Қырымның соңынан Донецк Ресейдің құрамына енбек

 

Ресейдің империялық астамшыл саясаты шектен шығуда. АҚШ
пен Еуропа елдерінің, әлемдік қауымдастықтың қаһарына ұшыраған Путин билігі
алған бетінен қайтар емес. Керісінше, бұрынғыдан әрі өршеленіп, Украинаның шығыс
бөлігін біртіндеп өзіне қаратып алуға күш салып жатыр. Қызылкөз Ресей ешбір
мемлекеттің сөзіне де, енгізіп жатқан санкциясына да міз бағар емес.

Бұған дейін
Қырымды қоластына алған Ресей Донецк облысын да өз құрамынан көруге асық. Кеше
ғана Қырымда болған референдум Донецкіде де өтіп, облыс өзін дербес мемлекет
ретінде жариялады. Облыстық әкімшілік ғимаратын басып алған бүлікшілер
егемендік декларациясы үшін дауыс беріп, бүгіннен бастап осы құжат Донецк
халықтық республикасының құрылуына негіз болады деп хабарлады. 

Украинаның оңтүстік-шығысындағы
өзге қалаларда да мыңдаған адамды жинаған ресейшіл топтардың наразылығы
жалғасуда. Олар да Ресей құрамына ену жайлы референдум өткізуді талап етуде.
Шеру соңы жаппай бейберекетсіздікке ұласып, Луганскіде бүлікші топ Украинаның
қауіпсіздік қызметі ғимаратын талқандап тастаған. Ал Харьковте ресейшіл топтар
билік жақтастарымен қақтығысып, алаңға жиналған адамдар майданшыларды тізерлеп
жүргізіп мазақ еткен. Елдің шығысында ушыққан жағдайдан соң президент міндетін
атқарушы Александр Турчинов Литваға сапарын кейінге қалдырып, күш құрылымдары
басшыларымен шұғыл түрде жиналыс өткізді. Олар бұдан былай бүлік бастағандарды «лаңкес»
деп танып, күш қолданамыз деген пікірге тоқтады.

Кезінде 2009
жылы билік басында Ющенко отырған тұста «Донецк республикасы» атты қоғамдық
ұйымның белсенділері: «Украинаның Донецк, Днепропетровск, Запорожск, Луганск,
Харьков, Херсон облыстары үшін Донецк федеративті республикасы әрекет етеді.
Бұл декларацияға сәйкес, территорияда мемлекеттік тіл – орыс тілі болып
саналады…» дегені есте. Енді, міне ресейшіл топтар 11 мамырда Донецкіде
референдум өткізуге құлшыныс танытуда. Алайда, Украина президенттігіне үміткер
Тимошенко: «Мұның бәрі бос әңгіме. Қайдағы референдум? Елдің тұтастығы мен
бірлігін сақтауды мақсат еткен Донецк жетекшілері мұндай бассыздыққа бара
қоймас дегенді жеткізді.

Айтпақшы,
ақпарат көздерінде Қырым тұрғындары үшін шамамен 80 мың ресейлік төлқұжаттың
рәсімделгені туралы мәлімет тарады. Әзірге Ресей азаматтығынан 16 адам ғана бас
тартқан. 


Динара Дүрмән

Back to top button