ЖЕР – ҚАЗАҚТЫҢ МӘҢГІЛІК ҚАЗЫНАСЫ

ЖЕР – ҚАЗАҚТЫҢ МӘҢГІЛІК ҚАЗЫНАСЫ

ЖЕР – ҚАЗАҚТЫҢ  МӘҢГІЛІК ҚАЗЫНАСЫ
ашық дереккөзі
526

Соған байланысты топырақтың аты да органикалық делінеді және минералдық заттардың құрамы да әртүрлі болады. Мысалға алсақ, тундра – күлгін қызыл, ақ, сұр орманның бозғылт, қара, шөлдің сұр-қоңыр т.б. түрлері бар. Солардың арасында қара топырақтың алатын орны ерекше. Қара топырақты аймақтың қарашірігі (гумусты қабаты) басқа топырақтар түріне қарағанда өте құнарлы, қоңыржай белдеуде қалыптасқан. Қара топырақты зерттеуші ғалымдар оны барлық топырақтың «патшасы» деп атайтыны тектен-тек емес. Бұл топырақтар табиғатта тек қана орманды дала, дала зоналарында кездеседі. Нақ осы зоналарда астық дақылдары көбірек таралған. Өйткені табиғаттың өсімдіктер өсуіне қолайлы 5 факторы (жылу, жарық, ауа, ылғал, қоректік заттар) үйлесімді қалыптасқан. Ал басқа тундра, шөлейт, шөл, тропикалық зоналарда жаңағы факторлардың бірі жетсе, екіншісі кем немесе тым көп (ыстық, су тапшы, т.б.).

Қазақстанның астық өсіретін (Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) облыстары орманды дала мен дала зоналарының оңтүстік жағын қамтиды. Нағыз сапалы жаздық бидайлар өсіруге қолайлы аймақ. Оған мына мысалдар дәлел: әлемдік талап бойынша бидай белогіне 18 пайыз. Ал біздің бидайда 23 пайыз яғни ең жоғары. Рас, орташа өнім басқалардан аздау, өйткені ылғал мөлшері ауытқиды, бірде сәл көбірек немесе кей жылы сәл азырақ. Дегенмен осы бес облыстың артықшылығы – барлық астық дақылдардың 80 пайызға жуық өнімін беретіні. 

Жоғарыда айтқанымыздай, топы­рақтың құнарлылық сапасы әр елдің аумағында әркелкі. Өйткені ол климаттық белдеуге байланысты. Осы жағын қатты ескерген немістер (оларда қарашірігі көп қара топырақтар кездеспейді) Ұлы Отан соғысының алғашқы кезеңдерінде Украина жерінен трофейлік заттар орнына, керісінше, эшелондап (вагондармен) өздеріне қара топырақ тасығанын белгілі жазушы Сергей Залыгин («Комсомольская правда» газеті, 12.05.1979ж.) ашына жазған еді. 

Қазірде жердің беткі құнарлы қабатын бір елден екіншісіне тасымалдау нарықтық қатынаста тіптен өрістеп кеткенге ұқсайды. Мысалға Израильді алайық. Олардың іскер азаматтары араб елдерінің кейбір оазистік аймақтарынан құнарлы топырақтарды сатып алып немесе кейде ұрлап та әкетіп жүрген. Соның нәтижесінде бұрынғы құнарлылығы нашар егістік жерлерін қысқа уақытта құнарландырып алды. 

Ия, нарықты тағылымды тірлік деп айта алмайсың, өйткені адамдар бәрін де сатып жіберуге дайын тұрады. Мұнан Қазақстандағы кейбір пысықайлар да қалыс қалмайтын шығар, өйткені қара топырақ та өтімді тауардың бірі және бірегейі. Демек «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытпағанымыз жөн. Қазақ халқының ауыл шаруашылығы жерлері – (әсіресе солтүстік облыстардағы) мәңгілік байлығымыз, онымен жер астынан өндірілетін пайдалы қазбаларды шатастыруға болмайды. Кен орындары 30-40 жылдарда таусылып бітуі мүмкін. Ал жеріміз – қазақтың ұлттық қазынасы, ырыс көзі. Ол – ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпағына қалдырған асыл мұрасы. Ендеше оны ерекше қастерлеп пайдаланғанымыз жөн.

Жанайдар Қашқынбай,

еңбек ардагері

Қарағанды облысы  

Серіктес жаңалықтары