Тұңғыш рет өткен Қызғалдақ балы

Тұңғыш рет өткен Қызғалдақ балы

Тұңғыш рет өткен Қызғалдақ балы
ашық дереккөзі
211

Қыздар
университетінің Студенттер Үйі алаңында оқу орынның 70 жылдық мерейтойына орай Қызғалдақ
балы болып өтті.

Жастар саясатын дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен Балға
Қыздар университетінің ару қыздары мен Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және
байланыс әскери-инжинерлік институты курсанттарынан құралған 70 жұп қатысты. Балда
би билеген әр жұп екі оқу орынның белсенді жастары қатарынан іріктелініп
алынды.

Шынайы музыка мен классикалық биді бағалайтын жандардың басын
қосқан мереке салтанатты полонез биімен ашылды. Қыздар университетінің шаңырағы
бір күн Венаға айналғандай болды. Би патшасы – вальстің әуезді ырғағымен айнала
билеген аққудай сұлу да көрікті қыздар мен 
сұңғақ бойлы, сымбатты жігіттер 
баршаға мерекелік көңіл-күй сыйлап, тамаша әсерге бөледі. Қызғалдақ
балының форматы классикалық Вена балының дәстүрінен ауытқымады.
Балға қатысушы жұптар полонезден өзге, полька, мазурка мен Вена вальсін
билесе, Қыздар университетінің белсенді де, өнерлі жастары флешмоб
ұйымдастырып, оқу орынның 70 жылдығына орай «70» деген сан жазды.Сондай-ақ, әйгілі «Тақиялы періште» кинофилімінен үзінді көрсетіп, «Одиссей» әніне би биледі.

Әсемдік пен әдемілікке баулитын салтанатты шараны Қыздар
университетінің ректоры Динар Нөкетаева ашты:

– «Қайырлы күн, қадірменді ұстаздар және жастар! Міне,
бүгін Қазақ қыздарының парасат мектебі атанған Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университетінің ұжымының тарихында бұрын соңды қайталанбаған
игілікті іс атқарылуда. Университеттің белсенді жастарының бастамасымен оқу
ордамыздың 70 жылдық мерейтойының аясында өнердің өрелі өнегесін көрсетіп отыр.
Жастарды әлемдік классикалық мәдениетке және рухани байлықтарды дамытуға
тәрбиелейтін бұл шараның маңызы зор деп білемін. Бүгінгі біздің қыздарымыз
әлемдегі тамсантар табиғи сұлулықтың сән үлгісін көрсете білді. Осындай
сұлулықты паш еткен баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін. Жеке өмірлеріңізге
бақ-береке, істеріңізге ізгі жемістер тілеймін!», – деді оқу орын басшысы.

Шара барысында Балдың құрметті қонағы ретінде шақырылған
оқу орынның құрметті ардагер ұстазы Қазына Аймағанбетқызы оқытушылар атынан өз
лебізі мен құттықтауларын білдіріп, «Бұл керемет жоба тек қана жоғары
мәдениеттілікке бастап қоймайды, жастарды әдемілік пен әсемдікке баулиды», – деп
атап өтті.

Аталмыш шараның ұйымдастырушысы, Жастар саясатын дамыту
бөлімінің басшысы Маржан Ахтаеваның айтуынша, «Қызғалдақ балы» – ең алдымен
достыққа, салауатты өмір салтына және жастардың рухани дамуына арналған
іс-шаралар жиынтығы. «Қызғалдақ Балына» дайындық бір айдан аса жүрді. Шара  Қыздардың парасат мектебі атанған Қыздар
университетінің 70 жылдық мерейтойына арналады, белсенді студенттердің мерекеге
деген арнайы тартуы десем болады», – деді М. Ахтаева.

Шара соңында оқу орын басшысы мерекелік кешке белсене
атсалысқан студент жастарды Алғыс хаттармен марапаттап, Бал атына сәйкес
қызғалдақ гүлдерін табыс етті.

Көрікті шараны оқу орынның ұжымы мен студенттер қауымы тамашалады.

015ab4de5982ddffffb72c130342d3bd.jpg

132f94ddb07080e5a5f2881aef06e51f.jpg

8a28cbdb5d80f4a41b60eca54e82f58d.jpg

Серіктес жаңалықтары