ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНА ЕРКІНДІК ЖЕТІСПЕЙДІ

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНА ЕРКІНДІК ЖЕТІСПЕЙДІ

ҚАЗАҚСТАН  ЭКОНОМИКАСЫНА  ЕРКІНДІК  ЖЕТІСПЕЙДІ
ашық дереккөзі
320

Билікке сенсек, еліміздің экономикалық өсімі жоғары. Ал Дүниежүзілік банк Қазақстан көрсеткішін мүлде басқаша бағалаған. Еліміздің 2014 жылғы ЖІӨ-і 5,8-6 пайыздан 5,1 пайыздық көрсеткішке түсіп қалған. Таяуда Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаны баршаға мәлім, сонымен бірге экономикалық даму қай бағытта жүретіні де көпшілікті алаңдатады. Осы тұрғыда Инновациялық экономика институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы Магбат Спановты әңгімеге тартқан едік. 

– Соңғы аптада халық дол­лар­дың курсы көтеріледі деп қауіп­тенді. Еуроодақтың санкция­ларынан кейін Ресей рублінің бағамы күрт құлдырап кетті. Кейбір сыбыстарға сенсек, ірі мегаполистердің айырбастау пункттерінде адам көп болғаны айтылып жүр

– Бұл мәселе соңғы кездері жиі көтерілуде. Үш-төрт күн бұрын осы мәселеге байланысты бір журналист өз сауалын жолдаған еді. Дегенмен,бұл келеңсіздік нені білдіреді? Менің ойымша, халық еліміздің қаржылық әлеуетіне, атқарушы билікке сенімсіздікпен қарайтын болған. 2014 жылғы ақпан айындағы девальвацияның кері ықпалы көп болды. Атап айтсақ, Үкіметтің алдын-ала айтқан уәделері орындалмады. Сондай-ақ назар аударатын бір жайт, бұл девальвация 2009 жылғы девальвацияға өте ұқсас. Бұл жерден белгілі бір динамиканы анық байқауға болады. Мысалы, 1999 жылы ресми түрде девальвация жарияланса, одан кейін 2009 жылы, кейінгісі 2014 жылы орын алды. Байқасақ, арақашықтығы жыл өткен сайын қысқарып отыр. Экономикаға, қаржы жүйесіне қысым көрсету ұлғайған. 90-жылдардағы реформалар 2000 жылдардың басында белгілі бір экономикалық өсімге қол жеткізуге септігін тигізсе де, қазір мүлде басқа қырын танытып отыр. Әрине, оған әлемдік экономиканың да әсері бар. Сондай-ақ Кедендік одақтың бір бөлігіне айналдық. Қазақстанның сауда-саттық бо­йынша негізгі серіктесі. Осының барлығы жергілікті халық саяси институттарға да, еліміздің экономикасына да сенбейтіндігін көрсетуде. Нәтижесінде капитал сыртқа ағатын болады. Жекешелендіру оралымсыз жүзеге асырылатындықтан, қара­жат­тың елден жыраққа бағытталуына әкеп соқтыруда. 

– Девальвациядан қашып құтыла алмаймыз ғой…

– Кез келген девальвация – қаржы саясатының құралы. Олай болса, девальвацияның белгілі бір жағдайға байланысты түбі бір болатыны анық. Бірақ бізде девальвация болуға тиіс емес. Менің білуімше, Үкіметте қандай да бір форс-мажорлық жағдай қалыптаспаса, 2016 жылдың желтоқсанына дейін, яғни президент сайлауына дейін болмайтыны шүбәсіз. Өйткені девальвация 2016 жылғы сайлауға өз салқынын тигізуі мүмкін. Бұл – саяси астары, ал экономикалық тұрғыдан келер болсақ, түрлі мемлекеттік бағдарламалар, индустриализацияға қарамастан Қазақстан экономикасы баяулап қалған сияқты. Мысалы, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы экономикалық өсімге қатысты алғашқы болжамында бір цифрды айтса, кейінгісін өзгертіп, еліміздің экономикалық көрсеткіштерін төмендеткен. Бұл дегеніңіз еліміздің экономикасында құлдырау бар дегенді білдіреді. Экономикалық өсімді жылдамдату үшін саяси реформалар қажет және ол өз кезегінде нарықтық экономикаға еркіндік бере алуы тиіс. Қазір қалыптасқан жағдайды мемлекет барынша реттеуге тырысуда, ол үшін салықты көтерді. Экономикалық даму – салықты көтергенде емес, нарықтық еркіндік берілгенде ғана жүзеге асады. Сондықтан салықты емес, салық салынатын базаны кеңейту қажет.

– Еуразиялық экономикалық одақ­­тың саяси астары басым ба, әлде тараптарды табысқа кенел­те­тін пайдалы серіктестік пе?

– Бұл мәселеде мен басқа сарап­шылардың пікірімен келіспеймін. Еура­зиялық экономикалық одақ – эконо­микалық саясатты жүргізуге арналған саяси таңдау. Тарқатып айтсақ, егер еліміз Орталық Азия елдерімен ортақ экономикалық одаққа бас біріктірсе, бұл – басқа сая­си таңдау. Сондай-ақ Еуропаны да таңдауымызға болар еді. Еліміздің сыртқы-ішкі саясатын, экономикасын есепке ала отырып, бұл одақтың дұрыс таңдалғанын айтуға болады. Одаққа әзірге үш ел мүше. Болашақта Армения, Қырғызстанды да тарту көзделген. Жалпы, Еуропадағы сияқты алдымен негізгі локомотивті қалыптастыру қажет: Германия мен Франция. Ал біздің одақта локомотив – Ресей. Бірақ басқа шикізат өндіретін елдер сияқты Ресейдің де белгілі бір шығыны бар. Олар өндірілген шикізатты тұтынушыға сатуға дағдыланған. Ал тұтынушы қайда, әрине, батыс­та. Осыдан тағы бір мәселе туындайды. Ресей ортақ валюта жасауға неге құлшыныс танытып отыр? Бұл мәселені саясаткерлеріміздің кейінге қалдырғаны дұрыс. Себебі, ортақ валютаны енгізу, меніңше, егемендігімізге шектеу қою. Бұл мәселеде халықтың қолдауына ие болу үшін одақ кемінде 3-4 жыл өз өнімділігін көрсетіп, экономикалық өсім беруі қажет. Тек содан кейін ғана көпшіліктің талқысына салуға болады. Себебі, алдын ала ұшан-теңіз пайда туралы айтқанның орнына, бірнеше жыл байқап көрген артық. Тек содан кейін ғана пайдасы мен шығынын есептеу қажет. Біз, керісінше, Парламентте, биліктің басқосуларында қорытындысы туралы айтамыз. Бұл қоғамда кері әсер тудырады. Мен қазақ ұлтының ұлы ретінде тәуелсіздікке әлі тойған жоқпын. Мен тәуелсіздігіміздің ұзаққа созылғанын қалаймын. Кеден­дік одаққа кірдік екен деп бірден секіріс жасай алмаймыз, біртіндеп жүзеге асыру қажет. Әйтпесе төңкеріске алып келеді ақыры. 

Біздің үйренеріміз әлі көп.­ Қазақстан экономикасы бәсекелес­тік­ті меңгермеген. Осы тұрғыда Кедендік одақтың пайдасы зор болмақ. Дүниежүзілік Сауда ұйымына мүше болатын күн де алыс емес. Сол кезде әлемдік экономикада бәсекеге төтеп беруімізге тура келеді, ол үшін қазірден бастап бәсекеге қабілетті болуға үйрену керек. Егер де алдағы екі-үш жылда еліміз мүше болған экономикалық одақ пайда әкелмесе (инфляцияны есептегенде емес), салыстырмалы бағаларды есепке алғанда экономикалық өсім болса ғана Кедендік одақ жүзеге асқаны, онда келесі қадамға көшуімізге болады. Сондықтан бұл туралы айтуға әлі ерте. Оның үстіне Қырым оқиғасынан кейін Ресейге деген сенім бәсеңсіп қалғаны рас. Ресей – біздің стратегиялық серіктесіміз, ең үлкен шекаралас мемлекет. Біз одан бәрібір алыстай алмаймыз. 

– Түркия одаққа мүше болуға ниет білдірген еді…

– Меніңше, Түркия ешқашан Кедендік одаққа мүше болмайды. 2025-30 жылға дейін қолайлы жағдай жасауға ие болуы мүмкін. Түркияның өндірістік әлеуеті жоғары. Халқының саны көп. Отыз жыл бойы Еуропаға жол салып келеді. Олар бізге қарағанда, Еуропаға жақын. Сондай-ақ НАТО-ға мүше ел. Түркиямен ортақ мүдделеріміз бар, әрине. Экономикасы дамыған жал­ғыз түркітілдес мемлекет. Елімізге тіл, дін, қай жағынан да жақын. Олар Еуразиялық одаққа кірмейді, бұл сая­си мәселе. Олардың өзінің эконо­микалық мақсат-мүддесі бар. Онда ауылшаруашылығы, құрылыс саласы жақсы дамыған. Егер де Тәжікстан, Украина болса, жағдай басқаша болған болар еді. Түркияда ислами фактор бар, оның экономикаға ықпалы зор. 

– Ресей әлемнің шикізат көзі ретінде қалыптасқан. Қазақ­стан­­ның одақ аясында да, әлем­дік нарыққа да ұсынатын тауар­ла­рының басым бөлігі – шикізат. Олай болса Ресей Қазақстан тауарына алыпсатар болмай ма?

– Әрине, мұндай қауіп жоқ емес. Ресей­дің газ бойынша монополис екені белгілі. Қыруар мөлшерде сатып алынған газды басқа жаққа үстеме бағамен сатып жатады. Бірақ біз бұл тұрғыда Ресейге бәсе­келес емеспіз. Ресейде мұнайдың баж салығы – 400 долларға жуық, Қазақстандікі күні кеше – 40 доллар болатын. Ресейдегі мұнайдың басым көпшілігі мемлекеттік компанияларға тиесілі, ал Қазақстандағы мұнайдың басым көпшілігі трансұлттық компаниялардың қолында. Мысалы, Аджип, Шеврон және т.б. Оған тағы қытайлық серіктестер қосылған. Екі жақтың жүйесі екі түрлі, керісінше мұндай саудадан еліміз ұтуы мүмкін. Мүмкін белгілі бір дивиденд алу үшін ресейлік мұнайды қазақстандікі деп сататын шығар. Капиталист үшін табысты жоғалту – ең сорақы дүние. 

– Елімізде кәсіпкерлердің көп­ші­лігі мемлекеттік сатып алулар, тендер жеңіп алу арқылы кәсібін жүр­гізетіні жасырын емес. Егер бела­русь және орыс кәсіпкерлері осы тендерге қатысатын болса, отан­дық кәсіпкерлердің жағдайы не болмақ?

– Отандық кәсіпкерлер тақырға отырады. Тұтынушы алдымен тауардың бағасы мен сапасына қарайды. Қазақстанда тұрмыстық тауарлар нарығындағы қызмет көрсетулер мен өнімдер өте қымбат. Соған орай осы өнімдерді өндіретін компаниялар пайдаға белшеден батып отыр. Бұл пайда қарапайым халықтың қалтасынан түсуде. Дүниежүзінде, кез келген мемлекетте девальвация мен инфляцияны да төлейтін бір ғана контингент бар. Ол – халық. Менің ойымша, шығындарын есеп­темейтін, инновациялық дүние­лерді қолданбайтын компания­лар банкротқа ұшырайтыны сөзсіз. Соңғы он жылда бағаның маусым­дық ауытқуы тіркеледі. Бірақ инновациялық технологияны қолданғандықтан бағаның төмен­дегенін естіген емеспіз. Кеңестер одағында жаппай өндіріс барысында кейбір тауарлардың бағасы арзандап тұратын. Елімізде бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық компаниялар өте көп деп айтылады. Осы компанияларды зерттей келе, мен мынадай жайтқа ұшырастым. Түсін түстеп атамай-ақ қояйын, пәленше деген бір компания елімізде тіркелген. Құрылтайшылары – беларусь немесе орыс компаниялары. Дайын өнімді өз елдерінен жеткізеді де, Қазақстанда қаптамасын ғана өзгертіп, «Made in Kazakhstan» деген белгіні қоя салады. Ал шындығында ол қазақстандық компания емес, шетелдікі. Тағы бір мысал. Ресейден тасымалданатын еттің көлемі артты. Көпшіліктің ойын­ша, Қазақстан Кедендік одақ аясында Ресейден ет алуға мәжбүр. Бірақ мәселенің төркініне үңілсең, тура осы көлемдегі еттің бұған дейін Жаңа Зеландиядан сатып алынғанына көз жеткізесің. Олай болса, Ресейден алдың не, Жаңа Зеландиядан алдың не? Бізге белгісіз, айдаладағы Жаңа Зеландиядан алғанша, мемлекеттік стандартымыз сәйкес Ресейден алған тиімді емес пе?! 

Ел экономикасын жақсарту үшін түрлі реформалар мен құжат­тар қабылданып жатыр. Бірақ айма­қ­а­ралық кооперацияға әлі де көңіл бөлінбей келеді. Орталықтан басқару бар, бірақ аудандар арасында байланыс орнатылмаған. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан немесе Алматы облысында тауардың ақырғы өнімі жасалатын болса, онда басқа облыстардан шикізаты, қажетті элементтері жеткізілуі тиіс. Бірақ бізде мұндай жүйе жасалмаған. Біздің әлсіз тұсымыз да осы. Әкімдер бұл мәселеге пысқырып та қарамайды. 

Сонымен жекешелендіруді тағы да жүргізетін болдық. Мұны қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, біреу жерді ұрлап алды, артынан ақшасын төлеп, жеке меншікке айналдырады. Бізге осы ұғымды сіңіріп отыр. Себебі, басшылыққа келесі ұрпақ келгенде «Бұған дейінгілер жекеге алды, бізге неге алмасқа» дейтіні заңдылық. Заң қабылданды. Енді не істеу керек? Үкімет майлы құйрықты берген екен, соған орай қолына қамшыны да жасап алуы керек. Деофшоризация туралы заң қабылдау керек еді. Яғни Қазақстанда оффшорға тыйым салып, бәленбай жылға дейін ЖШС, АҚ-ларда оффшор болмауы керек. Кейбір компаниялар қаржысын инвестордікі дейді, негізі бұл Қазақстаннан сыртқа шығарылған ақша. Тағы да жекешелендіру туралы заң қабылдай алмаймыз ғой. Бұл туралы Мемлекет кеңесшілері ойлануы тиіс. 

– Осы орайда олигархтық-әулет­тік капитализм туралы айт­қа­ныңыз бар. Бұл мәселе осыған келіп тірелмей ме? 

– Монополизм және бәсекелестік деген ұғымдар бар. Бұл ұғымдар бір-біріне синоним немесе антоним деп айту қиын. Бәсеке бар жерде сапа бар, еңбек бар. Ал монополизм білгенін жасайды, тауар жеткізетін басқа ешкім болмағандықтан, та­уарды өздері қойған бағамен сатады. Алысқа бармай-ақ, Қырғызстанды алайықшы. Бір емес, екі төңкеріс болды қатарынан. Бірақ нәтижесінде «экономикалық» деген ұғымды енгізе алған жоқ. Оларда да монополизм. Бізде де, Қырғызстанда да билік пен меншік ұғымы қатар жүріп, ажырамас бөлшекке айналған. Ораз Жандосовтың бір сөзі есімде қалыпты, Үкімет мүшелерінің көпшілігі мультимиллионерлер. Миллиардер болуы да ғажап емес. Міне, осы жүйені талқандайтын адам керек. Оған мысал – сингапур экономикалық кереметін жасаған Ли Куан Ю. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен 

Ақниет ОСПАНБАЙ 

Серіктес жаңалықтары