ОТАНДЫҚ ЖИҺАЗ ОҢАЛЫП КЕЛЕДІ

ОТАНДЫҚ ЖИҺАЗ ОҢАЛЫП КЕЛЕДІ

ОТАНДЫҚ ЖИҺАЗ  ОҢАЛЫП КЕЛЕДІ
ашық дереккөзі

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 4 млрд. доллар. Келешекте бұл көрсеткіш 10 млрд. долларға дейін жеткізілмек. Екіжақты байланысты түріктердің жиһаз жасаушылары нығайтуды көздеп отыр.

Бүгінде түркі елдерімен арадағы сауда-саттық, экономикалық және іскерлік қарым-қатынас нығая түскен. Жуырда ғана Түркияның Бодрум қаласында өткен Түркі кеңесіне мүше елдердің саммитінде осы байланыстарды одан ары дамытуға баса назар аударылды. Сол басқосуда ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Қазір Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 4 млрд. доллар, бұл көрсеткішті арттыруға әлеуетіміз жетеді», – деген еді. Келесі жылы Қазақстаннан Грузия арқылы Түркияға дейін тартылатын темір жолдың құрылысы бітеді. Ұлы Жібек жолын жаңғыртуды көздеп отырған жоспарымыз тағы бар. Осылардың барлығы бауырлас түркі елдерімен арадағы байланысты нығайта түсері анық. Әлбетте, жобалардың жүзеге асырылуын күтіп, қол қусырып отырған жоқпыз. Түркі елдері арасындағы қарым-қатынас өрбуде. Әсіресе, түріктер жағы белсенді. Мәселен, өткен аптада Түркиядағы жиһаз жасаушылары ассоциациясының мүшелері Алматыға келді. 

Инегөл – Түркияның Бұрса провинциясына қарайтын аудан. Жерінің аумағы 1031 шаршы шақырымға созылатын. Екі жүз мыңға жуық тұрғыны бар қалада өндіріс ошақтары жақсы дамыған. Тарихқа үңілсек, бір кездері Ескендір Зұлқарнайын сарбаздары сап түзеген, Византия империясының қол астында болған Бинегөл орналасқан аумақтан І Осман сұлтаны Осман империясының іргетасын қалайды. 

Шараның ашылу салтанатында Қазақстандағы жиһаз жасаушылар ассоциациясының жетекшісі Михаил Глухов түрік әріптестеріне алғысын білдіре отырып, 15 жылдық тарихы бар отандық жиһаз саласы даму кезеңін басынан кешіріп жатқанын айтты. «Бүгінде ішкі нарықтағы үлесіміз 30 пайызға жуық. Сондықтан Қазақстандағы жиһаз жасау саласы тым кенжелеп қалған. Біздің дамуымызға үлес қосатын шетелдік әріптестерімізге дән ризамыз», – деген М.Глухов өзі басшылық ететін ассоциацияда 30-ға жуық кәсіпорын бар екенін, Үдемелі-индустриалдық бағдарлама аталған саланы қарқынды дамытуға ықпал ететініне үміт артты. Биыл шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қатысты заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ықпал еткен Ассоциация мүшелері салық жүйесіне қатысты ұсыныстарын дайындап жатыр. Басты мақсат – отандық жиһазшылардың бәсекелестікке қабілетті болуына жағдай жасау. Оның айтуынша, кәсіпкерлерге арнап қысқамерзімдік жедел несиелер беру, гранттар тарату т.б. мүмкіндіктер қарастырылып жатқан көрінеді: «Соңғы 3 жылда біздің Ассоциация мүшелерінің салық ретінде қазынаға кіргізген кірісі 3,3 пайызға арттырған. Егер мемлекеттік бюджеттің небары 60 пайызға өскенін ескерсек, бізге тиесілі көрсеткіш айтарлықтай жоғары екенін байқаймыз. Сонымен қатар жиһаз саласына инвестиция салушылардың саны көбейіп келеді».

Қазіргі таңда түріктердің жиһаздары біздің ішкі нарықта Қытай, Беларусь, Италия, Ресейден кейінгі алтыншы орында тұр. Бір қызығы, соңғы кездері елімізге жиһаз импорттайтындардың қарқыны бәсең тартса, түріктер керісінше, 43 пайызға артқан. Түркияның Алматыдағы Бас консулдығынан келген Сауда атташесі Дервиш Өндер мырза екіжақты серіктестікті нығайтуға бағытталған шаралардың көбейе беруіне тілектестік білдіре отырып, Қазақстанның саяси тұрақтылығын, экономикалық дамуын мақтан ететінін жеткізді: «Қазақстандағы бауырларға айтарым, түрік кәсіпкерлері мен тауар өндірушілері сіздердің елдеріңізге тек өнімін сату үшін ғана емес, инвестиция салу, іскерлік қарым-қатынас орнату үшін келеді. Бүгінгі кездесу екіжақты ынтамақтастық пен серіктестікті нығайтудың алғашқы қадамы болады деген сенімдемін», – деді. Өз кезегінде Инегөлдегі Жиһаз жасаушылар ассоциациясының президенті Өзжан Айхан мырза Қазақстандағы жиһаз саласында тер төгетін кәсіби мамандарды үстіміздегі жылдың қараша айында Инегөл ауданында ұйымдастырылатын көрмеге шақырды. Ал Түркияның Алматыдағы Бас консулы Сүпхи Атан мырза: «Инегөл туралы дайындалған видеоны көріп отырып, ішімнен «Инегөл – шынында да нәсібі мол аймақ. Бір жағынан жиһаз саласының астанасы, тағы бір жағынан көфтенің (котлеттің) бас қаласы, ас та төк жеміс-жидегі тағы бар. Бір қызығы, Алматының ескі аты – Алма-Ата. Яғни, алмалардың атасы болған жер. Әлбетте, ұқсас тұстарымыз мұнымен шектелмейді: түбіміз бір, тарихымыз, діліміз, дініміз, тіліміз бір. Сондықтан біз өзімізді Қазақстанда турист не жатжұрттық сезінбейміз. Кәсіпкерлік саласындағы серіктестікті нығайту үшін ең маңыздысы – тұрақтылық пен сенімділік», – дей келе, түрік кәсіпкерлеріне қазіргі басты бағыт Орталық Азия нарығы екендігін ескертті. 

Екіжақты кездесудің ресми бөлімінен кейін Қазақстан мен Түркияның кәсіпкерлері мен тауар өндірушілер келіссөз үстеліне отырып, іскерлік қатынастың алғышарттарын бастап кетті. 


Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ