Cарғайған беттер сөйлесе: ҚЫРЫМ КІМДІКІ ОСЫ?

Cарғайған беттер сөйлесе: ҚЫРЫМ КІМДІКІ ОСЫ?

Cарғайған беттер сөйлесе: ҚЫРЫМ КІМДІКІ  ОСЫ?
ашық дереккөзі
211

Қырым мәселесі соңғы уақытта да жұртты қатты елеңдетіп тұрғаны белгілі. Осыған орай біз соңғы сандарымызда «Қырым үшін қырғи-қабақ» №13, «Тақсіретке толы тағдыр» №16 атты  материалдар жариялаған едік. Жұмыр жердің осы бір отты ошағына қатысты ойымызды бүгін және жалғастырып отырмыз.

Күні кешеге дейін екеуі де Кеңес одағына кірген іргелі екі ел  –  Ресей мен Украина  – бүгінде Қырым үшін қырғиқабақ болып отыр.

Ресей ресми орындары өздерінің мәлімдемелерінде Украинаға қояр ешқандай да территориялық талаптары жоқ екенін үстін-үстін қайталағанмен, Думаның депутаттары Қырымға қайта-қайта барғыштап қана қоймай, кейде жағдайды ушықтырар мәлімдемелер жасаумен айналысуы  – мұндағы ахуалдың тұрақсыздануына себепкер болуда.

Мұның үстіне, Ресейдің ресми адамдарының сөзі  –  әншейін бір… жұртты алдарқатқан сөз ғана секілді естіледі де, ал енді орыстың, атақты адамдарының аузынан шыққан әңгімеге қарасаңыз, Қырым  –  ежелден Ресейдің жері сияқты. Мәселен, А.Солженицынның «Известияда» жарияланған интервьюіне үңілсеңіз, ол: «1919 жылы Украинаның төбесінен бір ұрып есеңгіретіп алған соң, артынан сол үшін кешірім сұрағандай болып, Ленин бұрын-соңды ешқашан Украинаның құрамына енбеген бірнеше орыс облыстарын оған беріп жіберді… 1954 жылы Хрущев… бұған қоса Қырымды да Украинаға берді…», –  деп жазады.

Ал, Украина басшыларының сөзіне құлақ түрсеңіз, «Қырым  –  Украинаның бөлінбес бір бөлшегі»;

Сонда, Қырым  –  кімдікі өзі?!.

Егер «жаулап алған жерім  –  менікі» деген тұрғыда айтылса, онда Қырым  –  1768- 1774 ж.ж. орыс-түрік соғысы аяқталған соң, Күшік-Қайнарлы бітімі бойынша Ресей протекторатына тәуелсіз ел болып енген, ал кейін арам саясаттың салдарынан 1783 жылы Ресей империясына толық қараған жұрт.

Бірақ, бір замандарда кім-кімді жау­лап алмаған? Кім-кімнің қол астында кіріптар болмаған? Бұған 1521 жылы Қырым әскерінің Мәскеуді қалай қоршап алғанын; XVII ғасырдың бірінші жартысында екі жүз мыңнан астам орыс әскері Қырым хандығында тұтқында жүргенін айтсақ та жеткілікті болатын шығар.

Гәп онда емес. Мәселе  – талай тауқыметті басынан өткерген қырым татарлары Кеңес өкіметінің тұсында автономияға қол жеткізіп, 1921 жылы Қырым АССР-ы құрылғанын еске салуда болып отыр. Сөйткен, Қырым жұрты кейін тағы ту-талақайға ұшырайды, өз ата-мекеніне өзі жат болады деген кімнің ойында бар?

Жә, бұл әңгімеге тағы бір оралармыз.

Қайта құру заманының алтын күрек желі ескенде туған жерлеріне қарай тұс-тұстан қайтадан құс боп ұшқан қырым татарлары тағы да ел боламыз ба деп  үміт етіп, жер бетінде Қырым Республикасы деген ел бар екенін жариялауға атсалысқан кезде, енді келіп Украинаның килігіп отырғаны мынау. Президент Л.Кравчук 19 мамырдағы баспасөз конференциясында: «Украинаның территориялық тұтастығын қорғау жо­­л- ында батыл қимылдайтынын» мәлімдеп те қойды. Дұрысында, Қырымның республика болуы  –  Украинаның территориялық тұтастығына нұқсан келтіретін нәрсе ме?! Керек десеңіз… белгілі бір дәрежеде Украина тарих алдында қырым татарларына қарыздар ел емес пе еді!?

…Ұзақ жылдар бойы поляктардың езгісінде болып келген украин халқының азаттық жолындағы күресін бастаған Богдан Хмельницкийге қол ұшын берген кім еді? –  Қырым татарлары болатын. Құдай-ау, 1654 жылдың 8 қаңтарында Переяслав радасына (кеңесіне) қатысқан орыс елшісі В.В. Бу­­турлиннің Алексей Михайлович патшаға жазған мәлімдемесі әлі жоғалған жоқ қой. Бар ғой! Сонда жиналған күллі халықтың алдында гетман жар салмап па еді: «Панове полковники, ясаулы, сотники и все Войско Запорожское и вси православнии християне!.. нам нельзя жити боле без царя. Для того ныне собрали есмя раду, явную всему народу, чтобы есте себе с нами обрали государя из четырех, которого вы хощете. Первый царь есть турский, который многижды через послов  – король польский…; четвертый есть православный Великия России государь царь… Тут, которого хотите избирайте», – деп. (Қараңыз: «Історія Украіни в документах і матеріалах», – том 3, 251-252 беттер. Немесе: «Чтоб вовек едины были», история отечества, XVII век, 468-469-беттер). Осы төрт патшалықтың ішінде Қырым ханын да таныстыра келіп, оны «басурман» дей тұра, өздерінің басына іс түскенде, «достық қолыңды бер» деп өздері шақырғанын халықтың есіне салмаушы ма еді?!

Рас, славяндық туыстығын, діндерінің бірлігін (христиан екендіктерін) тілге тиек еткен орыс патшасының қол астына Украина өз еркімен өтті. Бірақ, осы жағдайдың өзін мүмкін еткен, қанды шайқастарда қол ұстасып жауға бірге шапқан орыс патшасының әскері емес, қырым ханының атты әскері екені әмбеге аян еді гой. Қырым түбегі  –  ықылым замандардан бері солардың, қырым татарларының атамекені, туған ұясы емес пе еді? Басқа-басқа, украиндар соны ұмытуға тиіс емес еді ғой.

Иә, Қырымда қырық ұлттың өкілі жүрсе де, ол орыстың да, украинның да жері емес, бәрі-бір қырым татарларының мәңгілік мекені болып қала бермек.

Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИЕВ

1994 ж.

Серіктес жаңалықтары