ӘНШІНІҢ АРМАНЫ ТАМБОВ ПА ЕДІ?

ӘНШІНІҢ АРМАНЫ ТАМБОВ ПА ЕДІ?

ӘНШІНІҢ АРМАНЫ ТАМБОВ ПА ЕДІ?
ашық дереккөзі
314

Мальчик хочет в Тамбов,

Ты знаешь чики-чики-чики-чикита.

Мальчик хочет в Тамбов,

Ты знаешь чики-чики-чики-чикита, – деп басталатын ән аға буынның есінде болар. 90-жылдардың ортасында, қазіргі тілмен айтқанда «хитке» айналған бұл әннің орындаушысы Мұрат Насыров та өз кезінде қазақстандық және ресейлік сахнаның танымал әншісі болды. Тыңдармандар үшін тамаша әндер жазған қазақстандық ұйғыр азаматы Ресей эстрадасын бағындыруды көздегендердің бірі. Шығармашылықтың шыңына шығамын деп Қазақстаннан Мәскеуге жол тартқан алғашқы әртістердің қатарында да осы Мұрат Насыров болатын. 


Насыров мұратына жете алды ма?


Алматы қаласында 1969 жылы дүниеге келген ұйғыр текті Мұрат Насыров музыка әлеміндегі алғашқы қадамын Ашхабадта әскери дивизияда жүріп жасады. Гнесин музыкалық колледжінің вокал бөлімін тәмамдаған Мұрат Насыров ары қарай өнер жолын Мәскеуде жалғастыруды ұйғарған. Қазақстан мен Ресей сахнасының жұлдызына айналған Мұрат өз биігінен көріне білді әрі дауысы зор әнші өз уақытының жұлдызына айналды. Ол тек әнші емес, сазгер де еді. Мұрат Насыровтың талантын мойындамағандар аз болды. Мұрат Насыров – жұлдыз, ерекше талант иесі. Бұл пікірмен ешкім де таласа алмайды. Аз уақыт ішінде ол өзінің мықтылығын дәлелдеді, дарынын көрсетті. Қандай ортада болмасын, Мұрат Насыровтың шоқтығы биік болды. Оның Мәскеуге келгендегі басты мақсаты да сол болатын. Өнердің биік шыңынан көріну. Музыка әлемінде өзінің атын қалыптастыру. Мәскеуде жүргенде ол өзінің сазгерлігі мен әншілігін жоғары бағалады. Сол арқылы қандай ортада болмасын Мұрат Насыров басты назарда болатын. Бұл – оның табиғаты, бұл – оның болмысы. Алматыдан Мәскеуге өнер жолындағы бақытын іздеп кеткен Насыров біраз жетістікке жетті. Оны жоққа шығара алмаймыз. Әртіс ретінде қалыптасып, Ресейдің шоу-бизнес әлеміне енді де кетті. Танымал музыкант, белгілі әншіге айналды. Бірақ өзінің туған топырағында емес. 

Ресейден табыс іздеген әншіге қолдау білдірген де қазақтың қара баласы еді. Мұраттың шығармашылығының табысты болуына септігін тигізген продюсер Арман Дәулетияров. Арман Дәулетияров өзінің «Мәскеулік Шыңғысханның хикаясы» атты кітабында «Мұрат өте еңбекқор еді. Ол келушілер бар болса да, жоқ болса да кешкі тоғызда ән айтуын бастап, соңғы клиентке дейін ән салуға бар-тын. Яғни кейде таңға дейін. «Мальчик хочет в Тамбов» оған үлкен танымалдылық әкелгенімен, ол оны ұнатпайтын. Оның ойынша, оған, Гнесинканың түлегіне, мұндай әндер айту ұят. Бірақ факт сол – «Мальчик хочет в Тамбов» Насыровтың көзіріне айналып, әлі күнге дейін Насыровты еске алғанда осы әннің сөздері еске түседі» – деп жазады. Расында да, Мұрат Насыровтың жұлдызын жаққан осы ән. 

Шығармашылығын шыңдауға Алматыда мүмкіндік болмаған болар, өнерін Ресей жеріне барып көрсетті. Алғаш «Ялта-91» байқауына қатысқан Мұрат Насыров байқауға қазылық жасаған Ресейдің танымал әртістерінің көзіне түсіп, Игорь Крутой, Лайма Вайкуле, Владимир Матецкий сынды өнер майталмандарының жоғары бағасын алды. Бұл байқаудың басты жүлдесін де Насыров иеленді. Ол орындаған әндердің барлығы да тыңдарманның жүрегінен орын табатын. Мұрат Насыровтың әндері үздік әндердің шеруінен шетте қалған емес. «Мальчик хочет в Тамбов» әнінен кейінгі Насыровтың ең танымал әні махаббат тақырыбына арналған «Я – это ты» болды. Бұл ән өзінің тыңдармандарын бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. «Я – это ты» әнін бүгінгінің жастары да сүйіп тыңдайды. Демек, Мұрат Насыров өміршең ән таңдауда жаңылыспады. Аты аталған екі әні үшін Мұрат Насыров Ресей эстрадасында өзіндік маңызы бар «Золотой граммофон» сыйлығын 1997, 1998 жылдары екі мәрте жеңіп алды. 

Өнердегі алғашқы баспалдақтан аттаған әнші 1997 жылы «Кто-то простит» деген атпен алғашқы ән жинағын жарыққа шығарды. Кейінірек «Моя история», «Всё это было не со мной», «Разбуди меня», ұйғыр тіліндегі «Қалдим ялғуз» атты альбомдары шықты. Әнші еңбектенді, тер төкті. Соның нәтижесінде, Ресей эстрадасында Мұрат Насыров деген есімін қалыптастырды.


Мәскеуде қиылған ғұмыр


Бәрі де сәтті басталды. Өнерде өрлеу болды. Жетістіктер көбейіп, шалыс басылған қадамдар азая бастады. Ол тірі болғанда биыл 45-ке келер еді. Мұрат Насыровты ел таныды, әріптестері оның талантын мойындады. Сол сәттерде Насыров мұратына жеткендей-ақ болған еді. Алайда, мұндай табысты жылдар ұзаққа созылмады. Жұлдызды ғұмыр сөнді, бақилыққа аттанды. Әншінің ғұмыры небәрі 37 жасында қиылды. Түсініксіз жағдайда көз жұмды. Мұрат Насыровтың қазасы бүгінгі күнге дейін жұмбақ. Танымал әнші Мәскеу қаласындағы өзі тұратын бес қабатты пәтердің терезесінен секіріп кеткен. Себебі белгісіз. 2007 жылдың қаңтар айында орын алған қайғылы қаза ешкімді бейжай қалдырмады. Әртістің өлімі туралы түрлі пікірлер де айтылды. Күйзелістің әсерінен өзін-өзі өлімге қиды деген де болжам болды. Бір айта кетерлігі, бұл пікірді Мұрат Насыровтың қызы да растаған болатын. Кейбір деректерге сүйенсек, Насыровтың қызы қайғылы оқиғаның куәсі болған дейді. Өмірінің соңғы сәттерінде орын алған қиындықтарға мойынсұна алмай өмірден өтті деген пікірді қолдағандар да табылды сол уақытта. Тіпті, әншіні қасақана өлтірді деп жорамалдағандар да бар. Ресей шоу-бизнесінде қасақана кісі өлтіру қалыптасқан жағдай деуге боларлық жайт. Басқаны былай қойғанда, 1991 жылы Санкт-Петербургтегі «Юбилейный» спорт сарайында өтіп жатқан концертте әнші Игорь Тальков сахнаға атылған оқтың әсерінен қаза тапқан. Сонымен қатар, 2002 жылы өзінің жеке үйінде бард-әнші Михаил Круг та ұйымдасқан қылмыстық топтың қарулы шабуылынан көз жұмды. Ресей шоу-бизнесінің тарихында орын алған мұндай оқиғаларға қарап, бұл ортада өзге елдің өнерпазының да басынан сипамайтыны айтпаса да түсінікті. Ал Насыровтың жұмбақ қазасының нақты себебін ешкім айта алмады. Кім білсін?! Үлкен қаланың сапырылысқан тіршілігі қиын соғып, қажытқан да шығар әншіні. Оның жанының нәзіктігін досы Арман Дәулетияров жоғарыда атап өткен «Мәскеулік Шыңғысханның хикаясы» кітабында тілге тиек етіпті: «Ол өте тәкаппар, тәуелсіз және мықты адам болатын. Бірақ жаны нәзік, кез келген фальшті көтере алмайтын. Жанымыз үндес болса да, «эгомыз» әрдайым соқтығысып қалатын. Бір кездері ойлайсың: біз бір-бірімізді жақсы түсініп тұрмыз ғой, және жүрегінің түбінде ол менімен келісіп тұрғанын да сеземін, бірақ кезекті керісте қайта дауласып, екі жаққа тарасатынбыз. Бұл қарама-қарсылықтың соңы жоқтай көрінетін, өйткені біздің мінезіміз ұқсас еді». Қалай дегенмен де, талантты әнші қысқа ғұмыр кешті. «Өзге елдегі сұлтандығы» ұзаққа созылмады. Мәскеуде жиған атақ-абырой, даңқ, бедел, бәрі-бәрі сол қалада қалды. Ал Алматыдан Мәскеуге өнер қуып, бақыт іздеп кеткен Насыровтың Мәскеуден Алматыға қабірі ғана жеткізілді. Мәскеуден жеткен талантты әншінің денесі әкесінің жанына жерленді. Өзге елдің дарынды адамы бөтен елде бақытты бола алмайтынын Мұрат Насыровтың жұмбақ өлімі кезекті рет дәлелдегендей болды.

Медеу Арынбаев, әнші:

– Мен Мұрат Насыровпен таныспын деп айта алмаймын. Кейбір фестивальдерде кездесіп қалғанымыз болмаса, жеке аралас-құралас болғаным жоқ. Өте талантты әнші, композитор еді. Өмірден ерте кеткені өкінішті. Ол Ресейге кетіп қалған жоқ. Мұрат Насыров Ресейде оқып, сонда білім алды. Сол елдің атынан үлкен байқауларға қатысып, танымал болды. Содан ары қарай өзінің шығармашылық еңбегін Мәскеу қаласында жалғастыра берді. 90-жылдардың басында Кеңес Одағы тарап кеткенімен, барлығымыз сол Ресейге қарайлайтын едік. Ол кезде Мәскеу өнердің ордасы болатын. Әрине, одан кейін «Азия дауысы» фестивалі дүниеге келіп, Орта Азия бойынша өзіміздің мәдени ортамызды қалыптастырдық. Қазір өзіміздің шоу-бизнесіміз қалыптасып, даму үстінде. Өзге елге жалтақтаудың қажеттілігі шамалы. Ол кезде өнер адамдары Ресей эстрадасын бағындыруға тырысып, Мәскеуді жағалап жүретін. Ал, бүгінгі жағдай мүлдем бөлек. Ресейде қазір барлығы да жоғары деңгейде. Қазір өз еліңде өнеріңді мойындата алмасаң, Ресей шоу-бизнесінің орта деңгейіне де өте алмайсың. Сондықтан, Қазақстанда жолың болмай, өзге елге барғанда бағым ашылады деп ойлау қате. Нағыз талантты жан болса, шетелге шығып, әлемді бағындырып, Қазақстанның атын шығарсын. Оған қуанбасам, ренжімеймін. Қазақ елінің атын әлем танып жатса, оның несі айып?

Мұрат Құсайынов, 

«Дос-Мұқасан» тобының мүшесі:

– Мұрат Насыров Қазақстанда жүре беруі, өз елінде атын шығаруды ойлауы қажет еді. Ол бүкіл Одаққа, Ресейге белгілі боламын деп талпынды. Алайда Ресейдің шоу-бизнесінің өз заңдары бар. Мұрат Насыров Мәскеуде ұзақ жүріп қалды. Үлкен сахнаға, телеарналарға көп шығара қоймады. Осы оқиғалар оның күйзеліске түсуіне әсер еткен болуы керек. Ресейдің шоу-бизнесінің қысымына шыдамай, Мұрат Насыров өмірден ерте кетті. Қазақстанның мәдениетіне әлі де берері көп азамат еді. Ресейге барып өнердегі өз жолымды табамын деген бос әурешілік. Осыны өнер азаматтары түйсінсе екен деймін. Халықаралық фестивальдерге барып қатысып, көріп келсін. Бірақ, Қазақстанға еңбек етуі тиіс. 

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары