Ұзақбай Қарабалин, Мұнай және газ министрі: Қашағанға қатысты асығыстық жасау орынсыз

Тағы да Қашаған. Қашағанды игеру жоспары жылдарға созылуда. Кеніштің қоры мол, оны толық игеруге әлі де қомақты қаржы қажет, құйылып та жатыр. Бірақ ол да жеткіліксіз болып шықты. Таяуда Парламент Мәжілісінде Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин кенішті игеруге жұмсалатын шығын 200 миллиард доллардан асып жығылуы мүмкін деді.

Депутат Омархан Өксікбаев тіпті «келісімшартты бұзсақ қайтеді?!» деген ұсыныс тастады. Себебі «қуырдақтың көкесін» күткенімізге бақандай 5 жыл толды. 

– Қашаған жобасы 2008 жылы жұмысын бастауы керек еді. Әу баста 10 миллиард доллар тұрған жоба енді 200 миллиард доллардан да асатын көрінеді. Олар өз сөзінде тұрмады, шартта көрсетілгенді орындамады. Біз қашанғы солардың алдында еңкейіп, қойған талаптарына көне береміз! Біз неге өз мүддемізді қорғамаймыз? Сол контрактіні бұзсақ қайтеді? Бізде де намыс бар шығар? – деді депутат мырза. Ұ.Қарабалин тексерулер нәтижесінде «Қашаған» жобасындағы шетелдіктер (Шелл, Тоталь, ЭксонМобил, Инпекс, СНПС) алдына «1 миллиард 200 миллион доллардың» дұрыс жұмсалмағандығы туралы мәселе қойып отырғандарын жеткізді. «Қазір консультанттар жалдап, екі жақ осы мәселе бойынша жұмыс жасауда. Екіншіден, «Қашағанның» жұмысының жарты жылға тоқтатылуына байланысты өз тарапымыздан техникалық-экономикалық тергеу жүргізудеміз. Ол инспекцияны шетелдік білікті екі компания жасауда. Олар қандай технологиялардың қолданылғанын, қандай құбырлардың сатып алынғанын тексереді. Мамыр айының соңында аяқталады деп күтілуде», – деді министр. 

«Бұл жоба қорының көлемі 2 млрд. тоннадан астам. Сонымен қатар, өзінің технологиялық қиындықтары бойынша бірегей екендігін атап өткім келеді. Әлемдік мұнай қоғамдастығында біздің Қашағанды тек Бразилиядағы Тупи деген кен орнымен салыстырады. Оның қоры біздікіне жақын. Мамандардың пікірі бойынша, ол шамамен 200 млрд. доллар шығынды қажет етеді. Ал кейбір болжамдарда Қашағанда одан да мол болатындығы айтылуда», – деді министр. Кенішті игеру үшін аса зор алпауыт компанияларының тартылғаны белгілі. Теңіз қайраңынан мұнай алу оңай емес. Сондықтан компаниялардың өнім алып, пайдасын табу үшін әлемет шығын шығарғаны жасырын емес. Бірақ өнім әлі алынған жоқ. Былтыр тіпті осы инвестор компаниялардың бірі өсе түскен шығындарға шыдамай жобаны тастап кеткен болатын. Американдық Conocopillips компаниясы Қашағандағы өзінің 8 пайыздық үлесін сатуға мәжбүр болды. Кейбір ақпарат көздері бұл акцияны Қазақстан Үкіметі сатып алады деп жарыса жариялап жатты. Бүгінде қытайлық CNPC компаниясы Қашағаннан өз үлесін 5,5 миллиард долларға сатып алғаны белгілі. Әсілі Қашағанның мәселесі мұнымен шешіле қойған жоқ. Былтыр күзде басталып, техникалық олқылықтарға байланысты өндіріс тоқтап қалды. Жоба тағы да қыруар қаражатты талап етуде. Ұзақбай Қарабалин өндірісті бастау үшін бірқатар жөндеу, зерттеу жұмыстарға шығындануға тура келетінін айтты. «Өткен жылдың күзінде ғана мұнай өндіріле бастаған Қашаған кен орнының құбыр инфрақұрылымында біраз проблемалар анықталған. Оларды жою мақсатында екі мыңнан астам дәнекерленген жік тексерілді. Алты мың метрден астам құбырға ультрадыбыстық диагностика жүргізілді. Алынған мәліметтер мамандандырылған шетелдік зертханаларда анықталатын болады. Сәуір айында құбырдың теңіз бөлігіндегі 25 нүктесінде зерттеу жүргізіледі. Бұл мұз ерігеннен кейін қолға алынады», – деді министр. Бұл біраз уақытты алатыны белгілі. Ендеше жыл сайын келесі жылға ысырылатын кеніштің қашан мұнайға қарқ қылып, көсегені көгертетіні белгісіз. Асықпауды ескерткен министр: «Ұңғымалар қалыпты жұмыс істеуде және тұтастай алғанда ауқымды кешеннің жұмыс істеп тұрғанына да көз жетті. Құбырлардағы ақаулар басқа жүйелерге әсер етпеуі тиіс деп ойлаймыз. Кен орнының қиын және қауіпті екенін ескере отырып, асығыстық жасау орынсыз деп пайымдаймыз», – деді. 

Жыл сайын болашақ еншісіне берілетін игеру жұмыстары былтыр 11 қыркүйекте ресми түрде басталған болатын. Оның өңдеу зауытын іске қосуға Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. Алайда газдың жылыстауынан жұмыс бірнеше рет тоқтатылып, тоқтап тұрғаны көп болды. Істен шыққан газ құбырлары британдық зертханаларға зерттеуге жіберілген. Оның нәтижелері әлі шыққан жоқ. Жуырда экс-премьер-министр Серік Ахметов осы кеніштен алынатын мұнай көлемін жариялаған еді. «Биыл 3 миллион тонна мұнай аламыз деп үміттенемін» деген. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қашағанда өндіріс басталса, экономиканың өсімі жылына 6 пайыз деңгейінде болады және бұл 2018 жылға дейін сақталады деп жоспарлаған. 

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның мұнай өндірудегі үлесі 36 пайыз, АҚШ компанияларының үлесі – 25 пайыз, ал Қытайдікі – 23 пайыз, Ресейдің үлесі – 6 пайыз болды. Сондай-ақ осы салаға 10 миллиард доллардай инвестиция құйылыпты. Ең қомақты инвестицияны АҚШ пен Қытай инвесторлары салған. 

Экспорт үлесі артады

Қазақстан әлемнің 30 еліне мұнай жөнелтеді деді министр. Айтса да, бұған дейін мұнайдың көп бөлігі оффшорларда сатылып, алпауыт компаниялар салықтан жалтарып келген көрінеді. Министрдің мәлімдеуінше, 2013 жылғы мәліметтер бойынша экспорттың ең мол көлемі Италияға – 27, Қытайға – 17, Нидерландыға – 13, Францияға – 9, Австрияға – 7 пайыз тасымалданған. Оның басым көпшілігі Каспий консорциумы арқылы жөнелтілген. Былтыр қара алтынның экспорты – 72 миллион тонна, газ өндіру – 42 миллиард текше метр және тауарлық газ өндірісі – 22,8 миллиард текше метрді құраған. Каспий құбыр консорциумы арқылы 28,7 миллион тонна мұнай экспортталса, Атырау-Самара бағытында 15,4 миллион тонна, Атасу-Алашаңқай арқылы – 11,8 миллион тонна мұнай сыртқа шығарылған. Десе де Кеңқияқ пен Құмкөл арасындағы құбырдың қуаттылығы – 12 миллион тонна, бірақ одан арғы қуаттылығы – 3,6 миллион тонна ғана екен. Осыған байланысты Қазақстан-Қытай магистралі ұлғайтылып, алдағы екі жылда кеңейту бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ Ақтау порты арқылы 6,3 миллион тонна мұнай тасымалданды. Еліміздің ең үлкен тұтынушылардың бірі Ресей болғандықтан, Орынбор газ өндіру зауытына 856 мың тонна газ конденсаты жеткізілген. Тағы 9 миллион тонна газ темір жол арқылы жіберілсе керек. «Өткен жылғы маңызды оқиғалардың бірі Атасу-Алашаңқай бағытын жиырма миллион тоннаға дейін кеңейту болды. Ол учаскенің экспорттық қуатын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді», – деді Ұ.Қарабалин. Айтқандай, алдағы жылдары отандық мұнайдың тағы бір тұтынушысы қосылады. Ол – Өзбекстан. Министрдің айтуынша, қазақ-өзбек арасындағы «Стратегиялық әріптестік туралы» келісім ратификацияланып, бұған дейін «Мәңгілік достық туралы» келісімнің толық нұсқасы ретінде қабылданған. Сөйтіп жаңа құжатқа мұнай жөніндегі ынтымақтастық туралы бап енген. Оған сәйкес Өзбекстан алдағы жылдары Қазақстаннан қомақты көлемде мұнай сатып алмақ. Бұл тарап дайын жанармай өнімдерін де сатып алуға мүдделі. 

 Қара теңізге жол ашылады

Бұған дейін газетімізде АҚШ пен Еуропа Ресейге қатысты санкцияларды көбейткен жағдайда елімізге қандай әсері болатыны жөнінде сарапшылар пікірін жариялаған едік. Мәжілісте осы мәселеге министр Ұзақбай Қарабалин де тоқталып өтті. Оның айтуы бойынша, бұған дейін Иранға қойылған санкциялар жеңілдетіліп, кейбірі алынып тасталса, біздің экспорт жолы кеңейе түспек. «Бір кезде Ақтаудан мұнайды Нека айлағына дейін таситынбыз. Бұл біз үшін жақсы бағыт. Өз тұсында біздің танкерлер ресейліктермен бәсекеге түсіп, ирандық айлақтарда рейдте тұратын. Өйткені қатаң талаптар енгізілгенге дейін ол тиімді болды. Біз келешекте қайтадан сонда жұмыс жасай аламыз», – деді министр. Осы бағытта Каспий қайраңы бағыттары күшейтіледі. Теңіз арқылы Әзірбайжан мен Грузияға шығып, ары қарай Қара теңізге жеткізуге болады. Грузияда қазақстандық Батуми айлағы бар, оның әлеуеті мен мүмкіндіктерін пайдаланып, Ақтау айлағы әлемдік нарыққа 12 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдай алады. 

Ал Ресейге қарсы энергетикалық санкциялар ұлғая түссе, бұл біздің автокөлік иелеріне жеңілдік әпереді. Себебі жанармай бағасының арзандауы мүмкін деген жорамалдар да жоқ емес. «Батыстың жалпақ нарығына шығатын жол кесілген соң ресейлік мұнай мен мұнай өнімдері айналып келіп, біздің нарыққа лап қоюы мүмкін. Бұл – бір жағынан жақсы. Біз өзімізді жанар-жағармаймен толық қамтимыз. Алайда ішкі нарықта анағұрлым арзан мұнай өнімдерінің пайда болуы мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын тоқтатуы мүмкін», – деді Қарабалин. Бұл сценарийлердің барлығын министрлік қаперде ұстап отыр. Десе де кейбір сарапшылар екінші жартыжылдықта жанармай жетіспеушілігі орын алуы мүмкін деген жорамалдарын жасырған емес. Сондықтан екінші жартыжылдықта жанармай бағасының қымбаттауы мүмкін. Бұл орайда министрдің өзі бірінші жартыжылдықта ғана жанармай бағасының қымбаттамайтынына кепілдік бергендей болып еді. Жалпы жағдайдың бірінші жартыжылдықта өзгеріссіз болатыны сөзсіз. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Back to top button