БІРЕУГЕ ОР ҚАЗБА, ӨЗІҢ ТҮСЕСІҢ

БІРЕУГЕ ОР ҚАЗБА, ӨЗІҢ ТҮСЕСІҢ

БІРЕУГЕ ОР ҚАЗБА, ӨЗІҢ ТҮСЕСІҢ
ашық дереккөзі
729

Украинадағы азаматтық соғыс халықаралық әскери іс-қимылға ұласа ма? Бүгінде бұл сұрақтың мәні риторикалық болудан қалды. Батыс саясаткерлері мен саясаттанушылары «Украинаның шығысына әскер кіргізуге Кремльдің батылы жете ме?» деп дал болуда. Бұл орайда олар белгілі бір деңгейде путиндік идеологтардың жұмысын «жеңілдетіп» те жіберді. Басқаша айтқанда, ресейлік әскер Шығыс Украинаға басып кіру үшін олар халықаралық бейбітсүйгіш мақсатты желеу етуі мүмкін деседі.

Әзірге Ресейдің Украинамен шекаралас аймақтарда әскер күшін арттырып жатқаны туралы мәліметтер айтылып қалады. Бұл әдейі таратылған арандатушы ақпарат болуы да, шындыққа сай дерек болуы да ықтимал. Тіпті америкалық The New York Times газеті Ресей көрші мемлекет аумағына ешқандай ескертусіз әскери күшпен басып кіруі мүмкін деп жазып жатыр. Пентагондық шенеуніктерден алынған мәліметтерге жүгінген басылым мұндай оқиғаның болу ықтималдығын жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда АҚШ пен Еуроодақ елдерінің қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Шамасы, олардың өзі де дүдамал күйде секілді. 

Ал Украинаның қорғаныс министрі Валерий Гелетей BBC радиосына берген сұхбатында:  «Біз шығыста жеңіске жетер күн алыс емес», – деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, сепаратистер арасында шығынның көп екеніне қарамастан, олардың саны қазіргі кезде 15 мың адамға жетеді. Шенеунік мұның себебі ретінде сепаратистердің қатары Ресейден ағылып келіп жатқан адамдармен ұдайы толығып отырғанын атап көрсетті. 

Бүгінге дейін Украинада діттеген мақсатына жету үшін Ресей қолда бар қарудың түр-түрін пайдаланды. Ашық-шашық жатқан шекарадан әскери техника жеткізілді. Елдегі және шетелдердегі орыстілді телевидениеде, баспасөз бен радиода идеологиялық майдан жүргізді, «ақпараттық соғысты» өршітті. Толық жеңіске жету үшін заманауи технологиялар да іске қосылды. «Твиттер» мен «ВКонтакте» әлеуметтік желілеріндегі он мыңдаған адамның «Новороссия» тәуелсіздігін талап етуі – осы бағыттағы акциялардың бірі ғана. 


ҚОС БҮЙІРДЕН ҚЫСТЫ МА?


Әлбетте, ресейлік мемлекеттік ақпараттық саясат «Батыстан келген санкциялар отандық экономиканың тежелуіне тұсау бола алмайды» деп қанша мәлімдесе де, экономикалық құрсаудың бар ауыртпашылығын толық сезінетін күн әлі алда. 

Қазірдің өзінде ресейлік Сбербанк тамыздың 1-інен күшіне енген еуропалық санкцялардың үшінші толқынының салдарына алаңдаулы. ВТБ, Газпромбанк, ВЭБ, Россельхозбанк және Сбербанк еуропалық санциялық тізімге енгізілген. Енді бұл банктердің Еуроодақ елдерінен қарыз алу мүмкіндіктері шектелді. Ресейлік банкирлер мұндай санкциялар ғаламдық қаржы жүйесін шатқаяқтатады деп мәлімдеме жасап жатыр. 

Бірақ Ресей қаржы министрі Антон Силуанов елден сыртқа кетіп жатқан қаржының ағынын тоқтатуға күш салуы көп жайттан хабар береді. Жақында ол Путинге жасаған баяндамасында Ресейден Кипр мен Нидерланды есеп-шоттарына жылына 50 миллиард доллар аударылатынын хабарлады. Министрдің айтуынша, оның жартысына жуығы – ресейлік салық төлеуші резиденттердің ақшасы. Сондықтан енді ол оффшорлық есеп-шоттардағы қаражатқа салық салу жүйесін одан әрі жетілдіруді ұсынып отыр. Алдағы күзде Мемлекеттік думаға осындай мазмұндағы заң жобасы енгізілуі мүмкін. Осылайша Кремль бюджетке қосымша 30 миллиард рубль кіріс енгізудің жай-жапсарын ойлап, әлекке түсті.

Шындығында, Украинамен қарым-қаты­настың салқындауынан ресейлік экономиканың тартар зардабы ауыр болуы әбден мүмкін. Өйткені осыған дейін Украинадан Ресейге азық-түлік, күнделікті тұтынатын тауарлар көптеп жеткізілетін. Ал Украинаның өзінде «Ресейдікін алма!» акциясы ойдағыдай өтті. Бұдан соң ресейлік импорт көлемі күрт азайды.

Бірақ Украина үшін Ресей арқылы өтетін сауда жолдарының жабылғаны қиындық туғызуда. Мысалы, Ресей арқылы өтетін тасымал жолдарындағы кедергілер Қазақстанмен сауда-саттық деңгейіне кері әсер тигізері анық. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы едәуір азайды. 


ПУТИНДІ ЖАҚТАУШЫЛАР КӨП ПЕ, ДАТТАУШЫЛАР КӨП ПЕ?


Ресейдің белгілі оппозиционер саясаткері Борис Немцов Украина дағдарысы басталғалы бері Кремльдің қателіктерін ашық айтып, ащы сынап жүр. Көктемгі теке-тірес кезінде ол өзінің Фейсбуктағы парақшасында мынандай жазба қалдырған еді: «Путин Украинаның шығыс және оңтүстік облыстарына басқыншылық жасайды деп сеніммен айтуға болады. Сосын күпті болады. Бірден емес, бірақ күпті болады. Миллиондаған адамдарға зейнетақы төлеу керек, көмір өнеркәсібін қолдау қажет, металлургия саласы дағдарыста… Мемлекет құрсауда қалып, қару-жарақ жарысына ақша жұмсау керек» деген Немцов болашаққа болжам жасайды: «Енді украиндықтар мемлекетті көркейту үшін еңбек етуі тиіс, уақыт өте Шығыс қайтадан бұрынғы құрамға оралуға ұмтылатын болады. Кезіндегі ГДР сияқты».

Ал малайлық ұшақтың апатын Немцов 11 қыркүйектегі терролық оқиғамен бара-бар санайтынын мәлімдеді. «Донецк аспанындағы малайзиялық ұшақтың құлауы 11 қыркүйек деңгейіндегі террорлық әрекет. Бұл тозақ. Қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын. Мұны істеген қорқаулардың көзін құрту керек. Жақында сепаратистер қолдарында АН-26 ұшағын атып түсіретін Бук ракеталары бар екенін айтып, мақтанған болатын. Егер мұны істеген солар болса, оларға еш аяушылық болмауы тиіс», – деп жазды ол. 

Белгілі шахматшы, біраздан бері белсенді оппозиционер Гарри Каспаров та Путиннің Украинадағы саясатын айыптайды. Ол тіпті Украинаны Ресейден құтқару үшін АҚШ әкімшілігі әскери көмектен бойын аулақ салмауы тиіс дейді. Оның айтуынша, путиндік Ресейде қазір диктатура орнаған, енді ол территориялық басқыншылықтарға көшті. 

Ресейдің ғана емес, батыстық және америкалық белгілі саясаткерлер де қазіргі ахуалға өз пікірін айтып, ұстанымын білдіріп жатыр. АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфолдың пікіріне көңіл аударған жөн шығар. «Politico» газетінде жарияланған «Ұлы (бірақ соншалықты емес) Путин» атты мақаласында ол қазіргі дағдарыстан шығу жолдарын да айтып өтеді. 

Бір оқ шығындамай Қырымды басып алған Путин Украинаның алдағы интег­ра­циялық бағытын айқындап берді. Бұған дейін Украинаның еуразиялық бағытта интеграциялық одақтас болу мүмкіндігі талқыланса, енді мұндай бастамашылдыққа еш жол жоқ екені анық. Майкл Макфол Ресейдің Украинадан біржола айрылғаны туралы былай дейді: «Шын мәнінде, путиндік басқыншылық – Украина тәуелсіздігінің жиырма жылында украин ұлтының ынтымағын арттырған ең елеулі оқиға болды. Бұған дейін өздерін ресейшіл санаған Днепропетровск, Одесса, Харьков облыстарының өзі бұдан былай өздерін украиндық аймақ санайды. Бұдан бөлек, украиндық басшылық, оның ішінде президент Петр Порошенко ауқымды экономикалық реформаларды қолға алды, ең бас­тысы, жемқорлықпен күреске белсене кірісті. Егер осы әрекеттер жемісті болса, онда Украина Ресейден одан сайын тәуелсіз бола түседі. Путиннің кейінгі кездердегі қателіктерінен кейін Украинаның еуропашыл бағыттан ауытқып, ресейшіл бағытқа бұрылуы екіталай көрінеді. Ресей Украинадан біржола айрылды». 

Оның үстіне, Украинадағы қақтығыстар мен Путиннің орыстілділерді қорғау туралы мәлімдемелері Қазақстан, Грузия, Молдова, Белоруссия сияқты мемлекеттерді ойландырмауы мүмкін емес. Украинаның шығысындағы орыс мүддесін қорғау үшін көрші елдің территориясында әскери қимылдарынан бас тартпаған Кремль басқа көршілес әрі шекаралас мемлекеттердегі орыстілді тұрғындардың құқығын қорғаудан тартына ма? Бұл сұрақ Ресейге көрші елдер тарапынан ғана емес, Батыс тарапынан да ашық айтыла бастады.


УКРАИНДЫҚ СОҒЫСТЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ


Қазір оқ пен отқа оранған Украинаның шығыс аудандарынан шекара асып, бас сауғалап кетіп жатқандар аз емес. Бейбіт тұрмыс қарекетінен айрылған адамдарды туған жерді тастап, бөтен елге барып паналады деп айыптау қиын. Үй-жайын, бар мүлкін тастап ауа көшкендердің геосаяси қитұрқы амалдарға да, бітіспес соғысқа да қатысы шамалы. Қазір Ресейдің шекаралас аудандарындағы тұрғындардың көрші елден бас сауғалап келгендерді «құшақ жайып» қарсы алып жатқаны туралы ресейлік телевидение қайта-қайта көрсетіп жүр. Мемлекеттік ақпараттық насихат машинасының ойдағыдай жұмыс істеп жатқанына дау жоқ. Бірақ бір қолымен көрші елдегі алауыздықтың өршуіне от көсеп, екінші қолымен жапа шеккендерге көмек қолын созудың ішкі қайшылығы орасан екенін ойлап жататын шама оларда қайдан болсын. 

Бір өкініштісі, саяси ойындардың байы­бына бармастан, сыртқы идеологиялық қысымның ықпалына ұшырауға бейім адамдар бізде де бар екен. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдеме жасағанын күтпей-ақ, кейбір облыстарда «Украинадан ауған босқындарды паналатуға дайын екендіктерін» мәлімдеген кейбір топтар бой көрсете бастады. Шын мәнінде, достық, әріптестік қарым-қатынас орнаған мемлекеттен босқындарды қабылдап алу үшін Қазақстанның ресми ұстанымы жариялануы керек. Біздің елдің заңына сәйкес, босқын мәртебесін мемлекет береді. 

Дегенмен, соғыстан қашқан азаматтар елін тастап кетіп жатқанда, жылы орнын суыта алмайтын тұрғындардың бар екені де естен шықпауы тиіс. Әрбір соғыстың өз құрбандары бар екені даусыз ақиқат. Қазіргі Украинадағы соғыс қимылдарының құрбаны – бала-шаға, қарттар мен қаратабан тұрғындар. Тұрмыстың, кәріліктің кесірінен, басқа да себеппен елін тас­тай алмағандар соғыстың бар зардабын бас­тан кешуде. Мысалы, 250 мыңдық тұрғыны бар Луганск қаласы біраз күннен бері сусыз, жарықсыз, электр қуатынсыз отыр. Байланыс желілері бұзылған, басқа әлемнен мәжбүрлі түрде оқшау қалған Луганскі қаласында гуманитарлық және экологиялық апат болуы әбден мүмкін дейді сарапшылар.

Украинаны геосаяси қақпақылға айнал­дыр­ған алпауыт елдердің геосаяси мүддесі мен қарапайым тұрғындардың өмір сүруге деген мұқтаждықтарын таразының екі басына тартқанда, қайсысының басым түсері кү­мәнді. Бірақ «Өзіңе тілемегенді өзгеге тілеме» деген қағида саяси пиғылға жат…

Гүлбиғаш ОМАР

Серіктес жаңалықтары