Арын неден мүлт кетті?

Арын неден мүлт кетті?

Арын неден мүлт кетті?
ашық дереккөзі
268

Қазақтың түп-төркіні – ауыл. Ауылда туып, ауылда өстік. Талай тұлғалы азаматтарды түлеткен қасиетті ауылға деген махаббатымыз ерекше. Алайда, бүгінде ауылдан сән де, мән де кеткелі қашан.   

Тозығы жеткен
кейбір елді мекендер жабылып, өз алдына шоғырландырылып жатқаны біраз жайдан
хабар еткендей.

Кезінде
«Ауыл» бағдарламасы қабылданып, мәресіне жеткен. Бірақ та ауыл халқы бұл
бағдарламаның игілігін көрмеген сияқты. Әйтпесе ауыл халқы қалаға үдере
көшіп,  қасиетті мекенді тастап кетпес еді
ғой. Ал осы тұрғыда Павлодар облысының бұрынғы әкімі, бүгінде үстінен қылмыстық
іс қозғалып жатқан Ерлан Арын мырза
тың бастама көтеріп, «25 ауыл» деп аталатын бағдарламаға
сәйкес, арнайы таңдалып алынған 25 елді-мекеннің көшелеріне асфальт төсеп, жол жиектеріне
бағаналы шамдар орнатуға кіріскен еді. Сондай-ақ, түрлі шаралар өткізуге
арналған ауылдың өз орталық алаңын да салмақшы болған. Егер игі іс жалғасын
тапса, өңірдегі 400 елді мекенді жекелеп дамыту жобасы да қолға алынбақшы еді.

Павлодар – үш ауысымдағы білім
беруді түбегейлі тоқтатқан бірден-бір өңір. Аймаққа
Астанадан айырықша қамқорлық жасалатындығы жасырын емес. Өзгелерге қарағанда тез арада түйткілдерінің шешімінің табыла кетуіне оның ықпалы зор. Мәселен, облыста
4 мектептің құрылысы қызу жүргізілді. Бұлардың 2-і – Павлодарда, 2-і – Шарбақты
мен Баянауыл аудандарында республикалық бюджет есебінен тұрғызыла бастаған. Сонымен бірге тағы да орталықтың қазынасынан «Назарбаев зияткерлік мектебі» бой
көтеруде.

Алайда, елге осындай жақсылық
жасауға ұмтылған экс-әкім неден жазықты болды? Қай жерден мүлт кетті? Ерлан
Арын аса ірі көлемде пара алып, қаржы жымқыру үшін облыстық әкімдікте қызмет
атқарған лауазым иелерін пайдаланып ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп
айыпталған болатын. Экс-әкім «ENRC Kazakhstan» ЖШС-інен 23 миллион теңге
көлемінде пара алды деп айыпталуда. Сондай-ақ ол мемлекеттік сатып алу
конкурстарына қатысқан құрылыс фирмаларынан да пара алып отырған көрінеді.
Арынға дейін Павлодар облысы әкімдігі құрлыс басқармасының бастығы Әлібек
Құлжанов бюджеттен 153 млн. теңге ұрлады деп айыпталған-ды. Басында 1 млн. 400
мың, соңынан 8 млн. 700 мың пара алды деп айыпталған Төлеген Бәстенов те (Ерлан
Арынның кеңесшісі) 2013 жылы тұтқындалған.

Сөйтіп оның үстінен  4 наурызда  (2014
ж) іс қозғалған еді. Ал 2014 жылғы 3 шілдеде Қаржы полициясы Павлодар облысының
бұрынғы әкімі Ерлан Арынға қатысты қылмыстық істің тергеуін аяқтады.

Бірақ та өмірін ғылымға арнап
келген Ерлан Арынның қолы қылмысқа барады дегенге сену қиындау. Экономика
ғылымдарының докторы, профессор.  Тоғыз томдық «Қазақтар» және «Қазақ
әдебиеті», «Қазақ тілі» атты энциклопедиялық анықтамалықтар мен Мәшһүр Жүсіп
мұраларын жинақтап, құрастырушы. С. Торайғыров атындағы педагогикалық
университеттің ректоры  болды. Дегенмен,
істің ақ-қарасы анықтала жатар, бірақ ғылым мен білімге жаны құштар азаматтың
абыройы осылайша төгіледі деп кім ойлаған?

Серіктес жаңалықтары