ҚАЗАҚША ҚҰЖАТТЫ ТІРКЕТУДІҢ ТӘЛКЕГІ

Азан шақырып қойған әп-әдемі аты-жөнімізді – ов, – ова, – ев, – ева, – ич, – ин сынды орысша жалғаулармен бұрмалаушылығымыз кеңес үкіметі билік құрған жетпіс жыл бойы қазақтың қыр ізінен қалмағанымен қоймай әлі күнге дейін кенеше жабысып жүргені өкінішті-ақ. Бірақ соңғы он үш жылдан бері осы бір келеңсіз құбылыстан біржола құтыла алмай жүргенімізге өзімізден басқа ешкімді де кіналай алмайтын сияқтымыз. 

Мемлекет басшысының 1996 жылғы сәуір айының 2-індегі «Ұлты қазақ азаматтарының тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» Жарлығы (№2923) рухымызға жат аффикстерді алып тас­тап, «ұлы» немесе «қызы» сөздерiн кеңінен қолдануымызға мүмкіндік берді. Ивановты орыс ұлтының өкілі екендігін айтпай-ақ танысақ, грузиндер Махарашвили ретінде ерекшеленетін. Шыққан тегін ұлттық үрдіске сай рәсімдейтін әлем жұртшылығының қатарына қазақ халқының да қосылуына жалдық сипаттағы байқоңырлық бауырларымыз айрықша қуанған болатын.

Қызылорда облыстық әділет департаментіне қарасты жергілікті сала мамандары арқылы жеке басын куәландыратын құжаттары мен перзенттерінің туу туралы куәліктерін ана тілімізде толтыртқан байқоңырлық отандас­тар көп қабатты үйдің пәтерінде тұратындардың есебіне тіркелер сәтте кездейсоқ кедергілерге кезігуде. Атап айтқанда, нотариус арқылы құжаттың түпнұсқасында жазылған барлық қазақша сөздерді (тегі, аты, әкесінің аты, туған жері, ұлты, куәлік берген мекеме) түгелдей дерлік тәржімалатуға тиістісің. Себебін сұрағандарға жауап дайын. Байқоңыр қаласындағы үй басқармасы мен құжаттарды рәсімдейтін құзырлы органдардың бәрі дерлік ресейлік. 

Солтүстіктегі көршіміздің конституциялық заңдары бойынша ресми іс-қа­ғаздар тек қана мемлекеттік тілдерінде – орысша толтырылады. Демек олар­дың ұлттық альфавитіміздегі ә, і, ү, ұ қаріптерін қолданбайтындығы түсінікті. Түйткілдің түп-төркіні де осыған тіреліп тұр. Сондықтан қалай да қазақша ныспыңды уақытша өзгертуге міндеттісің. Бұл талаптары орындалмаса федералдық миграция қызметінің Москва облысына қарасты басқармасы құзырындағы Байқоңыр қалалық филиалы мекен-жайың жөніндегі анықтама бермейді. Бір жапырақ қағазың болмаса, қоршаулы қалаға кіріп-шығуға қажет пропускіні алу мүмкін емес. Ол рұқсат құжатсыз көрші елдің полициясы күні-түні күзететін үш жақты тексеру бекеттерінен арлы-берлі өтудің өзі мұң. Қитұрқы келеңсіздіктерді көрген қандастарымыздың көбі қиындықтардан қашып, қолындағы құжаттардағы кездейсоқ қателерді түзетуге тәуекел етпек түгілі ұл-қыздарының куәліктерін мемлекеттік тілімізде жаздыртуға еш құлқы жоқ. Тайталасқандардың төзімдері де таусылған сыңайлы. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын ескі үлгідегі жеке куәліктердің қолдану уақыты аяқталуына байланысты және өтініштерге орай мерзімінен бұрын ауыстырылған жағдайда биометриялық белгісі бар жаңа құжаттарды рәсімдеген кезде де көптеген қазақстандықтар келеңсіз кедергілерге кезікті. 

Сол сәттерде ел азаматтарының ана тілімізде жазылған аты-жөндерін орысшаға аударма жасау арқылы қаржысын үстемелеген жеке иеліктегі нотариалдық кеңсенің қызметкерлері бұрыннан белгілеген мың теңге құнын күрт көтеріп, бағаны шарықтатып жіберген еді. 

Сонымен жалдық сипаттағы ресейлік қалада қазақша төлқұжатты тіркетудің тәлкегінен түңілген тұрғындарға еліміздің ұлттық ғарыш агенттігі мен салалық министрліктің басшылары екі елдің жоғарғы атқарушы билігі жанынан жасақталған ғарыштық кешендегі маңызды мәселелерді талқыға салып, тараптардың арасындағы уағдаластық келісім-шарттарға толықтырулар мен өзгерістер енгізуге құзыры бар арнайы комиссияға ұтырлы ұсыныс жасау арқылы қандастарымыздың конституциялық құқығын қайта қалпына келтіру қажеттілігіне тіреліп тұр. 

Нұрлан МЕРАЛЫ, 

журналист

Back to top button