Қорғаныс саласы пысықталды

Қорғаныс саласы пысықталды

Қорғаныс   саласы   пысықталды
ашық дереккөзі

Әлемде түрлі толқулар болып жатқан тұста елдің қауіпсіздігі мен тұтастығы қымбат екені даусыз. Әсіресе, Украинадағы наразылық шараларының соңы мемлекеттің ауызбірлігіне әжептәуір нұқсан келтірді. Тіпті, айрандай ұйып отырған елдің аумағына қарайтын Қырымды Ресейдің референдум өткізу арқылы қоластына алуы да көп жайтты аңғартса керек. Одан қала берді, Мысырда, Сирияда, Иракта орын алып отырған үздіксіз қақтығыстардың өзі алаңдаушылық туғызады. 

Демек, әу баста бағымызға бұйырған ұлан-ғайыр жерді қорғау міндет. Шекара қауіпсіздігін сақтау, кез келген жағдайға сақадай-сай болу мемлекеттің күн тәртібінде тұрған негізгі мәселесі. Оған селқос қарау жараспас. Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаев қорғаныс саласына ерекше көңіл бөліп, осы салаға қатысты түйткілдерді ауық-ауық көтеріп келеді. Атап айтқанда, қорғаныс жүйесін дамыту, Қарулы күштерді қажетті жауынгерлік арсеналмен қамтамасыз ету, әскердің жауынгерлік дайындығын тексеру және әскери доктрина мәселелерін жүзеге асыру жайы назардан тыс қалған емес. Осы аптада Қорғаныс министрі Серік Ахметовті арнайы қабылдаған Президент елдің қорғаныс өнеркәсібін дамыту шараларымен танысты. Министр Ахметов әскерді әрі қарай кәсібилендіру, заманауи қару-жарақпен жабдықтау жайын айта келе, болашақта қазақ армиясының жаңа сипатта дамитынына екпін түсірді. Бұдан бөлек, министр Президентті таяуда Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы елдері қорғаныс министрлері кеңесі отырысының қорытындылары жөнінен хабардар етті.  

Ал тағайындалғанына көп бола қоймаған жаңа министрдің алға қойған жоспарлары мен міндеттеріне қанағаттанған Елбасы: «Әскери жаттығу, әскерлерді үйрету, ол – Бас штабтың мәселесі. Министрдің міндеті – қорғаныс жүйесін дамыту, керекті қару-жарақпен қамтамасыз ету, дайындығын тексеру, қорғаныс доктринасының қалай болатынын қадағалау», – деп бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. 

Қорғаныс саласында шешімін таппаған мәселе көп. Ол – министрдің өзі дөп басқандай, соңғы үлгідегі қару-жарақ пен әскерилерге қажетті жабдықтардың тозығы жеткендігі. Оны жаңарту, оған сай мамандарды дайындау ауадай қажет. «Іргеміз мықты болса, іріткі ішке енбейді» демекші, сонда ғана ұлттық қауіпсіздігіміз нық, шекарамыз бекем болмақ.    

Динара Мыңжасарқызы