МҮГЕДЕК ЖАНДАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ

МҮГЕДЕК ЖАНДАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ

МҮГЕДЕК ЖАНДАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ
ашық дереккөзі
Еліміздегі мүгедек жандардың саны 600 мың көрінеді. Бұл ресми түрде тіркелгендері. Тізімге енбей қалғандары қаншама. Әрі құзырлы органдар мен кейбір лауазым иелері мүгедектерге қатысты жалған ақпарат береді екен. Әрі оларды жұмысқа алуда түрлі сылтау ойлап тауып, кедергі жасауға тырысатындары да көп. «Нұр Отан» партиясының мәжілісінде осы олқылықтардың орнын толтыру көзделді.

Жалған есепке жүйрік мырзалар

 

Кемтар жандар кез келген қоғамда бар. Дамыған елдерде оларға жақсы жағдай жасалған. Мәселен, мүгедектердің қол арбасымен көңілі қалаған жаққа баруы, кез келген ғимаратқа кедергісіз кіруі, жұмысқа оңай орналасуы, бос уақытында демалып, көңіл көтеруі т.б. қарас­ты­рылған. Өкінішке қарай, бізде жағдай басқаша. Кейбір деректерге сүйенсек, Қазақстан азаматтарының 3 пайызы мүгедек көрінеді. Әлбетте, біреулер үшін бұл аз көрсеткіш сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ жері ұлан-ғайыр, ал халқының саны 17 миллион төңірегіндегі Қазақ елі үшін 3 пайыз дегеніңіз өте көп. Сондықтан да Елбасы биылғы халыққа Жолдауында мүгедектердің жағдайына баса назар аударды: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн. Егер қажет болған жағдайда Үкімет бұл мәселені барлық компаниялармен бірлесе пысықтап, тиісті шешім қабылдауы керек. Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыруды тапсырамын». Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына «Нұр Отан» партиясы да көңіл аударып отыр. Мәселен, «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асыру шеңберінде, партия мүгедектерді жұмысқа орналастыру, кедергісіз орта қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамдық өмірге белсене араластыру бағытында жұмыс жасап келеді. Апта басында «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында өткен мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуды мәселе етіп көтерген селекторлық мәжілісі өтті. Алты салалық министрдің, бірқатар орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткізілген кеңесте партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мүгедектерді жұмысқа орналастыруға қатысты сандарды бұрмалауға құмар лауазымды тұлғалардың партия желісі бойынша жазаланатынын мәлімдеді. Байбектің айтуынша, «Кедергісіз келешек» жобасына сәйкес, 2014 жылдың басынан бері 5,5 мың мүгедек жұмысқа орналастырылғаны көрсетіліпті. Бірақ бұл дерек жалған боп шығып, аталған көрсеткіш 2,6 мың адамға дейін төмендепті. Көрсеткішті көтермелеп көрсетіп, жалған есеп бергендердің жазаға тартылатынын және есепті дұрыстағанша лауазымды тұлғалардың қатаң бақылауда болатынын ескерткен Бауыржан Байбек: «Аймақтардағы партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларының, жауапты лауазымды тұлғалардың айрықша назар аударуын сұраймын. Біздің қолымызда әр аймақ бойынша кімнің қандай сандарды бұрмалағандығы туралы аты-жөні тізілген тізім бар. Қыркүйекке дейін статистиканы түзей алатын мүмкіндігіміз бар», – деді. Енді бұл мәселе «Нұр Отанның» мәжілісінде күзге салым қайта көтерілмек: «Егер деректер қайталанатын болса, істің нәтижесі бойынша күзде тиесілі мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғаларға қатысты қатаң партиялық тәртіптік шаралар қолданатын боламыз. Бұл жеке мәселе емес. Бұл мемлекеттік саясат».

 

Мүгедектер жұмысқа орналастырылады

 

Аталған отырыста Қазақ қоғамындағы мүгедек жандарға жасалатын жұмыстарды жүйелеп алмайынша, істің алға баспайтынын ескерткен Бауыржан Байбек оларды жұмыспен қамтамасыз ету және осы мәселеге қатысты барлық кемшіліктер мен кедергілерді жоюға қатысты құзырлы органдарға бірнеше тапсырма берді. Өкінішке қарай, бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға құлықсыз көптеген мекемелер түрлі сылтаулар ойлап табады. Бұл тағдырдан теперіш көріп, жаны онсыз да жүдеп жүрген мүгедектерге психологиялық тұрғыда үлкен соққы. Сол себепті, Б.Байбек жұмысқа алынарда қойылатын шарттарды да өзгерту керектігін айтты. Әлбетте, мүгедектерді жұмыспен қамту дегенде оларды қарапайым жұмыстан бастап, ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдарға дейін тарту көзделген. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында қабілеттілері көп: «Мүгедектердің мемлекеттік органдарға және ұлттық компанияларға жұмысқа орналасу үлесін арттыру керек. Бүгінде мүгедектердің мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтерде жұмыспен қамтылу деңгейі 0,2-ден 0,8 пайызға дейін» Сондай-ақ, мүгедектерге медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу барысында 2001 жылы Әлем­дік денсаулық сақтау ұйы­мы тарапынан қабылданған Халық­аралық стандарттарға сүйену керек. Жиналыста мүгедектерді реабилитациялау жүйесін жетілдіру мәселесі де көтерілді. Бұл БҰҰ Конвенциясында көрсетілген тармақтарға сәйкестендірілуі тиіс: «Мүгедектерді реабилитациялаудың бірыңғай жүйесі қажет. Оның аясында медициналық, әлеуметтік және кәсіби сипатта шаралар қолданылады. Оның басты бағдары – еңбек әлеуетін арттыру». «Нұр Отанның» мәжілісінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне берілген тапсырмалар арасында Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту бар. «Бүгінде мүгедектерге мектептердің 23 пайызы, 2 жоғары оқу орны толықтай және 3 жоғары оқу орны жартылай қолжетімді. Сайлауалды тұғырнамада, 2017 жылға дейін олардың 30 пайызын қолжетімді ету көрсетілген», – деп баса айтқан Байбек білім беру нысандарының қолжетімділігі, педагогикалық кадрлар дайындау, оқу бағдарламалары және материалдармен қамтамасыз етуге де тоқталды. Бауыржан Байбектің айтуынша, қазір Қазақстанда 620 мың мүгедек бар. Өткенде ұйымдастырылған бейнеконференцияда ол мүгедектердің 400 мыңы еңбек етуге қабілетті екенін, сондай-ақ, 117 мыңы мойнына артылған жауапкершілік жүгін, яғни, жұмысын өз күшімен атқара алатынын жеткізген. Жалпы алғанда, 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жанның 20 пайызы (83 мыңы) қызметте. Жұмыс болғанда да, олар мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақы төленетін жұмыс істейді. Енді осы көрсеткішті барынша арттыруға «Нұр Отан» құлшынып отыр. Осы орайда, Бауыржан Байбек: «Біз жыл сайын 5 мың мүгедек жанның жұмысқа тұрғызылуына қол жеткізуді көздеудеміз. Бүгінде мемлекет, азаматтық сектор, бизнес мүмкіндігі шектеулі жандарды белсенді әлеуметтік ортаға тарту мәселесін бірлесіп шешуі керек. Партия бұл үдерісті үйлестіруге барлық ресурстарын жұмсайтын болады. Партия доктринасында көрініс тапқан құндылық – ынтымақтастық дегеніміз осы»,– деген болатын.

 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ