Зұлматты жылдардың жаңғырығы

Зұлматты жылдардың жаңғырығы

Зұлматты жылдардың жаңғырығы
ашық дереккөзі
372

Өткен аптада еліміздің барлық өңірлерінде саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары ұйымдастырылды. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қазақ жұрты үшін үлкен қайғы-қасіретті еске түсіретін күн. Биылғы жылы бұл күннің аталып келе жатқанына 17 жыл болды. 

Халқының қамын жеген ұлт қайраткерлерінің айба­рынан сескенген сол кезеңдегі тоталитарлық билік зиялыларды жаппай қуғындауға шешім шығарды. Қазақ азаматтары «халық жауы» есебінде атылып қана қоймай, олардың туған-туыстары да репрессияға ұшырады. Бұл қуғын-сүргін – кеңестік жүйенің қатыгез саясатының көрінісі. Қиын-қыстау кезеңде заңсыз жазалаудың әсерінен Кеңес Одағының құрамындағы барлық халықтар мен ұлттар бетке ұстар зиялы өкілдерінен айрылды. 27 миллионнан астам кеңес азаматының өмірін жалмаған жазалау шаралары бүгінгі қазақстандықтар үшін тарих беттеріндегі қаралы оқиғалардың біріне айналды. Осы зұлмат жылдарда қазақ халқының 35-40 мың таңдаулы ұл-қыздары құрбан болды. Сондықтан, Елбасы Н. Назарбаев бекіткен атаулы күні қазақ жұрты ата-баба рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырды. 

Барша қазақстандықтар үшін тарихи мәнге ие саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Елбасы Н.Ә. Назарбаев үндеу жа­риялады. Мемлекет басшысы жолдаған үндеуде «ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Қазақ халқының көрнекті перзенттері – Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз қуғын-сүргін құрбандары болды» делінген. 

Сонымен қатар, осы күнге орай қазақ блогерлері Астана қаласындағы «Алжир» музейіне барып, қазаққа қасірет әкелген зұлматты уақыттың тарихи де­ректерімен танысып, жазықсыз жапа шеккен ұлт зиялыларын еске алды. 

Бұл саяси қуғын-сүргін құр­бандарын еске алуға арналған жалғыз шара емес. Жазықсыз жазалауға ұшыраған қазақ ұлтының арыстарын әрбір қазақ баласы жадында сақтауға міндетті.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары