853
«ТҮРКІСТАННЫҢ» ЭПОПЕЯСЫНАН...
«ТҮРКІСТАННЫҢ» ЭПОПЕЯСЫНАН...
Қалтай аға таңертең орынбасары Әшімханұлын өзіне шақырып: «Дидахмет, Президенттің келісімін алдым. Жаңа газеттің атын «Түркістан тынысы» деп қойсам ба деп отырмын. Сен бұған қалай қарайсың?», – дейді. Ол сәл ойланып: «Қалаға, «тынысы» деген көп газеттердің атауларында бар. «Түркістан» деген ат дұрыс болар», – дейді. Қалтай жанарынан ұшқын шашып: «Мына атауың ге-ни-аль-но!», – деп сұқ саусағын жоғары көтерген.
1993 жылы қарашада «Түркістан» газетін шығару жөнінде Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Қалтай аға бірінші орынбасарына Бейбіт Сапаралыны, орынбасарына Дидахмет Әшімханұлын, жауапты хатшыға Әбіраш Жәмішевті, оның орынбасарына мені, бөлім қызметкерлеріне Әбілмәжін Жұмабай, Сейфолла Оспан, Нұрқасым Қазыбек, Қажығали Мұханбетқалиев, Жаңабек Шағатай, Жұмагүл Солтиева, Мырзан Кенжебай, Абзал Бөкен, Сәбит Дүйсенбиевті тағайындады.
1994 жылы қаңтардың 28-і күні газеттің бірінші саны жарық көріп, оқырмандарға жол тартты. Редакцияға қарапайым жандар, ақын-жазушылар, ғалымдар келіп, мақалаларын беріп жатты. Арада біраз күн өткен соң редакцияға филология ғылымдарының докторы Мырзатай Серғалиев келіп: «Қалтай редакцияға кіл мықтыларды жинаған екен!», – деп таңданысын жасыра алмады.
Қалтай аға ғимараттың астыңғы қабатын коммерсанттарға жалға беріп, үстіңгі қабатына редакция бөлімдерін жайғастырды. Арендадан түскен қаражатты бірінші орынбасары Дидахмет Әшімханұлына редакция қызметкерлеріне лауазымдарына қарай бөліп беруді тапсырған. Біз ай сайын 35 және 75 доллардан алып жүрдік. Сондай күндердің бірінде суретші Еркін Нұразхан автобуста таныс журналистпен кездесіп қалып, жағдай сұрасады. Журналист өзінің үш айдан бері еңбекақы ала алмай жүргендерін айтып, мұңын шақса керек. Сонда Еркін: «Редакторың народный болса, өзің голодный болмайсың», – деген екен.
***
Кезекті лездеме. Әдеттегідей газеттің алдағы жаңа санына оқырмандарға қандай материалдар ұсыну жөнінде әркім өз ойын ортаға салып жатты. Дидахмет: «Қалтай аға, «Түркістанның» танымдық мүйісі» деген жаңа айдар ашып, адамзат тарихынан әлі көпшілікке беймәлім жайларды жарияласақ», – деген ұсыныс айтты. Қалтай аға бірден қолдады. «Ал қандай тақырыптан бастаймыз?», – деді. Әбіраш аға: «Қалтай, осы перғауындар туралы қазақ газеттері бұрын-соңды ештеңе берген емес. Соны орыс басылымдарынан іздестіріп көрсек қайтеді», – деді. Қалекең: «Иә, ертеректе олар туралы менің де оқығаным бар еді. Қане, осыны кім дайындайды?», – деп ұзын столды жағалай отырған бәрімізді шолып шықты. Мен деп қол көтергендер болмаған соң: «Мына Әбілмәжіннің білмейтіні жоқ. Мұны соған тапсырайық», – деді. «Ақсақал не дер екен? Келісе ме, келіспей ме?». – Бәріміз Әбекеңе бет бұрдық. Әбекеңнің құлағы ауырлау еститін еді. Төрде отырған бас редакторға: «Қалтай, сен маған бірдеме дедің бе?», – деді көкшіл көздерін сығырайта қарап. Қалағаң: «Өй, құлағыңа болайын сенің», – деді. Әбекеңнің жанында отырған Дидахмет ақсақалға ұмсынып, Қалекеңнің сөзін дауыстап жеткізді. «Е, е, перғауындар туралы дей ме? Олар туралы орыстың ғылыми басылымдары ертеректе жариялады ғой. Солардың біразын жинап қойғаным бар еді, аударып берейін», – деді. Газеттің сол жылғы мамыр айының бірнеше санына жарияланған оның «Перғауындар қарғысы» деп аталынған қызықты мақаласы көпшіліктің көңілінен шықты.
***
1994 жылы 4 мамырда «Известия» газеті Александр Солженицыннің «Форбус» журналына берген сұхбатын көшіріп басты. Сұхбат «Как обустроим Россию?» деп аталынған. Ол сол сұхбатында Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейдің жері деп қайтарып алуды меңзеген. Орыстың осындай оқығанынан тарихи шындықты бұра тартып, оқымаған мұжықтарын айтақтап, айдап салып отырған шовинистік пиғылынан кейін басқаларына сеніп көр. «Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын» деген бабалар неткен көреген еді. Қажығали Мұханбетқалиев газеттің 17 мамырда жарық көрген санына «Қарына тартпағанның қары сынсын» атты мақаласын жариялап, тамырлар пайғамбарындай пір тұтқан Солженицыннің ішкі пасық ойын ұлт оқырмандарына ашып берді. «Сақтықта – қорлық жоқ».
Қажығалида көп адамда бола бермейтін табандылық қасиет бар екен. Бір күні түскі үзілісте асханада тамақтанып отырғанбыз. Жайшылықта кісіге кейкиіп қарайтын «Казхстанская правда» газетінің тілшілері біз отырған столға келіп, Қажығалимен елпектей амандасты. Оны «Түркістан» газетіне қызметке тұрғанымен құттықтады. Біз әуестікпен: «Қажығали аға, мыналармен қашаннан бері әшінә болғансыз?», – деп едік, ол: «Бұлар мені қайбір жақсы көргендерінен сәлемдесіп жатыр дейсің», – деді де басынан өткізген бір жайды айтып берді. «Осыдан екі жылдай бұрын «Казахстанская правда» газеті әлдебіреулердің ықпалымен мені жөнсіз сынап, жала жапқан мақаланы басқан болатын. Адамға ар мен намыс қымбат. Газетті сотқа беріп, өзімнің ақтығымды заң жүзінде дәлелдеп шықтым. Сот газетке жалалы мақаланы жоққа шығаратын қарсы мақала жариялауға үкім шығарды. Сол кездегі бас редактор Игнатов пен сын мен әдебиет бөлімінің меңгерушілері шығармашылығыңызды насихаттап, жақсы мақала берейік деп маған бір емес, бірнеше рет қолқа салған. Олар қанша солай деп мәселеден тайқып, бұлталаққа салса да мен: «Жоқ, маған жала жапқан мақаланы жоққа шығаратын және сол көлемде, газеттің дәл сол бетіне редакция мақаласын жариялайсыздар», – деген талабымнан қайтпадым. Екі жақты ары тарт та, бері тарт, алты айға созылды. Ақыры мені өз дегендеріне көндіре алмайтындарына көздері жеткен соң «Казахстанская правда» газеті өздері жалаларын жоққа шығарған редакция мақаласын жариялауға мәжбүр болды».
Бір жылдан соң Қажығали Үкімет бөлімдерінің біріне жұмысқа ауысты. Сәбит бизнеске кетті. Арада тағы бір жыл өткенде Жұмагүл «Қазақстан әйелдері» журналына редактор болып тағайындалды. Олардың орындарына Аманхан Әлім, Әнуарбек Әуелбеков және Ермек Сахариев келді.
***
– Әй жігіттер, – деді Қалаға таңертеңгілік лездемеде. Не айтар екен дегендей аңтарыла қарадық. Қоңқақ мұрнын күректей алақанымен айналдыра уқалады. – Кеше Үкімет үйінде өткен бір жиынға қатысып едім. Жиын біткен соң қасыма анау экономика министрі Храпунов келіп: «Калтай Мукамеджанович, я от вас этого не ожидал», – деп басын шайқап, осы сөзін бір емес үш рет қайталады. Ол менен нені күтпеп еді. Өзімен бұрын-соңды сөйлесіп көрген жан емен. Түкке түсінсем бұйырмасын. Бәлкім, оның неге солай деп айтқанын сендер білетін шығарсыңдар?
Дидахмет миығынан мырс етті:
– Қалаға, оның сөзінің жөні былай. Ол қазақтың күйеу баласы. Әйелі Ләйла Бекетова «Хабар» телеарнасының төрайымы. Қазақ қызы демесеңіз, тілден мақұрым. Арнаның қазақ тілінде берілетін бағдарламалар сағаттарын қысқартып, орыс тіліндегі көрсетілімдерге көп уақыт бөлгізген жоқ па?! Соған байланысты біздің «Түркістанның» сауалында «Қазақ телевизиясы жөнінде қандай пікірдесіз?» деген сұрақпен Балғабек Қыдырбекұлы, Ақселеу Сейдімбек, Дулат Исабеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Бейбіт Қойшыбаев және басқалардың өткір сындарын жарияладық қой. Ақселеу сол мақаласында ЮНЕСКО-ның бас директоры Фредерико Майордың да теледидардың ықпалы туралы айтқандарын мысалға алғаны да есіңізде болар. Ол «…Егер белгілі бір ұлттық республиканың, бір ұлттың өмірінде басқа бір ұлттың телехабарлары өте жақсы, классикалық, гуманистік күйінде берілгенімен, ол бәрібір сол халыққа зиян әкеледі. Өйткені басқа ұлттың бүкіл өнер салты, тіршілік тынысы, талғамы оны қабылдап отырған басқа ұлттың рухани әлемін өзгертеді. Осы жағдайда шетелдің теледидарын жүргізушілер өте жақсы түсінген». Аға, бізді ұлттық баспасөздердің бірқатары қолдады. Мәдениет және ақпарат министрі сол сыннан кейін Ләйланы қызметінен босатты. Храпуновтың сізге деген өкпесі сол.
Қалағаң жымиып:
– Солай ма?.. Е, е, оның маған айтайын дегені сол екен ғой, – деді де. – Қызымыз ана тілін білмесе, кінәні өзінен көрсін. Біз дұрыс сынадық. Министр дұрыс шешім қабылдады. Міне, баспасөздің ықпалы!
***
1994 жылы Қалағаң Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутат сайлауына түсті. Қызылорда облысының Тереңөзек ауданына қараған округтен кандидат болып тіркелді. Сенімді өкілі ақын Сейфолла Оспан. Сол ауданда Қалекеңнен басқа жеті депутаттыққа кандидаттар тіркелген. Олар аудан шаруашылықтарын аралап, тұрғындармен бірнеше кездесу өткізген. Халық Қалағаңмен кездесуге басқалардай емес, тайлы-тұяғымен қатысып, мәнді сөзін тыңдап, күлкіге де қарық болады.
Сейфолла Оспан: «Халықтың Қалағаңа деген ынта-ықыласы ерекше екен. Қай ауылға барсақ та зал толып отырды. Кешкісін барын алдымызға қойып, бар пейілдерімен күтті. Сондай кештің бірінде Сыр өңірінің тарихы мен сүлейлері туралы әңгіме қозғалып кетіп еді Қалекең көсілсін бір. Көне тарихты қопарып, әлдеқашан халық жадынан шығып қалған Сарыбай әзілкештің біз білмейтін жырларын жатқа соққанда, жұрттың ауыздары ашылып, көздері жұмыла тыңдады. Өкінішке қарай, ағайыншылдықтың кесірінен Қалекең депутат болып сайланбай қалды. Ал Жоғары Кеңеске Қалекеңдей білікті, білімді жан керек-ақ еді».
***
– Мына інімді қайтсем екен?! – Абзал Бөкеннің қоңырқай өңі қарауытып, ашу қысып тұр екен. Інім деп тұрғаны – Аманхан. Мен: «Әбеке, менің құрдасым не бүлдірді, тым ашулысыз ғой», – дедім. Ол: «Өй, сенің құрдасыңа болайын. «Абай «Сегіз аяқпен» қазақтың он бір буыннан тұратын қара өлеңінің құрылымын бұзды. Бізге жат орыс поэзиясының сынық, сүйем өлең жолдарын үлгі етіп кеткен», – демесі бар ма. «Әй, күллі қазақтың бас ақыны Абайда нең бар сенің? – десем құлақ аспай шығып кетті. Бұған не істесем екен ә?..». Мен: «Әбеке, салқын сыраның буымен айтып қалған ғой. Оны тым көңіліңізге ала бермеңіз», – деп сабырға шақырдым. Әбекең киіп кетті. «Жоқ, бұл ертең осы жаман ойын бір газет пен журналдың біріне жазып жібереді. Мұны бүгін тоқтатпасам болмас». – Үні қатқылдау шықты.
Мен түстік үзіліске шығып, қайтып келдім. Абзал: «Көлбай, бүгін Ақсайға үшеуміз бірге қайтайық. Соңғы аялдамадағы дүкеннен сен бір жартылық ал. Тасалау жерге барып, бөтелкені босатайық та, Аманханның мәселесін шешейік. Сен жанымызда қызыл жағалыларды аңдып тұрсаң болды. Мен аздап сабап, райынан қайтармасам болмас. Ағасымын ғой, бүгін болмаса кейін түсінер», – деді. Келіспеске амалым қалмады. Дүкеннің артындағы сырт көзден тасалау жерде тұрып, бөтелкені босаттық. Әбекең құрдасымның омырауынан сығымдай ұстап, бетон қабырғаға тіреді де: «Сен Абайдың өлеңдеріне сын айтатын кім едің соншалық? Сен әуелі оның өлеңдерінің мәнін түсініп алмайсың ба?», – деді зіл тастай сөйлеп. Аманхан мұны күтпесе керек, сасып қалды. «Әбеке, мен жәй айта салып едім», – деді кібіртіктей сөйлеп. Әбекең: «Жоқ, сен мұны жәй айта салған жоқсың. Сен осы пікіріңді ертеңгі күні желбуаз басылымдардың біріне бермекшісің ғой», – деп сілкілеп жіберді. Істің насырға шапқанын сезді ме Аманхан: «Әбеке, қойдым. Енді Абайдың поэзиясына сын айтпаймын», – деді. Абзал: «Қане, оллаһи, біллаһи» деп айт», – деді кіжініп. Аманхан: «Оллаһи, біллаһи», – деп қайталады.
Аманхан сөзінде тұрды.
***
Таңертеңгілік газеттің жаңа санын қарап отырғанмын. Қалағаңның хатшысы Айнаш кабинетке кіріп келді де: «Көлбай, Абзал екеуіңді Қалтай аға шақырып жатыр», – деді. Жауапты хатшы Абзал жұмысқа әлі келе қоймаған. Өзімнің баруыма тура келді. Кабинетіне кірсем Қалекеңнің таралмаған ұзын шашы қодаланып, қалың қабағы түйіліп, өңі қарауытып отыр екен. Алдында газеттің бүгінгі саны жатыр. Әлденені бүлдіріп алғанымызды іштей сезе қойдым. Сәлем беріп едім, селқостау алды. Сұқ саусағымен төртінші беттегі ақын әйелдің суретін көрсетіп: «Мына әйелдің өлеңін неге бердіңдер?» – деді кәрін төге сөйлеп. Абзал кеше кабинетте маған бейтаныс, боянып-сыланған әйелді ақын деп таныстырған. «Менде өлеңдерінің жатқанына біраз уақыт болды. Алдағы санға салып жіберейікші», – деген еді. Абзалдың өлеңге талғамы күшті. Кез келгенді ұсынбайтынын білемін. Мен: «Аға, мұның қандай әйел екенін маңдайына жазып қоймаса, қайдан білейін. Абзал жақсы ақын деп ұсынған соң…», – дей беріп едім, Қалекең киіп кетті: «Сен екеуің білмесең, мен білемін, – деді кәрі бурадай буырқанып. – Кеше осында жуан папкасын қолтығына алып, Тұрсынхан (Әбдірахманова) келді. Мен оған бұдан былай газетке өлең бермейтін болдық деп қайтарғанмын. Ол бүгін мынаны көреді де, түнде екі бөтелкеге барын құйып, ертең келіп Абзал екеуіңнің беттеріңе шашады». – Енді бара бер дегендей қолын ербең еткізді. Кабинетке келсем Абзал отыр. Болған жайды айттым. Ыңғайсызданды ма, өңі күреңітіп кетті. Сәлден соң Дидахмет аға да бұл жайдан хабардар болды.
Ертеңіне әдеттегі уақытта жұмысқа келдім. Абзал көрінбеді. Айнаш есіктен кіріп келіп, Қалекеңнің шақырып жатқанын айтты. «Қап, арыстанның аузына тағы мен түсетін болдым-ау!». Барсам қарсы алдында Тұрсынхан отыр. Сұрланған сарғыш өңіне қарағанда өкпесі қара қазандай секілді. Столдың үстінде теңкиіп қара пәпкісі жатыр. Сәлем беріп едім, апам мойнын да бұрмастан еріндерін жыбыр еткізді де қойды. Қалекең: «Көлбай, мен кеше саған не айттым?», – деді зілді үнмен. Мен: «Тұрсынхан апамды келеді дегенсіз», – дедім кібіртіктеп. Ол қолымен Тұрсынханды сілтеп: «Міне, апаң!», – деді тіксініп. Апам да терісіне симай-ақ отыр екен. Тұлданып шыға келді. «Бұлар біз секілді кәрі-құртаңды қайтсін. Беттерін әлемештегендер…», – дей бергенде шыдамай сөзін бөліп жібердім. «Апа, бұл не дегеніңіз? Бізде сіздерді бөлектейтіндей жаман ой болған жоқ. Байқамай бір қателік жіберіп алдық. Оны түзетуге болатын шығар», – дедім. Қалаға: «Көп сөздің қажеті жоқ. Енді мына апаңа не айтасың?», – деді. Мен: «Қалаға, алдағы санға апамның да өлеңдерін берейік», – деп едім, Қалаға: «Енді бермей гөр, – деп апама қарады. – Тұрсынхан, естідің ғой. Өкпе, назыңды осында қалдыр да, өлеңдеріңді мыналардың қолдарына ұстат», – деді. Есіктен шыққанымыз сол еді Дидахмет аға ұшыраса кетті. Тұрсынханмен амандасып: «Апа, мен сіздің ініңіз боламын. Жүріңіз, мына бөлмеде отырып сөйлесейік», – деп қарсы беттегі кабинетіне қарай жол бастады. Тұрсынхан столға жайғасқан соң: «Апа, қане қандай өлеңдер әкелдіңіз?» – деді. Тұрсынхан: «Е, шырағым, апаңда өлең жетеді ғой», – деп пәпкісінен бір топ будақтаған қағазды шығарды. Дидахмет аға өлеңдеріне көз жүгіртіп шықты да: «Апа, мына махаббат туралы өлеңдеріңізді 8-наурызға қалдырайық. Қазір біз газетке жастардың патриоттық сезімдерін ояту үшін материалдар беріп жатырмыз Сол тақырыпқа жазғандарыңыз болса беріңіз», – деді. Мен: «Апырай-ай, жетпіске таянған жан да махаббат туралы өлең жазады екен-ау» деп еріксіз таңырқадым. Ойымды апам бөліп жіберді. «Менен ондай өлеңдер де табылады, шырағым», – Ол пәпкісінен тағы да бірнеше парақты шығарды. Дидахмет аға оқып шығып: «Апа, өлеңдеріңіз жақсы екен. Алдағы нөмірге жариялаймыз», – деп шығарып салды. Бір аптадан соң газеттің төртінші бетінің төріне Тұрсынхан апаның топтама өлеңдері мен суреті жарқ етіп шыға келді.
***
1996 жылы 22 наурыз күні жарық көрген газеттің жаңа санын лездемеде талқылап отырғанбыз. Әр нөмірден басқалардан ерекшеленіп тұратын мақала болады. Ал осы сандағы Ахмет Жүнісұлының Семейден жіберген «Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа айтарым» деген айдармен берілген «Сырғалы сыр» атты мақаласы. Автор ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды қозғай келіп, алпауыт елдердің Қазақстанның табиғи байлықтарына көз тігіп отырғанына, сол байлықты өз халқымыздың игілігіне жарату Елбасының сындарлы саясатына байланысты екеніне тоқталған. «…Марқұм Оралхан Бөкеевтің тірі кезі. Екеуміз біздің үйде «Қазақстанға кімді Президент қоямыз?» – деп біраз керкілдестік. Сонда топырағың торқа болғыр бауырым Нұрекеңнің өзін қабылдағанын сөз ете келіп: «Аха, мені Нұрсұлтан қабылдады. Кеңсесіндегі Қазақстанның картасын көрсетті. Сөйтті де: «Осы атамекенді сақтап қалсам болды. Арманым да, бар бітіретінім де осы», – дегенді айтты. Мұны естігенде менің ішім соған жылып еді, сол жылу ыси түспесе, суыған жоқ», – деген.
«Мақала Назарбаевқа жете ме, әлде жетпей қала ма? Ал жеткен жағдайда мәнін қалай түсінер екен?» деген ойда болдық. Сол сәтте Қалтай ағаның алдындағы телефон қоңыраулатты. Қалаға тұтқаны құлағына тосты да, дабырласа сөйлесіп отырған бізге: «Назарбаев», – деп сыбырлап, тынышталыңдар дегендей сұқ саусағын жоғарыға шошайтты. Біз «Президент не айтар екен?..» деп бар демімізді ішімізден алып, тына қалдық. Ілкім сәттен соң көмекшілері Президентпен қосты білем Қалекең: «Иә, Нұреке, тыңдап тұрмын», – деді жайдары үнмен жымиып. Қалтай ағаның сол жылы өңі өзгерген жоқ. Екеуінің сөзі әрі десе үш минутқа созылды-ау шамасы. Қалекең ризашылығын білдіріп, тұтқаны орнына қойды да: «Нұрекең «Сырғалы сырды» оқыпты. Мақалада айтылған пікірлерді қаперіне алатынын айтып, авторға, сендерге ризалығын білдірді», – деді. Сонда ғана алабұрта толқыған көңіл шіркін орнына түскендей болды. Қазір де министрлер мен әкімдерге ақпарат құралдары аз сын айтып жатқан жоқ. Бірақ сынды жанашырлық ретінде түсініп, нәтиже шығарып жатқандары қайсы?
***
Дәлізден Жұмагүлдің жарқын үні естілді. Әлдекімнің қал-жағдайын бар ынта-шынтасымен сұрап жатыр. «Кім болды екен? Дәу де болса редакцияға келген бір мықтының өзі шығар». Ұзын дәлізге шықсам, қасындағы академик Зейнолла Қабдолов екен. Жұмагүл оның қолын сілкілеп амандасуда. Көзіме біртүрлі ерсілеу көрінді. Академик шәкіртінің ықыласына ырза секілді. Жымиып күлген жүзінде жылылық бар. Кабинетке кірген кезде: «Жұмеке, академиктің қолын жұлқылап, иық буынынан жұлып ала жаздадыңыз ғой», – дедім жеңіл әзілге бұрып. Ол маған аңтарыла қарап: «Шынымен сөйттім бе? Шынымды айтсам, солай амандасып тұрғанымды өзім де білмеймін. Әке мен шешем қыз болып бой жеткенімше, мені ер балаша тәрбиелеп өсіріпті. Үнемі ұл бала секілді шалбар киіп жүретінмін және қыздардан гөрі ер балалармен ойнағанды жақсы көруші едім. Сол ер балаға тән тәрбиенің әсері ғой», – деп күліп жіберді.
***
Қалағаң біздің Бас редакторымыз ғана емес, ең басты оқырманымыз да, ең басты сыншымыз да. Газетке қандай мақалаларды жариялау керек? Бұл – бірінші орынбасары Дидахметтің жұмысы. Қалағаңда идея дегенің жетіп жатыр. Мақалалардың жазылу стиліне, тілге қатты қарайды. Кейде авторлардың шикілеу жазылған материалдарын редакциялап бермегеніміз үшін де ренішін білдіріп отыратын. Қазір қалай аталғаны есімде жоқ. Есімде қалғаны Қалекеңнің шағын мақаладағы «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мәтелге қатты шүйліккені. «Ау, бұл орыстың «Семь раз отмерь, один раз отрежь» дегенінің калька аудармасы ғой. Мұны атам қазақ: «Кеңесіп пішкен тон, келте болмайды» деген. Айтыңдаршы, осының мәні мен мағынасы орыстың мәтелінен асып түспесе, кем деп кім айта алады? Неге осыны ескермейсіңдер? Қазақ тілге бай. Тіптен данышпан деп жүрген Маркстің жуан томы «Капиталдағы» жазған бар ойын, біздің қазақ: «Сай сайға құяды, бай байға құяды», – деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей салған». Қалағаң: «Менің хоббиім оқу. Газет, кітап оқудан еш жалыққан емеспін», – дейтін. Газетте басылған қысқа хабарлар да оның назарынан тыс қалмайтынын талай рет байқадық та. Сынды көкейге қонымды етіп, орынымен айтатын жарықтық. Қалтайдың мектебі біз үшін тәлімі мен ғибраты мол көл-көсір білім мектебі болды.
***
Газетке жазушы Герольд Бельгердің «Тағдыр – хақ, табиғат – бір, талант –анық» атты мақаласы жарияланды. Ол мақалада ақын Ербол Шаймерденовтің «Көңіл суреті…» жыр жинағына пікір жаза отырып, жалпы қазақ поэзиясының ерекшеліктеріне кеңінен тоқталған. «…Менің жалпы қазақ поэзиясы жайында түсінігім биік. Қазақ тілін жаратқанда тәңір ие оны о бастан поэзияға лайықтап жасаған». «Сырт көз – сыншы». Қазақтың тіл байлығын, құнарын бұдан артық қалай жеткізуге болады?!
Осы тақырыпқа қатысты болған соң айта кетуге тура келеді. Таңертең редакцияға келсем, Абзалдың қасында бір бейтаныс жас жігіт отыр. Сөйлеген сөзі сыпайы, кішіпейілділігінен мәдениеттілігі көрініп-ақ тұр. Қазақы мінезі мен болмысына іштей сүйсініп те қалдым. Әбекең мені таныстырды. Ол қос алақанын жұптап ұстап, басын сәл ғана игенде барып, оның басқа ұлт өкілі екенін сездім. Томохико Уяма деген жапон ғалымы екен. Қазақшасы судай. Бір жылдың ішінде үйреніп, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабынан кандидаттық диссертация қорғапты. Ол кетерінде де бізбен қазақы дәстүрмен қоштасты. Ал біздің өзіміздің қағынан жиренгендер қазақ болып туғандарына өкініп жүр.
***
1997 жылы 28 қаңтарда үндіс көсемі Сеаттленің 1854 жылы Америка президентіне жазған хатының мәтінін аударып бастық. «…Білемін, ақ нәсілді адамдар біз секілді ойламайды. Ақ түсті нәсілдер үшін бір түйір топырақтың өзгелерінен айырмасы шамалы. Ақ нәсілді адам жерден алатын ырызыққа ғана көңіл аударып, одан соң не боларына бас ауыртып жатпайды. Жерді ақ нәсілділер досы емес дұшпанындай көреді. Себебі, ақ нәсілділер жерден қалағанын алған соң, басқа да оңай олжаларға жыртқыштықпен ұмтылады. Ақ түсті адам өзіне ана болған жерді, бауыры болған аспанды сатып алынатын, сатылатын, пұл ретінде жұмсалатын, ұрланатын тәріксіз бір нәрсе ретінде ғана қарайды. Олардың бұл ойы, айналып келгенде, құнарлы топырақты шөлге айналдырады. Олар барлық нәрсені жалмап тауысады.
…Ауа біз үшін өте қымбат. Ағаштар, жануарлар және адамдар сол ауамен дем алады. Ақ түстілер үшін мұның да маңызы шамалы. Егер сіздерге сұраған жерлеріңізді сататын болсақ, онда ауаның тазалығына мән беруді де үйренулеріңіз керек болады. Балаларыңызға ауаның қасиетті екенін, ауаның тазалығына көңіл аудару керектігін үйретуіңіз керек. Иә, ауа қалай қасиетті болмасын!? Аталарымыз туғанда алғашқы демін, көз жұмарда соңғы демін осы ауамен тыныстаған».
Хатында өзін тау мен даланың тағысы санаған Сеаттленің Америка президентіне табиғат туралы айтқан ескертпелеріне енді таңданбай көріңіз. Оның жоғары академиялық білімі болмаса да, табиғатты қастерлеу түсінігі сол кездегі ақ нәсілділерден әлдеқайда жоғары, әлдеқайда иманды болғаны осы ұлағатты сөздерінен көрініп-ақ тұр. Оның бұл сөздері күні бүгінге дейін өз мәнін жойған жоқ. Ал біз асыраушымыз Жер мен Ауаны қадірлеп жүрміз бе?
***
Қалтай аға денсаулығына байланысты өз орнын Шәмшидин Паттеевке берді. Редакция қызметкерлерінің біразының басқа жұмыстарға аусуына байланысты құрамы да жаңарды. «Жас Алаш» газетінен Ғалымжан Мелдеш бізге орынбасар болып келді. Арада он жылдай өткен соң ол Астанаға қызметке ауысты. Жазушы Жаңабек Шағатай редактордың бірінші, ал Дидахмет аға екінші болып тағайындалды. Газет үш жылдан соң сегіз бет, содан соң он екі беттік көлемде жарық көруде. Осынау жылдар бедерінде газет тілшілері Есенгүл Кәпқызы пен Көлбай Адырбекұлы Республика Президенті сыйлығының иегері, ал Нәзия Жоямергенқызы, Гүлзина Бектасова, Динара Мыңжасарқызы, Ақниет Оспанбай министрліктер мен ұлттық компаниялардың сондай-ақ комитеттердің арнайы бәйгесінде топ жарды. Дидахмет Әшімханұлы, Жаңабек Шағатай, Таңсұлу Алдабергенованың публицистикалық еңбектері жеке кітап болып жарық көрді. Міне, содан бері жиырма жыл уақыт өтті. Газеттің мазмұны мен мәні халықтық сипат алды.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,
ҚР Президенті сыйлығының иегері