Кітаптың саны көп. Сапасы қандай?

Кітаптың саны көп. Сапасы қандай?

Кітаптың саны көп. Сапасы қандай?
ашық дереккөзі
1099
Кітаптың саны көп. Сапасы қандай?Елімізде баспа өнімдерін тарату, таныту, жұртшылыққа жариялау жұмыстары әлі де тұйық кейіпте. Сондықтан жарнамасыз кітаптар тасада қалып қоя береді. Өткен жексенбі күні отандық баспалардың жарыққа шыққан кітап өнімдерін таныту, кітап таралымын арттыру, баспа-кітап-оқырман арасындағы байланысты нығайту, сонымен қатар қазақ жазушыларының шығармашылығын насихаттау мақсатында Алматыда кітап жәрмеңкесі өтті. ҚР Ұлттық кітапханасы мен Қазақстан баспаларының ұйым­дастыруымен өткен жәрмеңкеде жиырмадан астам баспа өз өнімдерін оқырман назарына ұсынды. Баспа ісі және кітап таратудағы өзекті мәселелерді филология ғылымдарының кандидаты Қоңыр Мұқатай­қызынан сұрап білген едік. – Бүгінгі оқырман талғаммен таразылап, байыппен бағамдап барып, баспадан шыққан бағалы кітапқа қол созады. Елімізде оқырман сұранысының басым бөлігін қай баспалар қанағаттандырып отыр?  – Алдымен қазіргі таңдағы баспа саласы қалай дамып келе жатқанына зер салу керек. 2014 жылы Қазақстандағы бар баспалардың тіркелетін мемлекеттік мекемесі – ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәліметі бойынша, 360 баспа және баспа ісімен айналысатын ұйымдар бар екен. Енді осы мекеменің «Қазақстан Республикасының баспасөзі 2013 жыл: статистикалық жинағына» жүгінсек мынандай саралауды көреміз.  Баспа өндірісінің басым бөлігі Алматы қаласында орналасқаны белгілі. Олардың саны – 242 баспа және  бас­па ісімен айналысатын мекемелер (66,1 пайызын құрайды). Басқа аймақтар бойынша баспа және  баспа ісімен айналысатын ұйымдар көрсеткішіне зер салсақ: Астана қаласында  – 43 (11,7 %), Қарағанды қаласында – 15, Қостанайда – 13,  Шымкентте – 10,  Қазақстанның  басқа  да  ірі қалаларында бірен-саран кітап басылымдары шығатынын көруге болады. Бұл  жерде  негізгі  белсенді баспалар  Астана  мен  Алматы  қалаларында  шоғырланған. Бүгінгі күнде баспалардың шығаратын өнімдерінің тақырып­тық шектеулері болмаған соң, жүйелеуге қиындық тудырады. Дегенмен де, меншік иесіне, құрылтайшысына қарай отырып,  дәстүрлі, жоғары оқу орындарының баспала­ры, арнайы мекемелер, ғылыми-зерттеу мекемелері, қоғамдық ұйымдар мен қорлардың баспалары деп жүйелеуге болады. Бұрындары баспа түрлері аз болатын. Заман дамуына қарай жан-жақты қамтылған арнайы баспалар империясы дамып келеді. Республикамызда үнемі кітап басу, тарату ісімен айналысып келе жатқан баспалардың орны ерекше. Олардың ішінде «Атамұра» корпорация­сы, «Алматыкітап» баспасы, «Қазақ университеті», «Мектеп», «Арман-ПВ», «Аруна ltd» баспаларын ерекше атап өтуге болады. Бұл баспаларда толыққанды кітап сату жүйесі қалыптасқан. Баспа өнімдерін Алматы, Астана қалалары мен еліміздің барлық облыстарындағы орталық дүкендер жүйесі арқылы таратады. Сонымен бірге осы қатарда Астана қаласында орналасқан «Фолиант» баспасы мен «Аударма» баспаларын да  атауға болады. Бұл мәліметтердің бәрін мен Кітап палатасына келіп түскен кітап басылымдарының міндетті данасы арқылы жыл сайын жасалатын статистикалық жинақтың  рейтінгісі бойынша алдыңғы он баспа көрсеткішінен айтып отырмын. Қазақстанның қазіргі заманғы баспа жүйесінің дамуында Алматы және Астана қалаларының жоғары көрсеткіші байқалады. Кітап палатасының мәліметі бойынша, жылына 5000-5500 кітап басылымының міндетті даналары түсіп отырады екен. Әрине, бұл республикадан шыққан кітап басылымының міндетті даналары толық алынады деген сөз емес, біз әлі де болса міндетті даналардың толық түсуін жетілдіруіміз керек екені сөзсіз. Кітап басылымының тілі жағына келсек,  2013 жылы шыққан кітаптар мен кітапшалардың 54,4 пайызы  қазақ тілінде, 38,5 пайызы орыс тілінде.  Қалғаны  өзге ұлттар тілінде шығарылыпты. Осы тұста аударма әдебиеттердің шығарылымын айта кетсек,  2013 жылы 209 атаулы кітап қазақ тілінен басқа тілдерге, 94 атаулы кітап басқа тілдерден қазақ тіліне, оның ішінде, 48 ағылшын тілінен, 14 орыс тілінен  аударылыпты. Жалпы осындай  көрсеткіш­терге сүйене отырып, бүгінгі күнде баспа саласы қарқынды дамып келеді деп айта аламыз. – Десе де, оқырман сұранысы толық қамтыл­майтын сияқты. Баспалар сұранысты қанша жақсы дүниелермен қанағаттандырамыз десе де, тұтынушылар баяғы жартас, сол жартастың күйін кешіп отыр. Әсіресе, биылғы оқу жылында мектеп оқушылары мен  ұстаздарын әбігерге салған мек­теп оқулықтарын алайық. Уақ­тылы жарық көрмей, талай жеткіншектеріміздің жолына бөгет салған мұндай келеңсіздіктерге кім жауапты? Маман ретінде сіз қандай ой қорыта аласыз?  – Бұл сауалға айтарым, 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра», жыл сайын бекітілетін «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару», «Қазақстан Респуб­ликасында тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша оқырманға жол табатын жақсы кітаптар шығарылып келеді. Бірақ олардың таралымы аз екенін білеміз. Мысалы, 2013  жылы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша 359 аталыммен кітап шыққан.  Басылымдардың басым бөлігі көркем әдебиеттер (58,5 пайызын құрайтын 261 кітап).  Бұл басылымдар, әрине,  кітапханаларға таратылады. Оқырманның бәріне қолжетімді емес. Жалпы оқырман сұранысы дегенде айтпай кетуге болмайтын бір жағдай, ол оқырман сұранысы қалай зерттеліп жатыр деген мәселе. Бізде оқырманмен байланыс жоқтың қасы. Кітаптың сұранысы, оқылуы, зерттелуі, таралуы, кітап социологиясы сияқты тұстарын зерттейтін бір орталыққа шоғырландыратын не қоғамдық, не мемлекеттік ұйымның жоқтығы, әрине, өкінішті. Мен өзім осы салада көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан соң, бұл мәселенің шешімін табатын уақыт жетті деп санаймын. Кітап ғылыми зерттеу инс­титутын ашу керек деген ойды ылғи да айтып келемін. Ол мемлекеттік деңгейде шешілу керек деп ойлаймын, сонда ғана бізде кітапқа байланысты көптеген мәлелелер өз шешімін табатыны сөзсіз. Ал мектеп оқулықтарына келсек, расында да ондай қиыншылықтар болғаны рас, бірақ ол баспаның уақытында шығарып үлгермегені емес, кітапты таратушылардан кеткен кемшіліктер шығар. Тіпті, сауатсыздық бүгінде белден асып барады. Қаншама сұрыптаудан, сүзгіден өткен кітап қателіктерден көз сүрінерліктей болып жарық көріп жататын кездер болады. – Жалпы, кітап, баспа ісіндегі келеңсіздіктердің орнын толтыратын кез жеткен сияқты делініп жүр. Ал оның жолы қандай?  – Иә, мен онымен келісемін, бүгінгі күнде кітап шығару мәдениеті төмен, оны мойындауымыз керек. Қазақстанның тәуелсіздік алуы бүкіл баспа ісінің дамуына жаңа серпін берді. 1991 жылы Кітап палатасында «Рауан», «Жалын», «Жазушы», «Қазақстан», «Өнер» сияқты небәрі 14  баспа тіркелген болса, қазіргі кезде олардың саны жоғарыда айтып кеткендей 360-қа жеткен. Нарық заманына байланысты кітап, баспа ісі де бизнестің бір түріне айналды да, кітап басу саласын да баспа-полиграфия саласынан хабары жоқ, тәжірибесіз әр  түрлі мамандық иелері келді. Олардың кәсіптік білімі, баспа жұмысынан тәжірибелері жоқ болған соң, ол әрине шығарып отырған  кітаптарынан көрініс табады. Сондықтан да бас­па саласының қарқынды дамуына байланысты, оның мамандарын да дайындау күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұл ретте Қазақстанға білікті де білімді  баспагерлер дайындайтын  Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіндегі баспа ісі және дизайн кафедрасының атқарып отырған жұмыстарын ерекше айтып кетуге тұрарлық. Кітап бұрынғыдай корректор, редактор, бас редакторлардың сүзгісінен өтілмей, авторлық редакциялаумен немесе бір ғана редакциялаумен шығып жатқаннан қате көп. Кітапты тек бизнес көзі деп қарамай, мәдениетіміздің көрсеткіші екенін ұмытпағанымыз жөн. – Кітап тарату ісі қалай жүргізілуі тиіс және отандық баспалар бұл мәселені қалай шешіп отыр?  – Қазақстандағы жеке дара кітап сау­дасы, барлық ТМД елдеріндегі кітап саудасынан онша көп айырмасы жоқ. Ресейдегі сияқты, Қазақстанда да қаржы айналымы өте жоғары компаниялар тобының пайда болуы, бәсекелестікті үдете түсуде. Статистика агенттігінің мә­ліметтері бойынша, республикада 307 көтерме сауда кітап дүкені, 167 жеке дара сауда кітап дүкені бар екен. Бұл дүкендер ірі қалаларда шоғырланған, мысалы, Алматыда – 145, Астанада – 25 көтерме сауда дүкені орналасқан. Облыс орталықтары, қалалар бойынша алдыңғы қатарда Ақтөбе облысы – 37, одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан – 27 және Қарағанды облысында – 16 дүкен жұмыс істейді. Алматыда «Гулянда», «Книжный мир семьи», «Академкнига», «Эврика», «Экономика С», «Алматыкітап» сияқты ірі кітап дүкендері бар. Бүгінде кітап таратудың жолдары көп. Кітап нарығы кеңістігінде интернет-дүкендер белгілі ойыншы­ларға айнала бастады. Көптеген бас­пагерлер мен кітап саудагерлері өздерінің интернет-дүкендерін белсенді түрде аша бастады, бұл да оқырмандар арасында кітапты интернет арқылы сатып алудың дәстүрге айнала бастағанын көрсетеді. Кітаптарды интернет арқылы тарату көлемі одан әрі ұлғаяды деп ойлаймын. Онлайн-сауда өз жолын жаңадан бастап келеді. Қазіргі кезде интернет арқылы жасалатын бизнестің дамуына қолайлы жағдайдың бәрі бар. Қазақстандағы бұл бағыттағы жұмыстар жаңадан басталды. Көптеген сауда компания­лары басшыларының пікірі бойынша, клиенттердің интернет-дүкендерге ауы­су тенденциясы байқалады. Олардың сауда айналымы жылдан жылға өсіп келеді. Бүгінгі таңда барлық кітап саудасы дүкендерінің жалпы көлеміндегі олардың үлесі 12,5 пайызды құрап отыр. – Сіз Кітап палатасында ұзақ  жылдар қызметте  болдыңыз. Бас­па, кітап ісі төңірегіндегі біршама стандарттарға жауапты болдыңыз. Қазіргі жаңа стандарттар, жалпы стандарттар қай талаптарға сәйкестендіріледі? – Мен университетті бітіргеннен кейін еңбек жолымды Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасынан бастадым. Сонда қатардағы библиографтан бастап, басшы қызметіне дейінгі аралықтағы бар мамандықты меңгердім. Маман ретінде кеңес дәуіріндегі және Тәуелсіз Қазақстан кітап ісіне байланысты бар стандарттардың жобасын дайындаған едік. Ал Қазақстан Халықаралық стандартты кітап нөмері тіркеу Агенттігіне толық мүше болып енгеннен кейін, өзіміздің ұлттық стандартымызды дайындау керек болды. ISBN (Халықаралық стандартты кітап номері-International Standard Book Number) стандарты жобасын дайындап, Қазақстан баспа саласына енгізуге басшылық еттім. Сонымен бірге Қазақстан кітап басылымына пайдалану Ережесін жасауда авторы болдым. Кітап басылымдарын штрих-кодқа өткізуде де жетекшілік еткен едім. Бұл 1996 жыл болатын, бұл стандарт қайта толықтырылумен 2013 жылы қайта бекітілді. Баспа өнімдерінің стандарттары дегенге қысқаша түсініктеме бере кетсем. Біздің күнделікті пайдаланып жүрген баспа өнімдері – кітап, газет, журнал, сол сияқты басқа да ақпараттық басылымдардың шығарылым мағлұматтарын бір ізге түсіріп, реттейтін  нормативті-техникалық құжат. Бүгінгі таңда ақпарат құралдары мен кітап басылымының түрлерінің көптігі соншалық, егер оны реттейтін осындай құжат болмаса, ол басылымдармен жұмыс атқаратын мекемелер мен оқырманның бірін-бірі «түсінуі» мүмкін емес. Сонымен бірге стандарттау  библиография, статистика және кітап саудасы саласында басылым туралы ақпараттар жүйесін әмбебап етеді. Стандарттау, әрине, баспа саласында шектеу­лер қоятыны шындық, бірақ  бас­па өнімдерімен жұмыс істейтін ақпарат, кітапхана және оқырман арасын бір деңгейде түсіністікке келтіретін қажеттілік. Стандарттардың көбісі мемлекетаралық деңгейде  қолданылады, ТМД елдерінде бірың­ғай дәрежеде сақталуы керек. Бұл стандарттардың барлығы да  ISO-ға сәйкестендіріліп жасалады. Қолданылуына қарай стандарттар мемлекеттік, республикалық және салалық болып бөлінеді. Біздің баспа ісінде қолданылатын стандарттарымыз мемлекеттік және республикалық болып келеді. – Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Ақниет ОСПАНБАЙ    

Серіктес жаңалықтары