Сарғайған парақтар сөйлесе: 8 ЖЕЛТОҚСАН: ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДЕР ТӘУ ЕТЕТІН КҮН

Сарғайған парақтар сөйлесе: 8 ЖЕЛТОҚСАН: ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДЕР ТӘУ ЕТЕТІН КҮН

Сарғайған парақтар сөйлесе: 8 ЖЕЛТОҚСАН: ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДЕР ТӘУ ЕТЕТІН КҮН
ашық дереккөзі
187

“Түркістан” газетінің 20 жылдық мерейтойына орай, біз бұған дейін қандай тақырыптарды қаузағанымызды және оның әлі күнге өзектілігін жоймағандығын таныту мақсатында “Сарғайған парақтар сөйлесе” атты жаңа айдар ашып отырмыз. Бұл жолы назарларыңызға осыдан екі жыл бұрын жарияланған “Тәуелсіз мемлекеттер тәуе етер күн” атты мақаланы ұсынып отырмыз. Өйткені, бұл мақала бүгінде қайта маңызды сипатқа ие болып отыр. Мақаланың жарияланған уақыты: 2012 жылдың 13 желтоқсаны. 

Осыдан 21 жыл бұрын 8 жел­тоқсанда Беловежье орманындағы Вис­кули резиденциясындағы үш мемлекет өкілдері – Ресей Федерациясы атынан Б.Ельцин, Беларусь респуб­ликасынан Шушкевич, Украина ССР-ынан Кравчук қатысқан басқосуда КСРО-ны құлату туралы алғашқы құжат қабылданды. Бұл құжаттың маңыздылығы – азаттықты сан жыл­дар бойы аңсаған Қазақ Елі өзге де 15 республикамен бірге, тәуелсіз ел атанды

Осындай тарихи оқиғадан кейін, 21 жыл өтсе де көптеген орыс тарихшылары бұл күнді тарихи маңызды күн ретінде емес, қайғылы, қаралы күн ретінде қабылдайды. Ресей саясаттанушылары мен тарихшылары келмеске кеткен КСРО империясын үш мемлекеттің лидерлерінің бір сәтте жоқ еткеніне қатты өкінетіндігін ашықтан-ашық жаза отырып, сол кездегі КСРО президенті Михаил Горбачевті, Ресей Федерациясының басшысы Б.Ельцинді мемлекетке опасыздық жасағаны үшін айыптайды. 
Ресейлік www.km.ru интернет порталында 8 желтоқсанда Иван Гладилиннің «Помнить о сегодняшней траурной дате мы должны всегда!» атты мақаласы жарық көрді. Мақаланың тақырыбы айтып тұрғанындай – автор КСРО-ның тарих бетінен өшуін қаралы күн деп бағалаған. «Біздің ата-бабамыз ғасырлар бойы маңдай терімен, қасық қанымен құруға атсалысқан орыс әлемінің ірі кеңістігі осы үштіктің және олардың көмекшілерінің (Ельцин, Кравчук, Шушкевичті айтады. Ред.) қаламының кесірінен ыдырап, ұсақ князьдіктер мен шағын ұлыстарға айналып шыға келді де, орыс халқы бір сәттің ішінде әлемнің ең бөлшектенген халқына айналды» делінеді онда. Мақала авторының сөз ләмінен байқап отырғанымыздай, ол осы «ірі кеңістікте» өмір сүрген өзге де халықтардың бар екенін қаперіне де алып отырған жоқ. Сол күнге дейін КСРО құрамынан – Балтық жағалауы елдері, Грузия, Армения және Молдовия шығып үлгергенін ескергісі де келмейді. Мақала авторының көмекейінің бүлкілін ары қарай тыңдап көрейік: «ХХ ғасырдың ірі геосаяси апаты орын алды. Оның салдарын тек қана Ресей емес, бүкіл әлем тартып келеді» дейді шешен. Гладилин секілділер қанша күңіренсе де, тарих доңғалағы кері айналмайды. Бірақ Еуразия кеңістігінде орын ала бастаған кейбір процестер әлем жұртшылығын қауіптендіретін сияқты. Әсіресе мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-ты. Барака Обаманың қайта сайлануымен Американың Ресей және Орталық Азия елдеріне қатысты саясатының түп-төркіні аунап түскен секілді. Оны АҚШ-тың Мемлекет хатшысы Хиллари Клинтонның жақындағы мәлімдемесінен айқындау ләзім. Хиллари Клинтон «АҚШ посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық процестерге қарсы іс-әрекеттерге барады. Аймақты қайта кеңестендіру қозғалысы пайда болды. Бұл бұрынғыдай КСРО деп аталмас. Бұл – Кедендік Одақ, Еуразиялық одақ секілді атаулармен алмастырылған. Біз бұл тұрғыдан адаспауымыз керек. Біз бұның көздегені не екенін білеміз және бұл процесті баяулату немесе мүлдем болдырмау мақсатында тиімді шаралар қолданатын боламыз» деген. Бұл туралы www.dni.ru сайтындағы «Навязчивые фобии… США увидели за Таможенным союзом тень СССР» атты мақалада былай делінген: «Саясаткер бұндай қадамдарды Кеңестер одағын қайта жандандыру деп бағалап отыр. Саясаттанушылар АҚШ-тың сыртқы саяси ведомствосы басшысының мәлімдемесін АҚШ 2009 жылғы Ресеймен арадағы қарым-қатынасына өзгерістер енгізудің басы ретінде қабылдады». Демек, Ресей саясаттанушылары айтып отырғанындай КСРО-ның ыдырауы бүкіл әлемнің бас ауруына айналмағанын осыдан-ақ байқауға болады. 70 жыл бұғау мен темір тордан босаған Кеңестік республикалар легінен 15 тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы – бүкіл әлем үшін аса маңызды оқиғаға айналды. Путиннің империялық амбициясымен қаруланған Ресей саясаттанушылары мәселеге жиырма жыл өткеннен кейін ғана басқаша баға беріп, сол кездегі тарихи құжатқа қол қоюшыларды және олардың бұл қылығына көз жұма қараған Михаил Горбачевті «мемлекетке опасыздық жасаған сатқын» ретінде атай бастауының сыры неде? 
«Мемлекетке опасыздық жасаған сатқындар ешқандай жазасыз қалды» делінеді жоғарыдағы мақалада әрі қарай. Ресей ақпарат құралдарындағы айтылған пікірлерге қарағанда, Ресей осыдан 21 жыл бұрынғы шешімді заңсыз деп табуға ұмтылып жатқан көрінеді. Айталық, www.regnum.ru ақпараттық агенттігіне беларусьтік тарихшы, саясаттанушы және публицист Николай Малишевский: «Кеңес Одағының құлауына негіз болған бұл акт (Беловежье келісімі) әлі күнге дейін көптеген сауалдарға итермелейді. Себебі сол жылдың (1991 жыл) 17 наурызында өткізілген жалпыхалықтық референдумда халықтың басым көпшілігі (80 па­йыздан астамы) Одақтың сақталуын қалап дауыс берген еді. Халықтың пікіріне құлақ аспау былай тұрсын, Одақтан шығудың конституциялық тәртібі бұзылды. Заң бойынша, КСРО құрамынан шығу туралы мәлімдемеге негіз боларлық референдумның өткізілуі; шекара жайында келісім; мүлікті бөлшектеу, бес жылдық армияның т.б. болуы; өзара келісілген келіссөздердің негізінде – екінші референдум талап етілді. 1922 жылы Одақ құру жөніндегі келіссөзге қол қойған РСФСР, УССР, БССР мемлекеттері оны таратуға да еріктіміз деп мәлімдеді. Алайда Одақты құрушылардың арасында Грузия, Армения, Әзірбайжан мемлекеттері бар Закавказье Федерациясының болғанын неге ескермейді. Демек, бұл шешімнің заңды болуы үшін осы мемлекеттердің өкілдерін шақыру керек еді» деген екен. Алайда Закавказье федерациясының құрамында болған Грузия мен Армения бұл кезде одақ құрамынан шығып үлгергенін саясаттанушы қаперіне алып отырған жоқ. 
Қалай дегенмен де, Ресейдің кейбір саясаттанушыларының бас ауруына айнал­ған КСРО-ның құлауы туралы акт – Ресей Федерациясының боданында болған 15 республиканың тәуелсіздік алуына жол ашты. Солардың арасында Қазақ елі де бар. Тәңірінің ұлы сыйы – Тәуелсіздіктің баянды болуы енді біздің қолымызда.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары