АУЫЛДЫҢ ЖҰРТЫН КІМ ОЙЛАР?

АУЫЛДЫҢ ЖҰРТЫН КІМ ОЙЛАР?

АУЫЛДЫҢ ЖҰРТЫН КІМ ОЙЛАР?
ашық дереккөзі
480
Қазақстан әлемде жер көлемі бойынша 9 орынды иеленеді. сонымен қатар қаншама қазба байлықтары бола тұрып, ондағы ауылдардың әлеуметтік жағдайы өте төмен. Бай елдің ауылы кедей. Неге?! Осы сұраққа жауап іздеген ауыл шаруашылығының маманы, ҚР Жоғарғы кеңесінің экс-депутаты, Алматы облысының құрметті азаматы Ғалым ТҰРҒАМБАЕВ мырза мен академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан ғалымдар одағының президенті Оразалы СӘБДЕН өзара ашық әңгімелескен болатын. Тұшымды ой айтылған сол әңгімені оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз. Оразалы Сәбден: – Жоғарғы кеңесте бірге депутат болдық, ел үшін, ұлт үшін аса маңызды біраз істің басын қайырған сияқтымыз. Бірақ, қазір қарап отырсам өзгеріс аз. Ауыл шаруашылығы сол нашар күйінде қалып отыр, жұмыссыздық көп, әсіресе көбіне ауыл жастары бос сенделуде. Мысалы, мұнай, газға бай батыс өңірінің ауыл халқы да нашар тұрады. Біз қайда бара жатырмыз өзі? Ғалым Тұрғамбаев: – Кезінде «совхоз бен колхоздарды ұсақ шаруа қожалықтарына бөлшектегенде біз ауыл шаруашылығын 40-50 жыл артқа шегеріппіз. Себебі, ұсақ шаруашылықтар жаңа техника мен технология қолдануға қаражаты жетпей, өндірілген өнімнің өзіндік құны жоғары болып, ірі шаруашылықтармен бәсекеге түсе алмайды. Жыл сайын азық-түлік мөлшерін ұлғайтуға жағдайы келмейді», – деп депутат болып жүргенімде мінбеден айтқаным бар. Осыдан 15 жыл бұрын ақпарат құралдарында айтқандарым келіп отыр, дәлелденіп отыр. 1 литр суың 1 литр сүттен қымбат. Ауыл шаруашылығы өнімдері өтпейді, өтсе арзан бағада өтеді. Атқамінерлер ауылдың жағдайы жақсы деп соғады. Ауылда көліктердің көптігін де айтады. Бірақ ол кімдердің көліктері екенін білмейді, ол қаладағы байлардың көліктері. Ауыл халқы ескі-құсқы көліктерді қанағат тұтады, себебі жағдай жоқ. Менің көлігімнің өзі 2001 жылғы. Оразалы Сәбден: – Ауыл жағдайы туралы қаладағылар теледидардан білетін сияқты. Онда ауылда бәрі керемет, бәрі жақсы деп көрсетіп жатады. Бірде кішкентай бала: «Әже, әже, ауылға барайықшы», – деп қоймапты. Сонда әжесі: «Қарағым-ау, ауылға барып не істейсің, онда ештеңе жоқ, ауылдың бәрі қалаға қарап отыр ғой», – десе, наразы болған немересі: «Әже, мен сіз айтқан ауылды айтып отырған жоқпын, мен теледидардағы ауылды айтып отырмын», – депті. Ал ауыл шаруашылығы басшылары «ауылда пәленбай мал бар, түгенбай жерде егістік бар» деп ауылдың жағдайын керемет етіп көрсетеді емес пе? Ғалым Тұрғамбаев: – Олай айтатындар ауыл жайын мүлдем білмейтіндер. Жоғарғы шенді шенеуніктер ауылдарға келмейді, келе қалған күннің өзінде орталыққа келеді, ірі шаруа қожалықтары басшыларымен әңгімелесіп, «бас» жеп кетеді. Депутат мырзалар келеді, бірақ айтылған өтініштер сол жерде қалады. Бұрындары Мәскеуден келген министрлер шопанның үйіне дейін барып, ахуалды көзбен көретін. Мына көрсеткішке қараңыз, елімізде 1 миллион 700 мың ұсақ шаруа қожалықтары бар. Бұл 90-92 пайызды құрайды, қалған 8-10 пайыз ірі шаруа қожалықтары. Осы ірі шаруа қожалықтары 5 пайыз ет, 5 пайыз сүт, 8 пайыз жүн, 7 пайыз жеміс-жидекпен қамтамасыз етеді. Қазақстан фермерлер одағының басшысы Әуесхан Дариновтың айтуынша мемлекет тарапынан бөлінген субсидияның 86 пайызы ірі холдингтер мен компанияларға бөлінсе, ал ұсақ, орта шаруашылықтарға 14 пайыз ғана беріледі екен. Бұл ақылға сыймайды. Сонда қарапайым ауылда отырған қазаққа жаны ашитын жан болмағаны ма? Бұл әділетсіздік! Оразалы Сәбден: – Сіз ауылға қаржы жетпейді дейсіз… Бізде бюджеттің игерілмей қалу көрінісі жылда бой көрсетеді. Дүниежүзі елдері дағдарысқа қатысты қаржыны қайдан аларын білмей бас қатырып отыр. Ал біз бар қаржыны ұқсата алмаймыз. Жылдың соңында ондаған миллиард ақша үнемделіп қалады. Мысалы, былтыр 175 млрд. теңге игерілмей қалды, ешкім жауап бермейді. Бұл қандай коммунизм? Әр нәрсенің құнын сұрайтын, әр нәрсенің орнын бағалайтын, судың да сұрауы бар екендігін білетін уақыт жетті деп ашына айтар едім. Ұрандатып кеттік. Менің қорқатыным, біз қайтадан баяғыдай ұраншыл болып алдық, тіпті кейбір тұстарымыз тіптен асып кетті. Біздің өз мүмкіншіліктерімізді толық пайдалануға өреміз жетпей отыр. Басқару жүйесі кәсіби тиімді жұмыс жасамайды. Сұрайтын адам жоқ. Орын алып отырған құбылыстарға жауапты қашан іздемекпіз? Жауап бермесек, күні ертең кеш болуы мүмкін. Соның алдын алу іс-шараларын белгілеуіміз қажет. Ғалым Тұрғамбаев: – Бұрын Панфи­лов ауданында 13 колхоз, совхоз болған. Ал қазір 5700-ге жуық ұсақ шаруа қо­жалықтары бар. 2013 жылы соның 62 шаруа қожалығы субсидия алуға құжаттарын тапсырған, ал оның ішінде 29 шаруа қожалығына ғана субсидия берілген. Кербұлақ ауданында да 14 колхоз, совхоз болған. Қазір онда 2070 шаруа қожалығы бар, 2013 жылы 13 шаруа қо­жалық субсидия алуға құжаттарын тап­сырып, оның 6-ы ғана субсидия алған. Ал субсидияға қолы жетпегендер шулап қалды. Алматыда ауылшаруашылығын қаржылық қолдау қорына 7 рет барып, 7 миллион теңге ала алмадым, қайта барып 14 миллион теңгенің кепілдігін қойып, айқаймен зорға алдым. Сонда бұл бұрын 3 ауданды басқарған адамның тірлігі, ал қарапайым шаруа ол қаражатқа қалай қол жеткізе алады? Балқаш ауданында шаруа қожалығының басшысы 3 миллиард теңге алған. Ол осыншама қаржыны алу үшін нені кепілдікке қойды екен? Бүкіл шаруа қожалығын қойды ма, әлде бүкіл ауданды қойды ма?! Оның сұрауын кім сұрайды? Артында кім тұр? Осы мысалдың өзінде ауыл шаруашылығына бөлінген қаражат қайда кетіп жатқаны көрініп тұр. Оразалы Сәбден: – Оның себебі на­рықтық кезеңге кіргелі сыбайлас-жемқорлық де­ген белең алып кетті. Экономикамыздың ілге­рілеуіне осының кері әсерлері сөзсіз болатыны ақиқат. Бәрімізді қинап отырған мәселе, бұл – сыбайлас жемқорлық. Қазір дүние жүзінде экономикамыздың бәсекелестігінен 50-орынға көтерілсек, ал сыбайлас жемқорлықтан 105-орын, сот сыбайластығынан 102-орындамыз. Мәселе қайда жатыр? Осындай-осындай мәселелерді сараптап келгенде, таяқтың ұшы жоғарыға барып тіреледі екен. Жалпы басқару жүйесіне. Бірінші кезекте қоғам мен мемлекет жағдайын сараптап алу маңызды. Кейде биікте отырған шенеунікке халық құмырсқадай болып көрінетін сияқты. Біз билікпен шындықтың, адамгершіліктің басын қоса алмай келеміз. Төле бидің «Малды болма, арлы бол» деген сөзін керісінше атқарудамыз, міне, мораль қайда жатыр. Бізге құлдық психологиядан арылу қажет. Ұлтты оятатын ой керек… Ғалым Тұрғамбаев: – Егемен ел бол­ғалы соңғы 22 жыл ішінде кейбір ауылға бірде бір агроном, инженер, мал дәрігері келмеген. Ауыл шаруашылығы мамандығы бойын­ша бітірген жастар ауылға келмей, қалада қалып қояды. Сөйтіп оқығанының бәрін ұмытады. Бұрын мен басқарған совхозда 3 агроном, 4 инженер-механик, 5 мал дәрігері, 3 техник болса, қазір осындай бірде бір маман жоқ. Ауылға неге келмейді дейсіз ғой? Өйткені ауылдағы жалақы 30-35 мың теңге, ауылдың жағдайы жоғары жалақы беруге жетпейді. Жас мамандарды ауылда жұмыспен қамти алмай отырып, неге жыл сайын бюджеттен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға қыруар қаржы бөліп отырмыз? Екі жақты жүйелі жұмыс жүргізу қажет қой. Мысалы, менің өзім 200 ірі қара малы бар шаруашылықты басқара отырып, ауыл шаруашылығы маманын алып, оған жоғары жалақы беруге шамам келмейді. Оразалы Сәбден: – Жас мамандар ауылға барса үй, төменгі пайызды несие береміз, онымен қоса жұмыспен қамтамасыз етеміз деп жатады ғой. «Дипломмен – ауылға» деген бағдарлама бар емес пе? Ғалым Тұрғамбаев: – Ол мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған бағдарлама, ал ауыл шаруашылық мамандарына ондай жоқ. Ауыл шаруашылығында орташа жалақы көлемі 70 мың теңге деп көрсетілген, алайда ауылды жерде жалақы 35-40 мыңнан аспайды. Көптеген ауылда мал бағатын, жер жыртатын адам қалмады. Қазір әртіс, биші мен күйшінің, тамаданың заманы. Көптеген ата-ана баласын әнші бол, биші бол деп тәрбиелейді, соған оқытады. Сондықтан мал бағатын, нан пісіретін, жер жыртатын бала өспейді. Мал бағу, жермен айналысу ең төменгі мамандыққа айналды. Оразалы Сәбден: – Мен өткен жазда екі облыста болдым. Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданында. Мамандардың айтуынша, 18-20 мыңға жуық халқы бар 5 ауылдың 5 мектеп мұғалімдері, дәрігерлері, шаруа қожалықтары, әлеуметтік-әкімшілік жүйе қызметкерлері т.б қосқанда барлығы 14-15 пайыз ғана халық жұмыспен қамтамасыз етілген болып шықты. Шығыс Қазақстанның Алакөл өңірінде де 85-87 пайыз жұмыссыздықты жергілікті мамандар растады. Сонда қалған 85 пайыз ауыл халқы немен айналысады деген сұрақ туады? Әрине, бір желеу бар. Біздегі 2,7 миллион адамды өзін-өзі қамтамасыз етеді дейді. Олардың негізгі бөлігі ауылда тұрады. Әкімшілік өкілі үйіңе келеді, 10 шақты тауығың, 5-6 қойың, 1 түп жаңғағың бар, яғни өзіңді-өзің қамтамасыз етесің дейді. Әйтпесе көше сыпырасың дейді. Әрине, намысқой қазақ амалсыздан көне салады. Ал енді бізде 5,1 пайыз жұмыссыздық рас болса, онда неге Қазақстан Гиннес кітабына енбейді? Себебі жұмыссыздық АҚШ-та 8-9 пайызға дейін көтеріліп, енді ғана 6,5 пайызға түсті. Испания, Грекия, Ирландияда 25-27 пайызға дейін, жастар арасында өте көп. Жалпы Еуропада орташа 11-12 пайыздан кем емес. Сонда біз бәрінен озғанымыз ба? Шындық қайда? Ғалым Тұрғамбаев: – Өткен жылы қыс суық болды, көбісінің техникасы жоқтықтан шөп жеткіліксіз болып, көп шаруа қожалықтары дайындықсыз қалды. Нәтижесінде мал шығыны көп болды, мал саны кеміп кетті. Одан хабар алған біреу жоқ, оны еш жерде де көрсетпеді. Жер мәселесіне келетін болсақ техниканың бәрі тозығы жетті, жаңасын алуға қауқарсызбыз. Сонымен жыл сайын 30 гектар жерге жүгері егіп жүр едік, енді оны да еге алмай қалдық. Оразалы Сәбден: – Біз техникалық дағдарыс алдындамыз. Мысалы, елімізде ауыл шаруашылығы техника паркінің 60-70 пайызы тозған. Амортизациялық саясат жоқ. Техникалардың жұмыс істеу мерзімі әлдеқашан біткен, ескірген. Оларды қайта жаңғырту бағдарламалары жоқ. Жалпы былтыр жол апатының өзінен 2300 адам қайтыс болған, бұл өте көп. Сіздерде қалай? Ғалым Тұрғамбаев: – Мысалы, өзім басқарған совхозда 37 трактор болатын, қазір соның 7-еуі ғана қалды. Оның өзі тозығы жеткен тракторлар. Панфилов ауданындағы 5700 шаруа қожалықтың тек 40-50-де ғана техника болса, Кербұлақ ауданындағы 2070 шаруа қожалықтың тек 10-да ғана бар. Жол да, техника да, оны жүргізуші де түзелмей тұр. Академик Кайгороцевтің айтуына сүйенсек, Қазақстанда 1000 гектар жерге 8,3-ақ трактор, ал Италияда 70 трактор, Францияда 85, Германияда 124 трактордан келеді екен. Ендеше, бізде өндірілген өнімнің өзіндік құны қандай болмақ? Біздегі сол 8 трактордың 5-і ескі. Дамыған елдермен қалай бәсекеге түсе аламыз?! Оразалы Сәбден: – Мемлекет тарапынан қолдау қалай? Ғалым Тұрғамбаев: – Мемлекет тара­пынан шектеу болмаса , қолдау болмайтынға ұқ­сайды. Олай дейтінім, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде «жоғарыдан» қымбатқа сатпау туралы тапсырыс келеді. Сол өнімді алу барысында қолданатын техникамның бағасы өскенде, неге тауарымның бағасы өспеуі керек? Мысалы, МТЗ тракторының доңғалағы осыдан 5 жыл бұрын 25 мың теңге болса, қазір 75 мың теңгеге дейін өсіп кетті. Жыл бойына маңдай терімен дайындаған шаруалар өнімдерін өз бағасына сатуы керек қой. Өткенде де департаменттен бір жігіт қоңырау шалып: «Аға, өнімдердің бағасы мынадай бағадан аспау керек», – деп тұр. Қалыптасқан шындық осы. Оразалы Сәбден: – Кедендік одаққа кірерде «Қазақстан» телеарнасынан бір жақсы жоба ашылып, мамандардың қатысуымен елге ашық пікір айтылды. Сонда мен: «Жалпы Еуразиялық интеграциялық жол дұрыс, бірақ осы бағытта іс баяу жүруде, біз әлі даяр емеспіз, біз жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдері жағынан Ресей мен Белоруссияға бәсекелес бола алмаймыз, сауда-саттықтан ұтыламыз», – деген болатынмын. Кейіннен солай болды да. Сонда Елбасы тағы пысықтаңдар деп қосымша тапсырма берген еді. Бірақ, өкінішке қарай, шенеуніктердің істеген ісі керісінше болды. Олар «Қазақстан» телеарнасындағы сол тележобаны жауып, 2 қызметкерін орнынан алды, мені де шеттетіп тынды. Сонда обьективті сын айтуға болмайтын сияқты, тек мақтау керек. Осы жаман әдеттен арылмай ештеңе шықпайды. Бұл денеге кірген ауруды тек хирургиялық жолмен кесіп тастау керек, әйтпесе түбімізге жетеді. Ғалым Тұрғамбаев: – Кедендік одаққа да дайындалмай кіріп кеттік. Себебі, Ресей мен Белоруссияда бұрынғы ірі колхоз, совхоздар сақталған. Сол себепті біздің мал етіміз өтпей, орнына біздің сөрелерде Ресей мен Белоруссияның еті толып тұр. Белоруссияның еті Алматыға дейін 470-500 теңгеге келеді, оны алыпсатарлар осындағы ет бағасынан кішкене төмендетіп, 1050 теңгеден сатып жатыр. Сондықтан да Белоруссия мен Ресей еттеріне бәсекеге түсе алмай жатырмыз. Осыны жоғарыдағы ауыл шаруашылығы мамандары біле ме екен?! Былтыр 30 бас 2-3 жасар өгізшелерді 200 мың теңгеден өткізе алмадым. Қазір ұсақ, орта шаруалар жаздың күні Қытайдың шатыры мен қыстың күні тауық күркелерде күн көріп жүр. Егер министр Мамытбеков соны көрсе, ауыл шаруашылығының жағдайы басқаша болар еді. Жоғарғы жақта ауыл шаруашылығынан хабары жоқ жастар отырып алған. Мәселен, субсидия беруге 1 бұқаға 30 сиыр болуы керек дейді, ал 35 сиыр болса, 5 сиырыңды алып таста дейді, 27 сиыр болса субсидия берілмейді. Бұл ештеңеден хабары жоқ адамның ісі. Көп мәселе осылай ақсауда. Оразалы Сәбден: – Ғалеке, біраз мәсе­ленің басын шалдық. «Тоқсан ауыз сөз­дің тобықтай түйіні бар» демекші, ауыл­ды көтерудің нақты жолдарына тоқ­тайық. Айтылып жатқан сын аз емес. Біз мүмкіндігінше, ауыл шаруашылығын да­мы­тудың жаңа тетіктерін көрсетіп, ұсыныс біл­дірейік. Ғалым ТҰРҒАМБАЕВ: – 13 жыл бойы 3 ауданды, 12 жыл шаруа қожалығын басқардым. Аяғымызға резіңке етік киіп, қызыл­шадан мол өніп алып, Мәскеудің мара­па­тына да ие болғанбыз. Өз тәжірибемнен қазіргі тығырықтан шығатын жолдарды айтып көрейін. Ең әуелі, ұсақ шаруа қожалықтарын бірік­тіру қажет. Ауыл шаруашылық кооперативі туралы заң қабылдау керек. Бұлай дейтінім, АҚШ пен Еуропа елдері ауыл шаруашылық кооперативіне жаппай көшуде. «Аргументы недели» газетінің №346 санында академик Милосердев былай деп жазады: «АҚШ бұрынғы КСРО-ның ауыл шаруашылық басқару жүйесіне көшті. Себебі, әр елді ауыл шаруашылық өнімімен қамтамасыз ету тек ауыл шаруашылығының қолынан ғана келеді». Оған мемлекет белсенді араласуы керек. Өйткені мен ертең ауырып қалсам, менің баламның ауыл шаруашылығынан хабары болмаса, ол шаруа қожалығын құлдыратады. Нәтижесінде осы уақытқа дейін мен қамтамасыз етіп отырған өнімдер халыққа жетпей қалады. Ал мемлекет араласса жұмысты одан әрі жалғастырып кетеді. Оразалы Сәбден: – Мысалы, мемлекет шаруа қожалығы акцияларының 20 пайызын алса, соның есебінен бюджеттен шаруа қожалықтарын техникамен, ауыл шаруашылығы мамандарымен қамтамасыз етуге көмектессе. Яғни «мемлекеттік және жеке кәсіби серіктестік» құрылса қалай болар еді? Сонда атқарушы жүйе жеке шаруашылықпен бірге жауапкершілікті бөлісер еді. Ғалым Тұрғамбаев: – Енді жаңағы ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, ірі ша­руа қожалықтарын құрудың артықшылық жақ­та­рын айтайын: – ірі шаруа қожалықтарының арадағы делдалдарсыз халыққа өнімдерін тікелей жеткізуге мүмкіндіктері бар. Яғни аудан, қала орталықтарынан магазиндер ашу. Қазір арадағы делдалдар пайданың 30-40 пайызын алады; – табиғат қатерлеріне ұсақ шаруа қожалықтары төтеп бере алмайды. Бір ғана мысал айтайын: Өткен жылы ұсақ және ірі шаруашылықтар қыстың күні, қалың қарда жем-шөп жеткізе алмай 150-ге жуық жылқы, 1000-нан астам қойы шығындалып қалды. Екінші, ауыл шаруашылығына несиені жеңілдету. Біздің елімізде ауыл шаруашылығына берілетін несие пайызы 6-12%. Бұл өте жоғары пайыз. Оны да ала алмаймыз. Қытайда және Еуропада ауыл шаруашылығына берілетін несие пайызы 1 пайыз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына берілетін электр энергиясы мен жанар-жағармайды жеңілдікпен беру қарастырылу қажет. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы салығын қысқарту. Яғни жерге, суға салықтар. Қытайда ешқандайда ауылшаруашылығы салығы төленбейді. Ауыл шаруашылығының құлдырағаны соншалық, қазіргі Панфилов ауданындағы барлық 5700 шаруа қожалықтарының өнімі сол 90-жылдардағы бір Үшарал колхозының өнім көлеміне жетпей отыр. Ал Кербұлақ ауданындағы 2070 шаруа қожалықтарының өнімі 90-жылдардағы бір Қарашоқы совхозының өнім көлеміне теңесе алмай отыр. Ал сонда 22 жылда қандай жетістікке жеттік? Қай шенеунік қай жерде өтірік ақпарат береді екен?! Оразалы СӘБДЕН: – Енді мен де өз ұсыныстарымды қосайын. Біз ХХI ғасырда өмір сүрудеміз. Қазір жаңа білім, ғылымсыз, жоғары технологиясыз алға серпіліс болмайды. Сол себепті бізге дамыған мемлекеттердегідей  «техно­ло­гиялық ауылдар» керек. Оны жаңа ауыл деп те атауға болады. Оларды Шортандыда, Алматы маңындағы КИЗ бен КНИИТЖ агроқалашықтарында т.б жерлерде құруға болады. Мысалы, Сингапурда ауылшаруашылық өнімдер өндірісінде заманауи технологияларға негізделген 10 ғылыми-өндірістік паркін құру бағдарламасын алуға болады. Онда әртүрлі бағыттағы шамамен 500 ферма сыйыстыруды ойластырған 1,7 мың гектар жер бөлінген. Келешекте, 40-50 жылдан кейін мұнай-газ қазба байлықтары бітеді. Біздің негізгі «брендіміз» мұнай-газ емес, ғасырлардан бері келе жатқан ата кәсіп: мал мен егін өнімдері. Қалай айтсаңыз да, бізді шетел аграрлы ел деп түсінеді. Сол себептен Қазақстанда «мал өнімдері» және «астық» холдингтерін жеке етіп құру керек. Әйтпесе ауылды да жоғалтып аламыз. Мал өнімдерін дамытудың жолын қазақпын деген жанның бәрі біледі дер едім. Кезінде Тұрар Рысқұлов Сталиннің 11 жыл бойына орынбасары болып тұрғанында: «Жолдас Сталин, ет – валюта. Ет өнімдерін дайындап, Еуропаға сатып, одан түскен қаражатқа өндірісте істейтін маман-инженер дайындайық», – деген екен. Осы сөздің мәні қазір де маңызды. Бүгіннен бастап мал шаруашылығын жандандыруды жолға қоймасақ, ертең кеш болады. Әлі де рухани кіндік ауылда, таланттар көп. Соны жандандыру үшін не істеу керек? Бір мысал, қазір 85 пайыз жоғарғы оқу орындарында ақылы оқу. Қай ауылдың баласы оқи алады? Берілетін квота түкке де тұрмайды. Көптеген жеке оқу орындарында сапа төмен. Жалпы мемлекеттік оқу орындарында сәл дұрыс болғанымен, білім сапасы сын көтермейді. Өкінішке қарай, дипломы көп, білімі жоқ ел болып барамыз. Мен санаған едім, орта есеппен жастарды тегін оқыту үшін (әрине, олар тестпен білімін дәлелдеген соң) 3 млрд. доллардан астам қаржы ғана керек екен. Ал біздің Ұлттық Қорда 100 млрд. доллар ақшамыз бар деп мақтан етеміз. Оның керегі не, егер келешекке соның 3 пайызын сала алмасақ. Бұл үшін Парламентте арнайы заң қабылдап, толық шешуге болады. Сонда ауылды бір көтеріп тастар едік. Әр ата-ананың арманы баласының білімді болуы… Үшіншіден, «Кіші кәсіп елге нәсіп» дейді. Қазірше кіші кәсіп ауылға нәсіп болмай тұр. Ол үшін әр аудан орталығынан, кіші қалалардан «кіші кәсіп үйін» ашу керек. Сол бір үй ішінде кіші кәсіпке оқыту керек, түрлі бизнес-жоспарлар жасау керек. 4-5 пайызға дейін төмендетілген несие берілсе, салықтан 1-2 жыл босатса т.б іс-шаралар жасалса. Қазіргі бытырап күн көрісте жүрген шаруалар, олардың балалары нағыз іспен айналысар еді деген үміт бар. Ауыл мен қаланың арасы мүлдем алшақтап кетті. Ауылда түк қалмаса, әрине, жастар қалаға қарай сырғиды. Бәріміз ауылда өсіп-өндік, ауылдың тәрбиесін алдық, қалаға да ауылдан келдік. Баяғыда анда-санда ауылдан ақша да келетін, ет те, сүт те, құрт та келетін. Қазір ауылдан мұндай дүниелер ағылып келмейді. Енді қаладан ауылға таситын қоғамда өмір сүрудеміз. Әлгі айтқандай, қолөнер дәстүрі қалыптасқан аудандарда ұлттық стильдегі киімдер, тері бұйымдары, компьютерлік технология көмегімен кілем тоқу орталықтар құрылуы мүмкін. Мемлекеттік саясат бетті ауылға бұрса нұр үстіне нұр болар еді. Инвестицияны ауылға салу керек. Дүниежүзінде халық көп, сол себептен дамыған капиталистік елдерде адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету бірінші кезекке қойылған. Ал Қазақстанның жері кең, қазба байлықтары жеткілікті бола тұрып, дүниежүзінде жер көлемі жағынан 9-орынды иемдене тұрып, халқымыздың саны әлдеқайда төмен. Өзбекстанның өзі бүгінде 30 миллионнан асты. Сондықтан халықтың саны мен сапасын өсірмей, жүз жерден бай болсақ та, ешнәрсе нәтижесін бермейді. 20-25 жылда адам тапшылығы заманы туады. Адам потенциалы дегенде, қазақтың санын көбейтуге барымызды ортаға салуымыз керек. Керек десең, тек мемлекет қана емес, әр бизнесмен қалта түбіндегісіне дейін халқының санын көбейту үшін қағу керек. Бала тапқан аналарға қандай жағдайлар жасап, мүмкіндіктер қарастырудамыз? Егер босанған ана мұғалім болса, сол мұғалімдік жалақысын өзгертпей, дәрігер болса, сол дәрігерлік еңбекақысын қалдыру керек. Дамыған мемлекеттерде босанған анаға жұмыстың үлкені сол деп, айлығын қалдырады және нәрестенің өсіп-дамуына жағдай жасайды. Бізде ше? Біздің елімізде босанған әйел сыртта қалады. Нәрестеге берілетін жөргекақы арзымайтын тиын-тебен. Дүниеге келген әр балаға кем дегенде 10 мың доллар беруге еліміздің қазба байлықтары жетеді. «Бала ту, бала тап» дегенмен аналар бала таба бермейді. Баласын бағып-қағуға еш жағдайы келмей, мүмкіншілігі болмаса, қалай бала таппақ? Ендігі бір мәселе, бұл заман ұйықтайтын заман емес. Қазақ аштықтан да, соғыстан да аман шыққан. Ал мынау бәсекелестіктен шығу, дүниежүзілік жаһандану процесінің көшіне ілесіп кету, ол соғыстан да, аштықтан да әлдеқайда күрмеуі қиын мәселе. Бұл терең ақыл-оймен, білім-ғылыммен жүзеге асатын шаруа. Қазақта «қасысаң қаның шығады, қасымасаң жаның шығады» деген сөз бар. Айтпасаң, ақым кетіп барады, қатты айтсам, қарындастың көңілі қалады. Бір таңданарлығы, атқарушы билік сатысындағылардың көбі ғылым докторы, кандидат. Өздері қорғап алғаннан кейін, бәрін жауып тастады. Енді Қазақстанда диссертация қорғалынбайды. Ал ТМД елдерінің бәрінде бар. Олардың бәрінде Мемлекеттік Ғылым Академиясы бар, Қазақстанда ғана жоқ… Ғылым кандидатын, ғылым докторын дайындау дегеніміз — кадр дайындау ғой. Бір сөзбен айтқанда, ғалымдарды дайындайтын арнаулы орын жоқ. Еуропа кеңістігі, Америка, Қытай да бар мүмкіндіктерін ғылымға жұмсауда. Олар ғылымға алды 3-4 пайызға дейін ЖІӨ-нен қаражат бөлуде, ал бізде қазіргі таңда 0,16 пайыз-ақ. Ғылым докторларының айлығы күзетшінің жалақысымен тең, сонда қандай ғылым болады? Назарбаев университеті құрылды, дұрыс. «Болашақ» бағдарламасы жасалынды. Интектуальдық мектептер бар. Мұның бәрі жаңа білім жүйесі. Ал осының бәрін ғылыми тұрғыда ұштастыруымыз керек емес пе? Қалай жалғастырмақпыз? Ғылым орталығын неге жасамасқа? Неге ғылыми-технологиялық кластер құрмасқа? Президент әрқайсысына шұқып көрсетіп, айта беру керек пе? Президент айтқанда ғана қимылдағандай боламыз. Адамзатты дүниежүзілік дағдарысқа алып келген, менің ойымша – білім мен руханият дағдарысы. Қазір біздегі үлкен қиындықтың біреуі сол білім дағдарысы, әсіресе жаңа білім, ғылым, кәсіби маман дайындау, оның ішінде жоғарғы технологиядан, инновациялық жүйелерден т.б. дайындау дағдарысы. Ең бастысы, тұтас ұлтты серпілтетін ой керек!

Дайындаған Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары