Тірлік бірге, тізгін бөлек

Тірлік бірге, тізгін бөлек

Тірлік бірге, тізгін бөлек
ашық дереккөзі
911

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясында экономикалық ықпалдастық мәселесі кеңінен қамтылғаны белгілі. Бүгінде осы тақырып аясында түрлі алқалы басқосу мен пікір-алмасулар өтуде. Жақында ғана Астанада өткен экономикалық форумда да Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі қадамы жан-жақты талқыланып, шетелдік сарапшы-мамандардың ұсыныстары қаперге алынды. Бұрындары тек Батыс мемлекеттеріне ғана тән болып көрінетін өзара ықпалдастық бүгінде еуразиялық кеңістікте де айрықша маңызға ие. 2010 жылдан бері Кедендік одақ құрып, Ортақ экономикалық кеңістікке бет алған Қазақстан, Ресей және Беларусь Еуразиялық одақты дүниеге әкелмек ниетте. 29 мамырда Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қоймақшы. Бұл одақтың діттеген мақсаты не? Біз үш ел интеграциясы тарихының жаңа бастамасы туралы «Экономикалық зерттеу институты» АҚ ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сайлау Байзақовты аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Сайлау Байзақұлы, бүгінде Еуразия­лық экономикалық одақ құру жөнінде кеңінен талқыға салынуда. Сіздіңше, бұл еліміздің егемендігіне қауіп төндірмей ме?

– Жалпы, «Еуразиялық одақ» жобасын жүзеге асыруға Қазақ елінің қызығушылық танытқанына көп болды. 1990 жылдардың ішінде-ақ мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД шеңберінде осындай бас­тама көтерген. Алайда КСРО ыдырап, құрамындағы республикалар әупіріммен тәуелсіздікке қол жеткізген тұста бұл бастамадан шошынғандардың қарасы қалың-тын. «Одақ» деген сөзден әбден зәрезап болған мемлекеттер мұндай ұйым құрып, саяси, экономикалық тұрғыдан  күш біріктіруге мүлдем құлықсыз болатын. Әйтсе де уақыт талабы Еуразиялық одақты қажет етіп жатқан секілді. Қазіргі таңда түрлі деңгейдегі мінберлерде Елбасының өзі жиі айтып жүргендей, еуразиялық интеграция Қазақстанның саяси бағыт-бағдарының негізгі өзегіне айналып отыр. Жаңадан құрылатын Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) Қазақстанның егемендігіне ешқандай қауіп төндірмейді. Себебі, бұлай алаңдауымызға ешқандай да негіз жоқ. Жаңа одақ құру арқылы біз артқа шегінбейміз. Керісінше, тең құқылы экономикалық әріптестіктің жаңа деңгейіне қадам басамыз. Себебі, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 2013 жылғы 25 сәуірде Астанада өткен Еуразиялық медиа форумда: «Егер қандай да бір бірлестіктер еліміздің тәуелсіздігін, біздің конституция­мызды шектейтін болса, біз одан дереу шығып кетеміз», – деп мәлімдеген болатын. ҚР бірінші вице-премьері Бақытжан Сағынтаевтың пікіріне құлақ түрсек, ЕЭО-қа мүше бола отырып, Қазақстан тек қана ұтады. Интеграцияның ел экономикасына әкелетін пайдасы ұшан-теңіз. Мәселен, Кеден Одағы құрылғаннан бері еліміздің өнім өңдеу өнеркәсібіне тартылған шетелдік инвестициялардың көлемі екі есеге дерлік өсіп (2009 жылғы көрсеткіш: 1,8 млрд. АҚШ доллары), 2012 жылы 3,4 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 34 пайызға дейін артып, 28 млрд. АҚШ долларына жеткен. Мұны Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының айтарлықтай ұлғайғаны деп бағалауға болады. 

– Кедендік одақтың құрылғанына 4 жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде шетелдік инвестиция көлемі екі есеге артқаны жиі айтылуда. Осыны тарқатып айтып берсеңіз… 

– Кедендік одақ – интеграцияның негізгі кепілі. Бұл ретте одаққа мүше мемлекеттер бір-бірін алдамау керек. Салған ақшаның қайтарымы болуы тиіс. Еуразиялық даму банкіне қарасты Интеграциялық зерттеулер орталығының есебінше, 2030 жылға дейінгі аралықта үш мемлекеттің ықпалдасуы жалпы құны 1 триллион долларға жетерлік өсім беруі мүмкін. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мырза: «Ал Қазақстан үшін бұл экономиканың жыл сайын қосымша 3,5 пайызға өсуі деген сөз. Сондықтан да Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында қойған айрықша мақсатқа қол жеткізіп, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуіміз, қазіргі таңда ел кәсіпкерлері үшін етене таныс зор нарықпен тізе қоса отырып, әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке мейлінше шыңдалуымызға тікелей байланысты» деген еді. Тәуелсіздікке қол жеткеннен бергі уақытта елімізге барлық Орталық Азия елдеріне келген инвестицияның 70 па­йызы, ақшалай айтқанда, 160 млрд. доллар тартылып, алтын-валюталық қорымыз 100 млрд. долларға жеткен. Ал ресми мәлімет бо­йынша, 2013 жылы Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен арадағы сауда айналымы 24 млрд. доллардан асып түсіпті. Бұл орайда, өзара қарым-қатынастарымызда  біз сауда бәсекесінен ұтылып қалдық деген негізсіз мәлімдемелерге иланбағанымыз жөн. Мысалы, Кеден Одағы аясында біздің кондитерлік өнімдеріміздің экспорты айтарлықтай артты, соның ішінде шоколадтардың экспорты 3 есеге дейін көбейді. Біздің Ресей мен Беларусьқа шығаратын жүк көліктеріміздің көлемі 17 есеге, цемент экспорты 16 есеге ұлғайды. 2009 жылдан бастап Кеден одағы бойынша әріптес елдермен өзара тауар айналымы 88,3 пайызға артты. 2010-2013 жылдар аралығында тауар айналымының орташа жылдық өсімі 18,4 пайызды құрады. Мұндай мысалдар жетерлік. Әрине, Кеден Одақ болмаса отандық өнім Ресей, Белоруссияның еркін сауда кеңістігіне шыға алмайтыны анық. Демек, сауда бәсекелестігінде ұтылып жатырмыз деу бекершілік. 

– Қазірдің өзінде отандық кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақты қолдап отыр. Сіздіңше, одақ бизнестің бағын аша ма?

– Елбасы Жарлығына сәйкес, отандық кәсіпкерлерге қолдау білдіру жұмысы бұрынғыдан да жақсы жолға қойылған. Ең әуелі шағын және орта кәсіпкерлікке баса назар аударылуда. Ал экономикалық интеграция одағындағы кедендік, транзиттік жеңілдіктерге, қаржы нарығына, та­уар сұранысына ие болудың арқасында отандық өнімнің саны да, сапасы да артпақшы. Бұл міндетті түрде бәсекелестік орнатуға ықпал етеді. Кезінде «Атамекен одағы» экономикалық палатасы да, қазіргі ҰКП да бұл одақтың экономикалық интеграция болып табылатындығын түсінген еді. Тіпті, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов: «Біз осы көзқараста табандап тұрамыз. Жаһандану заманында осындай ірі нарыққа қол жеткізу – бизнеске қажетті артықшылық. Әрине, ықпалдасу кезінде ойын ережелері айқын болуға тиіс. Осы ұстанымға өте мұқият қарау қажет» дегені бекер емес. Бір айта кетерлігі, бүгінде Қазақстанмен шекаралас ресейлік 12 өңірде 27 млн. тұтынушы бар екен. Меніңше, 4 жыл ішінде еліміз біраз тәжірибе жинақтап үлгерді. Осы жерде Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметтерге тоқтала кетейін. Кеден Одағы жұмыс істей бастағалы бері отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2013 жылы екі есеге өсіп, керісінше, импорттың өсу қарқыны 44 пайыздан 3 пайызға дейін төмендеген. Сонымен бірге, интеграциялық үдерістердің үш жылында еліміз Кеден Одағындағы әріптестері – Ресей мен Беларусьқа шамамен 1 млрд. АҚШ доллары сомасына ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттаған. Соның ішінде күрке тауық еті мен сиыр еті, макарон мен ұн, күнбағыс майы мен балық және т.б. ауыл шаруашылығы өнімдері бар. Әлбетте, бұл көрсеткіштер отандық тауарларды тұтынатын нарықтардың кеңейгенінің дәлелі. Біз бұрынғы 17 млн.-дық нарықтың орнына, 170 млн.-дық алып нарықтың аумағына шықтық. ЕЭО шеңберінде алып нарыққа өнімдерімізді шығарамыз. Бұл дегеніміз ЕЭО-тың отандық бизнестің дамуы үшін де, жалпы еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін де ең қолайлы жол екенін көрсетеді. 

– Еуразиялық экономикалық одақ саяси бірлестік емес, тек экономикалық бірлестік дейсіз ғой… 

– Соңғы кезде еліміздегі БАҚ-да ЕЭО туралы әрқилы ой-пікірлер айтылып жүр. ЕЭО – тек экономикалық бірлестік. Себебі, келіссөздер барысында қазақстандық тарап «болашақ Одақты саясиландыруға және оның аясында ұлттық мүдде мен мемлекеттік егемендік мәселелерін қозғауға жол берілмейді» деген ұстанымын қорғап қалған. Сондай-ақ, одақ шеңберінде экономикалық емес салаларға (денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ғылым, заңсыз көші-қон) жататын мәселелер мүлдем қарастырылмайды. Екіншіден, ЕЭО құру арқылы біз бұрынғы КСРО-ға қайтып оралмаймыз. Өйткені ЕЭО құру туралы шартта егемендік теңдік, тараптардың ұлттық мүдделерін ескеру мен тең құқықтық қағидаттары тайға таңба басқандай етіп жазылған. Ал стратегиялық маңызы зор мәселеге қатысты шешім қабылдарда өзара бәтуаластықтың нақты механизмі іске қосылады. Яғни, барлық деңгейде шешім қабылданатын кезде қандай да бір мемлекетке басымдық берілмейді. Үшіншіден, Қазақстанның болашақ Одақтың барлық деңгейдегі органдарында өз өкілдері болады. Сондай-ақ ЕЭО құру туралы шартқа сәйкес, оған мүше мемлекеттерге үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен келісім жасауға тыйым салынбайды. Бұл ЕЭО еліміздің көпвекторлық сыртқы саясатына ешқандай кедергі келтірмейді деген сөз. 

– Демек, интеграциялық үдеріс елімізді әлемдегі дамыған отыздыққа жақындата ма?

– Бұл ойға қалай келгені туралы Елбасының өзі былай дейді: “…экономикалық интегра­ция­ның жоғары деңгейі, әлеуметтік-саяси құры­лым­дар мен халықтар менталдігінің ұқсастығы, сон­дай-ақ көп елдердің көпұлтты құрамы, тарихи дәстүрлердің ортақтығы, осының бәрі ұлттық-мемлекеттік құрылысты осы мемлекетаралық ин­теграциялық үдерістерді сақтау мен дамыту­дың қажеттілігін меңзеп тұрды. Тарихтың қи­сы­ны бүкіл ХХ ғасыр бойы қалыптасқан қуатты интеграциялық базаны пайдаланатын Достастық елдерінің біріккен күш-жігері арқылы ғана әлем­дік қауымдастыққа оңтайлы кіруге болатынын көрсетіп тұрғандай. Халықаралық бірлестіктердің тәжірибесін мұқият зерттеу, ТМД елдеріндегі ахуалды талдау барысында, мамандармен кеңесу арқылы мен интеграциялық үдерістерді жедел­дету туралы тоқтамға келдім”. 

– Саяси-экономикалық қажеттіліктерден туын­даған бұл идея бүгінгі күні экономикада, саясат­та, мәдениетте, ғылымда, білімде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) деп аталатын бірлестікті дүниеге әкелді. ЕурАзЭҚ-ты құрудағы мақсат ортақ сыртқы кедендік ше­караны, біртұтас сыртқы экономикалық сая­сатты, ортақ тарифтерді, бағаны қалыптастыру болды. Кеңестік жоспарлы экономика аясында тығыз шаруашылық байланыста болған бұл елдер одақ ыдырағаннан кейін саяси тәуелсіздік алып, нарықтық экономиканы қалыптастыруға көшті.  Жаһандану зама­нында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан Шы­ғыс пен Батыстың жақын­дасуы Еуразия құрлығы мемлекеттерінің дүниеге деген қатынасы мен инте­гра­циясы іспетті аса тарихи қажет­тілікке айналуда. Аймақтық еуразиялық интегра­ция, Еур­азия кеңістігіндегі мемле­кет­тердің өзара интеграциялық қауым­дастығы олардың әрқайсы­сы­ның ұлттық егеменділігі мен тәуел­сіздігін, тұрақтылығы мен қауіп­сіздігін одан әрі қамтамасыз ету үшін өте-мөте қажет. Прези­дент Н.Ә.Назарбаев ұсынған еур­азиялық идея мен әлемдік дағда­рыс­тан шығудың қазақ­стандық жолы арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан еуразия­шыл­дық­тың, еуразиялық эконо­ми­калық интегра­ция­ның болашағы өте зор. ХХІ ғасыр – оны Еуразия кеңістігіндегі халықтардың көп­ші­лігі мо­йындап, болашақта еур­азиялық идея үлкен материалдық күшке айналып, Еуразияда, бүкіл дүние жүзінде өзара түсіністік пен ру­хани келісім салтанат құрған ғасыры болмақ. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары