2432
ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІ – ЕҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕ
ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІ – ЕҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕ
Елімізде Қазақстанның бірлігі күні тойланатын мамыр айының басынан орта тұсына дейінгі мерекелер Қарағанды облысы өңірінде де ерекше көңіл-күймен аталып өтті десе болады. Елімізде Қазақстанның бірлігі күні тойланатын мамыр айының басынан орта тұсына дейінгі мерекелер Қарағанды облысы өңірінде де ерекше көңіл-күймен аталып өтті десе болады.
Сәуір айының соңғы аптасындағы Жезқазғанға жұмыс сапарымен барған облыс басшысы Бауыржан Әбдішев «2012-2020 жылдарға арналған Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспарының» орындалу барысымен танысып, пысықтап қайтқан болатын. Облыс әкімі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша минералды-шикізат базасын нығайту, индустриалды-инновациялық даму, аймақтағы коммуникациялық және әлеуметтік инфроқұрылым бойынша Кешенді жоспарға 88 іс-шара еніп отырғандығын тағы да атап өтті.
Облыс әкімінің осы іс сапарынан кейін-ақ, айтылған өңір, яғни Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының жұртшылығы өкілдерінен Елбасы атына хат жолданды. Онда өңірді дамыту мәселелеріне үнемі көңіл бөліп, өзекті жәйттарға қатысты шараларға назар аударып отыратындығы үшін Елбасына ризашылықтары жазылған.
«Бізді «Жезқазған-Қызылорда», «Жезқазған-Арқалық» автомобиль жолдарын салу және дамыту туралы шешім қуантады. Сіздің жеке бастамаңыз бойынша қолға алынған «Жезқазған-Бейнеу» теміржол құрылысының басталғаны да біздің өңір үшін өте маңызды деп есептейміз. Біздің өтінішіміз бойынша аталған теміржол құрылысының жобасына бірқатар оң өзгерістер енгізгеніңізді біз қуана қабылдадық. Бұл ісіңіз Сіздің қарапайым халыққа деген шынайы қамқорлығыңызды тағы да бір мәрте дәлелдей түсті»,– делінген хатта.
***
Аймақ басшысы Бауыржан Әбдішев әскери-техникалық мектепте болып, оқу орны басшылығы мен онда білім алып жатқан курсанттарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Мектептің материалдық-техникалық базасын көріп, әскери оқу орнындағы мамандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Оқу-жаттығу орындарын аралап, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану, халықаралық деңгейдегі ұшқыштар дайындайтын кабинеттерді аралады.
– Кез келген мемлекет үшін ел қауіпсіздігі – бұл ең алдыңғы қатарлы мәселелердің бірі,– деді облыс басшысы. – Әскеріміз айбынды, қорғанысымыз қуатты болғанда ғана болашағымыз жарқын болары сөзсіз. Сол себепті Елбасымыз, Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ қорғаныс саласына ерекше мән беріп келеді, – деді Бауыржан Әбдішев мырза.
Биылғы көктемнің Арқа өңіріне лаң сала келгеніне қарамастан облыс жұртшылығы Ұлы Отан соғысының 69 жылдығы тойланған Жеңіс күні де мерекелік көңіл-күйден ажыраған жоқ. Жеңіс күнін мерекелеу шаралары Даңқ мемориалының алдындағы жиынмен басталды. Жылдан жылға қатары азайып бара жатқан соғыс ардагерлері облыс әкімінің құттықтауын ризашылықпен қабылдап, салтанатты жағдайдың көркін қыздыра түсті.
«Бүгін Жеңістің біздің әкелеріміздің Отанға деген жігері мен сүйіспеншілігінің арқасында жеткенін тереңнен ұғына түскендейміз. Біз, сонымен бірге, осы Ұлы Жеңіссіз Қазақстанның да тәуелсіздігі болмауы мүмкін екендігін сезіндік, – деді митингте сөз сөйлеген Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев. – Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 59 мыңнан астам қарағандылық аттанды,– деп атап өтті ол. –Ал батырлығы, көрсеткен ерлігі үшін 6587 жерлесіміз ордендер мен медальдармен марапатталған. Ұлы Жеңіс болмағанда Қазақстанның тәуелсіздігі қалыптаспас еді,– деді облыс әкімі.
Одан ары мерекелік салтанат Жеңіс саябағында жалғасты. Мұнда әскери патриоттық әндер шырқалып, соғыс жылдарындағы солдаттардың сүйікті асы – ботқадан дәм татып көрді. Қарағанды өңірінде 454 Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектері, 930-дан астам соларға теңестірілгендер, 19700 тыл ардагері мен соғыс жылдары кемінде алты ай жұмыс істегендер тіршілік кешуде. Ақпарат көздерінің айтуынша, биыл соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне көрсетілген бір реттік және материалдық көмек 32,7 млн. теңгені құраса, тыл еңбеккерлері мен басқа санаттағыларға 75,5 млн. теңге бөлінді.
Сондай-ақ, облыста 28 елдің спортшылары қатысатын велоспорттан өтетін Азия турнирі аясындағы жарыс 27 мамырдан 1 маусымға дейін өтеді. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша, оған 300-ге жуық велошабандоз қатысады. Алдын ала жасалған кесте бойынша 27 мамыр күні кешке «Қарағанды-Арена» мұз сарайының алаңында командаларды таныстыру рәсімі мен шоу-бағдарлама өтеді деп жоспарлануда. Бұл спорт жарысы қазақстандық велоспорттың 100 жылдығына орайластырылған.
Табиғаттың тосын қылықтарына қарамастан, осындай талай игі іс-шаралардың жүзеге асып жатқаны тілге тиек етілді. Қарағанды облысының Көкпекті ауылының зардап шеккен тұрғындарына қордан 54,6 млн. теңгеге жуық қаражат аударылғаны да тұрғылықты халықтың әл-ауқатына деген ерекше ықылас екені белгілі. Шынында да, қаланың бүгінгі келбеті, өсіп-өркендеуі көңілге жылылық орнатып, көз қуантады. Көшелер тап-таза, жап-жарық. Осындайда қытайлардың «Экономикаңды көтеремін десең, көшеңді түзе» деген қағидасы еске түседі екен.
Қарағандының бүгінгі келбеті адам қызығарлықтай. Бұл да болса облыс басшыларының тынымсыз еңбегінің арқасы дегенге әбден қосылуға болады.
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ
Қарағанды облысы