ҚОҢЫР ҚАЛАМ – ҚОҢЫР ӘЛЕМ

ҚОҢЫР ҚАЛАМ – ҚОҢЫР ӘЛЕМ

ҚОҢЫР ҚАЛАМ – ҚОҢЫР ӘЛЕМ
ашық дереккөзі
459
Ол 1968 жылдан бастап, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Табаны күректей отыз жылын журналистикаға арнаған осынау қоңыр адамның соңғы 13 жылы Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметінде өтіпті. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – белгілі журналист Итен Қарымсақұлы. Белгілі публицист Нұртөре Жүсіп: «Мектеп қабырғасында жүрген кезінен қалам ұстап, республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттеріне мақалаларды бірінен соң бірін боратып, кейін аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдардың бәріне мақала тоғытып, «Социалистік Қазақстан» /қазіргі «Егемен Қазақстан»/ газетінің ең белсенді тұрақты авторы болғанын көзі қарақты ел-жұрт түгел біледі. Қызылорда облыстық «Ленин жолы» – қазіргі «Сыр бойы», Торғай облыстық «Торғай таңы», Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газеттерінде өткен 30 жылдан астам жемісті жылдарда жүрген жолдар қаншама?! Ал енді осы кісінің кездескен, сөйлескен, сұхбаттасқан, сырласқан кейіпкерлерін кім санапты? Болмаса осы уақытқа дейін оқыған, тоқыған, зерделеген кітаптары мен журналист ретінде жазған-сызғандарының жолын санап шығу мүмкін бе? Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы, прокурордың аға көмекшісі қызметтерін атқарып жүргенде жазған мақалаларының өзі бірнеше кітапқа жүк болар еді», – дейді. Расында Итен Қарымсақұлының жарты ғасырдан астам уақыты қазақ баспасөзімен біте қайнасып келеді. Оның қаламынан туған әрбір дүниесі адам тағдырына арналған. Адам тағдыры демекші, Итен ағаның әкесі Әбсәттар ағаның да өмір жолы оңай болмаған. Фашизмге қарсы соғыста кеудесімен оққа қарсы тұрды. Соғыс салған дерт оның жүрегінде өшпестей жазылып қалған еді. Баласы Итенге де соғыс жылдарында көрген қиын-қыстау күндер туралы жиі айтып береді екен. Сол бір жылдардың елесі туралы Итен аға ұмытқан емес. Әке айтқан өсиеттер жадында мәңгі жатталып қалды. «Әлі есімде. Великие Луки үшін болған қырғын соғыста талай жауынгер Отан үшін жанын пида етті. Қас-қағымда оққа ұшып, опат болған, жаралы болып, жан даусы шығып жатқандарға немістер ауыр зеңбіректерден оқты қарша боратқан. Сол қанқұйлы сәтте, қаһарлы қыстың кешінде әкеміздің де оң аяғына оқ тиеді. Ол ауыр жараланған күйі есінен танып, қалың қардың үстіне шалқасынан құлайды. Аяғынан сорғалаған қызыл ала қан үстіндегі киіміне жабысып, күннің қатты суығынан лезде қатып қалып, денесін қатты суық қарып, тоңдырып, қалшылдатып, тісі-тісіне тимей кетеді. Қараңғы түнге қарамастан немістер жағы оқты үсті-үстіне төпейді. Бір сәт тыныштық орнайды. Әкем күбірлеп сөйлеген адамдарға қараса, атқа жегілген шанамен келген арнайы санитарлық топ жарақаттанған жауынгерлерді сүйреп апарып шанаға салып жатыр екен. Оны байқап қалған әкем даусын шығарып, қолын көтереді», – деп жазады Итен аға әкесі туралы естелігінде. Сегіз ай бойы госпитальде жатып, елге аман-есен оралады. Соғыстан кейінгі жылдары да қарбаласпен өтіпті. Өмірінің соңына дейін еңбек майданында жан аямай қызмет қылды. Колхозды алғаш ұйымдастырушылардың алдыңғы қатарында да Әбсаттар Қарымсақұлы тұр. Оның есімі ауыл жұртшылығына жақсы таныс. Ал әке есіміне дақ түсірмеу – перзент парызы. Перзенттік парызын адал атқарып, талай-талай белестерден өткен Итен Қарымсақұлы да бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған айтулы азаматтарымыздың бірі. Итен Қарымсақұлының жүріп өткен жолына бағдарлап қарасаңыз, бір ғана облыспен шектелмегенін байқайсыз. Мәселен, ол журналистік қызметі барысында Қызылорда, Торғай және Жезқазған облыстық газеттерінде тілші, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, өзінің қаламы жүйрік журналист екенін таныта білді. Оның қаламынан туған шығармаларының дені қылмыстық істерге арналды. Мәселен, басылым беттерінде жарық көрген «Сырқаттарға жан қайғы», «Талапайға түскен қыруар несие», «Жеңіл көлік жымқырғандар», «Күлшелі бала сүймекке жақсы» деп аталатын сын мақалаларының серпіні күшті болса, «Бір күндік ләззат, мың күндік азап», «Жардағы мәйіттер», «Адам тағдыры ойыншық емес» деген сын мақалалары осының дәлелі. Ұйымдасқан қылмыстық істер, кісі өлтіру, кісі тонау, ұрлық пен қарлық, қарақшылық шабуылдар өршіген тұста прокурорлардың қылмысқа қарсы табанды күресі туралы да жиі-жиі басылым беттерінде жазылып тұрды. Мұның бәрі Итен Қарымсақұлының ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Оның «құқық тақырыбына қалам сілтегенде әрбір айғақ, қылмыстық іс-әрекет нақты көрсетілуі тиіс» деуі тегін емес. Мәселен, автордың «Әңгіме арқауы – құқық тақырыбы» атты мақаласында: «Қоғамда тамырын терең жайған қылмыстық ахуал қатарында лауазым иелерінің қызмет бабын асыра пайдалану, мүлікті жекешелендіру, қазына қаржысын талан-таражға салу, қарулы қарақшылық шабуыл жасау, өзге де заңға қайшы әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстары жылдан-жылға күшейіп отыр. Мәселен, сонау бір жылдары дүниеге талай құрылымдар келді. Оның заңдысы қайсы, заңсызы қайсы, кезінде оған ешкім жете мән берген жоқ, тіпті бүге-шігесін ажырата да алмады. Сондай аласапыранда мемлекеттік мүлікті заңсыз пайдалану, банктен несие тәртібін бұзу, жалған құжат жасау өрістеді. Осы бағытта прокурорлық тексерудің түпкі нәтижесі, ықпалы, қылмысты ашу, тергеу және оны мәні бойынша сотқа жолдау және әділ жаза тағайындау жолында атқарылған жұмыстар баспасөз беттерінде жүйелі жазылды», – дейді. Біз айтып отырған мақала Итен Қарымсақұлының қылмыс тақырыбына жазған дүниелерінің бір парасы ғана. Одан бөлек, кісі өлтіру, кісі тонау, ұрлық пен қарлық тақырыбында жазылған мақалалары сан алуан. Бұл мақалалардың әрқайсысының түп-тамырында адам тағдыры жатыр. Өйткені журналистік жолында ол қай қиырға бармады дейсіз. Егінші, малшы, кенші, дәрігер, мұғалім… Журналист әрбір жылдары жазған құнды материалдарын жинақтап, «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» атты жинағын жариялады. Ол жинақта түрлі тақырыптарға қалам тартқан автордың әртүрлі жылдары жазылған дүниелерімен қауышасыз. Кітапты парақтап отырсаңыз, әрбір жылдардың көрінісі еріксіз көз алдыңыздан өтеді. Талантты жазушы-публицист Қали Сәрсенбай Итен аға туралы жазбасында: «Қазақтың қасиетті қара шалдарының кейде көзіндей, кейде өзіндей болып көрінетін Иекеңмен әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет. Тұла бойы тұнған қазына дерсің. Ол бір сөйлеп кеп бергенде өткенге деген көкіректегі сағыныш сазы сыбызғыдай сызылып жүре берер еді», – деген екен. Расында солай. Қазақтың қазыналы қартына айналған Итен ағамыз бүгінде «Еңбек ардагері», «Қазақстан прокуратурасына 20 жыл» мерекелік медалі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері, ҚР Бас прокурорының Құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Бұл атақ-құрметтердің бәрі Итен ағаға тегін берілген жоқ. Бұл – оның отыз жылдық еңбегінің жемісі.

 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары