АЛЫМДЫ ДА ШАЛЫМДЫ ҒАЛЫМЖАН

АЛЫМДЫ ДА ШАЛЫМДЫ ҒАЛЫМЖАН

АЛЫМДЫ ДА ШАЛЫМДЫ ҒАЛЫМЖАН
ашық дереккөзі
381

Редакцияның күнделікті жұмысында мың сан қарбалас тірлік бар. Таңертеңнен газет материалдарын жоспарлау, тілшілерге тапсырма беру секілді қат-қабат тірліктің басы-қасында үнемі  Ғалымжан жүретін еді. Ғалымжан деп отырғаным – Ғалымжан Сәрсенбайұлы Мелдеш. Істі ә дегеннен ұғатын қағілез ілкімділігі, тапсырылған жұмысты тиянақты түрде орындайтын тыңғылықтылығы, ұқыптылығы жағынан алғанда Ғалымжан ерекше жан. Бүгінде «Түркістан» газетінің қызметкерлері Ғалымжанмен бірге жұмыс істеген сол күндерді жылы еске алады.

Ғалымжан үлкен журналистік мектептен өтті. Республикалық «Жас Алаш» газетінің шығармашылық қазанында қайнап шыққан журналистің көрген, түйгені өте  көп. Кез келген саладан жан-жақты хабардар. Газеттің макетін құлпыртып, мақалаларды «ойнатып» беруде талайға үлгі. Саясат, экономика тақырыптарын жілікше шағады. Спорт саласын да жетік меңгерген. Көптеген журналистер  Ғалымжанның алғырлығы мен шапшаңдығына іштей қайран қалатын. ҚазГУ-де өткен студенттік кезіміз қайталанбас бір дәурен. Шынашақтай Ғалымжан теңбіл допты ұршықтай үйіріп, жасыл алаңда жарқылдап футбол ойнайтын. Сол жылдары қаладағы жоғары оқу орындары арасындағы жарыстарда бірінші орынды бермейтін университеттің құрама командасының белді ойыншысы. Сонда шынашақтай аққұба бозбаланың соққысына талайлар таңқалумен өтті. Теңбіл допты шырқыратып тепкенде мұндай күш-қайрат әлгі бозбаланың қай жерінде жасырынғанын табу мүмкін емес. Әрі нағыз технар! Ал Ғалымжанның пинг-понг ойнауы нағыз поэзия десе боларлық. Тек қана көру керек! 

Ғалымжан Сәрсенбайұлы Алматы қаласында дүниеге келген. Арыс қаласындағы №370 Комаров атындағы орта мектепке оқуға барып, 1973 жылы Дермене ауылындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектепке ауысады. Тоғызыншы сыныпқа келгенде Ақдала ауылындағы С.Ерубаев атындағы мектепке көшіп, он жылдықты осында бітіреді. 1981 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне қабылданып, журналист мамандығын алып шықты. Әсіресе, жас журналистердің ұстаханасы «Жас Алаш» газетіндегі Ғалымжан Мелдеш қолтаңбасы менмұндалап көзге ұрып тұрады. Ғалымжан бұл газетке жұмысқа келгенде Шерағаның шапанынан шыққан буынның өкілдері кетіп, Сейдағаңның елегінен өткен толқынның жаңа кеңістік іздеп, білек сыбанып кіріскен кезі болатын. Өздерін Сейдағаңның сарқытымыз деп мақтан тұтатын Ерғали Сағат, Несіп Жүнісбай, Өтеген Оралбай, Әділғазы Қайырбеков, Сапарбай Парманқұлов, Қасым Әзімхан сияқты сайыпқыран журналистер ретінде танылғандардың орнын жас толқын басты. 

Журналистік  жолы Ғалымжанды шежірелі Қазақ радиосына басшылық қызметке де  алып келген. Аз уақыт ішінде бұл саланы да ұршықша үйіріп алып кетті. Жасыратын несі бар, радиоға барғанда жаңа басшыға тосырқай қарағандар да бар.  Сол кезең туралы Ғалымжанның:  «Редакция жетекшілерімен жүздескен алғашқы күні мен олардың өңдерінен «мына директор қайтер екен, өз адамдарын ала келер ме екен?» деген сұрақты оқығандай болдым. Бәлкім, жаңылған да шығармын. Ә дегеннен оларға ешкімді ерте келмейтінімді, қалыптасқан ортамен бірге жұмыс істеуге ықтияр екенімді ұқтырдым», –  деп айтқаны бар еді.  Ғалымжан Қазақ радиосына басшылық жасаған тұста талай орнықты шаруаның басын қайырды. Мәселен, кейінгі жылдарда жалпы ұзақтығы 848 сағаттық 1130 хабар, 5429 ән-күй «Алтын қорға» қабылданыпты. Сақтауға алынған осы хабарлар Қазақ радиосы мен «Шалқар» арнасында өткен дүниелердің ең үздіктері ғана. Сол сияқты қорға кірген әндер де – аталған кезеңде елімізде пайда болған шығармалардың сапасы, мазмұны, көркемдігі жағынан ең озық тұрғандары. Мұның барлығы құрамында кәсіби әнші, ақын, сазгер, журналист, ән өңдеушілері бар көркемдік кеңес шешімімен қабылданады. Әндер «сазгер», «ақын», «орындаушы», ал хабарлар «авторға», «орындаушыға», «жанрға» бөлініп, электронды карточкаға түсіріліп, өңделіп, эфир жүйесін фономатериалдармен қамтамасыз ететін бір орталыққа түседі. Бүгінде күнделікті эфирге пайдаланып жүрген қазақша хабарлардың жалпы саны 35 019 дананы құрайды. Оның ішінде, әрине, 15 935 дана көлемінде бірінші орында тұрғаны қазақ әндері. Дәл Қазақ радиосындағыдай қазақ әндері басқа ешқандай да радиода айтылмайтындығы осы «Алтын қордың» арқасы. Үшінші мыңжылдықтың басынан дыбыс сақтаудағы жаңа технологиялардың қарышты дамуына орай, «Алтын қорда» сақталған қыруар материалдарды жаңа ақпарат сақтаушы құралдарға көшіру қолға алынды. Жылдар бойы таспа күйінде тұрған небір жауһарларымызды сақтап қалуға мүмкіндік туды. Өйткені сол кезең таспаның сақтау мерзімі өтіп, дыбыстардың сапасы кете бастаған жылдар еді. Сол жылдардағы қаржылық қиындықтарға қарамастан, жылдар бойы жиналған ұлы қазынамызды сақтап қалуға, әрине, мүмкіндік туа салысымен бірден кірісіп кеткені бұл күнде мақтан тұтуға тұрарлық жайт. Бұл істе Ғалымжанның да атап өтуге тұрарлық үлесі бар екеніне күмән жоқ.

Қазақ радиосында істеген кезінде Ғалымжанмен тілдесіп, қандай өзекті мәселелер толғандырып жүргенін сұрағаным бар. Сонда Ғалымжан: «Үй-үйлерден бұрынғыдай радионүктелерді таппайсың. Сондықтан белгісіз сарыныңыз үстемдік құрып тұрғаны. Содан кейін қарапайым тәрбиенің жоқтығы. Әншейінде биік мінберден «ұлтым», «тілім», «қазағым», «алашым» деп кеңірдегін үзіп жүрген аға-апаларымыз, замандастарымыз кей кезде «әй, осы менің үйімде не болып жатыр өзі?» дей ме екен?» – деп ішіндегі сырды ақтарған еді. «Соңғы кездері мені қатты алаңдатып жүрген мәселенің ең бастысы –Тіл! Сонымен тығыз байланысты бала тәрбиесі!.. Халқымыз үшін небір қиын да қилы заманда мал мен жанның өзіне қарауға мұрша қалмаған шақтарда ұмытуға болмайтын бір ғана нәрсе – ұрпақ тәрбиесі еді», – деген еді ағынан жарылып.

Ғалымжан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі қызметін де абыроймен атқарды. Былтырғы жылдан бері ол Маңғыстау облысына жұмысқа ауыс­ты. Облыстық «Маңғыстау-Медиа» холдингіне Бас директор болып тағайындалды. Сол уақытта бірқатар республикалық басылымдар басшылары Ақтауға келіп, келелі кездесу өтті. Бұл басқосуға республикалық белгілі біраз басылымдардың бас редакторлары шақырылыпты. Атап айтқанда, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайл Смайыл, «Время» газетінің бас редакторы Лев Тараков, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшидин Паттеев, «Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы, «CentrаI Asia Monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин, «nomad.su» ақпараттық порталының директоры Данияр Әшімов, «Мегаполис» газетінің бас редакторы Игорь Шахнович маңғыстаулық басылымдардың бас редакторлары және аудан, қалалық ішкі сая­сат басшыларымен жүздесіп, еркін пікір алмасты. Кездесуді «Маңғыстау Медиа» ЖШС-нің директоры Ғалымжан Мелдеш жүргізіп отырды. Осы кездесуде елді алаңдатқан қаншама сұраққа жауап алынды. Әсіресе, жақын болашақта газет атаулы болмай қалатын қауіп бар екендігі айтылды. Ғалымжанның сол жиында айтқан бір сөзі қалың жұрттың көкейінен шықты. «Басқа салды, біз көндік» деп қарап отыра береміз бе? Біздіңше, мұндай экспансиялық шабуылға төтеп беретін жалғыз күш – ол газет болуы тиіс! Мұндай міндетті қазір қазақ тілді аудан, қала, облыстық басылымдар ешкім айтпай-ақ өздері атқарып отыр десе де болады. Осы газеттің қай-қайсысын ашып қарасаңыз да Елбасы саясатын мадақтап, елді ынтымақ-бірлікке, жастарды отансүйгіштік пен өткен тарихын білуге, оны құрметтеуге үндеп жатыр. Бұл үрдіс Маңғыстауда үзілген жоқ. Есі бар Үкімет, ақылы бар әкім-қаралар бұдан былай жергілікті басылымдар ролін күшейтуге жұмыс жасауы керек, оған қолдан келгенше қамқор болуы қажет! Мәселен, Францияда бала кәмелет жасына толғанша француз тілінде шығатын бір басылымды тегін жаздырып алып оқиды екен. Демек бұл Франция құлағанша, француз тілі өлмейді деген сөз! Біздегі «Балдырған», «Ұлан» басылымдарын неге мемлекет қарауына алмасқа?! Одан дамыған 50 елдің қатарына еніп, отызына ұмтылып жатқан Қазақстанның қалтасына бәлендей салмақ түспес деп ойлаймыз. Анау технологиясы қарыштап дамып, әлемді аузына қаратып отырған Жапония, Германия елдерінде күн сайын 80-90 беттік ондаған газеттер шығады. Басылым болашағына үміт артпаса, олар ерігіп шығарып отырған жоқ болар. Тіптен азуы алты қарыс Американың өзінде кейбір газеттер қайта жанданып, халық сұранысына ие болып жатыр», – деген мазмұндағы пікірі өзектілігін жоймасы анық.

«Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған» Ғалымжан Мелдеш бұл күнде ел ағасы жасына шықты. Айтары да, жазары да мол. Әбден піскен, ысылған, жетілген. Әрине, Ғалымжан жасыл алаңда бұрынғыдай теңбіл допты ұршықша үйіре алмас. Пинг-понгтің ракеткасын да қолына анда-санда алар. Бірақ, оның журналистік жолда, қай қызметте жүрсе де кәсіби тұрғыдан адал, биік деңгейде атқаратынына титтей де күмән келтірмеймін. Әріптесімнің  деніне саулық, отбасына амандық, істеріне береке тілей отырып, оның әрбір алған асуына қызыға, үлкен құрметпен қарайтынымды жасырғым келмейді. 

Серіктес жаңалықтары