«Айтыс» мамандығы шәкірт қабылдайды

«Айтыс» мамандығы шәкірт қабылдайды

«Айтыс» мамандығы шәкірт қабылдайды
ашық дереккөзі

Елімізде айтыс өнерінің кеңінен дамығаны белгілі. Бұл кешегі өткен
замандағы Біржан мен Сара,
Кемпірбай, Базар, Бұдабай, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл, Құлманбет сынды
сөз шеберлерінен қалған  киелі өнер. Сол
уақыттан бүгінге жеткен айтысты зерттеу, зерделеу қажет. Біз білмейтін қаншама
орамды, ұтымды сөздер көмескіленіп жеткен десек, оны арнайы ғылым ретінде
жинақтау заман талабы.

Жақында Астана қаласында қазіргі
айтыс өнерінің тасын өрге домалатып жүрген ақындардың жыр жинақтары жарық
көрген болатын. Оған айтыстың үздіксіз өтуіне мемлекет тарапынан қолұшын созып
жүрген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен оның ұйымдастыру
жағына жауапты болып келген ақын Жүрсін Ерман қатысып, болашақта айтысқа жаны
жақын таланттарды оқытатын мамандық ашуды сөз еткен еді. «Еуразия ұлттық
университетінде ректор болған кезімде 2001 жылы «Дәстүрлі музыкалық және поэтикалық
өнер» атты мамандық ашылып, қазақтың талантты жастары білім алған. «Әншілерді,
домбырашыларды, сиқырлы өнер иелерін оқытамыз, ал неге ең ұлы өнерімізді
меңгермейміз?» деп айтыс мамандығын ашып, жер-жерден жас ақындарды жинадым. Кейіннен
Л.Н.Еуразия ұлттық университетіндегі айтыс мамандығы жабылып қалды. Қазір
«Шабыт» университетінде еңбек етемін. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Айман
Мұсақожаеваға «Шабыт» университетінде айтыс мамандығын ашу туралы өтініш
білдірдім. Ол тек кәсіби скрипкашы ғана емес, ақылды қыз екен. Бірден қолдай
кетті. Министрлікке ұсыныс жасадық. Құдай қаласа, алдағы уақытта жоспарымыз
ақиқатқа айналып, Астанада айтыс ақындарын даярлайтын орта болады»,  – деген Мырзатай Жолдасбековтің пікірі есте.
Демек, қазақстандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өнер жанашырлары мен ұлт
зиялылары ақылдаса келіп, Қазақ ұлттық өнер университетінің дәстүрлі өнер
факультетінен «Айтыс» мамандығын ашуды ұйғарған. Енді, міне Қазақ ұлттық өнер университетінде «Айтыс»
мамандығы ашылып, оған  мемлекет
тарапынан 4 грант бөлініп отыр.
Жаңа мамандыққа құжаттарды қабылдау
маусым айының 30 жұлдызына дейін жалғаспақ.