«КҮН СӘТІН» КҮЛІМДЕП ҚАРСЫ АЛАЙЫҚ

«КҮН СӘТІН» КҮЛІМДЕП ҚАРСЫ АЛАЙЫҚ

«КҮН СӘТІН» КҮЛІМДЕП  ҚАРСЫ АЛАЙЫҚ
ашық дереккөзі
384

Қазақтардың астрономиялық түсінігі бойынша, Жаңа жылда Күннің көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат уақыт «күн сәті» деп саналады. Дәстүрлі ұғымға сай, Жаңа күнді ықыласпен қарсы алу салты қалыптасқан. Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп, «құт дарысын» деп, айнала төңірекке ақ бүркіп тарасады. Ал, «Қызыр түні» өтіп, Жаңа жылдың алғашқы таңы атқанда «Жаңадан шыққан күннен құт құйылады» деген түсінік бар. Күн көкжиектен көтеріле бастаған алғашқы екі сағат бойында жасалған тамақ мейлінше тәтті, ерекше қасиетті, мол ырысты болады деп есептеген.

Біздің ата-бабаларымыздың көңілі алаң болып, айрықша мән берген кезі – наурыз айы. Бұл айда жыл басына меже болатын Ұлыстың Ұлы күнінің өтетіні өз алдына, сонымен бірге көшпелі ел қыстан қысылып шығып, жазылып жадырар шақты тыпырши күтеді. Сондықтан да, наурыз айын «өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар, жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер мезгілі» дейді. «Қыс ұзарып шелді жейтін, түн ұзарып түнді жейтін қара өзек шақ жетті, «ұзын сары» келді, енді тоқты тоймас, шөміш кеппес уақыт та болды, жер ананың тоң кеудесі жібігенше, төс емшегі иігенше, кетпен-шотың сайлы болсын», – деп отырар еді табиғаттың қас-қабағын баққан қариялар. Қалай болғанда да, наурыз айы табиғаттың жаңғырар, біреудің екеу болар, тіршілік атаулының тірлік танытар мерзімі, жыл тоқсанның басы.

 Жыл тоқсаның басы, жыл басына меже демекші, жыл деген өзі диірменнің бел ағашындай айналып тұратын ғажайып табиғи құбылыс қой. Жер де айналады, ай да айналады, күн де айналады, күндіз бен түн де айналады. Енді міне, бірер күннен соң 2014 жылдың жиырма екінші жұлдызында жылдың бел ағашы айналып жылан тұрған тақтың үстіне жылқы отырады. Бір жылға сол патшалық етеді. Наурыз таңының атқанына қарай жылды болжауға болады.

 Ұлыс күні түске таман ауыл адамдары нарқазан көтеріп от жағады. Қазан басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны жоғары. Қазақ дастарқанына түсетін астың барлығы (қымыздан басқасы)қазаннан өтеді. Халық оны жай қазан демей, оны «қара қазан» деп қастерлеп айтады. «Қара» сөзі қасиетті, киелі, берекелі деген ұғымды білдіреді. Сондықтан да киелі шаңырақты қара шаңырақ деп те атайды. 

«Қыдыр дарыған, қыдыр қонған үй» деп неліктен айтады?

Мұсылмандық аңыз-әфсаналар мен халық наным-сенімдерінде Қызыр образы кең таралып, ол мәңгі өлмейтін бейне ретінде саналады. «Қызыр» сөзі – жасыл, көк өңін білдіреді. Бұл өсімдіктер әлемімен байланысты болғандықтан оның көктемгі Нау­рыз мерекесімен орайластыруы тегін емес екенін байқауға болады.

 Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша, 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түні – «қызыр түні» деп аталады. Қызыр адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып персонаж. Қыдыр ата бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атасының жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұндай үйге Қыдыр ата түнеп, немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осыдан шыққан. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен күн нұрының белгісі Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен. Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себелеп атқан кезде, біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-пен тұспа-тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күні таңғы 3-те қарсы алады, дәл осы сәтте: даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?», – деп тоқтатады екен. Сол сияқты бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.

Қызыр күні ыдыстар аққа толтырылуы керек. Қызыр күні Жаңа жыл табалдырықты аттап, үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. «Береке басынан басталады» демекші, «Жыл бойына ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп, Қызыр түні қойманы тағамға (бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері т.б.) ыдыс атаулыны аққа (сүт, айран, шұбат, шалап, уыз т.б.) және кәусар бұлақ суына толтырады.

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің дастарқанында міндетті түрде Наурыз көже болуы керек. Ол – тоқшылықтың белгісі. Бұл күні ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылатын болған.

Наурыз – жылдың басы болғандықтан, оны қалай қарсы алсаң, жылды солай тоқшылықта, амандықта, береке-бірлікте өт­кі­зесің десе, осы күні әр шаңырақтың дастарқаны жайнап , онда Наурыз көже болуы керек. Ал, Наурыз көже қалай дайындалады? Әркім өзінің қалауына қарай қосымша азық-түліктер қосуына болады. Жалпы, наурыз көже жеті түрлі тағамнан жасалады. «Жеті» санының қазақ үшін қастерлі екенін жас бала да біледі. «Наурыз көже» нұр сәулені түзетін жеті түрлі түске орай, жеті түсті топтамаға кіретін дәм-тағамнан құралатын дәмді де қуатты, қасиеті ас:

Көк – су

Қызыл – ет (соғымнан сақталған мүше, сүрі, арнайы сойылған малдың жас еті)

Жасыл – дән (бидай, арпа, тары)

Ақ – сүт (сүттен жасалған тағамдар, қатық, айран)

Сары – май (сары май, тоң май)

Қоңыр – талқан, ұн, кеспе, 

Қара – қарабас тұз

Қазағымыздың қыдыр дарыған наурыз мерекесін жыл басын ерекше көңілмен тойласақ еліміз мәңгілік, берекеміз құтты болар деп білемін. 

Лаура БЕРДІЖАРОВА 

Қызылорда облысы,

Қазалы ауданы,

Шәкен ауылы

Серіктес жаңалықтары