Сарғайған беттер сөйлесе: УАҚЫТ ЖАЙЛЫ ТОЛҒАНЫС

Сарғайған беттер сөйлесе: УАҚЫТ ЖАЙЛЫ ТОЛҒАНЫС

Сарғайған беттер сөйлесе: УАҚЫТ ЖАЙЛЫ ТОЛҒАНЫС
ашық дереккөзі
198

Халықтың басын біріктіруде, оның мемлекеттігін құру мен нығайтуда басты рөлді тіл мен дін атқаратындығы баршаға мәлім. Бұған тарихта сандаған мысалдар бар. Бытыраңқы араб тайпаларының басын бір ұлтқа біріктіріп, оларды мемлекеттік деңгейге дейін көтерген ислам діні емей, енді не?! Осы діннің арқасында араб елдерінде бүкіл орта ғасырдың өн бойында ғылым мен білім жоғары даму мен кең таралуға мүмкіндік алған-ды. Сол кездегі ислам өркениетінің ғажайыптығы әлі күнге дейін бүткіл адамзатты таңдай қақтыруда. Оның жетістіктері жалпыадамзаттық өркениет ағзасымен біте қайнасып кетті, сондықтан ол бүкіл әлем халықтарының игілігіне айналды.

Дәл осындай жәйтті орыс хал­­­қының тарихи тәжірибесі де дәлел­дей­ді.

Христиан дінін қабылдағанға дейін орыстар ұсақ князьдіктер ауқымынан шыға алмады, әрі олардың арасында не тұрақты келісім, не берік байланыстырушы біртұтас рухани негіз болмады. Діни сенім оларға жоғары түйсік, ой-сана сәулесін ғана алып келген жоқ, сонымен қатар ұлттық сананың оянуы мен дамуына қуатты қозғау салды.

Халық пен мемлекет өмірінде тіл­дің рөлі де дәл осындай қар­сы­лық тудырмасы ақиқат. Ол – қоғамның байланыстырушы желісі, білім таратушы және ұрпақ­тар тәжірибесінің ұйытқысы, сақтау­шысы. Соның көмегімен біз бойы­мызға туған мәдениетімізді сіңі­реміз, өзіміздің этникалық, әлеу­меттік, мемлекеттік қауымдас­ты­ғымызды сезінеміз.

Демек, дін мен тіл кез келген мем­лекет пен халықтың дамуы мен тұрақтылығының тірегі бо­лып табылады. 70 жыл бойы біз осы тіректен айрылып қалдық. Тәуелсіздікке қол жет­кізген кезімізде бұл қайғылы шынайы­лық­тың зардаптары өн бойымен бой көрсетті.

Тәңірге шек келтірмейік, қоғам тіршілігінің жағдайы бара-бара түзелер. XX ғасыр үрдісінде тәуел­сіздік алған ондаған мемле­кет­тер қазіргі біз бастан кешіріп отыр­ған қиыншылықтарды жеңіп, аяқта­рынан нық тұрды. Ең бастысы, кө­кіректе болашаққа деген байлаулы сенім болу керек те, оны жүзеге асы­руға бойдан күш-жігер табылмағы құп.

Қоғам өміріндегі тілдің рөлі жө­нінде тағы да мынаны айтсам ба деймін. Мысалы, орыс халқы өздерінің біртуар ұлдары Пушкинді, Достоевскийді, Толстойды ұлт ті­лінің киесі ретінде пір тұтады. Біздің де Абайға, Жамбыл мен Мұхтар Әуезовке деген ынта-ықыласымыз осы реуішті. Бұл біз үшін ұлт тілінің өзі ғана емес, оның қас шеберлерінің де қаншалықты киелі екендігін көрсетсе керек. Мені таңдандыратын да, таңдай қақтыратын да осыдан 2 мың жыл бұрын әлемге тарыдай шашырап кеткен еврей халқының сүт бетіндегі қаймақтары (элитасы) қалайша туыстарының басын біріктіріп, әлемнің әр түкпірінен жиналып, әр басқа тілдер мен мәдениетті тұтынушылар бола тұра соңыра бәріне ортақ тіл ретіндегі көне Тәурат тілі – ивритті қайта тірілтіп, дамытып әкеткендігі. Біз болсақ, өзіміздің туған жерімізде қала отырып, шынайы өмірімізде өз дінімізден, тілімізден қол үзгендей бейшара халге дейін құлдырап отырмыз. Мені осы жағдай күйіндіреді. Әлбетте, қалыптасып отырған жағдай ел басшыларын да ерекше алаңдатып отыр. Жағдайды түзеу бағытында мемлекет Елбасының тікелей жеке өз басы қыруар жұмыстар атқаруда. Дегенмен, 70 жыл бойы «қазақтарда көп ғасырлық тарих та, тұрақтанып орныққан тіл де болған емес» деп жүргізіліп келген солақай саясат пен атеистік үгіт-насихат, тәрбиенің сананы сарсылдырып, бүкіл ақыл-ойды жаулап алғандығы сондай, қазіргі таңда әкесі мен ұлы, атасы мен немересі әр басқа тілде шүйіркелесіп, жас ұрпақтың ата-баба дінінен безуі мен көбінде сырттан келіп кіргізілген дінді қабылдауға көшуі әдеттегі құбылысқа айналған заманға тап болдық. Мұның себебі неде? Біз, шынында да, ұлттық рухымыздан айрылып бара жатқан жоқпыз ба? Бір кездері алдыңғы қатарлы Ресей интеллигенциясы француз, неміс тілдерінде сөйлеп, жазғандары белгілі. Өйткені, ақсүйектер тәрбиесі сондай еді. Десе де, бұл адамдар ешқашан ұлттық тілі мен ұлттық дініне мұрын шүйіре қараған емес. Біздің қазіргі интеллигенция өкілдеріміз, өкінішке орай, өзінің құрамы мен талпыныстары жөнінен екіжүзді болып отыр. Бұл, әсіресе, жас ұрпаққа тән құбылыс. Мұндай шындық ұлттық менталитеттің тұтастығын бұзу қаупін тудырады. Дінді саясат пен мемлекеттен бөлуді талап етуші постулаттың нендей себептен өмірге енгізілгенін кім білсін. Егер әлемдік тарихқа үңілсек, дін мен тіл еш жерде, ешқашан ешбір мемлекеттің тынышын алып, ұйытқысын бұзбағанын байқар едік. Бұған алыстан мысал іздеп қажеті жоқ. Бүкілодақтық рухани игілікке әл-Фараби мен Юсуф қажы Баласағұн дәуіріндегі ислам ғалымдары қаншама орасан зор үлес қосты десеңізші?! Абай ше, ол: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – деп әзілдеген еді ғой?! Осы жерде қайсыбір халыққа, саясатқа залал келтіре қоятындай не бар?! 20 ғасырда өмір сүріп, еңбек еткен Эйнштейн мен Павлов, сол тәрізді басқа да ғылым мен өнердің саңлақтары өздері өмір сүріп отырған қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін қызмет етті, сөйте тұра; бірақ, діннен де бас тартпады. Егер дін саясаттан бөлек болса, діндарлар қауымының, әдетте, өз мемлекеті мен оның елбасын қолдап шығатындығын немен түсіндіріп, байланыстыруға болады?! Бұған тарих тәжірибесі куә, оны жоққа шығарудың мәні жоқ. «Патша Алланың Жердегі көлеңкесі ғана», – деп уағыздайтын ислам діні бойынша әрбір мұсылман апта сайын мемлекет Елбасының денсаулығы мен аман-есендігін тілеп мінәжат етуі керек. Мұхаммед пайғамбардың хадистерінің 346 бабында: «Патша – Алланың Жердегі көлеңкесі: кім оны құрметтесе – сол Алланы құрметтейді, кім оны ғайбаттаса – сол Тәңірді ғайбаттайды», – делінген. Мұны қалай түсінуге болады? Егер дінді мемлекет пен саясаттан бөлу жақсылық болса, мұндай хадис қайдан пайда болмақ?! Мал баққан қазақ халқы бұрыннан-ақ: «Құдайдан қорықпаған – Ханнан қорықпайды. Ханнан қорықпаған – Заңнан қорықпайды», – дейді екен.

Өз кезегінде көп мәселе басшыларға да байланысты. Біраз уақыт бұрын Колбин қазақ тілін үйренуге кірістім деп мәлімдеген тұста, қоғамдық транспортта аялдамаларды жаппай қазақша хабарлау, тәжірибесі енгізіле бастап еді. Қазір ол өткен факт аңызға айналды. Бұл басшының жеке басының үлгісі тиімді екендігін дәлелдесе керек.»

Қазіргі күні біздегі қазақ тілі­нің тағдыры не күйде? Жоғарғы мем­лекеттік органдар оған салқын қабақ та­нытып отыр. Премьер- министрдің орын­басары деңгейіндегі басшылардан бастап бәрі баян-даманы орысша оқып, анықтаманы орыс тілінде жазып береді. Дәл осы іспеттес жағдай Президент Әкімшілігі аппаратында да байқалады. Астанадағы қазақ министрлері облыс, аудан деңгейіндегі басшылармен хат жазысып – алысқанда және оларға жарлық бергенде бәрін орыс тілінде жүргізеді. Егер мемлекеттік тілді олардың өздері місе тұтпаса, басқалардан не сұрауға болады?

Істің қалыптасуында мұндай келеңсіздік орын алған тұста Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов тілінің мүддесін кім қорғамақшы?! Осындай нашар жағдайдың өзінде қазақ тілі проблемасын күн тәртібіне қоюға жасалған әрбір мүмкіндікті орыс тілі мен орыстілділер құқығына қол сұғу ретінде бағалап, қоңыраулатып дабыл қағатын, әдетте, қоғамда аттары белгілі тұлғалар аз емес. Мәселен, өткен жылы бүкіл әлемге сыйлы, Ресей басына тәу етіп көтеріп жүрген жазушы А.И.Солженицын өзінің ОРТ телеканалынан сөйлеген апталық сұхбатында Қазақстаннан өз атына жазылған хаттар мен шалынған телефондарға сілтеме жасап, күйінгендігі көзге ұрып тұрған кейіпте аса қиналып, бірнеше рет өз сөзінде: «Қазақстанда орыс тіліндегі теле-радио хабарлары қысқаруда, орыс тілінде кітап шығару тоқтатылды», – деп, зар шертіп бақты.

Мұның бәрі рас, тек кері бағытта. Яғни, қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты жағы. Бұл деректі марксистік-насихат жүйесіндегі емес, шынайы ақиқатқа жүгінетін, кез келген ойлы адамның мойындамауы мүмкін емес! Ондаган коммерциялық телеканалдардың бағдарламасын жай ғана зерттеген адам мынадай шындыққа көз жеткізеді: орыс тілінде жүретін хабар көлемі 900 сағаттан астам болса, қазақ тілінде жүретіні – 4 сағат. Бұл жерде тағы не деп айтуға болады?! Шындықты бұрмалап, ашықтан-ашық фактілерді алмастырудың қанша қажеті бар?!

Республиканың қазақ тілді халқы бөлігін қоғамдағы ана тілінің жағдайы, қолданылу аясының әлі де тар шеңберде қалып отыруы қапаландырады. Жоғарыда мен бұл бағытта үміттендіре қоймайтындай деректерді келтірдім. Дәл қазіргі күні бізді түсінсе екен деп тілейміз.

Республикадағы орыс тілінің жағдайы мәселесіне келсек, сөз басқаша. Әзірше ол ресми тіл мәртебесін ғана иеленсе де, оның қоғамдық өмірдегі ұстанымы мем­лекеттік тілге қарағанда мық­ты әрі беделі де жоғары. Көз жетер болашақ көкжиегінде бұл жағдайдың өзгере қоятындай белгілері байқалмайды. Біз білімнің қолданбалы мәні күн сайын артып отырған ақпарат ағынына толы дәуірде өмір сүріп отырмыз. Білім таратушы ретінде орыс тілімен үзеңгі қағыстыратындай тілдер әлемде некен-саяқ. Сол себепті, Қазақстанда өмір сүретін ақыл-есі бүтін адам, мейлі, қай ұлттың өкілі болмасын, одан бас тартуды ойламайды. Орыс тілінің ұстанымын сақтауға берілген мұндай кепілдікті ешқандай қарапайым мәртебе қамтамасыз ете алмайды.

Мүлде басқа мәселе – қазақ тілінің тағдыры. Ол әлі де аяғына тік тұрып кете алған жоқ. Оған осы тілде сөйлейтіндер ғана емес, қоғамда басым көпшілікті құрап отырған орыстілді отандастар тарапынан қырын қабақ танытылмай, аялы назар бөлінсе, мұның қайтарымы болашақта еселеп өтелері хақ. Менің бұған сенімім зор. 

Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ

1997 ж.

Мақала ықшамдап 

беріліп отыр.

Серіктес жаңалықтары