КОРРИДАНЫҢ ОТАНЫНДАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ КҮНДЕР

КОРРИДАНЫҢ ОТАНЫНДАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ КҮНДЕР

КОРРИДАНЫҢ ОТАНЫНДАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ КҮНДЕР
ашық дереккөзі
440

Томас семьясымен осы Испанияда тұрғанына біраз уақыт болыпты. Өзі эстон жігіті. Шешесі Эстонияда тұрады. Мұнда әйелі екеуі. Балалары ересек, шет елде оқиды, қызмет істейді. Әйелі Ольга украин қызы. Қазір қолдарында кішкентай үй күшігі бар, сонымен кезек-кезек әңгімелесіп жүреді екеуі. Томастың негізгі мамандығы құрылысшы. Бизнесі де осы құрылыс. Үй салады. Өзі жан-жақты білімді жігіт.

Мен оған: «Томас, сен білесің бе, Испанияны арабтар жүздеген жылдар бойы мекен еткен. Хишам Халифтың немересі 756 жылы Испанияға келіп, кейін екі жүз жыл өткен соң мәдениеті мен саяси ықпалы жағынан күллі Еуропаны басып алған Кордова халифатының негізін салған. Бұл туралы Ә.Кекілбаевтың он екі томдық шығармалар жинағында, 7-томында «Ұя мен жебе» сапарнамасында жазылған» деймін. Томас аса таң қалмады. Хабардар болса керек. «Испанияның оңтүстік жағында Кордово деген қала бар. Мүмкін сол заманның бір белгісі шығар» – деді. «Арабтар география ғылымын жетік білген ғой. XIII ғасырда алғаш рет глобусты де солар ойлап тапқан емес пе?», – деп тарихтан да хабардар екенін білдірді. Сонымен келесі күні Томас екеуміз Барселонаға жол тарттық. Фигерес қаласынан жүйрік поезға міндік. Вокзалдың тәртібі аэропорттағы тәртіппен бірдей екен. Қолдағы сөмкемізді арнайы тетіктен тексеріп, билеттерімізді тексеріп, билеттерімізді белгілеп қолымызға берді. Вагонның іші отыратын ғана орындар. Айнадай еденнен жүзің көрінетіндей. 

Тура белгіленген уақытта поезд қозғалды. Ешқандай дыбыс, тасыр-тұсыр жоқ. Судың бетімен қалқып бара жатқандай сезінесің. Біраз жүргеннен кейін жолсерік – ер кісі кішкентай арбашамен шай, кофе және шайға печенье әкеліп беріп жатты. Бұл билеттің құнына кіреді екен, бізше тегін. Мен шай іштім, Томас кофе ішті.

Вагонның ішкі маңдайшасында поездың жылдамдығын көрсетіп тұратын табло бар. Соған көзім түсті. Сағатына 200, 250, 275, 280, 300 шақырымдық жылдамдықпен жүрген кезде сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Томас маған қарап күліп отыр. Сондай жылдамдық үстінде суретке түсіріп алдым. Барселона теңіз жағасына орналасқан портты қала (Жерорта теңізі). Каталония провинциясының орталығы. Испаниядағы ең ірі әрі бақуатты облысы. Бүкіл Испанияның ішкі қаржысының 40 пайызға жуығын осы Каталония провинциясы береді. Каталондықтардың өз тілі бар, бұл тілді Испанияның қалған бөлігіндегі халық түсіне бермейді.

Испанияда болып, корриданы қы­зықтамай кету үлкен өкініш болар еді. Коррида испандықтар үшін спорттан гөрі, өнер сияқты өзгеше көрініс, тіпті трагедия деуге болады. Жергілікті ұшақпен Мадридке жетіп, қонақ жайға орналастық. Ертеңіне кешкі сағат бесте 20 мың адам сиятын үлкен аренада Коррида басталады. Оған дйін Мадридті араладық. Мадридтің алаңдарында йогтар әртүрлі кейіпте өнер көрсетіп, суретке түскен кісілерден ақша алады. Аяғы жерге тимей тұрған адам, тек бір қолына сүйеніп тұрған адам жақсы киініп, галстук таққан, бірақ басы денесінен жоғары тұрған мойын орнына темір шыбықтар, т.с.с. көптеген көріністер таңқаларлық нәрселер. 

Корольдер алаңында Испания тарихындағы барша корольдердің мүсіндері орналасқан, аты-жөні, қай жылдары өмір сүргені жазылып қойылған. 

Сонымен аренаға (үлкен стадион) келдік. Тұп-тура бесте гимн ойналды, халық түгел тұрып, қошемет білдірді. Корриданың барлық қатысушылары аренаны айналып шығып, бүгінгі қойылымның төрағасына қатар тұрып тағзым етіп, сәлемдесті. Төраға Мадрид қаласының мэрі болса керек. 

Томас маған коррида тарихынан әңгіме айтуда. Оның айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Манолетте деген матадор болыпты. Айтуына қарағанда, №1бұл кісі матадор болса керек. «Толық матадор» деп атайды ол кісіні. Аренаға шығып жүргенде 1200 бұқаны өлтіріпті. Ал бұқаларды арнайы асырайды екен, бұлардың тұқымы өте ірі (салмағы 500-600 кг.) және өте ашулы, асау келеді (құтырғандай).

Корридаға қатысушылар былай бөлінеді: 

Матадор – бригаданың бастығы, ең күшті әрі өнерлі маман, бұқаны өлтіретін осы адам;

Пикадор – бұқаны ашуландырушы, әр түрлі сүңгілерді бұқаның желкесіне қадап жүреді, қан шығарады; 

Тореадор – бұқаны өзіне қызықтырып жүгіртіп, алдап шаршататындар;

Тореро көмекшілері (плащ киіп алады) – бұлар арнайы жасалған қорғандарда тұрады, бұқа сүзуге келген кезде, қорғанға кіріп кетеді.

Біз алдыңғы қатарға отырдық. Коррида жүргізушілері өз орындарына барып тұрды. Бір кезде солтүстік дарбаза ашылып, аласұрып, көздері қанталап, үлкен қара бұқа шыға келді. Аренаға шықты да, көзіне көрінген жігіттерге тұра ұмтылды. Ал сүзуге жақын қалғанда қызыл матаны бұқаның алдына тоса қалып, өздері бұлт етіп, қарағайдай мүйізден құтылып кетеді. Осылайша кезек-кезек бұқаны шаршата бастайды. Пикадор біртіндеп бұқаның желкесіне сүңгі лақтырып, қан шығара бастайды. Бұқа әлі құтырып жүр. Егер жазатайым мүйізі тисе жарып өлтіретін түрі бар. Осы кезде сауыт-сайман асынған атты адам шығады. Аттың екі көзі бүркеулі, бүкіл денесін орап тастаған.

Ашуға мінген бұқа сол атты адамға тұра ұмтылды. Барды дағы мүйізді аттың бауырына салып жіберіп, атты адамды ат-матымен жалпасынан түсірді. Отырған адамдар гу ете түсті. Мен: «Аттың қарны жарылып қалған шығар», – деп ойладым. Сөйтсем, атты сауытпен орап, мүйіз өтпейтін етіп тастаған екен. Осы кезде пикадорлар, тореадорлар қызыл маталарымен бұқаны қызықтырып алдап, алаңға шығып кетті. Атты жабылып тұрғызды. Жынданған бұқа қайтадан атқа қарай ұмтылсын. Осы кезде аттың үстінде отырған адам ұзын найзаны бұқаның желкесіне сұғып алды да, қан сау­лап аға бастады.

Бұқа әлі тоқтайтын емес. Пикадорлар өздерінің сүңгілерін дәлдеп лақтырып, бұқаның желкесіне қадаумен болды. Бұқа жайлап қан жоғалтып, саябырлады. Енді матадор бұқамен жекпе-жекке келді. Бұқа ұмтылған кезде қызыл матамен алдап, жанынан өткізіп жібереді. Мүйіз бен матадордың арасы көп болса 20 см. болады-ау деймін. Осылайша жекпе-жек жалғасып, бұқа да әлсірей берді. Осы кезде матадор ұзын сүңгіні бұқаның мойнына қадап, жұлынға дәл тигізді білем. Бұқа жалпасынан түсті. Аренадағылар орындарынан бір кісідей тұрып, қол шапалақтауда, әртүрлі тілде айқайлап, қолдау көрсетуде. Аренаның басқа бір дарбазасынан екі ат жеккен сүйретпе алып келіп, бұқаны іліп алып, сүйретіп алып кетті. Әр өлтірген бұқаның құлағын кесіп, матадорға берді білем. Етін ресторанға өткізеді. Осылайша бір кеште 6 бұқаны өлтірді. Халыққа бұл көрініс қызық, айқайлап, қол соғып жатқаны. Ал өз басым бұқаларға жаным ашыды.

Енді бір кезде шыққан бұқа жан-жағына алаңдап тұрды да, ешкімді қумады, сірә, жуастау болса керек. Бұл жұртты қызықтырған жоқ. Осы кезде басқа бір дарбазадан 5 ала бұқа шығып, жаңағы жуас бұқаны иіскеп, өздерімен ертіп алып, жаңа ғана өздері шыққан дарбазаға кіріп кетті. Міне, қызық. Бұларды әдейі үйреткен сияқты. Мүмкіндігінше суретке, видеоға түсіріп алдық.

Кейінгі кезде Испания өкіметі корриданы Мадридтен басқа жерде көрсетуге тыйым салыпты. Гуманизмге қарай аяқ басқандары шығар. Ертеде парылар бұқаларға құдай сияқты табынса, гректер бұқалармен күш сынасу ойындарын өткізген. Ал қазір Испандықтар бұл дәстүрді коррида арқылы жалғастыруда.

Аз күннен соң Испания – Барселона, Мадридпен қоштасып, елге оралдық.

Өскенбай Құлатайұлы

Серіктес жаңалықтары