ӨМІР – ӨЗЕН, ЖЫЛДАР – КЕЗЕҢ ...

ӨМІР – ӨЗЕН, ЖЫЛДАР – КЕЗЕҢ ...

ӨМІР – ӨЗЕН,  ЖЫЛДАР – КЕЗЕҢ ...
ашық дереккөзі
358

Армысың, қасиетті Қара шаңырақ, 

Киелі босаға, талай тұлға түлеп ұшқан алтын ұя, тойың тұғырлы болсын! Өткенге көз жіберсем: 

өмір – өзен, ал жылдар – кезең екен. Өзіңнің қасиетті табалдырығыңнан аттағалы, қабырғаңнан кәусар білім алып, өмір көшіне ілескелі жарты ғасыр 

уақыт өтіпті! 

Өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдары әсем қала Алматыға арман қуып, білім іздеп келген бойда қалалық телефон кітапшасынан Бекқожин деген кісінің үйінің номерін іздедім. Өйткені сол кездегі тәртіп бойынша  Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түспекке дайындалып, екі жылдық жұмыс өтелін атқарып жүрген кезімізде «Лениншіл жасқа» («Жас Алашқа») Қазақ университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті) журналистика кафедрасының меңгерушісі Х. Бекқожин деп қол қойылған бір мақала жарияланған еді.  

Онда болашақта журналист боламын деп талпынған жастар жоғары оқу орнына емтихан тапсыруға келгенде аудандық, облыстық және республикалық газет-журналдарға жарияланған мақалалары мен репортаждарының, очерктері мен әңгімелерінің қай жерде және қашан жарияланғандарын көрсетіп, мектеп бітіргендігі жөніндегі аттестатымен бірге тапсырулары керектігі айтылған болатын.  Енді сол мақалаларымыздың міндетті түрде  түпнұсқасын тапсыру керек пе, әлде  көшірмесі де жарай ма деген жерін анықтау мақсатымен Х.Бекқожиннің үйіне қоңырау шалдым. Даусы қарлығыңқырап шыққан бір кісі телефон трубкасын көтерді.

–  Сөйлеңіз.

Мен абдырап қалдым. Бұрын телефонмен, оның үстіне астанамыз Алматыда  тұратын үлкен кісімен сөйлесіп көрген жан емеспін.  

– Ағай, ағай, – дедім мен  артымнан біреу қуып келе жатқандай сасқалақтап. – Мен ауылдан, иә, осында  оқуға келіп едім… Сіздің газетте жарияланған ана бір, иә, мақалаңызда  болашақ журналистерге қойған талаптарыңыз туралы бір сұрағым бар.., –  дей бергенім сол еді, әлгі кісі:

– Шатастырмаңыз, ол мақаланы жазған мен емес, КазГУ-дің оқытушысы Хайыржан Бекқожин, – деп трубканы тастай салды. 

 Сөйтсем, мен Хайыржанның інісі – қазақтың арқалы ақындарының бірі ақын Қалижан Бекхожиннің үйіне түскен екенмін.  Ертесіне университеттің құжаттарымызды тапсырған ғимаратына келіп, болған жайды таныс балаларға айтсам, пысықтау біреуі: Иә, ол кісі оқытушы ғой, мен білемін»,– деп мақтанды.  

Кейін конкурстан аман-есен өтіп, оқуға түсіп, көңіл жайланған соң барып Хайыржан Бекқожин ағайдың лекцияларын тыңдай бастадық. Кеңес баспасөзінің теориясы мен практикасынан дәріс оқиды екен. Ақсары жүзді, қою бурыл шашты, жүзі жылы, кей кездері тілінің бір кідігі  бар адамдай сәл кібіртіктеңкіреп жай сөйлейтін, асықпай ғана аяңдап  жүретін, нағыз ақырын сөйлеп, анық басатын биязы жан екен. Студенттерге бірден ұнап қалды. 

Жоғары курста оқитындардан бізге сабақ беретін, кейін сынақша, емтихан алатын оқытушылар жайында сұраймыз. Сонда олар: «Хайыржан ағай бірнәрсе білсең – «5» қояды, ал ештеңе білмесең – «4» қояды, ол кісінің қоржынында «3» деген баға болған емес, болмайтын да шығар» дейтін. Ал басқалары жайында да олардың мінез-құлықтарының қандай екендіктеріне дейін тәптіштеп айтып береді.  Бұған сынақша, емтихан тапсырған кезде көзіміз әбден жетті. Хайыржан ағайдан шетімізден кілең «4» пен «5» алып шығамыз. Әбден еркінсігеніміз соншама, емтиханға оқулықтарды қолтықтап ала кіреміз де, алған билетімізді ашып жіберіп, сұрақтардың жауабын әлгі оқулықтардан  парақтап іздей бастауға көштік. Хайрекең бұған ешбір мән бермейді. Сөйтсек, тым болмаса қазір оқып алсын, бастарына бір нәрсе жетсін дейді екен ғой. 

Жоғары курстағылардың айтқан әңгімелерінің тағы бір парасы мынадай еді. Хайрекең өзі жетекші болған, диплом жұмысын жазған шәкіртін  жер-көкке сыйғызбай мақтап-мақтап, «5-ке» бағалайды екен. Ал оған оппонент болған белгілі сатирик, фельетоншы Сейділдә Төлешев әлгі жұмысты бұтарлап, жіліктеп, жерден алып, жерге салып сынайды екен де: «Бұған «үш» қоюға да жарамайды», деген үкім шығарады екен. Сонда Хайрекең:

– Әй-әй, Сейділдә, мен артығырақ кеткен екенмін, жарайды, «төрт» болсын, – деп «басу айтады»  екен. 

Университет қабырғасында білім алған бес жылда сонау алпысыншы жылдардың түлектері  біздің көзіміз бұған талай рет жетті. «Менің қойған бағам сендерге баға болмайды, өмір өз бағасын қоятын болады» дейтін ардақты ұстаз. Шынында да солай болып келе жатыр. Ардақты ұстаздың ұшырған шәкірттерін кең байтақ еліміздің қай түкпірінен де кездестіруге болады. Олардың арасында  атақты ғалымдар, заңғар жазушылар, майталман журналистер, қоғам қайраткерлері бар. 

***

Университетті бітірер жылы мемлекеттік емтихан тапсыратын пәндердің бірі – Кеңес Одағы Коммунистік партиясының тарихы болатын. Оның жыл сайын,  кейде тіпті ай сайын өтіп тұратын конференцияларының, Пленумдарының, съездерінің қашан, қай жерде өткенін, оларда нендей мәселелер қаралғанын жатқа білуің керек. Көбі бір-біріне ұқсас болып келетіндіктен кейде бұл жықпылдан жаңылысып кету оп-оңай еді. Сол  пәннен емтихан алатын кісі тарихшы Жанпейіс Қарақұсов (бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, қазіргі Парламент депутаты Гүлнар Қарақұсованың әкесі) болатын. Өте қатал, бірбеткей кісі еді, партия тарихын менің өзім де «беске» білмеймін деп отыратын.  Содан мемлекеттік емтиханда ешкімге жоғары баға қоймайтын. Және де айтқанынан қайтпайтын. 

Әлбетте, өмір деген салыстырмалы нәрселерден тұратын жайт қой. Журналистика бөлімін бітірушілер арасынан  үздік диплом алуға үміткер мен болдым да, мемлекеттік комиссия мүшелері кеңесе келіп маған бір апта қосымша дайындалып келіп,  тапсыруыма рұқсат берді. Содан емтихан  тапсыратын күні үш сұрақтың бірі – ІХ партия конференциясы келіп, жас жанымды  қинамасы бар ма?! 

Мемлекеттік комиссия алдында жауап беріп отырмын. Бір апта қосымша дайындалғанымды дәлелдеуім керек, ұстаздардың маған артқан сенімін ақтауым керек. Тоқтамай сөйлеуге  тырысамын. Хайыржан аға қайта-қайта Жанпейіс Қарақұсовқа бұрылып:  «Дайындалғаны көрініп тұр емес пе, несіне уақыт аламыз?» деп қояды. Қарақұсов оны естімегенсіп міз бақпайды. Үшінші сұраққа келгенде ол шыдамай кетіп: «Сіздер экзаменатордың правосына қол сұғып отырсыздар, баланың жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Бірақ партия тарихын менің өзім де «беске» білмеймін»,– деп зәремізді тағы бір ұшырғаны бар. Дегенмен комиссия мүшелерінің айтқанымен келісті де, жан-жағына барлай қарап алып, «қоймадыңдар-ау осы» дегендей ақыры қинала-қинала жоғары бағаны қиды. Сондағы Хайыржан ағаның балаша қуанғаны әлі күнге көз алдымнан кетпейді! Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес…        

Ол кісі бізге  студент қой деп шекесінен қарамай өзімен тең әріптес ретінде пікірлесетін, тіпті сыраханаларда кездесе қалсақ бірге отырып әңгіме-дүкен құрудан  да қашпайтын.  Мінезі жұмсақ, көңілі көктем, жүзі жаз, жаны жомарт болғандықтан ба, әйтеуір, кейбір студенттер ол кісімен жездесіндей әзілдесе беретін, тіпті «басына шығып алатын» десек те болғандай еді.  Сол бір сыйластық, жарасымды әзіл біз оқуды бітіріп, Алматыда қалғандарымыз әр жерге қызметтерге орналасып, еңбек жолын бастаған  соң да  зәуде бір кездесіп қалған кездері  жалғасын тауып жататын.  Әсіресе қазір өзі университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы, қиялгер-жазушы Абдул-Хамид Мархабаев бәрімізден батылдау қимылдайды. Қалғандарымыз көбіне сыпайылық сақтауға тырысамыз.  Бұл кезде бәріміз бұрынғы оқып жүрген кездегі «ағай, ағай!» деп өзеурейтін кезден өтіп, «Хайреке» деуге көшкен болатынбыз… 

Алматыда өтіп тұратын кіші-гірім той-томалақтарда бас қоса қалғанда дастархандағы алғашқы сөз әлбетте алдымен ардақты ұстаз, абзал аға, ақсақалымыз болып қалған, сол кездегі журналистика факультетіндегі жалғыз профессор Хайыржан Бекқожинге беріледі. Дастарқанды көбіне оқытушы Пангерей Құсайынов жүргізетіні дәстүрге айналған. Ол кісі сөздің майын тамызып, сыздықтатып отырып ешкімді ұмытпайды да, ешкімнің көңілін де қалдырмайды, жұрттың бәрін сөйлетеді.  Сонымен «сөз арамызда отырған ақ басты, ақ шашты ақсақалымыз, ғылым докторы, профессор Хайыржан Бекқожин ағамызға беріледі…» деп бастайды  Пангерей ағамыз. 

Жұрт ду қол шапалақтап жатқанда Абдул-Хамид Мархабаев: «Пангерей Құсайынович, Сіз сәл қателесіп тұрсыз,  көк басты, көк сақал деп турасын айтыңыз»,–деп ұстазымызды табан астында «түзете қояды». Шынында Хайыржан ағамыздың шашының реңкі  біртүрлі көкшулан еді, онысы өзінің ақсары жүзіне жарасып тұратын. 

Содан бері қанша қыс, қанша көктем, қанша жаз, қанша күз өтті, маңдайдан қанша күн өтті, табаннан қанша сыз өтті… Бұл күндері сол бір бұлдырап алыстап кеткен мұнар жылдардағы жайсаң жандар – ұстаздарымыздың қатары кәдімгідей сиреп қалған. Бұл Табиғат-Ананың  бұлжымас Заңы ғой. Қасиетті ұстаздарымыз – кең пейілді, жаны жайсаң, жомарт жан Хайыржан Бекқожин, өмірден көргені мен түйгені мол, нағыз білімдар Темірғали Нұртазин, сыр мінезді сырбаз жан Зейнолла Қабдолов, тәкәппар әрі турашыл Тауман Амандосов, біздерді тік жүріп,  тік тұруға баулып, темірдей тәртіпке үйреткен Темірбек Қожакеев, қыздай сызылып, сындырған нандай болып жүретін  Пангерей  Құсайынов, «қой аузынан шөп алмайды» дейтіндердің қатарынан табылатын Төлеубай Ыдырысов пен Зейнолла Тұрарбеков сынды ұстаздарымыз өмірден озып  кетті, бірақ та олардың қалдырған іздері мәңгілік. Жандары жәннәтта болсын…  

***

Міне, енді   өзіміз де кәдімгідей шау тартып, шал болып қалдық,  ақ басты, ақ шашты ақсақал жасына жетіп  ата болдық. Шүкіршілік. Көңілге демеу, санаға сүйеу болатыны, бойға қуат беретіні – бұл күндері сексеннің сеңгіріне шығып отырған қасиетті қара шаңырақ – Қазақ университетінің құрдастары  сол ағайларымыздың көзін көрген, олармен дәмдес, тұздас, дастарқандас болған, бүгіндері ел ағалары  қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерияздан Рүстемұлы Елеукенов, құрметті профессор, жазушы Әбілфайыз Ыдырысов сынды майталмандарымыздың әлі күнге тұғырдан түспей өнегелі өмірлерімен, күнделікті қам-қарекетімен кейінгі толқынға үлгі болып жанымызда жүргендеріне қуанамыз. Олардың әр қадамы, әр сөзі – құнды қазына, тау­сылмас байлық. Аман-есен  жүріңіздер, ағалар! Тойымыз тұғырлы болсын. 

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ, 

жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі

Серіктес жаңалықтары