АУЫЛ ПОШТАЛАРЫ ЖАБЫЛМАЙДЫ

АУЫЛ ПОШТАЛАРЫ ЖАБЫЛМАЙДЫ

АУЫЛ ПОШТАЛАРЫ  ЖАБЫЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі
255

Пошта қызметінде «нөлдік шақырым» деген түсінік бар. Ол ел ішіндегі елді мекендердің арасын жалғайтын пошталық байланыстың сапасын білдіреді. Сапалық көрсеткіштің деңгейі кеңістік шалғайлығының мүлдем сезілмеуімен өлшенер еді. Жалпы алғанда, Қазақстанда 6936 елді мекен бар екен, олардың бәрін пошталық байланыс желілерімен байланыстыру оңай емес, әрине.

Дегенмен, пошта қызметімен халықты толық қамту – мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі. Сейсенбі күні Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазпошта» АҚ басшылығы журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, осы саладағы жаңалықтар туралы хабарлады. 

Ақпарат қазіргі таңда қоғамдағы қозғаушы тетіктердің біріне айналғанда, алыс аудандардағы бірден-бір ақпарат көзі пошта бөлімшелері екені жасырын емес. Сандық телеарна мен ғаламтор желісі әлі де елдің түкпір-түкпірдегі бұйығы жатқан қазақ ауылдарына жете қойған жоқ. Сондықтан аптасына екі-үш рет, кейде тіпті аптасына бір рет қатынайтын пошташы арқылы газет-журнал, хат-хабар алып, сыртқы әлеммен байланысып отырады. Сондай-ақ аудандардағы пошта бөлімшелері валюта айырбастау, коммуналды төлемдер төлеу, ақша аудару т.б. қызмет түрлерін ұсынатын мекеме. 

Дегенмен, осыдан аз уақыт бұрын алыс аудан, ауылдардағы пошта бөлімшелері жабылады деген мәлімет тарағаны рас. Мұны «Қазпошта» басшылығы да мойындайды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында елді мекендерде тұрғын саны аз. Тұрғын халқының саны аз елді мекендерде пошта бөлімшелерін ұстаудың шығыны көп екенін алға тартса да, бұл жолы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Асхат Бейсенбаев ауылдарда пошталардың жабылмайтынын хабарлады. «Ел аузында ауылдық пошта бөлімшелері жаппай жабылуы мүмкін деген күдік бар. Халықтың алаңдаушылығын түсінеміз. Сондықтан сіздерге ауылда пошта бөлімшелерінің жабылмайтынын нақтылап айтқым келеді. Керісінше, әр ауылдық пошта бөлімшесінде көрсетілетін қызмет түрлерін көбейтуге тырысып жатырмыз» деді, – А.Бейсенбаев. 

Алыс ауылдардағы пошта бөлімшелерінің қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін және жаңа қызмет түрлерін қосу үшін арнайы бағдарлама қабылданған. 

А.Бейсенбаевтың айтуынша, ауылдық жерлерде поштаның көмегімен дистанциялық сауда жасау кең тарала бастаған. Көліктің қосалқы құралдарын, киім-кешек, тұрмыстық техникаға тапсырыс береді. Осылайша, сатып алынған тауар бағасы он бес пайызға арзан болады екен.

«Басты байлығымыз – адамдар», – дейді «Қазпошта» басшылығы. Қазақстанда да пошташы қызметін атадан балаға мұра етіп қалдырып келе жатқан әулеттер бар екен. Мысалы, Астана қаласы Ерейментау аудандық пошта байланысы торабында бесінші буын ұрпақ осы іспен айналысып келеді. Рудофиловтар әулеті жүз жылдан бері пошташы қызметін дәстүрлі мамандыққа айналдырған. 

Пошта қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы сөз болған кезде байланыс компанияларының ішінде «Қазпошта» қызметкерлерінің ең төменгі жалақы алатыны да айтылды. Мұны олар ауылдық жерлердегі пошта қызметкерлерінің жұмысының аздығымен түсіндіреді. Бұрынғыдай хат жазып жатқан адам сирек, посылка салушылар да аз, газет-журнал аптасына екі-үш мәрте ғана келеді. Сонда жұмыстың оннан бір, әлде оннан алты бөлігін орындағаны үшін айлықтың үштен бірін алғанда, олардың жалақысы 7000-10000 теңге көлемінде болады екен. Қазір енді пошта бөлімшелеріне мемлекеттік қызмет түрлері және электронды коммерция бойынша қызмет көрсету түрлері қосымша жүктелуі мүмкін. «Осылайша, ауылдарда қызмет етіп жүрген пошта қызмекерлерінің айлық жалақысын өсіруді ойлап отырмыз»,– деді басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Жарылқағанов.

Қазіргі таңда «Қазпоштаны» трансформациялауға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Шетелдік пошта бөлімшелерінің жұмыс тәжірибесін ескере отырып, Жаңару жөніндегі кеңес құрылған.

Жалпы алғанда, «Қазпоштаның» заманауи жаңалықтары жоқ емес. Бірақ олардың дені орталық қалаларға ғана арналғаны алаңдатады. Мысалы, посылка салу мен алуға арналған жаңа жоба – «Постамат» туралы. «Постамат» – Алматы және Астана, Қарағанды қалаларында қойылатын арнайы автоматтандырылған машиналар. Енді осы үш қала тұрғындары посылкаға арнайы штрих орнатып, осы постамат машиналары арқылы жолдай алады. Алушыға пошталық жүк келгені туралы смс-хабарлама жіберіледі. 

Ресми деректерге жүгінсек, «Қазпошта» АҚ жиынтық пайдасы былтыр 35 миллиард теңгені құраған. Бұл алдыңғы жыл көрсеткішімен салыстырғанда 14 пайызға артық. 

Еларалық пошталық қызметтерді жақсарту да жоспарда бар. «Батыс Қазақстан – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі арқылы автокөлікпен тасымалдауға жол ашылды. Ендігі уақытта «Қазпошта» Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруды, халықаралық пошта қауымдастығына қосылуды көздейді. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары