АСТАНА – ТАЗА ҚАЛА

АСТАНА – ТАЗА ҚАЛА

АСТАНА – ТАЗА ҚАЛА
ашық дереккөзі
635

Қыс құрсауынан құтылған Елорда таранып, сыланып, сәнденіп жатыр. Әсіресе, тазалық мәселесінде Астана басқа қалаларға үлгі болғысы келетіндей. 

Осыған орай, Астана қаласының әкімшілігі бір ай бойы экологиялық тазалық науқанын жариялаған болатын. Қала тұрғындарының қолына кетпен, күрек пен қалақ ұстатқан жалпықалалық сенбіліктер 7 мамырға дейін жалғасады.

Елордада өткен аптада жал­пықалалық сенбілік өтті. Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сен­білікке 100 мыңнан аса тұрғын қатысқан. Астаналықтар көше сыпырып, аула тазалады, бір кісідей ағаш отырғызуға атсалысты. 

Бұған қоса сенбілік шарасына 198 тиегіш техника мен 457 жүк көлігі қатыстырылған. 

Бас қаланы таза ұстау әрбір астаналықтың күнделікті дағдысына айналуы керек. Сенбілікке қатысқан белгілі қоғам қайраткерлері, кә­сіпкер азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлердің бойында патриот­тық парызын өтеудің жолы бұл.

 «Көп түкірсе – көл» деген. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бақтар мен гүл­бақтардағы аумағы 5300800 шаршы метр жер тазаланып, 4,5 мыңнан аса ағаш отырғызылған. 60 мыңдай ағаш сырланды.

Қорыта айтқанда, жалпықалалық сенбілікте елорда 5,5 мың тонна қоқыстан тазартылды.  

Бұдан бөлек, қала ішіндегі бақтарда, гүлбақтарда, алаңдарда және субұрқақтарды қалпына келтіру жұмыстары да қарқын алуда. 

Алматы ауданында «Жерұйық», «Студенттік» бақтарда, «Отан Қорғаушылар» алаңында, Абылай хан даңғылындағы желекте, Ататүрік ескерткішінің жанында, Жастар сарайының алдындағы гүлбақта жөндеу жұмыстары бас­талды. 

Сонымен қатар, «Қазақ елі», «Отан Қорғаушылар» мо­нументтерінде, Чернобыль апатына қатысушылар мен «Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған» ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары аяқталған.

Ғашықтар бағында және Арай бағында, цирктің маңайында, ҚР мемлекеттік туы (Қорған), Ислам мәдениет орталығының жанында, «Думан» ойын-сауық орталығында, «Атамекен» – Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде, дипломатиялық қалашықтағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Сарыарқа ауданы аумағында Есіл өзенінің жағасында, қалалық алаңда және Конгресс-Холл сарайының алдында, Абай ескерткішінің жанында, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының, М. Горький атындағы орыс драма театрының, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының маңайын абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде.

Көлбай ЖЕҢІС

Серіктес жаңалықтары