Наурыз тойы атап өтілді

Наурыз тойы атап өтілді

Наурыз тойы  атап өтілді
ашық дереккөзі

 Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «әз-Наурыз, төрлет төріме!» атты мерекелік ән-думан салтанаты болып өтті. Оған арнайы қатысқан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов әуелі Қыздар университетінің 70 жылдығына орай салынған «Қазақ аруы» атты субұрқақты салтанатты түрде ашып, одан соң, университет аумағында бой көтеретін 9 қабатты, 450 орынды жатақхананың алғашқы іргетасын қалап, құрылыс тағанына «Дүниенің тірегі – текті тәрбие, терең білім» деген тағылым тілек жазылған құтыны орналастырды.

21973cd560f69634ba72913956db8442.jpg

Ұлттық киімдегі қазақ қызының бейнесі бейнеленген субұрқақтың биіктігі 5 метр, 18 см., көлемі – 5,8 метр. Субұрқақ айналасына қазақ және әлем ойшылдарының даналық сөздері жазылған 12 кітап орнатылған. Ескерткіш тұғыры білезік пішінімен аяқталады. Ұлттық нақышта, студенттер бойында рухани әдемілік пен рухани құндылықтарға деген ынтызарлықты арттыру мақсатында салынған субұрқақ мәрмәрдан жасалған. Субұрқақ авторы, мүсінші Бұхарбаев Нұрлан Әбдулмәлікұлының айтуынша, «Ескерткіште қазақ қызының болашаққа деген ұмтылысы бейнеленген». Салқын ауа мен тамаша көңіл күй сыйлап, шапшып тұратын субұрқақ талай ақындар мен жазушыларды өзіне ынтық еткен Қыздар университеті қалашығын одан әрі көріктендіре түсетін, оқу орнының келбетін кіргізіп, шығармашылыққа жаны құмар жастардың шабытын оятатын көрнекі орынға айналары сөзсіз. Мұндай көрнекілік сонымен қатар, экологиялық жағдайды сауықтыруға, қала ауасын жақсартуға ықпал етуде де өз септігін тигізеді,

Мереке барысында Алматы қаласы әкімі барша қонақтармен бірге субұрқақ айналасына шырша ағаштарын екті. «Бір тал кессең, он тал ек» деген қағиданы қастерлейтін Қыздар университеті бұл дәстүрлі ізгі істі биыл да жалғастырды. «Бүгін, еліміздің жетекші педагогикалық білім беретін жоғары оқу ордасында екі бірдей ерекше оқиға. Айтулы күнмен баршаңызды құттықтай отырып, ең алдымен қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған арулар ордасын және өздеріңіз қызмет ететін ең мәртебелі жоғары оқу орнының 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтағым келеді», – деді қала әкімі. 

Қазақ қыз баланы тек шаңы­рақ­тың шырақшысы ғана емес, ұлттың келбеті деп білген. Қыздар университеті қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, студент жастарға заманауи білім берумен қатар, адамгершілік, имандылық, инабаттылық, парасаттылық және ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарымызды бойларына сіңіріп келеді.

70 жылдық тарихы бар, өзіндік дара бітімімен ерекшеленетін оқу ошағы жоғары білімді педагог дайын­дап қана қоймай, оқу орнын бітіріп шыққан әр қазақ қызына өнегелі тәрбие беріп, қыздардың бағыт алар бағдаршамы болып келе жатқан киелі шаңырағына айналды.

Динара Дүрмән