ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ САХНА ШЕБЕРЛЕРІ АЛМАТЫДА

ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ САХНА ШЕБЕРЛЕРІ АЛМАТЫДА

ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ САХНА ШЕБЕРЛЕРІ АЛМАТЫДА
ашық дереккөзі
171

Қырғызстанның екі бірдей еңселі өнер ордасы – А.Малдыбаев атындағы Ака­демиялық опера және балет театры мен Ш.Термечиков атын­дағы драма театры бірлесіп қойған «Жанұран» атты пьеса­ның премьерасын 7-8 сәуір күндері Бішкек көрермендері өте жылы қабылдаған болатын. «Жанұранның» Алматыдағы премьерасы  мамыр айының 21-22 жұлдызында  Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен бала­лар театрында зор табыс­пен өтті.

Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сый­лығының лауреаты Сәбит Досановтың  «Жанұран» пьеса­сының қоюшы режиссері Қаңы­бек Дуйшеналиев, көркемдік жетек­шісі ҚР еңбек сіңірген артісі Оросбек Айдаров, қоюшы – суретші ҚР Халық суретшісі  Маратбек Шарафидинов, балет­мейстер Қырғызстанның  еңбек сіңірген артисі Талант Осмонов. Драманы қырғыз тіліне аударған ҚР Мәдениетіне  еңбек сіңірген қайраткер, атақты ақын Мархабай Ааматов. 

«Жанұран» спектакліне 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі арқау болған. Бас кейіпкерлері Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков, оның анасы Дәметкен, сүйген қызы, студент Фатима, Қайраттың достары Эльмира, Шолпан, Құттыбек, Мырзагүл, Назым, биліктің  биік баспалдағында жүрген Колбин, идеология жөнін­дегі  хатшы Арқатай Есенович, пол­ковник Щерба, капитан Волков, т.б.

– Қырғыз театрын көп жылдан кейін сахнадан тамашаладым. Спек­такль көңілімнен шықты. Бірнеше мәрте көзіме жас алдым, – деді  Қырғыз театрының Алматыдағы гастролінің  Ғ.Мүсірепов театрында өткен премьерасынан соң   сахна төріне көтерілген Олжас Сүлейменов. 

– «Жанұран» спектаклі, – деді  мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы қаласының Құрметті Аза­маты Бижамал Рамазанова – Тәуел­сіздіктің қадір-қасиетін, Прези­дент Н.Ә.Назарбаевтың: «Бір­лік болмай тірлік болмайды» дейтін идея­сын насихаттайтын аса бағалы еңбек».

Қырғыздың халық артисі Ақыл­бек Абдықалықов азаттықтын қадірін ұқтырған «Жанұранға» жоғары баға бере келіп, Желтоқсан көтерілісін арқау еткен драманы кезінде осы оқиға орын алған Алматы қаласында қоюдың өздері үшін мән-маңызы зор екенін атап өтті. Бұдан былай мұндай оқиға қайталанбауын тілеген ол, бұдан былай төңкерістің тек санамызда ғана орын алғанын тілейтінін жеткізді.

Қазақстан Халқы Ассам­блеясының мүшесі, философия ғылымдарының докторы, түрік ұлтының өкілі Қазақбай Қасымов та тілегін білдіріп, төскейде малы, төсекте басы қосылған туыс халық – қазақ пен қырғыздың бауырмалдығы арта түсу үшін осындай мәдени байланыстарды арттыра түсудің маңыздылығына тоқталып, қонақтарға сый-сияпат тапсырды.

Қырғыз сахна шеберлерінің шығармашылық сапары Алматы облысының Талғар, Қапшағай қалалары мен Жамбыл, Іле, Ең­бекшіқазақ аудандарында және Жамбыл облысының Қордай ауданында жалғасты.

«Жанұран» спектаклінің оқи­ғасы өткен Алматы қаласында өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Біз бұл сапарға зор жауапкершілік, үздіксіз әзірлікпен  келдік. Спектакльдің халыққа ұнағаны біз үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе. Біз «Жанұранды» күзде Астана  халқына, сосын Түркия жүртшылығына көрсетуді жоспарлап отырмыз»,– деді қыр­ғыздың атақты өнер шебері Орыс­бек Айдаров.

           

Индира Байсалбекова

Серіктес жаңалықтары