«ДОС-МҰҚАСАННЫҢ» ІЗБАСАРЛАРЫ ӨСІП КЕЛЕДІ

«ДОС-МҰҚАСАННЫҢ» ІЗБАСАРЛАРЫ ӨСІП КЕЛЕДІ

«ДОС-МҰҚАСАННЫҢ»  ІЗБАСАРЛАРЫ ӨСІП КЕЛЕДІ
ашық дереккөзі
342

80 жылдық тарихы бар Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университеті мемлекетіміздің техникалық білімін көтеріп, маман инженерлер ғана дайындаумен шектеліп отырған жоқ. Техникалық білімнің қара шаңырағы десек те, оқу ордасының еліміздің рухани кемелденуіне де қосқан үлесі ұшан-теңіз. Осы уақытқа дейін қаншама мәдениет, өнер қайраткерлерін да­йындап шығарып, әлемге танымал өнер ұжымдарын қалыптастыра білді. Белгілі жазушылар Ілияс Есенберлин, Медеу Сәрсеке, әйгілі «Бәйшешек» әдеби бірлестігі осы сөзіміздің айғағы. Осы бірлестіктен өсіп шыққан танымал ақындар Иран Ғайып, Қасымхан Бегманов, Бақытжан Тобаяқов, Ұлықпан Сыдықов, сатирик жазушы Таңдай Кенеев, осы бірлестік негізінде құрылып, қазақ эстрадасының аңызына айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің ізбасарлары бүгінгі күні де жоқ емес. Кейінгі жылдардың өзінде «политехтан» жаңа буын таланттар өсіп шықты. 80-жылдары оқыған студенттердің ішінен суырылып шыққан Бекболат Тілеухан өз алдына бір төбе. 

Жастарды рухани тұрғыда отаншылдық сезімге тәрбиелеп бау­лу еліміз тәуелсіздік алғаннан бас­тап күшіне енді. Бұрын да негізі бар Ұлт-аспаптар оркестрінің құрамы көбейіп, алуан түрлі аспап қосылды. Бұл оркестр республикалық, қалалық өнер сайыстарында жүлделі орындар алып жүр. Сахна өнері мен драматургияны насихаттап жүрген драма үйірмесі, жас таланттарды ашып, әдебиет айдынына жетелеп жүрген «Бәйшешек» әдеби бірлестігінің жаңа толқындары, халықаралық, республикалық және қалалық байқаулардың жеңімпазы «Ханшайым» би ансамблі, орыс және қазақ тілдеріндегі КТК (КВН) топтары, Хор капелласы мен вокал тобы университеттің ғана емес, ел мәдениетінің өсіп-өркендеуіне де өз үлестерін қосуда. Бүгінде бүкіл республикаға танылып үлгерген эстрада әншілері бір төбе.

Осы өнер ұжымдарының бәрін университет басшылығы тікелей өз қамқорлықтарына алып, қолдау-көмектерін көрсетіп отыр. Бұлардың алыс-жақын шетелдердегі өнер сайыстарына барып келуі, киім-кешектері, басқа да өнер адамдарына қажетті бұйымтайлары тікелей университет басшылығының демеушілігімен іске асырылады. Талантты жастарымыз ұстаздар мен басшылықтың осындай жанашыр қамқорлықтарына дән риза. Жақында ғана осындай демеушіліктің арқасында жаңа вокалды инструменталды топ ашылды. 

Жас таланттарды өнерге баулып, дарынын шыңдап жүрген ҚазҰТУ ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, құрметті профессор, Құрманғазы оркестрінің дирижері, дирижерлар конкурсының лауреаты Жанас Бекентұров және Қазақстан Республикасының мәде­ниет қайраткері, Рес­пуб­ликалық конкурстардың лау­реаты, Құрманғазы оркестрінің қобызшысы Гүлбақыт Сенбиева, драма үйірмесінің жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Райхан Қалиолдина, би үйірмесінің жетекшісі, Хореографтар одағының мүшесі Талант Қылышбаев, вокал үйірмесінің жетекшісі, Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрының әншісі Әлия Шаймерденова және Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі, Шабыт конкурсының дипломанты, «Алтын домбыра» иегері Айнагүл Хау­мет, «Бәйшешек» әдеби бірлестігінің жетекшісі, ақын, университетіміздегі қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет министрлігі «Құрмет грамотасының» иегері Аспандияр Әденұлы сияқты ұстаздардың еңбегі елеулі. Осындай аға-апаларының баптауымен рухы күшті, таланты таудай жас ұрпақ өсіп келе жатқаны қуантады. 

Осы бір топ ұжымның жұмысын үйлестіріп, бір жүйеге түсіріп, нақты жос­пар жасап, сценарийлер да­йындайтын – университеттің «Студенттер шығармашылық орталығы». Қазір бұл орталық қара шаңырақтың 80 жылдық торқалы тойын өз деңгейінде салтанатты да думанды етіп өткізу дайындығына қызу кірісіп кеткен. Бұл іске Тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Гүлнәр Сәрсенбекова мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жар Қапесов басшылық жасауда. 

Ерболат Әдіжәлел, 

Әсем Өтегенова,

студенттер шығармашылық орталығы қызметкерлері 

Серіктес жаңалықтары