ӨТЕМҰРАТОВ ЕКІ БАНКТІ САТЫП АЛАДЫ
ӨТЕМҰРАТОВ ЕКІ БАНКТІ САТЫП АЛАДЫ
Ақпан айындағы отандық үш қаржылық құрылымның банкротқа ұшырауына
қатысты sms-шабуылдың құрбаны болған банктердің бірін Болат Өтемұратов сатып
алмақшы. Ал күні кеше ғана салымшылар депозиттерін ала қашқан банктердің қазіргі
жағдайы қандай?
ҚР Ұлттық банкінің басқармасы Болат Өтемұратовтың
еліміздегі екі жекеменшік банкті сатып алуға қатысты білдірген өтінішін құптады.
Арнайы қаулы қабылдаған Ұлттық банк Б.Өтемұратовқа «Альянс банк» АҚ-ның 16
пайыз жай және артықшылыққа ие акциясын, сондай-ақ, «Темірбанк» АҚ-ның 79,88
жай акциясын беруге шешім шығарды. Келісім шарттарына сәйкес, «Альянс банктің»
51 пайыздық акциясы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының үлесінде қалады.
Аталған қордың басқарма төрағасы Елена Бахмутованың
айтуынша, акциялар сатылғаннан кейін Темір банкі, Альянс банкі мен Forte bank
бірігуі мүмкін. Ал «Темір банкі» АҚ-ның екінші рет қайта құрылымдауы
жоспарланып отырған жоқ: «Өйткені «Темір банкінде» қаражат жеткіліксіз». Ағайынның
есінде болса, өткенде еліміздегі үш банктің банкротқа ұшырауы мүмкін екенін
айтып, әлеуметтік желілер арқылы хабарлама таратқан арандатушылар тізімінде
Альянс банкі де бар болатын. Жаппай таратылған хаттардан сескенген жұрт аталған
үш банктегі депозиттерін алып кетуге асықты. Сарапшылар пікірінше, банкротқа қатысты
арандатуға елдің жаппай сенуіне, қаржылық құрылымдардың қауқарына күмәнмен қарауына
ұлттық теңгенің шамамен 20 пайызға дейін бір-ақ күнде құнсыздануы себеп болған.
Ел ішіндегі қаржылық дүрбелеңді басу үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов ресми түрде мәлімдеме жасап, халықты
сабырға шақыруға мәжбүр болған еді.
Жуырда ҚР Ұлттық банкі отандық жекеменшік банктерге тиесілі
депозиттік базаның ахуалы жайлы ақпарат таратты. Мәліметке сәйкес, биыл ақпанда
sms-шабуылға ұшыраған Центркредит банкі, Альянс банкі мен kaspi bank-тан салымшылар
кері алған салым көлемі 169 млрд. теңге болыпты. Оның ішінде, «ЦентрКредит банк» АҚ-ның қағылған
қаражат көлемі 14,7 пайыз болса, Kaspi bank – 16,8 пайыз, Альянс банк – 30,9
пайыз. Осы мәселеге орай, мәлімдеме
жасаған kaspi bank басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе: «Біз күн сайын депозит өсімін
байқап отырмыз. Жаңа клиенттермен қатар дүрбелеңге ілескен клиенттеріміз де қайта
келіп жатыр. Сәуір айының бірінші аптасында қайта салынған депозит көлемі 35% құрады»,
– дей келе, егер осы қарқын бәсеңдемесе, арандатушылардың кесірінен иелері қайтарып
алған депозиттің басым бөлігі 3-4 ай ішінде банкке оралатынын айтты.
Нәзия Жоямергенқызы