ТҮРКИЯДА САЙЛАУ ӨТІП ЖАТЫР
ТҮРКИЯДА САЙЛАУ ӨТІП ЖАТЫР
Түркияда жергілікті сайлау өтуде. 52
миллионнан астам сайлаушы алдағы 5 жылға таңдауын жасамақ.
Бүгін Түркия халқы жергілікті атқарушы орган мүшелерін
сайлауда. Анығында алдағы 5 жылға ірі қалалалар мен аудандар, ауылдар әкімдерін,
жергілікті мәслихатқа депутаттар сакйлау үшін дауыс беріп жатыр. Ресми деректерге сүйенсек,
26 миллион 704 мың 757 әйел, 25 миллион 991 мың 75 еркек, жалпы саны 52 миллион
695 мың 831 сайлаушы Түркия Конституциясы мен Түркия Сайлау туралы заңында
бекітілген құқықтарын пайдаланып, өздері қалаған адамды таңдайды. Олар үшін таңғы
8-ден кешкі 5-ке (17.00) дейін 194 мың 310 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Түркия
Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, жергілікті сайлауда жалпы саны 26
саяси партия бақ сынасуда. Түркиядағы бұқаралық ақпарат құралдары мен
Интернеттегі сараптамаларға қарасақ, саяси құрылымдардың арасындағы ең
беделдісі – Ақ партия, яғни, премьер-министр Реджеп Тайип Ердоғанның Әділет және
даму партиясы (АКР), МНР (Ұлтшыл әрекет партиясы), СНР (Мемлекеттік халықтық
партия). Сонымен қатар бұл жолғы саяси науқанда Күрд Жұмысшылар партиясының өкілдері
де аса белсенді. Ер және әйел адамды төрағалыққа сайлаған партияға көбінесе түркиялық
күрдтер иек артып отыр. Негізгі қолдаушылары да солар. Соңғы 20 жылда қырық мыңнан
астам жазықсыз жанның ажалына себепкер болған күрд содырларының көсемі Абдолла Өджалан
бүгінде темір торға тоғытылған. Түркияның бір аралында қапаста жатыр. Күрд
саясаткерлері Өджаланды бостандыққа шығарып, Күрд автономиясын құруды көздейді. Билік
басында отырған Реджеп Тайип Ердоғанның партиясы күрдтермен келісімге келіп,
ТРТ телеарнасынан күрд тілінде арнайы сағат бөлді. Бүгінде «ТҮРІК» сөзін саяси
немесе қоғамдық ұйымдарға пайдалануда да қиындық туатын жайттар кездеседі. Бұл
Түркия билігіндегілердің «түріктен басқа өзге ұлт пен ұлыстың құқына қол сұғады»
деген ұстанымнан туса керек. Сонымен қатар сайлауалды шарасының барысында үкімет
басындағы АКР басшысы Тайип Ердоған түріктер еліндегі әлеуметтік желілерді (Twitter, YouTube) жауып тастады. Былтырғы Таксим алаңы мен жаңа әуежайға қатысты туындаған
даудан кейін беделіне нұқсан келген Ердоған мен оның жақтастарына 17 желтоқсан оқиғасы
мен «аяқ киім қорабы» да оңайға соққан жоқ. Осының салдарынан, Ақ партия мен
Ердоған баяғыдай басымдықпен жеңіске жете алмайды. Бірақ басқа бәсекелестерге қарағанда,
сайлаушылардың көпшілігі бәрібір Ердоғанның Ақ партиясын қолдайды. Демек, бүгінгі
жергілікті сайлауда да Ақ партия жеңіске жетеді деген сенімде. Дәл осы пікірді
тәуелсіз сарапшылар да білдірді.