Жақсылықты «Жан жылуымен» жасаған

Жақсылықты «Жан жылуымен» жасаған

Жақсылықты «Жан жылуымен» жасаған
ашық дереккөзі
371

Халқымыз бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді», жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» дейді. Иман – жүректегі нұр болса, сол нұрдың сыртқы болмысы – адамға біткен көркем мінез. Мейірім мен имандылық адамның ішкі рухани қасиеті, оның адамгершілігінің, ізгілігінің, кісілігінің өлшемі. Мейірім мен адамға деген жылылық сезімдері адам бойындағы асыл қасиетке, ғұмырының мәні мен мағынасына айналып, өзі өмір сүріп жатқан ортасы мен қоғамның рухани сау болуына негіз қалайды. Мына жарық дүниеге келген соң тіршілік еткен ортамызға, жан-жағымыздағы адамдарға сыйластық қарым-қатынас, инабаттылық көрсету, үлкендік пен кішілікті білу, өзгелерді мейірім шуағына бөлеу адамның адамшылығы екені рас. Имандылықтың бір көрінісі – айналадағы мұқтаж жандарға қол созу. Бұл халқымыздың бойында бұрыннан бар даралығы мен дархандығы. 

Адам жанына имандылық пен мейірім нұрын егуде ұстаздардың орны зор. Өйткені кез-келген оқу орнының міндеті тек білім беру ғана емес, сол білімді тәрбиемен, рухани құндылықтарды дарытумен ұштастыру. Егер де ұстаз кәдімгі біліммен қоса, рухани ұстаз, өмір ұстазы болса, одан білім алған шәкірттердің де тәлім-тәрбиесі зор болмақ. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – дейді Абай. Осы тұста қандай жақсы өнеге болсын, оны іспен көрсетудің мәні зор, көзімен көрген жақсы істер жас адамның көкірегінен орын теуіп, мәңгі орнығып қалады. Осындай өнегелі істің жарқын бір мысалы Қазақтың Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде болып өтті. Қыздар университетіне қарасты «Жан жылуы» еріктілер клубы таяуда «Жан жылуы – өмір шуағы» атты кезекті қайырымдылық концертін өткізді. Бұл шара өкпесі жетілмей қалған Бекболат есімді бір жастағы бүлдіршінге арналды. Шараға Бекболат пен оның анасы арнайы шақырылды. Бұл жиынға университеттің «Тек қана қыздар» КВН командасы, «Томирис» би ансамблі, Меруерт Түсіпбаева, Гүлнәр Әлімбекова, Қанат Үмбетов және өзге де эстрада әншілері қатысып, акцияны қолдады. Кеш барысында ұйымдастырылуына басшылық жасайтын оқу орнының әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры Зәуреш Сабырова: «Халқымыз қашанда қайырымдылықтан кенде болмаған. Бұл қасиет біздің болмысымыздың ажырамас құрамдас бөлігі. Ата-бабалардың игі дәстүрін бүгінгі ұрпақтары, болашақ ұстаз, ана болатын қыздарымыздың жалғастырып отырғандығы қуантады. Қайырымды адамдардың өмір жолы тек ізгіліктен, мейірімнен тұрады. Игі шара жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып қана қоймай, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеуге де зор септігін тигізеді» деп атап өтіп, шарадан түскен 300 мың теңгеге жуық қаражатты Бекболаттың анасына табыстады.

Сонымен қатар, акция аясында «Жан жылуы» еріктілер клубының мүшелері арнайы жәрмеңке де ұйымдастырды. Бұл шарадан түскен қаражат та Бекболаттың есепшотына аударылды. 

Осы орайда, Қыздар университетінің қазақтың салт-дәстүрін қыздардың бойына сіңіру, оларды болашақ ана ретінде тәрбиелеу, қазақ қызының сұлу болмысын, ақылына көркі сай аруларымызды елімізде насихаттау мақсатында атқарып жүрген шаралары аз емес. Университет ректоры Динар Нөкетаева, бірінші проректоры Б.Алиев және т.б. азаматтардың ұйымдастыруымен «Университет аруы» байқауының, «Қызғалдақ» балының өтуі, «Қазақ аруы» атты субұрқақтың ашылуы, одан соң университет аумағында бой көтеріп жатқан 9 қабатты 450 орындық жатақхана «Дүниенің тірегі – текті тәрбие, терең білім» деген терең тағылымның жүзеге асуының куәсі. 

Осы университетке келген сапарында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деген болатын. Бұл өзіндік тарихы бар, биылғы жылы құрылғанына 70 жыл толатын, жақын және алыс шет елдерде теңдесі жоқ Қыздар университетіне берілген үлкен баға. Бүгінгі қыздар – ертеңгі ұлт тәрбиешісі. Әсіресе, қазіргі таңда әйел-ананың әлеуметтік рөлі, қоғамдық мәні өсе түсуде. Себебі, барған сайын тереңдеп келе жатқан заман қарқыны, үдей түскен жаһандану толқынында еліміздің елдігін, асыл қасиеттерін, ұлттық құндылықтарын сақтап қалу ең алдымен аналарымыздың қолында десек артық айтқандық емес. Баланың басты тәрбиешісі ана, ол баланың ертеңгі күні өз ұлтының нағыз азаматы, салт-дәстүрін ары қарай жалғастырушысы болуы соған байланысты. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген, қоғамда имандылық, мейірім мен қайырымдылық, әдеп пен инабат өлшемдері терең тамырланып, кең жайылса, әр адам өзіне қатысты адамгершілік талаптары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл елде тыныш та жайлы тұрмыс орнап, болашағы да берік болмақ. 

Кенжалы Толысбай 

Серіктес жаңалықтары