ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВПЕН СОҢҒЫ СҰХБАТ

ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВПЕН СОҢҒЫ СҰХБАТ

ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВПЕН СОҢҒЫ СҰХБАТ
ашық дереккөзі
794

1996 жылдың жазы. Ол кезде «Қазақтелефильмде» Бас директормын. Бір күні көптен бері араласып, рухани ағам болып кеткен қазақтың біртуар талантты ақыны, Қырғызстандағы Қазақстанның Өкілетті және Төтенше елшісі Мұхтар Шаханов телефон соқты.

– Доқтырхан інім, – деді Мұқаң амандық сұрасқан соң тікелей шаруасына көшіп: – Сәрсенбі күні таңертең Бішкек қаласында «Ыстықкөл» атты халықаралық форум басталмақ. Екі жылда бір өтетін бұл беделді бас қосуға Еуропада жүрген Шыңғыс Айтматов ағаң Батыстың бір топ көрнекті ақын-жазушыларын, мемлекет және қоғам қайраткерлерін ертіп әкелгелі отыр. Ресейден менің досым Евгений Евтушенко бастаған бір қауым орыстың мықты қаламгерлері де қырғыз жеріне арнайы ат басын тіремек. Осы кездесуге бұрынғы аузы кереқарыс КСРО-ның басшысы Михаил Горбачев та келуге ниет білдіріпті. Мен жайлы өзің түсіруді қолға алған деректі фильмге «Ыстық көл» форумынан көріністер түсіріп алсаң, дұрыс болар еді. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып, Шыңғыс Айтматовтан, Евгений Евтушенкодан және басқалардан сұхбат алуға болады. Өзің бұған қалай қарайсың? Келуге мүмкіндігің бар ма?

«Іздегенге – сұраған», мен жерден жеті қоян тапқандай қуанып кеттім.

– Олай болса, келістік, – деді Мұхтар Шаханов. 

Ертесіне режиссер Баян Сұлтанова, кинооператор Николай Кишенин және жүргізуші Берік төртеуміз Бішкекке аттанып кеттік. «Ыстық көл» форумының алғашқы күні Бішкек қаласындағы Президент әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында өтіп, бұл кездесуге бүкіл әлемнің сен тұр, мен атайын дейтін әдебиетшілері, өнер қайраткерлері, саясаткерлері қатысты. Бес жүзге жуық адам қатысқан айтулы форумды Шыңғыс Айтматов ашып, дүние жүзінің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан адамзат баласының бүгінгі таңдағы ең өзекті проблемаларына тоқталып, бүкіл ұлт атаулыны ізгілікке, жақсылыққа, парасаттылық пен адамгершілікке, адалдық пен тазалыққа бастайтын әдебиет пен өнердің атқаратын рөліне жан-жақты терең талдау жасады.

Сол күні көптеген шетелден келген көрнекті саясаткерлер мен ақын-жазушыларды, өнер қайраткерлерін Қырғызстан Республикасының Президенті Асқар Ақаев қабылдады. Осыдан бес-алты жыл бұрын Ленинградқа барған бір сапарымда Орталық универмагта қырғыз ағайындардың осы бір көрнекті ұлымен кездейсоқ кездесіп қалғаным бар. Есімі бір Қырғызстанға ғана емес, кең байтақ КСРО-ға, одан да тысқары жерге кеңінен мәлім академик-ғалымға сәлем бергенімде, ол үлкен ізеттік көрсетіп, асқан бір бауырмашылдықпен хал-жағдайымды сұрап жатты. Асылдың аты асыл ғой, Ақаев мансап атаулының ең биік шыңына көтерілсе де, өзіне тән ізеттілігі мен қарапайымдылығын жоғалта қоймапты, қара торы жүзінен ерекше бір мейірімділік нұры төгіліп тұрды. Қырғызстан Президенті алыс-жақыннан келген құрметті қонақтарға жүрек жарды сөздерін айтып жатқанда, алғашқы қатардағы орындардың бірінде бүкіл әлемді дүрілдетіп, уысында ұстаған КПСС Орталық Комитетінің бұрынғы Бас хатшысы Михаил Горбачев отырды. Баяғы сес, айбат жоқ, жүні кәдімгідей жығылып қалыпты.

Кешке қарай Ыстықкөлге жүретін болып, астымыздағы көлікті қаратып алмақ болып, қаланың шетіндегі техникалық қызмет көрсету орталығына бұ­рылдық. Осы жерде ескі «Вол­гамыздан» ақау шығып, не іс­терімізді білмей біраз тұрып қалдық. 

Бірнеше жыл жүріп тастаған «Волганы» мұқият қарап шыққан жөндеуші қырғыз жігіті басын шайқады.

Бірақ «өлмегенге өлі балық», бір мезетте жанымызға қымбат шетелдік машина мінген жігіт ағасы тоқтап, көліктен шықты. Бізге, біздің «Волгамызға» көз тас­тап, жылыұшырай қарады.

– О, менің қазақ тайекелерім келіп қалыпты ғой, – деді ол ашық-жарқын амандасып. – Байқаймын, көңіл-күйлеріңіз онша емес, бір проблема болып қалды ма?

Шофер бала екеуміз болған жайды түсіндіріп айтып жатырмыз.

– Жөндеуші баланың айтқаны жөн, – деді бейтаныс қырғыз қол сағатына қарап. – Запас бөлшек сататын базар да жабылып қалды. Дегенмен, сіздер уайымдамаңыздар, бір амалын табамыз, тайекелер. Құдай қаласа, бір сағаттан соң Ыстықкөл қайдасың деп тартып кетесіздер. Ал, қазір жақсылап тұрып шай ішіп алайық, – деп бізді жөндеу шеберханасының жанындағы асханаға қарай бастады.

Дастархан мәзірі тез дайын болып, бір-екі кесе ыстық шай ішіп, маңдайымыз жіпси бастағанда, қырғыз ағайын өзін таныстырып өтті.

– Қазақта «Мыңның түрін білгенше, бірдің атын біл» деген сөз бар. Ас үстінде таныса отырайық. Менің атым – Медетбек, әкемнің аты – Дүйсен. Алатаудың етегінде «Ақбастау» деген атақты жайлау бар, оның бір шетін қазақтар, енді бір шетін қырғыздар ежелден жайлап, ауылы аралас, қойы қоралас болып жатады екен. Менің ұлы нағашыларым қазіргі Алматы облысындағы Жамбыл ауданында мекен етіпті. Анам шапыраштының ішіндегі Екей руының қызы. Жарықтық жақсы адам болған екен, ерте қайтыс болыпты. Атам, әкем ертеректе анамның елімен жиі-жиі араласып тұрады екен, кейін қилы-қилы заман болып, көзкөргендер дүниеден озып, қатыса алмай, арамыз алшақтап кетті.

– Сіздің нағашыларыңыз тұратын Жамбыл ауданын мен жақсы білемін.  Ежелден құт пен бақ, ырыс пен береке қонған қасиетті жер, батырлар мен ақындардың атамекені. Жамбыл ауданында атақты Қарасай, Наурызбай, Саурық, Сұраншы батырлармен бірге Қоқан шапқыншылығы кезінде үлкен ерлік көрсеткен Медетбек батырдың да аты қастерлеп аталады. Сіз сол қазақ батырымен есімдес екенсіз. Медетбек батырдың шөбересі Шаяхмет ақсақалды жақсы білемін. Ол кісі сіздерге жезде болып келеді. Қырғыздың қаракойнек руынан тарайтын Құданалы есімді қарияның Сонымбүбі деген қызына үйленіп, бүгінде бір бақытты әулетке айналып отыр, – дедім мен әңгімеге араласып.

– Сөзің өте орынды, – деді қырғыз бауырым. – Медетбек батырдың есімі қазаққа қандай белгілі болса, қырғыз жерінде де әрқашан да құрметпен аталады. Менің атым Медетбек батырдың құрметіне қойылған. Оның үлкен тарихы бар. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, ежелгі заманда, қырғыз халқының басына күн туып, алыстағы Сібірден Алатаудың күнгей жағына қоныс аударса керек. Сол қиын-қыстау күндерде қазақтар: «Бәріміз де Ертүріктің ұрпағымыз, бөтен емес, өзіміздің бауырымыз боласыңдар», – деп жер беріп, Ыстықкөлдей ыстық ықылас танытқан екен. Үйсіндердің бұл жақсылығын қырғыз халқы ешқашан да ұмытпайды, ол сан ғасырлар бойы атадан балаға айтылып келе жатқан ұлы өсиет болып табылады. Ежелден көрші жатқан екі халық қыз алысып, қыз берісіп, мың жылдық құда болып, тату-тәтті тұрды, қуанышы да, қайғысы да бір болды.

Әрине, бес саусақ бірдей болмайды,  адам болған соң, оның аласы да, құласы да кездесіп қалады. Екі туысқан халықтың татулығы мен бірлігіне сына қаққысы келген бұзық ниетті жандар қырғызда да, қазақта да болғаны ащы болса да шындық. Осы оқиғалардың арты үлкен дауға, соғысқа айналып кетулеріне екі көрші туысқан халықтың данагөй ақсақалдары жол бермеген.

Менің туған бабам – Шоңбай қырғыздың атақты барым­та­шысының бірі болыпты. Тарих қой­науына кеткен ХVІІІ ғасыр­дың аяғында өмір сүрген батыр тұлғалы барымташы бастаған топ көршілес жатқан шапырашты ғана емес, Шығыстағы наймандардың, Арқадағы арғындардың жылқысын үйір-үйірімен айдап әкетіп жү­ріпті. Шоңбай бабам ұры-қа­ра­лығымен бірге жүрек жұтқан ба­тырлығымен, жомарттығымен, үлкен адамгершілігімен атақ-даңқы шығыпты. Елдің айтуы бойынша, ол дүниенің құлы болмапты, барымтадан түскен өз үлесін туған-туысқандарына, кедей-кепшікке, жесір-жетімге бөліп береді екен.

Бірде Шоңбай бабам Алатаудың теріскей жағындағы шапыраштының жылқысын ұрламақ болып, түнгі жорыққа аттанғанда, көптен бері кектеніп жүрген қазақтар айласын асырып, оны қолға түсіреді. Ертесіне барымташыларды дедектетіп, Шапырашты руының игі-жақсыларының алдына алып келеді.

– Шоңбай бастаған қырғыз барымташылары талай рет жыл­қымызды айдап әкетіп, елді қан қақ­сатты. «Көп асқанға, бір тосқан» демекші, қолымызға түсіп, мүсәпір болып, алдымызда отыр. 

Бұл баукеспе ұрыға ешқандай рахымшылық болмасын, құнының да бізге керегі жоқ. Өмір бойы терең зынданда құрт-құмырсқаға таланып, қор болып өлсін! – деп Сарыбай би өзінің қатал үкімін айтады. Шоңбайға көптен бері тісін қайрап жүрген басқа билер де Сарыбай бидің сөзін қостайды.

– Дат, – депті сонда Медетбек батыр. – Мен Шоңбайдың жасаған қастығын ақтайын деп тұрған жоқпын. Ол қандай жазаға болса да әбден лайық. Дегенмен, тым қаталдыққа, қатыгездікке бармайық, Шоңбайды өлгенше зынданда ұстағаннан біз ештеңе ұтпаймыз, қайта қазақ-қырғыз бір-біріне өшіге түседі. Мұның баукеспе барымташы екендігіне еш дау жоқ, бірақ қырғыздың көбісі Шоңбайды нағыз адам ретінде, кедей мен жетім-жесірді есіркеген жүректі, қайырымы мол жан ретінде хан көтеріп, сыйлайды. Шоңбайды мен де сырттай жақсы білемін, дұшпаным болса да, адамдығын сыйлаймын. Қырғыз батырының осы жағын да ескеріп, оны қор етпейік. Өлімге жұмсап отырған қырғыздың манаптары айып-құнын төлесін, Шоңбайды бостандыққа жіберейік. Ол бұдан былай қазақ жерін арам ниетпен аттамаймын деп ант берсін.

Қазақтың дана билері әрқашан да сөзге тоқтаған. Олар Медетбек батырдың қара қылды қақ жарған әділ шешіміне құлақ асып, көп ұзамай-ақ Шоңбай бабам еліне аттанып кетіпті.

Менің бабам Шоңбай сөзінде тұрып, барымташылықты мүлдем қойып, бейбіт кәсіпке көшіпті, одан жаман болмапты. Жасы тоқсаннан асқанша Медетбек батырдың ақылдылығы мен кемеңгерлігін, өзіне жасаған шоң жақсылығын үнемі айтып отырады екен. Баба өсиетіне атам да, әкем де адал болды. Әкем Дүйсен қазақтың қызына үйленіп, перзентті болғанда, үлкен той жасап, менің атымды Медетбек қойыпты.

Өнегелік, тәлім-тәрбиелік мәні зор, әсерлі әңгімені ұйып тыңдап қалыппыз. Алғашқы көргеннен-ақ бізге үлкен бауырмалдық танытқан жігіт ағасы ыстық ықыласымен бәрімізді өзіне баурап алды. Тамақ ішіп болғанымызда, ішке ұзын бойлы жас жігіт кіріп, ізетпен сәлем берді.

– Бәрі де дайын, сапарға шы­ғуымызға болады, – деді ол егде қырғызға қарап.

– Дұрыс, балам, тайекелер, танысып қойыңыздар, бұл жігіт менің кіші ұлым. Аты – Азамат. Балам сіздерді өзінің машинасымен Ыстықкөлге дейін жеткізіп салады. Қайта оралғанда өз көліктеріңіз дайын болады, – деп орнынан тұрып, бізге сәт сапар тіледі.

Біз Медетбекке алғысымызды жаудырып, Ыстықкөлге аттанып кеттік.

Мен жол үстінде келе жатып, жолдасым, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы айтқан мына әңгімені еске түсірдім.

Саурық батырдың баласы Сыпатай мен Медетбектің арасындағы қыл өтпейтін достық туралы ел арасында аңыз-әңгіме көптеп кездеседі. Тай-құлындай тебісіп бірге өскен олардың жолдастығы сонау бала кезден басталып, Медетбек пен Сыпатай өмір бойы бір-бірін сыйлап, қадірлеп өтіпті.

Бірде қырғыздар бейқам отырған Шапыраштыларға ойламаған жерден баса көктеп кіріп, 15 жасар Сыпатайды тұтқынға түсіріп, олжалы болған малмен бірге  айдап алып кетеді. Жан досының қырғыздарға қолды болып кеткенін естігенде жас Медетбек үйге сыймайды. Есіл-дерті Сыпатайды қырғыздардың тұтқынынан босату. Бұл туралы әкесіне немесе туған-туыстарына айтса, «Әлі белің қатпаған жас баласың, жайыңа қарап тыныш отыр», – деп ешқайда да жібермейтіндігін бозбала жақсы біледі. Ол ешкімнің рұхсатынсыз үйден қашып шығып, ел кезген диуана бала болып, досын іздеуге бет алады. «Сұрай-сұрай Меккеге де жетесің» демекші, бірнеше күн жаяу жүріп, Сыпатай досы тұтқында жүрген қырғыз ауылына да жетеді. Медетбек үлкен сақтықпен жан-жағына көз тастайды. Қырғыз ауылындағы ересектер бір жаққа кеткен болу керек, мұнда негізінен кемпір-шалдар, жас балалар қалыпты. Аяғын батылдана басқан Медетбек шеткі үйдің сыртында күйбеңдеп, үй шаруасымен айналысып жүрген әйелден су сұрады. Үлкен ожаумен су әкелген әйел Медетбекке таңдана қарады, бір жерден көрген сияқты.

– Шырағым, қазақсың ба? – деді әйел сақтана жай сөйлеп.

– Иә, қазақпын. Байқаймын, сіз де қазақ сияқтысыз, – деді Медетбек әйелге ожауды қайтарып беріп жатып.

– Мені осыдан үш жыл бұрын қырғыздар тұтқынға түсіріп, алып қашып кеткен. Қазір Манапбек деген қырғыз байының тоқалымын. Тоқал деген атым болмаса, көп күңнің бірімін. Сен Саурық батырдың ұлы Сыпатайды іздеп жүрсің бе?

Жасына жетпей тым қартайып кеткен тұтқын келіншек Медетбекке тік қарады.

– Жоқ, мен ел кезіп жүрген диуа­на боламын, – деді бозбала әйелге сеніңкіремей.

– Шырағым, өз бауырына қастандық ойлайтын жаман адам емеспін. Сені танып тұрмын. Сыпатай екеуіңді осыдан төрт жыл бұрын «Ақтасты» жайлауынан көргенмін. Ол кезде екеуің де он екілердегі бала едіңдер. Мен Шапыраштының ішіндегі Шыбылдың қызымын. Бір-екі күнде Сыпатайды Ошқа апарып, құлдыққа сатпақ, – деді әйел тез-тез сөйлеп.

– Әпке, бұл ауылдың еркек біткені көрінбейді ғой, олар қайда кеткен? – деді Медетбек әйелге жақындай түсіп.

– Көрші ауылдағы қырғыздың бір беделді ақсақалы дүниеден озған, бәрі сонда кетті. Осы қолайлы сәтті пайдаланып, Сыпатайды алып, тез елге қашып кетіңдер, – деді Шапыраштының қызы жан-жағына сақтана қарап. – Анау шеткі екінші үйдегі байлаулы тұрған екі атты көрдің бе? Қырғыздың екі жігіті бір жерден шаршап-шалдығып келді, астарындағы аттарының ер-тоқымын алуға да жарамай ұйқыға кірісті. Бұл сабаздар енді кешке дейін оянбайды. Сен ауылды аралап, қайыр сұраған болып жүр, ал мен бие саууға көмектесіп жүрген Сыпатайға барып ескертіп келейін, – деп қазақ әйелі ауылдың шетіне жүгіре бет алды.

– Әпке, сәл тоқтай тұрыңызшы, – деді Медетбек өтініп. – Сізді қырғыздарға тастап кете алмаймын. Елге бірге кетейік.

– Рахмет, көкем, бірақ, мен бара алмаймын. Екі жас балам бар, оның үстіне аяғым ауыр. Тағдырдың маңдайыма жазғаны осы болды, қайтемін, көнбей қайда барамын. Хош бол, айналайын, жолдарың болсын, елге сәлем айтыңдар! Қазір Сыпатай келеді, тез аттанып кетіңдер, кешке дейін елдің шетіне ілігіп қаласыңдар. – Көз жасын сығып, жаутаңдай қараған келіншек алға қарай бет алды.

Көп ұзамай-ақ Медетбек пен Сыпатай жолға шықты. Жол бойы үндемей келе жатқан Медетбек Шапыраштының жеріне іліккенде «Қайран әпкем-ай!» деп еңіреп жылап жіберді. Сыпатай оны қалай жұбатарын білмеді. Оның да қос жанарында жас мөлтілдеп тұнып тұр еді.

Барымташылыққа байланыс­ты қазақ пен қырғыздың арасында жиі-жиі қақтығыстар болып тұрғаны тарихи шындық. Осындай шапқыншылықтың бірінде жиырма жастағы Медетбек байқаусызда қырғыздардың қолына түсіп қалады.

Тұтқиылдан шабуыл жасап, мол олжаға кенелген қырғыздар мастанып, Медетбек батырды танымайды. Шапыраштының жас жолбарысына керегі де осы еді, ол өтіріктен мақау бола қалады. Беті-қолын жумай, сақал-мұртын өсіріп, түрін адам танымастай өзгертеді. Қырғыздардың ымдауымен отын жарып, су құйып жүре береді. 

Арада бірнеше ай өтіп, Медетбек батыр елге қашудың ретін тағатсыздана күтіп жүреді. Бір күні Ош қаласындағы атағы жер жарған манаптың үйіне Алатаудың күнгей жағынан келген бір топ қырғыздар келіп, қонақ болады. Өктем-өктем сөйлейтін қара сұр, еңгезердей қырғыз батырын Медетбек бірден таниды. Ол мал сатумен бірге адамдарды да құлдыққа сатуды кәсіп етіп жүрген қаныпезер қырғыз болатын. Медетбек қолға түскенде: «Маңқа қазақтың алып денелі батырын қамшы үйірмей-ақ тұтқынға түсірдім. Сені бар болғаны он жылқыға сатамын, мұны кім іздей қояды дейсің, сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ» деп, мақтанғаны әлі есінде. Оштың атақты манабы алыстан келген қонақтарды күтіп, абыр-сабыр болып жатқанда Медетбек отын кіргізген болып, асып-тасып отырған әлгі қарақшының сөзіне құлақ тосты.

– Манап, мырза! Оштың базарына қазақтардан барымталап алған үш үйір жылқыны сатуға алып келдім. Қаласаң, құлдыққа екі жас жігіт пен бір жас қызды сатамын. Қыз болғанда қандай! Қазақтың нағыз ай маңдай, қиғаш қас сұлуы! Күң деген сенде онсыз да жетіп артылады, әлгі бойжеткенді тоқалдыққа ал, жас иіс иіскеп, қатынға бір жарып қаласың. Ха, ха, – деп қарақшы бөсіп отыр екен.

– Бөс, бөс, қарақшы қырғыз! Бұл сенің соңғы рет қарғаша қарқылдауың, – деп тістене кектенген Медетбек аулаға шықты. Екі жүйрік атты ерттеп қойып, қалған бес-алты жылқыны босатып, үйдің жанындағы терең сайға айдап жіберді. Қырғыз жасақтары ауызғы бөлмеге тастаған алмас қылышты қолына алып, боза ішіп, бөртіп отырған қырғыздардың үстіне баса көктеп кіріп келді.

– Ей, қарақшылар! Мен мақау емеспін, қазақтың Медетбек деген батыры боламын. Ал, енді имандарыңды айта беріңдер, қор болған бауырларым үшін сендерден кек аламын, – деп қырғыз батыры мен манаптың басын қылышпен шауып, үйден шықты да, аттың біреуін мініп, екіншісін жетекке алып, шаба жөнеледі…

Мен Ыстықкөлге келе жатып, тарихта болған осы оқиғаларды көз алдыма елестеттім. Құлағыма Медетбек батыр мінген тұлпардың тұяқ дүбірі естілгендей болды.

…«Ыстықкөл» форумының жалғасы көрікті көлдің жағалауындағы «Қырғызстан» санаторийінде өтті. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен арнайы ат шаптырып келген, атағынан ат үркетін ақын-жазушылар, саяси қайраткерлер бас қосқан Халықаралық жиын демалысқа ұласты. Қырғыз ағайындар да қазақ сияқты той десе барын шашып тас­тайтын қонақжай халық. Бұл той да Манастың 1000 жылдығына арналған ұлан-асыр мерекеден бір кем болған жоқ. Қырғыздардың ежелгі салт-дәстүрі бүгінгі заманның жоғарғы талғамымен жалғасып, дүркіреп өтті. Франция, Италия, Германия, Испания, Белгия, Португалия, Ресей және басқа да елдерден келген меймандар Алатаудың күнгей жағындағы әдемі көлдің көркіне тамсана көз тастап, суына шомылып, яхтаға мініп, мәз-мәйрам болысты.

Мұхтар Шаханов ағам ескертіп қойған болуы керек, «Ыстықкөл» форумын өз дәрежесінде өткізуге бар күш-жігерін жұмсап жүрген, бүкіл әлем мойындаған аса дарынды қаламгер Шыңғыс Айтматов қанша шаршап-шалдығып жүрсе де, қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов туралы сұхбат беруге келісімін берді.

– Мына шалқып жатқан Ыстықкөлдей терең, анау Алатау­дай биік әрі шоң қос Мұхтарды білемін. Оның алғашқысы – заманымыздың заңғар жазушысы, Лениндік сыйлықтың лауреа­ты, менің рухани ағам Мұхтар Әуезов, ал, екіншісі – бір қазаққа ғана емес, әлем әдебиетінде, оның ішінде поэзияда өзінің үлкен орны бар менің бауырым, рухани інім Мұхтар Шаханов. Мұхтардың асқақ рухқа толы ғаламат поэзиясына бір ауыз сөзбен баға беруге болмайды. Ол бүкіл Түркі әлемі мойындаған шоң ақын. Басына ноқта сыймайтын батыр, өршіл ақын. Өлеңді кие тұтқан, жаны жаңа жауған қардай кіршіксіз таза ақын. Қазақ халқы мен оның болашағы мен келешегі үшін қарлығашша шырылдайтын, елінің үлкен бақыты үшін ештеңеден тайынбайтын қайраткер, батыр ақын. Елші ретінде қазақ пен қырғызды жақындатып, екі туысқан халықтың достығын паш етіп, рухани дүниесін биікке көтеріп жүрген бауырмал жан. Мен Мұхтарды көргенде қазақ бауырларымның кең байтақ даласын, сол даладай кең пейілін көргендей боламын! – деп ұлы қаламгер Мұхтар інісі туралы ағынан жарылды.

Бұл менің Шыңғыс Айтматовтан алған алғашқы және соңғы сұхбатым еді. Ұлы адамдармен сөйлескенде, сені бірден олардың мысы басып тұрады. Бір аңғарғаным, есімі бүкіл дүние жүзіне белгілі жазушының тұла бойынан осы арақашықтықты алыстатып тұратын қасиет мүлдем байқалмады. Жүзінен үлкен парасаттылықтың нұрлы шуағы төгіліп, адамды өзіне бірден баурап алады екен, менімен туған ағамдай еркін, жылы сөйлесті. Толқып жатқан Ыстықкөлдің жағасында дидарласып отырып, Шыңғыс Айтматовтың даналығы мен қарапайымдылығына таң қалдым.

– Атың қызық екен, – деді Шыңғыс аға мен ұсынған өзінің кітабына қолтаңба жазып жатып – Жамбылдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында оқып жүргенімде менің Доқтырбек деген досым болды, есімін ырым етіп, осылайша қойыпты.

– Менің анам ауылдағы әйел­дердің арасында тұңғыш рет Жуалы ауданындағы жалғыз перзентханада босаныпты. Сіз айтпақшы, ырым етіп, атымды Доқтырхан қойыпты, – дедім мен күле жауап беріп.

– Менің туған ауылым Шекер мен Жуалы ауданы шектесіп жатыр. Бұл құтты жерді жақсы білемін, ертеректе «Правда» газетінде тілші болып жүргенімде «Жуалының ақ бидайы» деген үлкен очерк жазған болатынмын. Солай доқтыр болмай, журналист болып кеткем, бауырым, – деді Шыңғыс Айтматов менің арқамнан қағып. – Айтпақшы, жақында Алматыға келгенде Мұхтар інім екеуміз сенің қазақ теледидарынан  жүргізіп жүрген «Бойтұмар» деген хабарыңды көрдік. Мұқаң сені жақсы көреді екен, әбден мақтады. Түбі бір, тегі бір түркі халықтардың салт-дәстүрін, тарихын, ұлы тұлғаларын насихаттағаның өте дұрыс. Қилы-қилы заман болып, бәрімізге ортақ рухани қазығымыздың алтын діңгегін босатып алдық қой. Соны мықтап бекіту керек. Онсыз біз алға жылжи алмаймыз. Рухани байлық жоқ жерде, ырыс та, береке де, татулық та, бейбітшілік те болмайды. Осыны ұмытпа, Доқтырхан інім. Ісіңе сәттілік тілеймін!

– Рахмет, Шыңғыс аға! Кішкентай еңбегімді кәдімгідей бағалап жатырсыз. Мен үшін одан асқан қуаныш жоқ! – дедім алғыс сезімімді білдіріп.

Осындай сәтті пайдаланып қалатын бір топ журналист ағайындар Шықаңды жан-жақтан қоршап, сұхбат ала бастады.

Франциядан келген жас журналист қыз өжет екен, суы­рылып алға шығып: «Сіздің туындыларыңыздың көптеген кейіпкерлері қазақтар болып келеді. Оның себебі неде?» – деген ойлы сұрақ қойды.

– Қазақ пен қырғыз түркіден тарайтын туысқан халықтар. 15-16 ғасырдан бері Алатаудың екі шетінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақ пен қырғыз ежелден қыз беріп, қыз алысқан, мың жылдық құда болған, салты, дәстүрі, діні, тілі өте жақын ел. Біздің қуанышымыз, қайғымыз, тағдырымыз бір халықпыз. Алатаудағы жайлауларда осы күнге дейін қазақтарсыз той өтпейді. Сондықтан да, менің романдарымда қазақ кейіпкерлерім көп кездеседі. Ол кейіпкерлерсіз кез-келген туындым шымыр, шынайы шықпаған болар еді, – деді Шыңғыс парасатқа толы сөздермен салиқалы жауап беріп.

– Менің Орта Азияда тұңғыш рет болуым. Қырғызстанның табиғаты маған ұнады. Көрші жатқан Қазақстан қаңырап жатқан шөлді ел дейді. Осы рас па? Жалпы қазақ деген қандай халық? – деді Италияның журналисті тақ-тақ етіп.

– Мен сенің соңғы сұрағыңнан бастап жауап берейін, – деді заңғар жазушы күле сөйлеп. – Қазақ елінің бір шеті мен екінші шетін 6 мың шақырым жер алып жатыр. Бұл кең байтақ жерге 9 Франция, 20-ға жуық Италия сыйып кетеді. Қазақтың жері қандай кең болса, пейілі де сондай дархан. Өскен ғылымы, әдебиеті, мәдениеті өркендеген мемлекет, былайша айтқанда Орта Азияның көш басшысы – Қазақстан. Қазақ пен қырғызда «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деген сөз бар. Мүмкіндік болса, өз көзіңмен көріп, Қазақстанға барып қайтқаның жөн.

Енді бірінші сұрағыңа жауап беруге тырысайын. Қазақстанда шөл де, өзен мен көл, теңіз де  бар, асқар-асқар тау мен сыңсыған орман да бар. Жерінің беті де, асты да тұнып тұрған байлық. Көкшетаудың, Өскеменнің сұлу табиғаты Швейцариядан бір кем емес. Бір сөзбен айтқанда, ғажайып өлке, ырысты, берекелі ел. Осының бәрін жаратқан Ием қазақ ағайындардың ақ пейіліне қарап берген болуы керек.

Бір топ шетелдік журналистерге қысқа, бірақ өте тұжырымды жауап берген Шыңғыс Айтматов өзін күтіп тұрған мәскеулік ақын Евгений Евтушенко мен Мұхтар Шахановқа қарай бет алды.

Дүние жүзінің барлық ізгі ниетті адамдары хан көтеретін аса талантты жазушының жүрегінен шыққан шынайы лебізді тыңдай отырып, іштей қатты толқып тұрдым. Дуалы ауызды Айтматов өте орынды айтады. Иә, қазақ халқы байтақ жерді алып жатқан кең халық, жомарт халық, данышпан халық, батыр халық! Ал, қырғыз бен қазақтың арасындағы ізгілікті жолды, бауырмалдыққа толы туыстық жолды алғаш салған біздің Есқожа, Таңатар, Құдайберді, Медетбек батыр сияқты дана бабаларымыз бен аталарымыз. Шыңғыс ағаның ұлағатты сөздерін тыңдап, мен осыны тереңірек ұғына түскендей едім.

Доқтырхан Тұрлыбек, 

жазушы 

Серіктес жаңалықтары