607
ЖАҢАӨЗЕНДЕ – ЖАҢА НЕКЕ САРАЙЫ
ЖАҢАӨЗЕНДЕ – ЖАҢА НЕКЕ САРАЙЫ
Бірінші мамыр мерекесі қарсаңында
Жаңаөзен қаласында жаңа Неке сарайы ашылды. Қаланың қақ ортасында
орналасқан су жаңа ғимарат енді шаңырақ көтерген жас жұбайлардың бас
қосу салтанатына куә болып, болашаққа, бірге қадам басатын бақыт
ордасына айналмақ.
Жаңа ғимараттың құрылысын «ҚазМұнайГаз»
Барлау Өндіру» компаниясы мен оның еншілес компаниясы «Өзенмұнайгаз»
қаржыландырған. Бұл – Маңғыстау облысының әлеуметтік инфақұрылымын
дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асқан кезекті жобалардың бірі.
Неке
сарайы заманауи архитектуралық талаптарға сай салынған. Онда неке
қиятын зал, салтанатты жиын өткізіп, дастархан жаюға арналған зал,
қалыңдық пен күйеудің күту бөлмелері, өтініштерді қабылдау кабинеті бар.
Азаматтардан өтініштерді қабылдайтын орын, неке қию актілерін тіркеу
орны, жалпы сарай қызметкерлерінің жұмыс орны компьютерлермен
жабдықталып, арнайы информациялық тақталар ілінген.
Жаңа
неке сарайының ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Алик
Айдарбаев қатысып, сөз сөйледі. Әкіммен бірге ғимараттың тұсауын кесуге
Жаңаөзен қаласының құрметті тұрғыны, ардагер мұнайшы Жақсылық Машқұлов
ақсақал қатысты.
«Бұл сарай қаланың символына, ынтымағы
берік, тату отбасының символына айналарына және жаңаөзендіктер бұл жерде
жас шаңырақтың бой көтеруін ғана емес, олардың жиырма бес, елу жылдық
тойларын, басқа да қызық-қуаныштарын тойлайтынына сенімдімін», – деді
әкім өз сөзінде.
Салтанатты шарадан соң жаңа сарайда алғашқы екі жұп неке қидырды.
Көлбай ЖЕҢІС