілінде татар тілінің орынсыз етек алуына жол бермеумен, қазақ тілін сақтап қалумен түсіндірген еді. Өйткені татар молдалардың күшімен қазақтың тілін, дінін лайлау солтүстік көршіміздің отаршылдық саясатының бір тармағы болатын. 
Кезіндегі қазақ тілінің ахуалын терең түсінген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1905 жылы Мәскеуде өткен қалалық қайраткерлердің съезінде қазақ халқының атынан сөз сөйлегенде ең бірінші – өз халқының ана тіліне бостандық берілуін, іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілуі керек екендігін, қазақ мектебінің қудаланатынын айтқан еді. 
Ал кеңестік заманда Қазақ АССР-інде мемлекеттік мекемелерде іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіліп, 1920 жылдан бастап 30-жылдардың соңына дейін ана тіліміз мемлекеттік тіл деңгейінде қолданылды. Алайда көп ұзамай тіл саласын Мәскеу саясаты жаңаша қолға алды. Көрнекті мемлекет қайраткері, арқалы ақынымыз Сәкен Сейфуллин биік лауазымдық қызметте шырылдап жүріп еліміздегі мемлекеттік тіл болып саналған қазақ тілін қолдап, тоғыз мақала жазған еді. Бірақ «ұлтшыл» аталып, сол бір зобалаң заманның құрбаны болды. Бар ғұмырын халқының ана тіліне арнап, бұл салаға өлшеусіз үлес қосып, қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы да халық жауы болып атылып кетті. Әлихан Бөкейханның тағдыры да белгілі. 
Тілімізге деген қиянат Қазақ­станның өзінің ең бас­ты құжатынан басталды. 1937 жылғы Конституцияда ежелден осы жердің иесі және мемлекет құрушы ұлттың тілі туралы бір ауыз сөз айтылмады. Мұны негізгі заңды жазғандар білмеді емес, білді. Бірақ «ұлтшылдардың» жаппай қудалауға, қырғынға ұшырағанын көріп үрейленгендер Мәскеуге қарап, бата алмады. Сөйтіп, Одақ Конституциясындағы орыс тілі туралы құқықтық нормалар еріксіз мойындалды. Бұл ашық басынғандық болатын.
Содан кейін елімізде орыс тілінің үстемдігін арттыра түскен 1938 жылғы 13 наурызда СССР халық комиссарлар кеңесі мен БКП(б) Орталық комитеті «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысы болды. Әділет үшін қаулыда ұлттық республикалар мен облыстар мектептеріндегі оқытудың негізгі тілі ана тілі екені атап көрсетілгенін айта кеткен жөн. Алайда бұл өз елінде азшылық болып қалған біздің республика халқы үшін зор қиыншылықтарға жол ашты. Және Мәскеу саяси мәдениеті төмен, кеше отарлық езгіде болған қазақ халқының бұл саясатты жалаулатып алып кететініне сенді. Шынында да солай болып шықты. Сая­сатшыл белсенділер алға шығып, орыс тілінің үстемдігін орнатуға жеңдерін түріп тастап кірісті. Бұған республикада әлеуметтік, саяси-құқықтық негіздер толық бар еді. 
Мәскеуде қабылданған қаулыға бір ай да толмай, яғни 5-сәуірде Қазақстан КП(б) ОК және ҚССР Халық комиссариаты кеңесі жоғары органдардың шешіміне сәйкес кешенді іс-шара қабылдады. Онда 1938-1939 оқу жылынан бастауыш мектептің екінші сыныбының екінші жартысынан, толық емес орта және орта мектептердің үшінші сыныбынан бастап орыс тілін оқытуды қамтамасыз ету республика халық ағарту комиссариатына тапсырылды. Бұл сыныптарда орыс тіліне бөлінген апталық сағаттар нақты көрсетілді. Осымен бастауыш класс 5 жылдық болсын, оның алғашқы үш жылында ұл-қыздарымыз өз ана тілінде еркін оқып, жаза және сөйлей алсын, сонан соң 4 кластан орыс тілін оқытайық деген баланың жас ерекшеліктерін жете білетін тамаша педагог әрі психолог, Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, «оқыған азаматтардың тұңғыш көсемі» Ахмет Байтұрсынұлының өсиеті келмеске кетті. Тәуелсіз заманда да бұл мойындалмай отыр. 
Жоғарыда айтылған іс-шарада сонымен қатар оқу жоспарлары мен оқулықтарды дайындау мәселелері қаралып, 1938 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап барлық педагогикалық училищелерде, институттарда және қазақтың мемлекеттік университетінде орыс тілін оқыту міндеттелді. Осыған сәйкес оқытушы кадрлар жан-жақты ойластырылды. БКП(б) Орталық Комитетіне Ресей Халық ағарту комиссариаты тарапынан Қазақстанның мектептері, педагогикалық училищелері мен жоғары оқу орындары үшін барлығы 572 орыс тілі мен әдебиетінің оқытушыларын жіберілуі жөнінде өтініш жасалды. [ҚР Президентінің мұрағаты, фонд 708, опись 2/1, ед.хр.772. Л.л.1-11].
Ал 1938 жылғы 5 сәуір күні екінші қабылданған Қазақ ССР ОАК мен ХК кеңесінің «Қазақ мектептерінде орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы» қаулысында республикадағы қазақ мектептеріндегі орыс тілін оқытудың қанағаттанғысыз дәрежеде болуының негізгі себептерінің бірі – халыққа білім беру органдары және жекелеген кеңес аппаратының кейбір буындарына контрреволюция­шыл буржуазиялық-ұлтшылдық пен троцкистік-бухариндік элементтердің кіріп кеткендігі деп атап көрсетіліп, олардың мақсаты лениндік-cталиндік ұлттық саясатты жүзеге асырмау, сөйтіп қазақ халқының орыс халқымен туысқандық бірлігін бұзу болып саналады деген саяси баға берілді. Бұл кеше ғана қанды қырғын зәресін алған зиялы қауымның аузын аштырмады, қолын іске барғызбады. Ал саясатшыл қайраткерлер биліктен ұпай жинауға кірісті. Сондайлардың қолымен осы жылдың 1 қыркүйегінде жазылған Қазақстан КР(б) ОК бірінші хатшысы Мирзоянға дайындалған «Қазақ мектептеріндегі орыс тілінің оқытылуының жай-күйі туралы» атты мәліметте буржуазиялық ұлтшылдардың қазақ мектептерінде орыс тілінен сабақ беретін оқытушы кадрлар дайындайтын арнаулы оқу орындарын ашуға қамқорлық жасамақ түгіл, орыс тілін оқыту мен оқытушыларды дайындау мәселесін жоққа шығарып отыр деген тұжырым жасалды [ҚР Президентінің мұрағаты, фонд 708, опись 2/1, ед.хр.772. Л.л.1-11]. Сосын партия саясатына қарсы тұрғандарды хатшы аясын ба?
Шынына келгенде, ол кезде қазақ мектептерінің жағдайының өзі тіпті мәз емес еді. 1937/1938 оқу жылында республикадағы барлық 292 мектептің 157-і орыс мектептері, 10 аралас, 89-ы ғана таза қазақ және т.б. мектептер болды. Бірақ бұл біздің басшыларды да, қосшыларды да ойландырмады. Қайта орыс мектебін, орысша оқытуды өршелене көбейтуге ұмтылды. 
Ұлы Отан соғысы аяқталысымен Орталықтың саясаты жадыларында жатталып қалған республиканың билік органдары орыс тілін оқыту мәселесіне қайта оралды. 1948 жылдың 2-3 тамызында Қазақстан КП(б) ОК «Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту туралы» қаулы қабылдады. Онда қазақ мектептерінде, әсіресе ауылдық жерлерде орыс тілінің қанағаттанғысыз оқытылып жатқаны атап көрсетіледі. Сонымен қатар қазақ мектептері өздерінің алдында тұрған негізгі міндеті болып саналатын ұлттық кадрларды ғылыммен қаруландыру және оның ары қарай өсуі үшін қазақ жастары марксизм-ленинизмнің негізін салушылардың өшпес еңбектері, кеңес ғылымы мен мәдениеті баяндалған орыс тілін ана тілімен бір деңгейде оқытылса ғана шешуге болады деген қорытынды жасалды. Сол себепті Қазақстан КП(б) Орталық Комитеті қазақ мектептерінде орыс тілін оқытуды түбірлі жақсарту мақсатында 1948/1949 оқу жылында бірінші кластың екінші жарты жылдығынан бастап орысша оқытуды, осыған байланысты көптеген нақты шараларды жүзеге асыру міндеттелді. Тіпті, тәжірибе есебінде, республикадағы бес қазақ мектебінің 8-10 кластарында математика, физика, химия және дене шынықтыру пәндерін орыс тілінде оқыту тапсырылды. Интернаттардың басшылары мен тәрбиешілерін орыс тілін жақсы білетіндер қатарынан таңдау ұсынылады [ҚР Президентінің мұрағыты, фонд 708, опись 12, д. 121. Л.л.17-24]. Осылай 40-жылдардың аяғына, 50-жылдардың басына қарай елімізде орыс тілінің үстемдігі арнайы құжаттарда толықтай қамтамасыз етілді. Бұл ұлттардың табиғи дамуына қайшы жүргізілген саясат болатын, соның кесірінен сан ғасырлық тарихы бар қазақ тілі өз иесінен соншалықты алыстап кете барды, кете берді. 
Қазақ тілінің жағдайын, әсіресе солтүстік облыстарда аса күрделендіріп жіберген кейбіреулер әлі аңсап жүрген тың және тыңайған жерлерді игеру болды. Бұл Қазақстанның осы аймағын Ресейге қосуды ойлаған ертеден келе жатқан кешенді саясаттың маңызды саласы еді. Осы аймақтарда бірінші басшылар болып Мәскеу кадрларының отыруы да жайдан-жай ойластырылмаған болатын. Қашаннан басшы қай тілде сөйлесе, қосшы да сол тілде сөйлеуге мәжбүр болады ғой. Бүгін де солай. Миллиондап келген тың игерушілер ең бірінші жергілікті халықтың жерін иеленді, құрамын барынша азайтты, сонан соң тілін алды. Енді ата-аналарда қазақша оқыған баланың болашақта күнін көруі қиынға соғады деген теріс ұғым берік қалыптасты да, олар балаларын орыс мектептеріне жаппай бере бастады. Соның салдарынан республикада жүздеген қазақ мектебі жабылып, аралас мектептер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Содан орыс-қазақ аралас мектептерінде оқу-тәрбие жұмысындағы қос тілділік бірыңғай біртілділікке, орыс тіліне ауысты. Сөйтіп, 1980-жылдардың аяғында Қазақстанда барлық оқушылардың 67 пайызы орыс тілінде оқыды. Осындай себептерге байланысты қазақ тілінің беделі күрт төмендеді, қолданылу аясы тарылды. Ал патшалық Ресейдің дәстүрін жаңа жағдайда жалғастырған кеңес көсемдері өз саясатының нақты іске асқанын көріп-біліп, қазақ елінің болашағының жартысынан астамының өз тілдерінен айрылғанына, мәренің төбесі көріне бастағанына іштей қол соғумен болды. Алайда, құдай жарылқап, тарих дөңгелегі басқа жолға, еліміз тәуелсіздік жолына бұрылып, тілімізге тірек болар азаттық рух келді. 
Алаштың көшбасшыларының тәуелсіздікті тілден бастау керек деген дәстүрін еліміздің ұлтшыл азаматтары егемендіктің елең-алаңында алғы шепке шығарды. Мұны толық түсінуге болады. Өйткені туған тіл азаттықтың әліпбиіндей қазақтың табиғи құқығы, тәуелсіздігіміздің туы да, тұғыры да деген түсініктің нәтижесі болатын. Сөйтіп Егемендіктің елең-алаңында, аса бір еліміздегі демографиялық жағдайдың күрделі кезінде, яғни 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі аса зор қиыншылықпен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Шындығында, бұл еліміз үшін аса бір сындарлы кезең болатын. 1989 жылы республикада барлық 16,5 миллиондай халықтың 6 534 616-сы қазақ, 6 227 549-сы орыстар-тұғын. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан кейін араға жарты ғасыр салып, тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғаны, шын мәнісінде, айтарлықтай айрықша оқиға еді. 
Алайда көп ұзамай «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заңынан бізге тіліміздің негізінен қағаз жүзіндегі мемлекеттік мәртебесі ғана қалды. Заңның «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» деген жолдар ұмытылды. Ұлттық қайта түлеуге бетбұрыс егемендікке жету мен тәуелсіздікті алу идея­ларынан ары аса алмады. Сан ғасыр арман болып келген саяси азаттық, асқақ идея дәстүрлі ұлттық рухани бұлақтан суарылмады, жаңа жағдайдағы мұраттарымызды шешуге бағытталмады. Кеңестік социалистік интернационализммен уланған сана тәуелсіздік идея­сымен жаңғыртылмады. Кешегі ұлтсыздық, құлдық санамен күрес батыл жүргізілмеді. Мысалы, өзгелердің саны өз халықтарынан кем болмаса да, Балтық теңізі жағалауындағы елдер аз уақытта өз тілдерін шынайы мемлекеттік мәртебеге көтеріп алды. Өйткені оларда ең негізгісі ұлттық рух күшті болды. Бұрын ұлттық намысы езілмеген еді. Жаңа жағдайда тез есін жиып алды. Біз құлдық санадан әлі құтыла алмай келеміз. 
Мұның үстіне 1993 жылғы Конс­титуцияда «Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады» деген тақиямызға тар болып, 1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабының бірінші тармағындағы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген конституциялық шешімге қайшы, екінші тармақта «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норма қабылданды. Бұл онсыз да тегеурінді, көп уақыт жеке билеп келген орыс тілінің үстемдігін қайтадан қалпына келтірді. 
Рас, кейбіреулер жоғарыдағы Ата заңымыздың 7-бабының екінші тармағындағы норма­ны елдегі демографиялық жағ­даймен түсіндіргісі келеді. Егер консти­ту­циялық қағиданың орындалуын­ қатаң бақылайтын тиісті орган болғанда мұ­нымен де келісуге болар еді. Біресе құрылып, біресе жойылып отырған тіл комитетінің мұнымен айналысатын уақыты болмады. Ал 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңда Ата заңымыздың 7-бабының 1-тармағындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретіндей құқықтық нормалар қабылданбады. Сол себепті Заңның 4-бабындағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деген қағида осы кезге дейін барлығымыз үшін тиісті нормаға айналмай отыр. Сондай-ақ Заңдағы «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деген қауқарсыз қағида да ешкімді ештеңеге міндеттей алмады. Ал «Тілді мемлекеттік қорғау» деген 23-бап «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады» деген жалпы сөздермен шектелді. Сөйтіп мемлекеттік мәртебеге ие болған тілдің басқа тілдерге қарағанда үстем болуы деген әлемдік тәжірибе Конституцияда да, Заңда да ескерілмеді. 27 баптан тұратын Заңның 10 шақты бабы тек орыс тілінің қамын қарастырды. Тіпті Заңда Конституцияның 7-бабының 1-ші және тіпті 2-тармақтарына қайшы нормалар қабылданды. Мысалы, Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабынан бастап ары қарай көптеген баптарында орыс тілі мемлекеттік тілмен қосақталып кете береді. 
Ащы да болса ашығын айтайық, қазір де қазақ тілі туралы мемлекеттік саясат толық тұғырына қонған жоқ. Сондықтан мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі әлі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының төріне шыға алмай отыр. Ал халықтың елеулі бөлігі өз тілін мойындайтын емес. Әсіресе, отбасын жаңа құрған жастар өздері қазақ тілін еркін білмегеннен кейін өз ұрпақтарын орыс мектептеріне беріп жатыр. Аралас мектептер қатары сирейтін емес. Бұлар бүгінгі республикадағы барлық мектептердің 20 пайыздайын құрайды. Қазір орыс мектептеріндегі оқушылардың ең кемі үштен бірін қазақтың ұл-қыздары құрап отыр. Бұл үдеріс қазақ тілі кеңістігінде біраз уақыт жалғаса түседі деген сөз. Орта арнау­лы және жоғары оқу орындарында да орыс топтарындағы студенттердің дені қазақтың ұл-қыздары. Қазіргі еліміздегі қазақ тілдік кеңістіктегі жағдай осындай. Мұндай жағдай алда біраз қиыншылықтарға жолығады. Ол бірінші сыныптан ағылшын тілін оқытуға байланысты. Менің біліуімше, ешбір елде бірінші сыныптан үш тіл оқыту тәжірибесі жоқ. Енді қазақ балаларына көрсетілетін мультфильмдерге ептеп ағылшын тілі қосыла бастады. Бұл баланың психикасына да әсер етпей қалмайды. 
Мұндай жағдайдың толып жатқан әлеуметтік те себептері бар. Ең негізгісі – ана тілімізге деген қоғамда ұжымдық тәуелсіз сана қалыптаса алмай отырғаны. Сан ғасыр езіліп қалған халықтың ұлт­тық рухы оңайлықпен көтерілетін емес. Осы алып жердің де, елдің де иесі болған қазақ халқы ешкімнен кем емес, Алла адамзат баласының барлығын махаббатпен тең етіп жаратқан деген түсінік көкіректе ұялай алмай тұр. Осындай себептермен еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сонау 1989 жылғы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғалы бері қазақ тілінің дамуына, оның қолданыс аясының кеңейе түсуіне тұрақты қамқорлық жасап келе жатқаны да, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ тілі – рухани күшіміз» және т.б. тұжырымды ойлары да орыстілді бауырларымыздың сезімдерін сергітетін емес. 
Қазіргі қазақ тілдік кеңістіктегі қа­лыптасқан осындай жағдайлар, 22 жылдан астам өз тәжірибеміз де, әлемдік өркениетті елдердің шындығы да мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейте түсуді қажет етіп отыр. Елбасы 2006 жылы 11 мамырда «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты сұхбатында қазақ тілінің тағдыры, оның дамуы мен болашағы туралы айта келіп, Тілдер туралы Заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерістер енгізу керек деп жайдан-жай айтпаған болатын. Жақында жарияланған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы да ең алдымен рухани тұғырымыз – тіліміздің мәңгілігіне де тікелей қатысты. 
1997 жылдан бері еліміздегі демографиялық жағдай жақсарды. Қазақтар барлық халықтың 65 пайы­зынан астамын құрап отыр. Өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген көзқарасында күрделі оң өзгерістер белең алды. Оларда да жер иесінің ана тіліне деген ізгілікті түсінік қалыптасып келеді. Осыдан он жеті жыл бұрын қабылданған Тіл туралы Заң да өз мүмкіндіктерін сарқып келеді. Енді кейбір баптар алға жылжуымызға тұсау болып қалды. 
Конституция бойынша, мем­ле­кеттің ішкі және сыртқы сая­са­тының негізгі бағыттарын айқындайтын ең жоғары лауазымды тұлға, мемлекетіміздің басшысы – Президенті екені белгілі. Сондықтан бүгінгі қолданыстағы Заңға кейбір өзгерістер енгізу қажет болып тұр. Біздіңше, біріншіден, Ата заңның 7-бабының 1-тармағындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсуді жан-жақты ойластыру қажет. Мұның бір жолы қолданыстағы Заңнан Конституцияның 7-бабының 1-тармағына қайшы нормаларды алып тастау керек. Мысалы, Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабында «Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады» деп айқын көрсетіліп, одан кейін «Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртаңбаларының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады», сондай-ақ көрнекi ақпаратты екі тілде жазу қажет тағы осы сияқты мемлекеттік органдарға қатысы жоқ заңдық нормалардың «мемлекеттік тілде және орыс тілінде» деп қосақтаудан арылуымыз қажет. Екіншіден, Ата заңның екінші тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норманың тиісті орындалуына, бұл норманың басқа тілдік кеңістікке жайылмауына қатаң бақылау орнату керек. Үшіншіден, Қазақстан Республикасындағы тіл туралы Заңды орындамағаны үшін жауаптылықты қарастыратын, әсіресе ұжымдардың бірінші басшыларының жеке жауап­кер­ші­лігін қатайтуға байланысты құ­қықтық нормалардың болғаны жөн. Қазақ ежелгі дәстүр бойынша, жасы үлкенге де, қызметі жоғарыға да қарап, сыйлап, тыңдап қалған ізгі жанды, іззетшіл халық. Депутаттар мемлекеттік тілді қорғайтын басқа да жайларды ойластырып жатса, дұрыс болар еді. 
Мұндай өзгерістер мемлекеттік тілге деген саяси-құқықтық салада қоғамдық жаңа бетбұрысты танытар еді. Бұл еліміздегі қазақ тіліне деген ұжымдық сананың қалыптасуына да оң ықпал етеді. Сөйтіп біз «Қазақ елі» деген қастерлі де қасиетті қоғамға жақындай түсер едік. 

Әбдіжәлел Бәкір, 

саяси ғылымдарының 

докторы, профессор