ҰБТ өтіп жатыр
ҰБТ өтіп жатыр
Кеше Қазақстанда Бірыңғай ұлттық тестілеу басталды. 92 мыңнан астам
түлек қатысатын бұл сын 8 маусымға дейін жалғасады.
Ресми деректерге сүйенсек, алғашқы күні бағын сынауға 26 134 түлек
қатысып, оның 3 797-сі, яғни, 14 жарым пайызы 100 балл жинаған. Орташа
көрсеткіш – 76,6. Өкініштісі, ең төменгі балл – 50-ді 6 233 бала жинай
алмапты. Егер сынақ қорытындысына көңілі толмайтындар табылса, сол ҰБТ
өтіп жатқан ғимаратта апелляциялық пункт бар. Шағым түсіргенде тестілеу
нәтижесімен не себепті келіспейтінін көрсету қажет. Ал ҰБТ
қорытындысына апелляция тестілеудің сұрақтары немесе техникалық
себептерге байланысты. Ең жоғарғы балл – 125-ті әзірше бір ғана түлекке
бұйырыпты. Ең жоғарғы балл алудың құпиясымен бөліскен №178
мектеп-лицейдің түлегі Айғаным Әбдіжапар: «Тест сұрақтарын түгел жаттау
жеткіліксіз, ең алдымен мектеп бағдарламасын түгел қайталау қажет», –
дейді.
ҰБТ тапсыру барысында ұялы телефон пайдалануға, шпаргалка қолдануға
қатаң тыйым салынатыны белгілі. Кеше сынақ тапсырылатын ғимараттардан 5
962 ұялы телефон, 1783 шпаргалка, 121 калькулятор, 6 фотоаппарат, 2
рация тәркіленіпті. Алайда әлеуметтік желілер арқылы сырттан көмек
алғандар мен шпаргалкаларды емін-еркін қолданғандардың бар екенін
жұртшылық Интернетте жарыса жазып жатыр. Оның үстіне ҰБТ басталған
алғашқы күні-ақ сынақ сұрақтары Интернетке шығып кеткені тағы бар. Бұған
қатысты ҚР білім және ғылыми министрлігіндегілер ресми түрде түсінік
берген жоқ. Есесіне, «ұзынқұлақ» бірінші кеше емтихан тапсырған түлектер
ҰБТ-ға кірмеген басқа балаларға көмек болсын деп әдейі салынғанын
айтады. Дәл осы жағдай былтыр да кездескен болатын. Бірақ ол кезде Білім
министрлігіндегілер Интернетке шығарылған суреттердегі сұрақтар ҰБТ
тапсырмаларына сәйкес келмейтінін айтып ақталған болатын.
Сонымен бақ пен бап қатар шабатын сынақ басталды. Түлектерге ақ жол
тілей отырып, әділ бағасын алсын дейміз. Тағы бір маңызды жайт, заманауи
технология мен техникаға тағдыры тікелей байланысты балалар кейде ҰБТ
қорытындысына наразы болып, тіпті кейде өз өзіне қол жұмсайтын жайттар
да кездеседі. Мұндайда ата-аналарға да абай болған жөн сияқты.