ЖЫРАҚТАҒЫ ЖАМПОЗ ЕДІ

ЖЫРАҚТАҒЫ ЖАМПОЗ ЕДІ

ЖЫРАҚТАҒЫ  ЖАМПОЗ ЕДІ
ашық дереккөзі
497

Бүгінгі аласапыран дәуір күн сайын алдымыздан бір проблема шығарып, қабілетіміз бен шыдамымызды сынаққа салып отырғандай. Экономика дейсіз бе, саясат мәселесін айтасыз ба, не руханият дүниесін аласыз ба, қай жағынан қарасаңыз да қиындықтар жетерлік. Осының алдыңғы екеуінде қоғам белсенділік танытып отырғанымен рухани әлемде біз, ұлт ретінде едәуір жеңіліске ұшыраған сияқтымыз. Оны, әрине, дәлелдеп жатудың өзі артық болар, бірақ, жеңілістің себеп-салдарына үңілмеске тағы болмайды.

«Білекті бірді, білімді мыңды» жығады дегенді айтқан қазақ. Соған қарағанда, қара күш барлық кезде мәселе шеше бермеген сияқты. Дабысы жарты әлемді тітіреткен Ақсақ Темірдің «күш – әділдікте» дейтіні содан болса керек. Ендеше, бізге ұлт ретінде ұлы жеңісті руханият қана әперетінін ұмытпауымыз керек сияқты. Руханияттың алтын өзегі – ұлттық мінез! Біздің ұлттық мінезіміз қандай еді? «Бейшара көнеді, бетпақ жеңедіге» саятын етектартты, көкжасық тәрбие ме? Жоқ, әрине! «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген серттей сөз – қазақтың рухы өр халық екендігін танытса керек.

Жасыратыны жоқ, біз әлі күнге дейін ұлттық идеяны Мемлекеттік идея дәрежесіне көтере алмай отырмыз. Соның салдарынан бір-бірімізге деген туыстық, бауырмалдық сезімінен айрылып бара жатқандаймыз. Егер бұл, расында құбылысқа айналып бара жатса – оны тоқтатудың шарасы жоқ па? Неге болмасын!

Көрсетпе, Құдай, сен енді,

Ноқталы жаттың жетегін.

Асыр сап ерке ұл-қызым,

Сүйдірсін гүлге етегін.

Әр Қазақ – менің Жалғызым! –

Жалғыздың тілеп тілегін,

Жалғаннан мәңгі кетемін!..

(Сабыр Адай).

Бұл – Азат елдің ақынының аузына Алланың өзі салған ақиқат болатын. Әр қазақ бір-бірін жалғызындай көретін дәрежеге жетпейінше, біз ешқашан ұлы мақсатқа жете алмайтынымыз анық.

«Елдің атын ері шығаратыны» әлімсақтан келе жатқан әділ сөз екенін ешқайсымыз жоққа шығармаймыз, алайда, тереңіне үңіліп парықтай бермейтініміз тағы бар. Сол әдетке бой алдырғандықтан болса керек, сонау Еуропа төрінде жат елдің мінбесінен қазақ ұлтының жоғын жоқтап, жалғыз жортқан жолбарыстай аласұрған Хасен Оралтай сияқты орақ ауыз, от тілді алаш перзентін тірісінде де, өмірден өткесін де ұрпағымызға үлгі тұтқызуды ойлап жүргендеріміз көп емес. Қажығұмар Шаб­данұлындай үлкен жазушымызды Қытай түрмесінен азат ету қолымыздан келмеді. Бұны неге айтып отырмыз?

…Жақында, дәлірегі осы жылдың 21-мамырында, жалпы қазақ баласы үшін қадірі бар азамат, яғни, жат елде жүрсе де қазақ тілі мен музыкасын насихаттау арқылы сол елдегі қалың қазақтың ассимиляцияға ұшырауына қарсы күрескен журналист, жазушы, қоғам қайраткері Сүлеймен Бұқарбаев ағамыз дүние салды. Ол кісі сонау алпысыншы жылдардан бастап Өзбекстанда телевизия саласында 32 жыл еңбек етіп, сол елдегі екі миллионға жуық қандастарымыздың рухани аштыққа ұшырауына жол бермеу үшін, өзі сияқты ұлтжанды азаматтармен тізе қосып ел атынан талап қойып, талай үлкен кеңселердегі лауазымды тұлғалардың есігін тоздырып жүріп, ақыры Өзбекстанның орталық теледидарынан аптасына бір рет берілетін, жарты сағаттық ақпараттық, сазды «Замандас» бағдарламасын ашуға қол жеткізіп, үлкен ерлік жасап еді. Сол бағдарлама арқылы Өзбекстан қазақтары өз ішінен шыққан таланттарды танып-біліп отырды. Өз тілінде ақпараттар алып, ән-күйлер тыңдады. «Замандастың» әсерінің күшті болғаны соншалық, әр жұма күні күндізгі сағат 12-ден өте басталатын хабардан Сүлеймен ағаның сөйлегенін көріп, ән тыңдау үшін мектеп оқушыларының өзі сабағынан қашып, үйіне жеткенше асығатын. «Замандас» бағдарламасы басталғанда оркестрдің орындауында берілетін «Сарыарқа» күйін жүгіріп келе жатып тыңдайтын, әр-әр жерден шыққан теледидар даусынан…

КСРО-ның шаңырағы шайқала бастаған 90-жылдарда біздің жақтың халқы «Қазақстан-1» арнасын көруге мүмкіндік алғандай болғанымен ол қуаныш ұзаққа созылмады. Егемендікке жетіп, есін жиған, ұлттық идеологиясын қолға алған өзбек елі алдымен «Замандастың» тынысын тарылтып, Ташкент қаласы мен облысы аймағында ғана таратуға қалдырса, ұзамай Қазақстан арналарын көрсетуді біржола тоқтатты. Міне, содан бастап Сүлеймен Бұқарбаевтың қайда кеткені, не істеп жүргені де қандастарына беймәлім болды. 

Ғалима, Бағила, Рабиға, Балқия атты төрт қыз тәрбилеп өсірген Сүлеймен аға – Ғалимасы мен Бағиласын өз мамандығына баулып, олардың әке жолын жалғастырып, елдің сөзін сөйлейтін алғыр журналистер болып жетілгеніне риза еді. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген өнегені көріп өскен олар, сын сағатта азаматтық танытты. 2005 жылдың 13 мамырындағы Әндіжан оқиғасы кезінде оппозиционер журналистерді от пен оқтың астынан алып шығып, қырғыз еліндегі халықаралық демократиялық күштер құрған арнаулы лагерлерге орналастырып, олардың шетелге кетуіне жағдай жасаған Ғалима Бұқарбаева болатын. Қазір ол Германияның uznews.net сайтының бас редакторы. Сол елде тұрады және өз сайтында Өзбекстандағы жағдайлар туралы өткір мақалалар жариялап отырады. Ал, Бағила Бұқарбаева болса АҚШ-тың Ассошиэтед Пресс агенттігінің орталық азия бойынша тілшісі. Міне, осы жағдайлар Сүлеймен Бұқарбаевтың тағдырына әсер етпей қойған жоқ. Өзбекстанда оның БАҚ-та көрінуіне және ол туралы жазуға тыйым салынды. Қыздары үшін талай қысым да көрді, алайда, өз перзенттеріне тек қана жақсылық тілейтін абзал әке өз ісіне өкінген жоқ, керісінше, өз өнегесін өрістетіп жүрген құлындарына риза күйде аттанды бақиға. Өкініштісі, осындай адамның өмірден өткені туралы Қазақ елінде бір де бір баспасөз жазбады. Ал, мамырдың 24-інде Канададағы орыс және өзбек тілдерінде ақпарат тарататын оппозициялық dunyouzbeklari.com сайты орыс тілінде «Прощай, Сулейман Бухарбаев, пусть земля тебе будет пухом!» деген атпен шағын мақала жария­лады. Тәуелсіз журналист Исмат Хушев жетекшілік ететін бұл сайтта (шетелдегі өзбек оппозициясы dunyouzbeklari.com сайтын «өзбекстандық үш әріптің сайты» дейді) Сүлеймен Бұқарбаевтай арда азаматтың еңбегі мен талантын бағалай отыра, ол туралы жазбаға дүние салған кісінің әйелі мен қыздары туралы жағымсыз пікірлерін де тықпалапты. Бұл, енді, адамгершілік этикаға жатпайтын іс болды… 

«Судың да сұрауы бар». Ал, Сүлеймен аға соңғы деміне дейін қазағы, ұлты үшін алға ұмтылудан бір талмаған, бүкіл ғұмыры жырақта өткен жалғыздардың бірегейі еді ғой! Елдің ұлылығы – өз азаматын іздеусіз де, сұраусыз қалдырмауда емес пе?..

Ахмет Жұмағалиұлы

Серіктес жаңалықтары