ҚАЗАҚСТАН АЗИЯ УНИВЕРСИТЕТТЕРІН БІРІКТІРЕДІ

ҚАЗАҚСТАН АЗИЯ УНИВЕРСИТЕТТЕРІН БІРІКТІРЕДІ

ҚАЗАҚСТАН АЗИЯ УНИВЕРСИТЕТТЕРІН БІРІКТІРЕДІ
ашық дереккөзі

Қазақстанның елордасы Астана қаласы биылғы жылы кезекті рет жаһандық мәселелерді талқылау мен шешуге бағытталған ең ірі халықаралық сұхбат алаңына айналған VII Астана экономикалық форумының (АЭФ) жоғары санатты қонақтарын қарсы алады. Форум жұмысына әлемдік сараптамалық қауымдастықтың көшбасшылары – танымал саясат және қоғам қайраткерлері, бизнес-қауымдастық, аса ірі халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компания өкілдері, Нобель сыйлығының лауреаттары және ғалым-экономистер қатысады. 

АЭФ-ның бағдарламасы аясында әлемнің 40-тан аса елінің 100-ден аса жоғарғы оқу орындары жетекшілерінің басын қосатын аса маңызды оқиға – «Еуразиялық әртүрлілік және университеттердің тұрақты дамудағы рөлі» атты Азия университеттерінің ІІІ Форумы өтеді. Форумның «Еуразиялық кеңістіктегі университеттердің интернационализациясы» атты пленарлық мәжілісі 21 мамыр күні Астана қаласында, Тәуелсіздік сарайында өткізіледі, 22-23 мамыр күндері Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жалғасын табады. Бұл іс-шара университеттің 80-жылдық мерейтойына арналған онкүндіктің ашылуы болып саналады. 

Форумның негізгі ұйым­дас­тырушылары ҚР Білім және ғылым министрлігі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Сондай-ақ, VII Астана экономикалық форумының ұйымдастыру комитеті, ғалымдардың Еуразиялық Экономикалық клубы, Қазақстан жоғарғы мектебінің Ұлттық Академиясы, ҚР Ұлттық ғылым Академиясы және Сеул ұлттық университеті ұйымдастырушылар комитетіне кіріп отыр. Аталған іс-шараға БҰҰ, ЮНЕСКО, Әлем университеттері консорциумы, Ұлттық инженерлік қауымдастықтар федерациясы (FEANI), «Greementric World Unviersitiy Ranking», университеттердің Халықаралық қауымдастығы және т.б. халықаралық ұйымдар қолдау көрсетті. 

Форумның концептуалды негізі және тақырыптары тұрақты дамуға негізделген ел Президентінің «G-Global» және «Жасыл көпір» идеяларына арналған. Н.Ә. Назарбаев тұрақты дамуды «адамзаттың аман қалу амалы» деп атап, «Қазақстан – тұрақты даму брендіне айналатын ел болады. Еркін елдің болашағы – фундаментальді білім беру мен алдыңғы қатарлы ғылымда» екендігіне баса назар аударды. Бүгінгі таңда жоғарғы білім беру орындары әлемді өзгертуші алдыңғы қатарлы озық идеяларды тудыратын ортаға айналып отыр. 

Әлемдік қауымдастық үшін аса маңызды болып табылатын тақырып бойынша осындай кең көлемді іс-шара посткеңестік кеңістікте бірінші рет өткізіліп отырғандығын атап өтуге тиіспіз. ҚазҰУ-дің тұрақты даму саласы бо­йынша жеткен жетістіктері мен бастамаларын ескере отырып, ұйымдастыру алқасы форумды қазақстандық университет базасында өткізуге шешім қабылдады. Жақын арада ғана ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабын басқарды. Ал, осы жылдың күзінен бастап, университет базасында ЮНЕСКО – UNITWIN бағдарламасы аясында тұрақты даму бойынша Орталық Азиялық аймақтық хабы өз жұмысын бастайды. 2012 жылы БҰҰ-ның Бразилияда өткен «RIO+20» жаһандық саммитінде ҚазҰУ ТМД университеттері ішінде өз секциясын ашқан бірден-бір ЖОО орны болды. Университет ел Президентінің «Жаһандық энергоэкологиялық даму стратегиясы» мен «Жасыл көпір» бастамаларына қолдау көрсету бойынша «Жасыл көпір ұрпақтан ұрпаққа» атты әлемдік ЖОО-ның консорциумын құру туралы бастама көтерді. 

Форум барысында ҚазҰУ-дың БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы ретінде дайындаған «Тұрақты даму бойынша үлгілік жоспарын» талқылау мен қабылдау жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде ашық пікір-таластар мен талқылаулар үшін «Green Bridge through Generation» (www.greenbridge.kaznu.kz) виртуалды платформасы құрылды.

Шынар Сәметова