«ҰЛТАН БОЛУ» БІР АРМАН...

«ҰЛТАН БОЛУ» БІР АРМАН...

«ҰЛТАН БОЛУ»  БІР АРМАН...
ашық дереккөзі

Қазақстан сияқты унитарлы мемлекеттің геосаяси жағдайына бірден-бір тірек болатын нәрсенің демография екені бесенеден белгілі жәйт. Оның маңызын түсінген мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ көші-қон саясатын қолға алып, елімізде қайырлап қалған демографиялық ахуалды түзеу үшін шетелдердегі қазақтарды атажұртқа көшіріп алуды мақсат етті және пәрменді жұмыстар жүргізіле бастады. 1997 жылдың 13 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының “Халықтың көші-қоны туралы” Заңының 14-бабына сәйкес басқа елдерден көшіп келушілерге оралман мәртебесі беріліп, оларды үй және жұмыспен қамтамасыз ету көзделді. Соңынан, ол жеңілдіктер ақшалай беруге ауыс­тырылды.

Сырттағы қандастарын арнайы көшіріп алатын әлемдегі төрт мемлекеттің бірі болған Қазақстанның бұл саясаты жаман нәтиже берген жоқ. 2011 жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз баяндамасында сырттан келген қазақтың саны 1,5 миллионға жуық екендігін атап көрсеткен болатын. Ал, шеттен келген қандастарымыздың білім деңгейі жөнінде «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Рахым Айыпұлы: «2011 жылғы санақ бойынша, сырттан келген қандастарымыздың арасында 74 ғылым докторы бар. 213 ғылым кандидаты, 1600 шығармашылық қызметкері, 12,5 мың білім беру саласының қызметкерлері, 7 мың медицина саласы мамандары бар. Сондай-ақ 40777 жоғары білім иелері, 2509 аяқталмаған жоғары білім иелері бар. Әрі оралмандардың 93600-і арнаулы орта білім иесі. Шеттен оралған қандастарымыздың арасынан 620 адам ҚР қарулы күштері қатарында» (abai.kz сайты) деп мәлімдеді. Демек, сырттан келген қандастарымыз мемлекетімізде барлық салада аянбай тер төгіп, атамекенінің көркеюіне ат салысып жүр деген сөз.

Жасыратыны жоқ, шетелдегі қазақты атамекеніне көшіріп алу саясаты дұрыс шешім болғанымен, оның әлеуметтік-психологиялық жағы назардан тыс қалды. Ең алдымен сырттан келген қазақтарды (мүмкін, құжат жүргізу үшін керек болған шығар) тұрғылықты қазақтардан ерекшелеп, оларға  «оралман» деген статус беріліп, «оралман куәлігі» табысталды. Бұл – көшіп келу квотасын алып, Қазақстан азаматы атанғанша ғана күші бар құжат болатын. Міне, осы бір құжаттың салқыны сырттан келген қазақтарды әлеуметтік оқшаулануға, анығырағы оқшаулауға ұшыратты. Дегенмен, оны қазбалап жатудың қажеті бола қоймас, себебі, жоғарыда біз келтіріп өткен Рахым Айыпұлының деректерінен-ақ көп жайды білуге болады. Өкінішке қарай, өрлеуге кедергі болатын факторлар азаймай тұр. Өйткені таза қазақи орта қалыптастыратын шетелдік қазақтардың көбеюі мұндағы шалақазақтар мен балалары орысша білім алған биліктегі кейбір кісілерге ұнамайтыны анық. Сондықтан болар, бұрын ҚР Көші-қон комитетінің төрағасы болып тұрған кезінде Қабылсаят Әбішев: –  «Моңғолиядан келетін адамдардың 98 пайызында білім жоқ. Білімділерінің бәрі келіп бітті» деп, сырттағы ағайынды бір тұқыртып алған еді. Ал, жақында Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова ханым да Мәжілістің әлеуметтік және мәдени даму комитетінің отырысында: «Оралмандардың 70 пайызында жоғарғы білім жоқ» деп соқты. Қатардағы қарапайым пенденің бірі емес, жоғары лауазымды кісілер осылай деп отырса, ақ пен қараны ажырата бермейтін былайғы жұртқа қалай өкпелейсің?

Айтпақшы, базарлар мен автостанса, темір жол маңын торуылдап сырттан келгендердің (көп жағдайда қазақтардың) құжатынан ілік табуға әуес көші-қон полиция­сы қызметкерлері де жат жұрттық қазақтардың келіп-кетіп, елмен, жермен танысып, атажұртқа бауыр басуына аз кедергі жасап жатпаған сияқты. Жер көруге, көшіп келуге қоныс таңдауға келген талай қазақтың төлқұжатына «паспорт тәртібін бұзғаны үшін» деп «қара мөр» басып, 5 жылға дейін елге кірмейтін қып жіберіп жатқанын жиі естіп жүрміз. Бұл деген, біздіңше, өте қатал жазалау. Себебі, сондай жазаға ұшыраған адамдардың осында туған-туысы, құда-жегжаты бар. Өмір болғасын түрлі жағдай болатыны бар, сондайда әлгіндей «қара таңбасы» бар қазақтың жүргені, шекарадан бері аттап баса алмай.

Жақында Өзбекстан жақтың бір адамы Қазақстанға көшіп келе жатып, шекарада кедендік тексеру кезінде паспортына басылған «қара мөрдің» кесірінен іркіліп, келген жағына қайтарылыпты. Ал, ол кісінің бүкіл бала-шағасы өтіп кеткен. Үйін, дүние-мүлкін сатқан, Өзбекстанның тіркеуінен шығып келе жатқан бір отағасына әлі екі ай күші бар «қара мөр» Атажұртына өтуге кедергі болған. Осындайда «төлқұжат тәртібі туралы заңды ұлты қазақ кісілер үшін жұмсартса қайтер еді» деп ойлауға тура келеді. Міне, бар қазақтың жалғыз Отаны – Қазақстанда шеттен оралуы тиіс қазақтарға деген түрлі кедергі азаяр емес. Елге келгеннен кейінгі құжаттандыру жұмысы өз алдына…

Қазақстанда лауазымды кісілер жұмсақ орындықта отырып ап, өз қандастарына түрлі ат қойып, айдар тағып, кемсітіп, үркітіп әуре, ал шет жердегі қазақтарға өзге елдің сұлтандығынан безіп, өз елінде «ұлтан болу» арман.

Ахмет Жұмағалиұлы