Қалағама – іні, басқаға – аға болдым

Қалағама – іні, басқаға – аға болдым

Қалағама – іні,  басқаға – аға болдым
ашық дереккөзі
591

1994 жылдың ақпан айының басында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Бибіжан Жәукебаева телефон шалып:

«…Сіздердің (аудандық) округтен Жоғарғы кеңеске депутаттыққа кандидат ретінде жазушы ағамыз Қалтай Мұхамеджанов тіркеліп, сайлауға түспек. Сол кісіге сенімді өкіл ретінде сізді лайықты көріп отырмыз, ол кісі де қарсы емес, келісесіз бе?» – деді. Сонда мен «Қалтай ағадай ағамыз маған сенім көрсетсе, неге сенімді өкіл болмасқа?!» – деп жауап берген едім.

Сонымен Қалағаң Қызылордаға келіп, облыс басшыларымен кездесіп, 4 ауданға сапар шегетін болды. Бір ай Қалтай Мұхамеджановтың қасында жүріп, халықтың ол кісіге деген қарым-қатынасын, ыстық ықыласын сезіндік. Алматыдан бірге келген ақын інісі Сейфолла Оспан сөзді бастап, Қалағаңның 4 аудандағы өкілі ел-жұртты аралап, Қалағаңды насихаттадық. Сонда байқағаным, Қалағаң өзі жайлы әңгіме етпей, ел мен жер, аналар туралы, ел бірлігі жайлы терең ойларды қозғап, ортаға тастады. Алайда Қ.Мұхамеджанов бұл сайлауда екінші орын алып, депутат бола алмай қалды. Кейіннен сол сайланған депутаттар корпусы тарап жатқанда Қалағаң: «…Менің сонда сайланбағаным дұрыс болды-ау, әйтпесе халықтан ұят болатын еді», – деп күлгені есімде.

…Қалтай ағаға достарымен бірге үйден дәм татқызудың сәті түсті. Дастарқан үстінде Қалағаң небір әңгімелердің тиегін ағытып, үлкен көңілді кеш болған еді. Мен де қарап қалмай өзімдегі дүниелерді көрсетіп, ел мен жер тарихын, Сыр сүлейлері жайлы әңгіме айтып, жиған-тергендерімді паш еттім. Сонда байырғы әзілдерінің бірін айтып: «…Алматыға кел, сен ауданға сыймайсың!», – деп арқамнан қағып қоштасқан-ды. 

Сол күнгі Қалағаңның ұсынысы қанат бітіріп, Алматыға көшіп келдім. «Түркістан» газетінің қабылдау бөлмесіне кіріп, Қалағаңмен сәлем­десуге беттей бергенімде хатшы келін­шек Айнаш: «…Жоқ, жоқ, кірмей­сіз, менің алдын ала айтып шығуым керек», – деп жолымды бөгей берді. Соған қарамастан Қалтай ағаның кабинетіне кіріп барып, амандасып, қауқылдастық. Ел-жерді, отбасымды сұрап жатыр. «Оу, жолбарысым, Тереңөзектен көшіп келдім де, онда мен де уәдемді орындап, жұмыс берейін», – деді де хатшы келіншекті шақырып, «орынбасарлардан кім бар, бухгалтерді де шақыр», – деп тапсырма берді. Көп ұзамай ұзын бойлы, қоңқақ мұрынды орыс келіншегі келді. Қалағаң оған: «…Қазір бізде қанша бос орын бар, айлығы қанша?» дегенінде бухгалтер Оля: «…газетте 2 орынның барлығын, айлықтары 2300-1900 теңгенің көлемі екен­дігінен хабардар етті. Содан «Дидахмет пен Шәмшіні шақыршы, ақылдасатын шаруа болып тұр», – деді Айнашқа. Көп уақыт өтпей екі жігіт кіріп, жайғасты. «Мынау Тереңөзектен келген Тынышбек деген ағаларың. Бұрын ауданда басшы қызметтер атқарған, бізге мол пайдасы тиеді», – дегенде екеуі де уәделесіп қойғандай Қалаға «өзіңіз білесіз ғой» деді. Сонымен, 1995 жылдың 10 қаңтарынан бас­тап меншікті тілші, кейіннен бөлім меңгерушісі етіп тағайындады. 1997 жылы Алматы қалалық әкімдікке бірнеше мәрте барып жүріп, Ақсай жақтан екі бөлмелі баспана алып берді. Қалағаңмен өмірден өткенше қоян-қолтық жұмыс істедім. Кейде «қиындау» жұмыстарға да жұмсап қоятын. Сөйткен Қалтай ағам өмірден өте барды, бірақ маған жасаған қамқорлығы ұмытылмақ емес.

«Түркістан» газеті арқылы республикаға танылдым десем, артық айтқаным емес. Осындағы айрандай ұйыған ұйымшыл ұжымда табаны күректей 19 жылдан астам еңбек еттім, көптеген нәрселерді үйрендім, өзімнің білетіндерімді жастардың бойына сіңірдім. 

Жиырма жылға толып отырған «Түркістан» газетінің журналистері алдарына қойылған қандай күрделі мәселелер болмасын тез шешуге, әрбір материалды сапалы даяр­лауға машықтанған. Әсіресе, шығар­машылықтағы қызметкерлер арасында қыз-келіншектердің еңбегін жоға­ры бағалауға тұрарлық. Оқырмандар қашанда хат жазып, телефон шалып, алғыстарын білдіріп жатады.

Қазақтың Қалтайы атанған қай­раткер азаматтың қолдауымен ел сүйетін «Түркістан» атты газетте еңбек етіп жүргеніме, береке-бірлігі мол ұжымда ақсақал болып келе жатқанымды мақтан тұтамын. Мереке қарсаңында «Түркістанның» туы биік, оқыр­мандары көп болып, ойып түсер ойлары мол болсын, газеттің ғұмыры ұзақ болғай демекпін.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, 

газеттің ардагері,

Құрмет орденінің иегері

Серіктес жаңалықтары