«БІР ТАМШЫ ҚАН»

«БІР ТАМШЫ ҚАН»

«БІР ТАМШЫ ҚАН»
ашық дереккөзі
771

Жақында Алматыда «Түркістан» газетінің көші-қон «Қоныс» қосымшасының ұйымдастыруымен жазушы Хадиша Мұқанның «Бір тамшы қан» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. 

Кітап арқауы 1990 жылдардың басында Моңғолиядан қоныс аударып, өмірі трагедиямен аяқталған қос ғашықтың тауқыметі, одан қалған жалғыз қыздың өмірі. Жазушы болған оқиға ізімен Қазақстанға алғаш оралған оралмандар өмірін тұңғыш рет көркем шығарма арқауына айналдырып отыр. Кітаптың алғы сөзін жазған Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Хадишаның мына кітабы менің жазбаларымның ізбасары іспеттес» деген екен. Кітап 2014 жылы «Ел шежіре» баспасынан жарық көрген. Баспа директоры Дидахмет Әшімханұлының айтуынша, «бұған дейін 1991 жылдан басталған қазақтардың атамекеніне оралуы туралы поэзиялық шығармалар көптеп жарық көрген, алайда оралмандар өмірін арқау еткен прозалық шығармалардың тұңғышы бұл». 

Тұсаукесер рәсіміне арнайы келген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Үйлестіру бөлімінің жетекшісі Ботагөз Уатқан кітапты жата-жастана оқып шыққанын айта отырып, оны тебіренбей, толқымай оқудың мүмкін емес екендігін айтты. Өйткені онда шынайы өмір, шын тұрмыс бейнеленіп отыр. Себебі, автор аталған оқиғаның арасында болған және оны өз басынан кешірген жан. Жас отбасының қайғымен аяқталған өмірін өз көзімен көрген. 

– Жазушы қандай да бір оқиғаның куәсі болмайынша, оқиғаны шынайы бейнелеп, шынайы бедерлей алмайды. Сол себепті де, мен басынан аяғына дейін өзім куә болған оқиғаны хикаят арқауы етіп отырғандықтан, тілі ұғынықты, оқиғасы тартымды болды деп есептеймін. Меніңше, бұл кітапты оқыған адам шынымен де бір ерекше толғанысқа енеді. Өйткені ол үлкен эмоциямен жазылған кітап, – дейді автор. 

Кітапқа пікір жазған журналист Бодаухан Тоқанұлы: «Ең басты жетістігі – жергілікті қазақтардың тұрмыс-тіршілігі де өзгешелеу, көңілінде сәл де болса кірбің бар осы топтың ішкі сырына, болмыс-бітіміне автор терең үңілуге тырысқан», – деген пікір айтса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалым Байбатыров: «Бір тамшы қан» әлі де қоғамда болып,  байқалмай жүрген кейбір әлсіз тұстарымыздың қалтарысына мән бере үңілуімізді, ой сүзгісінен өткізіп, сарабдал талғам үдесінен қарауымызды меңзейді», – деген екен. 

Кітаптың тұсаукесеріне арнайы жиналған топ кітап авторына сәттілік тілеп, оның оқырмандардың көңілінен шығуына тілектестік білдіріп тарасты. 

Есен Байнұр. 

Серіктес жаңалықтары