Осы жұрт Жәңгір ханды біле ме екен?!.

Осы жұрт Жәңгір ханды біле ме екен?!.

Осы жұрт Жәңгір ханды  біле ме екен?!.
ашық дереккөзі
318

Негізгі әуестенгені – ғылым, ал қамшының сабындай қысқа өмірінің мәні мен мағынасы – білім болған хан Жәңгір ағартушылық саласында қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтан 34 жыл, бірінші қазақ ұстазы Ыбырай Алтынсариннен 40 жыл және ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбаевтан 44 жыл бұрын еңбек еткені тарихи шындық. 

Бірақ, белгісіз бір себептермен осы күнге дейін қалың бұқараның осыншама ірі тарихи тұлғаның өмірі мен игі істері жайлы мәліметтерден бейхабарлау болып келгені әрі түсініксіз, әрі өте өкінішті жағдай. 

Өткен жылы Қазан қаласында іс-сапармен болғанымда осы жәйтке көзім жетті. Сол жолы Татарстан Ұлттық кітапханасының директоры Н.И.Лобачевский атындағы Қазан университетінің кітапханасына келгенімді, ал өзім Алматыдағы ҚР БҒМ «Ғылым ордасы» РМК-ның Қазақстан ғылымы тарихының мұражайында жұмыс істейтінімді білгеннен кейін: «Қазан уни­вер­си­тетінің тарихи мұражайын және Татарстан Республикасының Ұлт­тық мұражайын көргеніңіз абзал болар еді», – деп сенім артты.

Сонау 1804 жылы құрылған Қазан университетінде 10 мұражай (музей) жұмыс істейді екен. Олар: археология, геология, өсімдіктану, зоология, этнография, педагогика тарихы, университет тарихы, Қазан химиялық мектебі, ескі заттар мұражайы мен мұражай-зертхана. 

Қазан университеті тарихының мұра­жайында университеттің құр­метті мүшелерінің портреттік гале­реясы жасалған екен. Өткен ға­сыр­лардағы Ресейдің ғылымы мен ағартушылық саласындағы аса көрнекті қайраткерлерінің портреттері арасынан Бөкей ордасының билеушісі Жәңгірдің портретін көріп сүйсіндім. Қазақстаннан шалғай жерде ғылым мен ағарту саласындағы қазақ ханының еңбегіне лайықты түрде әділ және жоғары баға берілгендігі қатты қуантты! 

Осы көріністің әсерімен кезінде ортақ тарих, ортақ мемлекеттілік болғаны, қазақ және татар халықтары арасында әрқашан саяси, экономикалық және мәдени байланыс үзілмегені, VI–VIII ғасырларда қазақтар мен татарлар Түркі Қағанаты құрамына енгенін, тағы басқада арғы тарихымыз туралы жайттарды есіме алдым. 

Сонымен қатар, XIII–XIV ғасырларда Поволжье мен Қазақстан жерлері – тарихта Алтын Орда атауымен әйгілі – Жошы Ұлысы құрамына кірді. Ал, XVII–XVIII ғасырларда башқұрт көтерілісіне татарлармен бірге қазақтар да қатысты.

Сонау 1730-1750 жылдарда татар мырзасы Алексей Тевкелев қа­зақ­тардың кіші жүзінің ру бас­таушыларымен олардың ре­сей­лік азаматтықты қабылдауы туралы келіссөздерді жүргізді. XVIII ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңде татар молдалары мен көпестері қазақтардың оқу-ағартушылық саласында дамуына, Қазақстан қалаларында нарықтық инфрақұрылымдықтың болуына және ел экономикасының ілгерілеуіне үлкен үлестерін қосты.

1803 жыл мен 1917 жылдар ара­лығында Қазан қаласы сол өңір­дегі оқу округінің орталығы болғаны мәлім. Қазан округінің инспекторлары қазақ оқу-ағарту мекемелеріне де жетекшілік етті. ХІХ-ХХ ғасырларда Қазан университетінде және Қазан ветеринарлық институтында көптеген қазақтар оқып, нәтижесінде олар ғалым, мемлекет және қоғам қайраткерлері бола алды.

Қазан университетінің түр­кі­­танушы профессорлары Н.И.Иль­мин­ский мен Н.Ф.Ката­нов­тың жеке қорларында қазақ хал­қының этнографиясы мен фольклоры бойынша құжаттар сақталуда. Бұл заттар оларды таңқалдырған зерделі қазақ ханы Жәңгірден алынған екен.

Бөкей ордасының 1823-1845 жылдар аралығындағы соңғы ханы – Жәңгір (1801-1845жж.). Ол Бөкей ханның баласы, Әбілхайыр ханның шөбересі. Толық аты Жиһангер – «Әлем билеушісі» мағынасын білдіреді. Адам есімі көп мағынаны білдіретінін және көп нәрсеге міндеттейтіні белгілі: «қайықты қалай атасаң, ол солай жүзеді».

Бөкей ордасы Жайық және Еділ өзендерінің төменгі сағасындағы аумаққа ие болды. Жас кезінде Жәңгір бастауыш білімді үйдегі мұғалім-молдадан алды. Содан кейін ол әкесінің шешімімен Астрахан губернаторының отбасында тәрбиеленді. Сол жерде хандықты басқарудың әкімшілік әдістері жөнінен білім алды. 

Ол өз заманының өте жоғары деңгейдегі білім иегеріне айналды: орыс, парсы, араб, татар тілдерін білді және ішінара неміс тілін де игерді. Білімінің пайдасы жас кезінде-ақ сезіле бастады. Сондықтан ол Ордада бірде бір үй болмаған кездің өзінде мектеп ашу туралы пиғылы мен ниетін жасырған жоқ. Ол кезде Ордада хан сарайы да жоқ болатын.

Жәңгір хан қазақ халқының дәс­түрлері мен салттарын қатаң ұс­танғаны туралы замандастары атап көрсеткен болатын. Ол өз ортасында – көшпенді, сауаттылар ортасында – ғалым. Оның пікірін басқа адамдар ерекше қызығушылықпен және зейінмен тыңдаған. Ол құлдарша бас иген тәуелді қоғамнан, қысы-жазы шектеусіз көшіп-қонып жүрген, аянышты өлеңдер сарыны бойды билеген ортадан Еуропа дәстүрі қалыптасқан ойшылдар әлеміне, мемлекеттік қайраткерліктерді құрайтын әлеуетті ғалымдар қоғамына батыл қадам басты.

Жәңгір Еуразиялық ғылым мен мәдениеттің көрнекті қайрат­кер­лерімен тығыз араласты. Ханды білімді билеуші ретінде энци­кло­педист Александр Гумбольт, өсімдіктанушы Карл Клаус, химик А.Бергман, Тарту университетінің про­фессоры Ф.Гебель, А.С.Пуш­киннің досы С.А.Раевский, этнограф Г.Карелин аса жоғары құрметтеді.

Атақты лингвист, орыс ті­лінің «Түсіндірме сөздігінің» құрас­тырушысы В.И.Даль, Қазан универ­ситетінің профессоры Карл Фукс, мемлекеттік қайраткер Н.Мусин-Пушкин, ғалым-саяхаттанушы Е.Ковалевский, атақты шығыс зерттеушісі В.Григорьев пен П.Небольсин, географтар Я.В. және Н.В. Ханыковтар, антрополог А.Харузин және тағы басқалар Жәңгір ханмен тығыз қарым-қатынаста болды.

Жәңгір білімге, ағартушылық пен мәдениетке бой ұрмай халық мүддесін тиімді түрде қорғау алдағы уақытта мүмкін емес екендігін қазақ хандарының ішінде бірінші болып түсінді. Ол бастауыш мектептері бар мешіттерді салу үшін қаржы жинауға ру билеушілері мен ірі ру бөлімдерін міндеттейтін арнайы жарлық та шығарды. Бұл жарлық қазақ халқы тарапынан лайықты түсіністік тапты.

Жәңгір ХІХ ғасырдың 30-шы­ жылдарының ортасында хан ордасында орталық мектеп ұйым­дас­тыру мүмкіндігін ойластыра бас­тайды. Оның болжамы бойынша бұл мектеп балаларды ресейлік ар­найы оқу орындарына түсу үшін дайындауға керек болатын. Бұл мектептің ашылуы 1841 жылы хан Ордасында өтті. Мектепке жұмсалатын шығындарды хан өз мойнына алды. Өмірінің соңғы күніне дейін, яғни 1845 жылға дейін хан өз табыстарының арқасында мектепті ұстады, оқушылардан емтиханды өзі алды. Ол іс жүзінде мектептің бірінші мұғалімі еді, ал мектеп ісінде оның көмекшісі – Садриддин Амин деген татар азаматы болған.

Бұл мектеп сол дәуірде бүкіл қазақ даласындағы жалғыз мектеп болатын, яғни Жәңгірді қазақтың алғашқы ағартушысы деп айтуға толық негіз бар. Хан мектебі қазақ халқының белгілі бір деңгейде сауаттылыққа әуестігін, білім және мәдениетпен байланысын оятуға мүмкіндік берді. 

Орынбор кадет корпусын бітірген Жәңгір мектебінің түлектері біліммен қатар офицерлік шендер алып отырды. Мектеп Қазақстанда жалпы мәдениеттің дамуында айтарлықтай маңызды рөл атқарды. Бұған Жәңгірдің өзі жазған пікірі дәлел: «Біздің балалар қоғамға ізгілікті түрде қызмет ету үшін білім ала отырып, барлық ғылымды біле алады деп жар саламын. Осының бәрі мені қатты қуантады, себебі білімге қолы жетуі – менің халқым үшін ең үлкен бақыт». 

Жәңгір хан қазақ халының алдағы тарихи кезеңде көшпенділік дәуірден отырықшы өмір сүру кезеңіне өтуін қолдады, жерді жеке меншікке беру шараларын жүргізді. Тауар айналымының деңгейін көтеру мақсатымен және көпестердің санын арттыру үшін оның сауда саясаты жәрмеңкелер ұйымдастыруға бағытталған болатын. 1832 жылы ол Бөкей ордасында сауда жәрмеңкесін өткізді, медициналық бөлімдер мен дәріхана ашты (1838), мұрағат пен хандықтың картасын құрастырды.

Жәңгір сол кездегі қазақтардың тұрмыстық заттарының мұражайлық топтамасы мен мәдениетінің тарихын жасады. Бөкей ордасының мәдени өмірінде ең беделді орынды «қару-жарақ бөлмесі» алды. Қазақстандағы мұражайлық істің алғашқы қадамы да осыдан басталады. «Қару-жарақ бөлмесі» отбасы-династиялық қару-жарақ топтамасынан, сонымен қатар құнды құжаттардан тұрған болатын.

ХІХ ғасырда Қазан университеті Ресей ғылымының алдыңғы қатарында болды. Ол кезде Бөкей ордасы аумақтық тұрғыдан Қазан оқу өңіріне жататын. Қазан – университет қаласы мен оқыту округының орталығы болған. Сондықтан, Жәңгірдің назары Қазан қаласына ауды.

1826 жылы Бөкей Ордасының ханы Жәңгір Ресейдің Николай І патшаның тәж кию жорасына Мәскеу қаласына шақырылды. Қайтар жолында ол Қазанға ат басын тіреді. Жәңгір Қазандағы өз сапарын университеттен бастады. «Ол Қазан университетін аралаған кезде өзінің сұрақтарын сыпайы және абайлап қойды», – деп профессор Карл Фукс айтқан болатын. Ол араб және татар монеталарына, араб және татар манускриптеріне ерекше көңіл аударған, әдемі жазылған алкарондарды және жазба кітаптарын қызыға қараған-ды. Содан кейін ханға глобустың мағынасы түсіндірілді. Зоология кабинетінде Жәңгір құстардың тұлыптарын қызықтады және қазақтар аң аулаған кезде пайдаланатын және жақсы көретін сұңқарларды іздеді. Жәңгір Карл Фукспен әңгімелескен кезде оған өзінің екі баласы өскеннен кейін Қазан университетінде тәрбие алса игі болар еді деген тілегін айтты. Сол жолы ол: «Біздің қазақтар да өздерінің жеке мектебінде білім алатын уақыты әлі келеді!» – деп айтқан болатын. 

Ханмен университетті бірге аралаған профессор Карл Фукс «Қырғыз ханы Жәңгірдің Қазанда болуы» атты мақала жазып, оны жариялаған соң Бөкей ордасына жіберді. 

Жәңгір хан Қазан университетінің алғашқы ректорлары Карл Фукс және Н.И.Лобачевскиймен тығыз қарым-қатынаста болды. Олармен хат жазысты, жоғарғы оқу орнының жебеушісі болды. Қазақ жастары сол мекемеде білім алуы үшін ол өте көп істерді жүзеге асырды. Қазақ халқының ауыз әдеби шығармашылығын зерттеді және қазақтың шежіре кітаптарын жинады, бірнеше эпикалық шығармалар жазды. 

Хан университетпен байланысты ешқашан үзген емес. Жәңгір 1839 және 1844 жылдары Қазанға қайта барды және университет кітапханасына араб, парсы және түркі тілдерінде 6 құнды ежелгі жазбаларды сыйға тартты. Осылайша шығыс факультетінің кітап қорын толтыруға атсалысты. Жәңгір қайтыс болар алдында университет кітапханасына парсы тіліндегі үш сирек кездесетін қолжазбаны сыйға тартты. 

Қазанда болған кезде Жәңгір хан Қазан университетінің профессоры, атақты шығыстанушы Қазем Бекке мұсылмандар үшін аса маңызды кітапты баспадан шығаруға көмек беруін өтінді. Ол «Мюхтесерюль-викгает» («Қысқартылған заңтану») атты ежелгі араб шығармасын дайындады және баспадан басып шығарды. Бұл кітапты барлық мұсылмандық мектептерде классикалық шығарма деп есептейді. Қазым Бек Жәңгір ханды ағартушылықтың қорғаушысы ретінде құрметтеп, ханның тілегін бұлжытпай орындады. 1844 жылы 18 қарашада хан өз өтініші өте жақсы орындалғанын атап өтіп, ғалымға алғыс хатын жіберді. Кітап ханның қаржылық көмегімен Еуразия аумағында алғашқы рет дүниеге келді. Қазем Бекпен таныстық достыққа айналды. Олар хат жазысып тұрды. 

Қазан университетінің ғалымдары 1844 жылы Жәңгір ханның жан-жақтылы білімін, ойлары мен пікірлерін жоғары бағалады. Ханның ағартушылыққа көп көңіл бөлетінін, шығыс тарихы бойынша зерттеулерге белсенді қатысатынын ескеріп, оның білім мен ғылымға тигізген көмегін бағалай отыра ғалымдар оны Қазан университетінің құрметті мүшесі етіп тағайындалуын бірдауыспен қолдады. Жәңгір өзінің осындай құрметті атағын мақтан етті. Жәңгір Қазан университетінің кітапханасына VIII-XI ғасырлардың алты сирек қолжазбасын сыйға тартты. Ол осы көне дәуір раритеттерінің әуесқойы, іздеушісі және білімпаз білгірі болды. Хан берген материалдарда қазақ халқының ғасырлар бойы ауыздан-ауызға беріліп келген эпикалық поэмаларының нұсқалары болды.

Оған берілген патент-мадақ­та­маны өзінің қонақ бөлмесінде құр­мет жиектемесінде сақтады. С-Петербургтің «Северная пчела» (1844) газетінің тілшісі Жәңгір хан туралы өз пікірін келесі сөздермен дәйектеді: «Жәңгір сияқты адуын құпиясының иесін, осыншама білімі бар адамды дала мекендеушілердің арасынан тапқан кезде, оған таң қалмау мүмкін емес. Оның пікірлері және жалпы ой-өрістік жолдаулары Еуропа өркениеттілігінің көбін өз бойына сіңіріп алғандығын аңғартады». 

Қазан университетінде студент Лев Толстой, В.Ульянов (Ленин), А.Рыков лекция тыңдаған акт залы мен заң факультетінің аудиториясы бүгінгі күні де жұмыс істейді. Мұражайда университеттің екі түлегі – Қазан университеті ректорларының порт­рет­тері орналасқан. Олар: математик, ев­клидтік емес геометрияның құрастырушысы Н.И. Лобачевский және химик, органикалық заттардың химиялық құрылыс теориясын құрастырушысы А.М.Бутлеров. 

Қазан университетінің түлектері қатарында С. Аксаков, В. Хлебников, А.В. Вишневский, А.Е. Арбузов және тағы басқалар бар еді. А.М. Горький Қазан университетінің абитуриенті болған. Университетке жас кезінде Федор Шаляпин жиі келіп жүрді. Осында көрнекті физиолог, психиатр және психолог В.М. Бехтеревтің кешенді экспонаттары бар. Қазан университетінің тарихи мұражайында өткеннің сирек кездесетін жәдігерлері сақталған: Нобель сыйлығының лауреаты Л. Ландаудың қойын дәптері, Нобель сыйлығының лауреаттары В. Гинзберг және И. Таммның қолтаңбалары және көптеген басқа ерекше экспонаттар. 

XIX ғасырда қазақ қоғамының ішінде сауатты адамдардың қажеттілігі айқындалды. Осындай қажеттілік хандықтың солтүстік көршімен сыртқы байланысын нығайтуына ық­пал етті. Жәңгір хан бұл бағытта бел­сенді түрде жұмыс істеді. Ол С.-Пе­тербург пен Мәскеуге бірнеше рет сапар жасады, императордың тәж кию жорасына қатысты, Қазан, Орынбор, Астраханға барып жүрді.

Ағартушылық өмір салтын наси­хаттау мақсатымен Жәңгір Ордада ақсүйек­тер жиналыстарын өткізді, балаларды оқуға беруге шақырды. ХІХ ғасырдың 30-жылдарының соңында қазақ балалары мен жасөспірімдерін Ресей оқу орындарында оқыту Бөкей хандығында қоғамдық қолдау тапты. Хан өзінің барлық балаларын, соның ішінде қыздарын да, орыс оқу орындарына бергені Орда тұрғындарына үлкен әсер етті.

Жәңгірдің С.-Петербург, Астра­хан, Орынбор, Қазан оқу орындарына қазақ жастарын қабылдауға вакантты ашық бос орындардың рұқсатын алуына қолы жетті. Кезінде Орыс географиялық қоғамының мүшесі болып сайланған және осы қоғамның күміс медалімен марапатталған (Ш.Уәлихановтан кейінгі Орыс географиялық қоғамы мүшесіне сайланған екінші қазақ және ғылыми жұмыстары үшін күміс медальмен марапатталған бірінші қазақ) – ХІХ ғасырдың ортасындағы білімді қазақтардың бірі және Ордадағы Жәңгір мектебі түлектерінің бірі Мұхамбет-Салық Бабажанов былай деп жазған: «1801 жылға дейін біздің қазақтарға «хат» деген сөз түсініксіз болды. Ол аңыз әрекет сияқты көзге елестетілді, мысалы ауада самғап қалқу сияқты. Осы уақыттан бастап, яғни халқымыз Орал өзенінің оң жағына көшкен кезден бастап бізде хаттың аңыз емес екендігі мойындалды. Оның бөлек жағдайларда тілекті ауызша білдіруден күшті екенін ел түсіне бастады». 

Ханның білім саласындағы бағ­дарламасы мен мектепті ашу мақ­саты оның Ш. Нұралиевке жазған хатында анық көрінеді. 1841 жылы Жәңгір былай деп жазған болатын: «Сіздер тиісті іждағаттарын және жақындары мен достарын, сонымен бірге барлық керек адамдардың ақылдарын тиісінше қолданасыздар деген сенімдемін. Егер ғылым қазіргі уақыттың өзінде қоғамға осыншама үлкен пайда әкелсе, болашақта біздің немерелеріміз ғылым мен білімсіз жақсы өмір сүре алмайды. Бұдан былай сауатсыз және орыс тілін білмейтін адамдарды жуапты жұмыстарға белгілемейді. Қазақтар арасында емшілердің болуы бізге өте пайдалы және тиімді. Әрбір ынта, ақашалай қаражаттың әрбір шығыны жасөспірімдерді оқытуға кететін болса, онда ол болашақта жүз есе артық табыс әкеледі. Қаражатты ғылымның дамуына, игі идеяларға және халыққа адал қызмет етуге жұмсағанымыз дұрыс болар еді».

Жәңгірдің атқарған істері да­ла­ға кеткен жоқ. Ордадағы хан мек­тебі мен Бөкей хандығындағы басқа мектептерде оқу оқуға тілек білдірушілер саны жылдан жылға көбейе түсті. Ханның ағартушылықты өркендетуге жұмсаған күші текке кетпеді. 1877 жылдан бастап Қазан университетінде қазақ жастары білім ала бастады. Осы уақыттан бастап 1917 жылға дейін аталмыш университетте 33 адам курстан өтті, оның ішінде 20-сы оқуды сәтті аяқтады.

Қазақ қоғамының алдыңғы қатар­лы өкілдері өз жерлерінде бастауыш мектептерін ашты. Ол мектептерде Қазан және Уфадан шақырылған діни мұғалімдер сабақ жүргізді. Қазанның діни адамдары қазақ қоғамының исламдануына белгілі дәрежеде қолдау көрсетті. Ордаға Қазанның молдалары шақырылды, ал қазақ балалары Қазандағы діни мектеп-медресеге оқуға барды. Бөкей Ордасында 20 жыл билік еткен Жәңгір хан өз мақсатына жетті: «…киіз үй және басты мешіттегі моллалардың орнын табиғи қазақтар басты». 

Тәуелсіздік жылдарында қазақ­стан­дық тарихшылар Жәңгір ханды естеріне өте сирек алады. Оның себебі: кеңестік идеология таптық қарама-қайшылық тақырыбын 70 жылдан астам пайдаланды және қазақ халқының біртуар тұлғасын қанқұмар, менменсіген, масайраған, ой-өрісі шектелген, зердесі тайыз қарадүрсін есер адам етіп бейнеленіп келген еді. Және бұндай жалған суреттемені халықтың санасына әбден құйып тастаған. 

Жәңгір хандықты басқаруға кіріскен кезде, қазақ даласындағы саяси жағдайы тым шиеленісіп кеткені бәрімізге белгілі. Жер бөлген кезде жіберілген кемшіліктерге байланысты ол қатаң шаралар жүргізуге мәжбүр болды.

Жәңгір жүргізген саясаттың нәтижесі 1836-1837 жылдардағы әйгілі Исатай Тайманов және Махамбет Өтемісов бастаған халық толқуына әкелді. Көтеріліс қазақ феодалдары мен Ресей саясатына қарсы бағытталды. Жәңгір ресейлік әскер көмегімен оны басты. Бұл ханның қателігі емес еді. Бұл жас билеуші үшін ауыр қасірет және жазылмайтын жан жарасы болды. Себебі, Жәңгір текті жаратылысынан, үлгілі тәрбиесі мен адал пейілі тұрғысынан өзінің саналы өмірінің соңғы күніне дейін өз халқының жайсыз оқиғаларына қабырғасы қайысып қайғыра білген асыл тұлға. 

Былтыр Татарстан Респуб­ли­касының Білім және ғылым ми­нистрлігі мен Мәдениет минис­тр­лігі, Қазан университетінің бас­шы­­­лығы мен Батыр Кенжетаев бас­таған Қазан қаласындағы қазақ диас­порасының «Қазақстан» қо­ғамы, Жәңгір хан атындағы Батыс-Қазақстан агротехникалық университетіндегі Жәңгір хан музейінің директоры Нұржан Төлепов пен Оралдық зерттеуші-публицист Жайсан Ақбайлардың саналы түрде Жәңгірді құрметпен еске алғандары тек ханның туыстары мен жерлестерін ғана қатты қуантты. Өкінішті-ақ.

Тағы бір ескеретін жағдай: Жәңгір – ақсүйек, ағартушы, көшбасшы. Махамбет – ханның інісі, қызметкері, халық өкілі. Ақынның ерекше дарыны мен теңдессіз адамгершілігіне еш күмән жоқ! Дегенмен, төрді есікпен, бас­ты аяқ-қолмен шатыстырғанымыз дұрыс па? Сондықтан арыстардың әруақтары риза болуы үшін енді екі жақты да алаламай, Нарынның қос қарашығындай есте сақтағанымыз абзал болар. Олардың әрқайсысының Ел тарихында өз орнын алуы, өзіндік тиісті тұғырына шарықтап шығуы замана талабы. Әсіресе, Жәңгір мәселесі тез арада «Тарих толқынында» шешілуі қажет деп есептеймін. 

Егер 1801 жылы Бөкей хан, ал 1822 жылы – оның ұлы Жәңгір болмағанда егеменді Қазақстанның бүгінгі батыс шекарасы Жайық өзенінің қақ ортасынан өтер ме еді, кім білсін?! Бір пұшпағынан айрылған республикамыз 1991 жылы трансконтиненталды Еуразиялық мемлекет болып қалыптаспас па еді? 

Бөкей мен Жәңгір осындай – қазаққа тиімді, орыстар жағына тиімсіз – күрделі мәселені мет­ро­полиямен қаламның ұшы, дипломатияның құдіретті күшімен шеше алды. Жері көп, халқы аз біз сияқты ел үшін бұл тәсіл – жемісті сыртқы саясаттың сара жолы. Ол Бөкей мен Жәңгір жолы. Сәл кейінірек Ыбырай мен Абай, Әлихан мен Ахмет жолы. Оның негізгі қаруы: «ақыл, еңбек, терең ой».

Тек бір ғана тұлғаның – Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің арқасында Қазақстанда еуропалық үлгідегі алғашқы мектеп, алғашқы архив (мұрағат) пен алғашқы қазынашылық қызметі, алғашқы музей (мұражай), алғашқы дәріхана ашылуына, аурухана мен мешіт салынуына, пошта қызметінің дәйекті мекемесі, іс жүргізу дәстүрі енгізілуіне, шөл далада «жасыл оазис» – қарағайлы қара орман пайда болуына бұрын-соңды болмаған мүмкіндік туды.

Қазақ даласында медицинаның, сот ісінің, сауданың дамуы Жәң­гір­дің есімімен тығыз байланысты. 

Ресей империясының құра­мын­да бола тұра Бөкей ордасы өзінің ішкі басқарушылық мәселелері мен ша­руашылық құрылымындағы дер­бестігін сақтай алды. Бұн­дай жетістіктер Жәңгірдің көре­ген­дігі мен димпломатиялық дарын­ды­лығының арқасында іске асты.

Бір өкініштісі, Жәңгір хан туралы әңгімені әрқашан пессимистік сарынмен тәмәмдауға мәжбүр болып жүрміз. Өйткені қоғамдық пікір әлі күнге кеңестік қасаң қағидаттар құрсауынан арылар емес. 

Ахмет ДҮЙСЕНБАЕВ,

 «Ғылым ордасы» РМК 

Қазақстан ғылымының тарихи мұражайының

қор сақтаушы-ғылыми қызметкері

Серіктес жаңалықтары