ҚЫЗЫЛШАДАН ҚОРҒАНЫП ЖҮРІҢІЗ

ҚЫЗЫЛШАДАН ҚОРҒАНЫП ЖҮРІҢІЗ

ҚЫЗЫЛШАДАН  ҚОРҒАНЫП ЖҮРІҢІЗ
ашық дереккөзі
717

 Қызылша – ауа тамшыларымен таралатын жұқпалы ауру. Ол аурумен балалар жиі ауырады, кейде ересектер арасында кездесіп, ауыр түрде өтеді. Көп адамдар қызылшаның бастапқы кезеңін тұмау, жедел респираторлық вирус инфекция ауруларымен, ал бөртпе шыққан кезеңде аллергиялық аурулармен шатастырады. Қызылша ауруын қоздырушы морбилливирустар. Ол науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде ауа арқылы жұғады. Қызылша тыныс жолдарының шырышты қабатының қабынуымен, улану белгілерімен, дене қызуының көтерілуі, коньюнктивит, катаральді белгілерімен сипатталады. Қызылшаның міндетті түрдегі белгісінің бірі – дақты-папулезді бөртпелер. Ол аурудың 3-4-ші күні шығады. Аурудың клиникалық белгілері науқас адаммен қарым-қатынаста болған күннен бастап 7-13 күн аралығында көрініс бере бастайды. Бұл кезеңді инкубациялық, яғни жасырын кезең деп атайды. Одан кейін аурудың белгілері айқын білінеді. Ол үш кезеңнен тұрады: бастапқы кезеңі 3-5 күн, бөртпе шығу – 3 күн, дақтану 2 аптаға дейін созылады. Аурудың бастапқы кезеңінде науқастың дене қызуы көтеріліп, мұрыннан су ағады. Сонымен қатар коньюнктивит, қатты жөтел, круп синдромы дамуы мүмкін. Ұрттың шырышты қабатында қызыл жиекпен қоршалған ұсақ ақ дақтар шығады, ал таңдайында энантемалар пайда болады. Кішкентай балаларда іштің өтуі мүмкін. Ересек балаларда құсу, мұрыннан қан кету және іші ауыруы мүмкін. Ал бөртпе шығу кезеңінде дене қызуы қайтадан жоғары көтеріледі. Бөртпе тері жабындысының өзгермеген бетіне шығып, өте көп болады немесе кейде, керісінше, аз мөлшерде әр жерде орналасуы мүмкін. Бөртпелер кезек-кезек: 1-ші күні бетіне, мойнына, 2-ші күні – денесіне, 3-ші күні аяқ-қолдарына шығады. Бөртпелердің кезек бойынша шығуы – қызылшаның маңызды диагностикалық көрінісі болып табылады. 3-4 күннен бастап бөртпелер қоңырланады, сонан соң дақтар қалады, дене қызуы басталады. Дақтар 1-1,5 апта бойы сақталады. Кейбір егу жүргізілген балаларда бөртпелер аз шығып, ауру жеңіл түрінде өтеді және жылдам жазылады. Егу жүргізілмеген адамдарда қызылша ауыр өтеді, егер олар уақытында емделмесе асқынуы мүмкін. Егер науқастарда асқыну болмаса, онда арнайы ем жүргізудің қажеті жоқ. Дене қызуы қайта көтерілген науқаста отит, пневмония, ларинготрахеит, энцефалит, менингит сияқты асқынулар жүруі мүмкін. Арнайы профилактика жүргізіліп, бала 12 айға толған кезде қызылша вакцинасы 0,5 мл. бұлшық етке енгізіледі. Ревакцинациясы 6-7 жасында жасалуы керек. 

А.Өтеғалиев 

«Алмалы ауданы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы» РММ басшысының міндетін атқарушы; 

С.Сүлейменова, 

эпидемиологиялық 

бөлімнің басшысы

Серіктес жаңалықтары