«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІ ЭКО-ФЕСТИВАЛЬ ӨТКІЗДІ
«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІ ЭКО-ФЕСТИВАЛЬ ӨТКІЗДІ
Балаларды қорғау күні қарсаңында Астанада отбасылық әрі экологиялық «FOURЭ Kids» фестивалі өтті. Бұл фестиваль бұған дейін бес жыл бойы Алматыда ұйымдастырылып келген. Биыл «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ мұрындық болуымен бірінші рет елордада өткізіліп отыр. Сондай-ақ бұл шараны ұйымдастыруға «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Астана қаласы әкімдігі қолдау білдірген.
Фестивальдің Астананың қақ төрінде «Арай» саябағында, таза ауада өтуінің өзі «жасыл энергетика» қағидаларымен үндес. Тақырыптық жағынан да ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің «болашақтың қуаты» идеясын қолдауға негізделген.
Саябақ сегіз түрлі алаңқайларға бөлінген: онда «Шығармашылық мүйісі», «Тыныш жағалау», «ЭКСПертО» академиясы», «Шытырман оқиғалар алаңы» сияқты алаңдар бар. Екі күн бойы осы алаңқайларда түрлі ойындар, жарыстар, семинарлар, дәрістер, концерттер қызығы басылмады.
«Тыныш жағалауда» психолог мамандар отбасылық құндылықтар мен бала тәрбиесіне арналған 30-дан аса мастер-сабақтар өткізді. Отыз шақты қолөнерші фестивальге өз жұмыстарын алып келіп, тұсаукесер жасады. «Мереке» алаңында «ОдноНо», «Элизбар» топтары концерті ұйымдастырылды. Ал «Шығармашылық мүйісте» балалар сурет салып, қолөнермен айналысып, шеберліктерін шыңдады.
«ЭКСПО-2017» дегеніміз не?», «Болашақтың қуаты» дегеніміз не?» деген сұрақтарға «ЭКСПертО» академиясы жауап берді. Мұнда жас ұрпаққа білім беру, тәжірибе жасауға жағдай жасалған. Назарбаев университетінен шақырылған ғалымдар балаларға жаратылыстану заңдылықтарын түсіндіріп, арнайы дәрістер өткізді. «NURIS» энергетикалық зерттеулер орталығының зерттеушілері бүлдіршіндерге әлемдік ғылым мен техникадағы тың жаңалықтар туралы таныстырса, «Astana Solar» зауытының мамандары күн сәулесінен қуат алатын электрстанциясының қалай жұмыс істейтінін әңгімелеп берді. Сондай-ақ Оқушылар сарайының ұстаздары эколабораториялар туралы, робототехника туралы дәріс оқыды, бұдан соң «PosadiDerevo.kz» экоқозғалысының мүшелері жеткіншектерге салауатты өмір салты туралы пайдалы кеңестер берді.
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ маркетинг және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Әсел Қожақова журналистерге арналған баспасөз мәслихатында фестиваль мен ЭКСПО-2017 көрмесі арасындағы байланыс туралы әңгімеледі. «ЭКСПО-2017» көрмесі – отбасылық мереке, сондықтан да ол «FOURЭ» отбасылық фестивалінің қағидаларымен үндес. Біз салауатты өмір салтын ұстануды, сапалы білім беру жүйесін, бала тәрбиесін дұрыс жолға қойып, ынтымақты отбасын құруды, балалардың бойында экомашық қалыптастырып, олардың экосана-сезімін жетілдіруді қолдаймыз», – деді ол.
Фестивальдің тағы бір жаңалығы «Квест-ойында» балалар интеллектуалды жарыстарға қатысып, «экспоинт»-ақша ұтып алды, содан соң «экспоинттар» арнайы сыйлықтарға айырбасталды.
«Осы фестивальден кейін бәріміз болашақтың қуаты туралы, отбасы құндылықтары туралы, адами бақытымызды мәпелеп, жер бетіндегі сүйіспеншілікті сақтау туралы, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүру туралы ойланатын болармыз» дейді ұйымдастырушылар.
Ең бастысы, «FOURЭ» отбасылық фестивалі арқылы болашақтың қуатына жаңаша көзқараспен қарауға талпыныс бар. Бұл – тек күн, жел, жерасты қайнар көздерінен қуат өндіру және ғылыми-иннновациялық жаңалық ашу емес, табиғатпен үндес өмір сүріп, ой мен бойдың тазалығын сақтау, татулық пен ынтымақтың қоғамды біріктірер ықпалын насихаттау.
Көлбай ЖЕҢІС
Астана